Електр маманы болдым

Мен бүгін реалда не бітірдім? (сайыс): Електр маманы болдым
Сенбі. Жұмыс жоқ, бірақ 9-да автомектепке бару керек. Әне тұрамын, міне тұрамын деп өзімді күштеп, әрең дегенде 8-40та ояндым. Сағат 11-де сабақты аяқтап, үйге келсем, әйелім әлі ұйықтап жатыр екен. Оятпақшы болып қасына жантайдым. Содан оның ұйқысын әбден ашқан соң, тұрып іш киімімді кидім.

Әйелім тамақ әзірлеп жүріп, плитаның ашасы розеткадан алынбайтындығын жеткізді. Мен шнурды тартып көріп едім, шынымен де розетканың іші балқып, ашаны жабыстырып тастапты. Тамақ ішіп болған соң, розетканы ашып қойдым да, өзім базарға жаңа розетка сатып алуға бардым. Өзінің тауарын мақтай жөнелетін сатушылардан әрең құтылып, өзіме қажетті розетканы алып үйге қайттым.

Үйге келіп, құралдарымды іздей бастадым. Өзімнің ұсақ-түйек жарақтарымды салатын қорабымды шығарып едім, ішінен қапелімде ештеңе табыла қоймайтынын білдім. Қажетті, қажетті емес қоқыстардың бәрін қорапқа жинай беріппін. Әйелім екеуміз «мынау керек, ал мынау керек емес» деп заттарды сұрыптай бастадық. Нәтижесінде бір пакетке жақын қажет емес шнурлар, розетка бөлшектері, сынған бұйымдар, атам заманғы көне телефондардың зарядкілері шықты.

Жаңа розетканы орнатып, «Вуаля!» деп әйеліме қарасам, маған күлімдеп бір құшақ… удлинительдер ұсынып тұр. Бәрі де істемейді: біреуі балқыған, біреуі күйген, біреуі үзілген. Содан бәрін құрастырып-құрастырып, іске жарамды екі-үш удлинитель шығардым.

Қазір демалып, осы жазбаны жазып отырмын. Бір сағаттан кейін мини блогкапқа кетемін.
Әрі қарай