Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз аймағында тек қана жаңа жетістіктер мен белестерді бағындыру арқылы алдыңғы қатарлы тұрақты дамушы мемлекет ретінде өзін көрсете білді. Экономикамызға шет елден инвестициялар тартудан да көш бастап келеміз. 2016 жылдың алғашқы 7 айында сырттан тартқан инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары, яғни 1,3 трлн тг. қаражатты құрады. Тек қана 2016 жылдың маусым айында Қазақстан экономикасына келіп түскен сома 181,1 млрд тг (2015 жылдың маусымындағы қаражаттан 5,3% артық).
Бүгінгі таңда еліміз әлемдік тартылыс орталығы болып, көптеген халықаралық конференциялар, саммиттер өткізуде, өте жақын арада Алматыдағы Қысқы Универсиада ойындары мен елордамыз Астанада ЭКСПО 2017 шарасын өткізу қолға алынуда. Халықаралық қауымдастық тарапынан бізге деген сенімнің болуы жүргізіліп жатқан саяси реформалардың орнықтылығы мен тұрақтылығының, саяси басымдылығымыздың табандылығы мен еліміздің ішкі беріктігінің айқын дәлелі. Жоғарыдағыларды атай келе 25 жылда мүмкін емес жетістікке қол жеткізген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты атап өтпеу мүмкін емес. Қазақстан Президенті аз ғана уақыт аралығында елімізді саяси, экономикалық салада аймақтағы көршілеріміздің алдына еселеп шығарды.
Қазақстан халқы мемлекетіміздің тыныштық пен бейбіт заманда өмір сүріп жатқандығымыз, сүйікті ісімізбен айналыса алатындығымыз, бір сөзбен айтқанда дамып жатқандығымыз Елбасының тынымсыз және ерен еңбегінің арқасында екендігін өте жақсы түсінеді. Сондықтан да, 2011 жылы Сенат отырысында Тұңғыш Президент күнін құру және бекіту туралы заң жобасын қабылдаған болатын.
Соңғы 5 жыл бойына аталмыш мерекені отандастарымыз тойлауда. Н.Ә. Назарбаевтың алғашқы инаугурациясы Алматы қаласының Республика сарайында Жоғарғы кеңес депутаттарының қатысуымен 1991 жылдың 10 желтоқсаны күні болып өткен. Міне, 25 жылдан кейін 1 желтоқсан күні осы күнге орай Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаланың құрметті азаматтарының қатысуымен оңтүстік астанамызда жаңа көзге көрінерлік арнайы тақта – Тұңғыш Президент инаугурациясының тақтасын ашты.
Дәл осы күні қала тұрғындары мен қонақтарының қатысуымен Республика сарайында жас ақындар мүшәйрасы болып өтті. Кештің, яғни шығармашылық зиялылар мен жас ақындарды тыңдауға келген негізгі көрермендер қатарын жас буын өкілдері құрағанын баса айта кету керек. Ақындарымыз жиылған жұртқа жоғары деңгейде көңіл күй сыйлай білді. Өз атымнан және қала тұрғындары атынан осындай бастама үшін қала әкімдігі мен ұйымдастырушы тарапқа алғысымды жеткіземін.
Фархад Касенов, саясаттанушы