Дағдарыстық орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсетіледі

Астана қаласының Дағдарыстық орталығы үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мекеме 50 кереует-орынға есептелген, барар жері жоқ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер көмек сұрап осында келеді.

Әйелдер мен балалар орталыққа құқық қорғау органдарының қаулылары бойынша және Астана қаласы Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының жолдамасымен қабылданады.

– Аналар Орталықта бір айдан жарты жылға дейін, кейбір жағдайларда комиссияның шешімімен бір жылға дейін болады. Орталықта қызмет алушыларға арналған бөлмелер жасалған, әр бөлмеде душ бар, 50 адамға арналған асханада бес рет тамақ беріледі. Төсек-орын, жуынатын, жеке гигиена заттарын береміз, барлық жағдайлар жасалған, – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болған тұлғаларға арналған дағдарыстық орталық» КММ директоры Нұрбол Зұлқарнаев.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер орталыққа ешбір жолдамасыз кез келген уақытта келе алады. Оларға 72 сағат уақыт беріледі. Қазіргі кезде мұнда 26 адам тұрып жатыр, соның ішінде 9-ы 21 мен 58 жас аралығындағы әйелдер, қалғаны балалар.

Астана жаңалықтары: Дағдарыстық орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсетіледі

– Көп жағдайда әйелдер шыдайды. Бір болғаннан қашып кететіндер аз, негізінен отбасын сақтап қалуға тырысады. Ал шегіне жеткен кезде көмекке жүгінеді. Басым бөлігі құқық қорғау органдарына барғысы келмейді, өйткені, біріншіден — сенбейді, екіншіден олар өзін ренжіткен адамды ашуландырып алудан қорқады, — дейді Н. Зұлқарнаев.

Орталықта әйелдерге психологиялық, құқықтық және медициналық қызметтер ұсынылады. Әлеуметтік қызметкер мекемеге түскен сәттен бастап әр әйелмен әңгімелеседі. Іс-әрекеттер жоспары әзірленіп, кеңестер беріледі, зорлық-зомбылықтың себептері анықталады.

– Бізге келген әйелдердің көбі жұмыс істемейді, арнайы білімдері жоқ, бұл да тұрмыста жанжалға себеп болады деп ойлаймын. Олар неге қайтып келеді, өйткені, барар жері, басар тауы жоқ. Туыстарында бір-екі күн ғана, одан артық болмайды, ешкім де осындай жағдай жасамайды, қонақ үйге бара алмайды – қалтасы көтермейді, – дейді әлеуметтік қызметкер Гүлнар Әлібаева.

Астана жаңалықтары: Дағдарыстық орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсетіледі

Жұмыспен қамту орталығы да қол ұшын созуда. Алдымен әйелдер шаштараз, уқалаушы, аспаз және т.б. мамандықтар бойынша курстарға жіберіледі, содан кейін жұмысқа орналастырылады. Балалар қазақ және орыс тілдеріндегі жақын маңдағы мектептерде оқитын болады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай