ПРЕМЬЕРА "ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛДЫ ШЫНАРЫМ"

Блог - Kazteatr: ПРЕМЬЕРА ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛДЫ ШЫНАРЫМ

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 31 мамыр күні, сағат 19.00 «Бейбітшілік және Келісім сарайында» «Қызыл орамалды шынарым» атты лирикалық драмасының премьерасын ұсынады.
Қойылым режиссері – Қазақстанның Халық артисі Талғат Теменов. Қоюшы суретшісі – Рахат Сапаралиева.
Қырғыздың атақты жазушысы, суреткер, қарымды қаламгер Ш. Айтматовтың махаббат тақырыбында қалам тербеген «Арманым, Әселім» повесі негізінде Қазақстанның Халық артисі, режиссер Талғат Теменов «ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛДЫ ШЫНАРЫМ» лирикалық драмасын ұсынады.
Спектакльдің басты кейіпкерлері – Ілияс пен Әсел тағдырдың жазуымен кездескен еді. Ойда-жоқта кездесуден басталған таныстық үлкен махаббатқа ұласады. Екеуінің кіршіксіз таза, адал махаббаттарына кедергі болған не жағдай? Ұзатылып бара жатқан жерінен туған туыстарын тастап, сүйгенімен кете барған Әселдің өмірі қалай болды? Бір-ақ рет жіберілген ағаттық Ілиястың отбасынан айырылуына әкеп соғады. Ақыр соңында нағыз сұлу, пәк жанды Әселмен бірге қалатын кім, осы бір шырғалаң дүниеде қайсысы жеңіске жетеді? Қойылымда сезім мен намыс сынға түсіп, «бастарына бейуақ бақытсыздық орнаған» жандардың өмірі баяндалады.
Сүйіспеншілік, адалдық, сыйластық, достық, көре алмаушылық, жауапкершілік, қамқорлық сынды тақырыптар қозғалатын лирикалық драмада нәзік сезім, ішкі мұң жатыр. Спектакль өмірдегі ұмытылмас, жүректің түкпірінде терең сақталған қимас махаббатты әспеттейді.
Әрі қарай

Премьера! 18-19 МАМЫР ҚАЛЛЕКИ театры "ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ" атты драманың ПРЕМЬЕРАСЫН ұсынады

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мамыр айының 18-19 күндері, сағат 19.00-де «Қорғансыздың күні» атты драманың премьерасын өткізеді.
Қойылым режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Қоюшы суретшісі – Шынар Елембаева.
Ұлтымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің қашан да өз биігінде болған туындылары бүгінгі таңда киелі сахнамыздың төрінде. Театр репертуарында айшықты орынға ие «Абай», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Айман-Шолпан» шығармалары режиссер Ә.Оразбековтің қолтаңбасымен сахналанған болатын. Ал бүгінде ҚАЛЛЕКИ театры заңғар жазушының жарық көрген алғашқы көркем шығармасы «ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ» драмасының премьерасын ұсынады. Оқырман үшін мұңы басым, жағымсыз кейіпкері көп, жарығы аз оқиғада жалғыз қалған қорғансыздың күні трагедиялық сипатқа толы болғанымен, классик жазушының туындысын кең зерделген Ә. Оразбеков инсценировкасының көрермен қауымға ұсынар өз ерекшелігі бар. Сондай-ақ режиссер осыдан жиырма жыл бұрын сахналаған туындыны елорда театры сахнасында жаңашылдықпен қайта жаңғыртпақ.
«Қорғансыздың күні» драмасының бас кейіпкері Ғазиза құс атаулының ішіндегі қарлығаштың ұясын ерекше ықылас танытып бақылайтын еді. Байқағаны, қарлығаш бәрінен қымбат «сенім» сезімін білдіріп, балапандарымен еш үрейсіз адамдар жүрген жерге ұя салады екен. Оған құрметпен қараған табиғатынан арманшыл қыздың адамзатқа деген сенімі қандай болды?! Соқыр ана, кәрі әжесімен «қорғансыз» қалған Ғазиза қоғамнан қамқорлық көре алмай, қорлықтан көз ашпады. Режиссер шешімімен оқиғаға араласатын символдық образдар — жетім баланың тағдыр-тіршілігін басқан қара Түнек пен жәбір-жападан қорғауға ұмтылған Жарық диалогі Ізгілік пен зұлымдықтың мәңгілік күресінен көрініс береді.
Қойылымды сахналауда театрдың жас артистерінің шеберлігі өте маңызды екенін атап өтсек дейміз. Бас кейіпкерді жас актриса – А.Серкебаева, Ж.Ибраева сомдайды. Екі құрамы бар спектакльден Ж.Чайкина, Н.Ташимова, Б.Мақсұтова, С.Тоқманғалиева, Е.Нұрымбет, К.Нұрланов, А.Молдахмет, Е.Малаев, Қ.Бұғыбай, С.Байыров, Ж.Оспанов, О.Жақыпбек, Н.Есен, Ж.Ерболат, З.Әбенов өнерлерін тамашалай аласыздар.
Әрі қарай