Тоғызқұмалақтағы кейбір амалдар

ОҒМ жазбалары: Тоғызқұмалақтағы кейбір амалдарҚазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты білмейтіндеріңіз кемде-кем болар. Иә, баяғыда ата-бабаларымыз қой бағып жүргенде жерді қаза салып қойдың құмалақтарымен осы ойынды ойнап, өз математикасын дамытқан-мыс. Кейін түрлі бағалы ағаштардан әдемі тоғызқұмалақ тақталары жасала бастаған. М.Әуезовтың «Абай жолында» осы тоғызқұмалақты ойнау барысы әдемі суреттелген.
Әдіптелген тақтасын қайдам, өзіміз осы ойынды ең алғаш үйренгенде мектепте қарапайым пластмасса тақта да болмаған. Әйтеуір 7-класста оқып жүрген бір күні дене шынықтырудан беретін Марат ағай класқа кіріп келіп мұғалімнен «математикаға мыналардың қайсысы жақсы?» деп сұрағанда ол Еркебұлан екеумізді көрсетіп, бізді спортзалға дедектетіп ертіп әкеткені есімде. Ол жақта алдында көп-көп түйме, моншақтар үйілген бізден бір класс жоғары оқитын Қаламқас отыр екен. Түсінгеніміз мынау – ертең жарыс, ағайымыз шұғыл тоғызқұмалақ командасын құрып, соған дереу қатыстырмаса, «кесекке» кіреді екен. Басшылық ұлттық құндылықтарға жаппай назар аудара бастаған кез болса керек сол. Содан ағайымыз дем арасында тақтаны қайдан таба қойсын, үйіндегі түйме, моншақтан түк қоймай алып келіпті. Не керек, өзінің де ойын ережесінен хабары шамалы адам, бізге үйрете бастады. Шын тақтаны ертесіне жарысқа барғанда бір-ақ көрдік. Әрине ойсырата жеңіліп қайттық. Кейін ғой ол, 60 мектеп ішіндегі топ-ондықта жүргеніміз. Тақтадан да таршылық көрмедік. Қазір де факультет атынан үнемі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрген жайымыз бар. Енді өз басым осы ойын барысында қолданатын айла-амалдарыммен бөліссем деймін.




Ойын ережесі

Айла-амалдарға кіріспес бұрын, алдымен білмейтіндер үшін ойын ережесіне тоқтала кету артық болмас.
Негізі, қазақ интернеті тоғызқұмалақ ойыны жайындағы ақпараттан кенде емес екен. Тіпті «Тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының» ресми сайты да бар екен. Ол сайтта ойын ережесі толық жазылған. Үзінді келтірсем:
Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі.
Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді де қолданамыз.

Жүріс ойыншылар тарапынан кезектесіп жүріледі. Жүрісті кімнің жасайтыны жеребемен немесеқарсыластардың келісімімен анықталады.
1.Жүріс жасау үшін өз жағыңыздағы отаулардың бірінен біреуін орнына қалдырып, қалған құмалақтарды қолға алып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылса (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанымызға салынады.
Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп (3 құмалақтан басқа), тақ қылса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтып алынбайды.
2.Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде орны бос қалады.
3.Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе 2-3 құмалақ бөліп алып жүруге болмайды.

Егер ойыншы ойын барысында 82 құмалақ жинаса ойын бірден тоқтатылады.

Иә, бәрі де дұрыс, яғни басты мақсат — өз отауларыңдағы тастар санын жұп күйінде сақтай отыра, қарсыластың отауындағы құмалақтарға шабуыл жасау. Түсініксіздеу болып жатса, мына видеоны көріңіз:


Бастапқы жүріс жасау ережелерімен таныстық па? Ары-қарай кішкентай қулықтарға көшейік.

Атсырау

Екі ойыншының бірінің ұпай саны 82-ге жетпей жатып-ақ ойын аяқталып қалуы мүмкін. Мұндай жағдай ойыншылардың бірінің жүрерге тасы қалмай қалғанда орын алады және ол «атсырау» деп аталады. Сіз атсырауға ұшырасаңыз қарсыласыңыздың ойын тақтастында қалған тастары автоматты түрде оның қазанына түсіп, ұпай болып жазылады және ол жеңіске жеткен болып есептеледі.
Атсырауға ұшырамау үшін ойын соңына қарай жүрісті үнемдеп жүру керек.
Енді ешқандай ұпай жинау мүмкіндігі болмай, тек жүріспен шешілетін ойын болса келесідей ережелерді ұстанған ләзім:

1. Қарсылас жаққа бір де бір тас жібермей барлық тасты 9-отауға жинаған жөн.

2. Жүріс барысында тастарды таратқан кезде қарсыластың территориясына бір тас болса да шығып кетпеуін қадағалап санап отырған жөн. Ол үшін отауларға артық тас жинамау керек. Мысалы бесінші отаудағы тастар саны бесеуден аспаған дұрыс, себебі ол отаудан жүріс жасасаңыз, ең болмаса 6 тас болған жағдайда бір тас қарсылас жаққа түсіп, ол онымен ең көбі 9 жүріс жасай алады.

3. Егер қандай да себеппен ортадағы бір отауда көбірек тас жиналып қалса оған жинай бермей, бірден таратып тастаңыз. Бұдан былай мүмкіндігінше бір отауда екі тастан артық болмайтындай таратып-таратып жүріс жасап отырыңыз.

Тұздық

Ойын барысында қарсыластың бір ұяшығында екі тас болып, сіз жүріс жасағанда соңғы тасыңыз сол отауға дөп келсе, ол отау сіздің қосымша ұпай жинау қорыңызға айналып шыға келеді және ол «тұздық» деп аталады.Бұдан былай ойын барысында ол отауға түскен әрбір тас сізге тиесілі болып, қазаныңызды толтыра бермек. Яғни:



Тұздық ашу бойынша келесідей ережелер бар:
1. Тұздықты ойын барысында әр ойыншы бір-ақ реттен аша алады.
2. Тоғызыншы отаудан тұздық ашуға болмайды.
3. Бірдей отаулардан тұздық ашуға болмайды. Яғни сіз қарсыласыңыздың 7-ұяшығынан бірінші болып тұздық ашып алсаңыз, қарсыласыңыздың сіздің 7-ұяшығыңыздан тұздық алуға құқығы жоқ.

Тұздықты ойын барысында бір-ақ рет ашатын болғандықтан кез-келген отауға жүгіре кетпей тиімді жерден ашып алған жөн әрине.
Ең тиімді тұздық – 7 немесе 8-отаулардан ашылған тұздық. Себебі жүріс солдан оңға қарай жасалатындықтан, қарсыласыңыздың жүрісінен тас жиірек түсіп отырады. Әрі ойын соңына қарай қарсыласыңыздың түрлі айла-амалдарына кедергі болады, жүріс санын азайтады.
Одан бөлек:
1-отаудағы тұздықтың артықшылығы – оған қарсыласыңыздың жүрісінен ұпай қосыла қоймағанымен, өзіңіздің жүрісіңізден ұпай қосылып отырады. Ойын соңына қарай тіптен өзіңіз әдейілеп бір-бірлеп салып отыруыңызға болады. Ол әдетте ойын соңында жеңіске 5-6 тас жетіспей қалмауына көмектеседі және жүрісіңізді көбейтіп атсыраудан қорғайды. Ойын соңында әр ойыншыда санаулы тастар қалған кезде жүрісті санап ойнау керек болатындығын бұған дейін айтқан болатынмын. Сол кезде бірінші отауда тұздығыңыз болса сіздің үнемі бір жүрісіңіз артық болады.
2-отаудағы тұздықтың артықшылығы – ол да ойын соңына қарай шым-шымдап ұпай жинауға септігін тигізеді. Ол үшін тоғызыншы ұяшығыңызға 2 тас жинап алып, кезекті жүрісте сол отаудағы бір тасты қарсыластың бірінші ұяшығына жүресіз. Қарсыласыңыз оны өз қолымен сіздің тұздығыңызға салуға мәжбүр болады, себебі қарсы жағдайда сіз ол тасты бәрібір тоғызыншы отаудағы бір таспен алып қоясыз. Яғни:


Қалған 3, 4, 5, 6 отаулардан тұздық алудың ондай амалдарға аса көмегі жоқ, тек екі жақтың жүрісінен ұпай жиналып отырады.
Бірақ тәжірибелі ойыншылармен ойнаған кезде тұздық алудың өзі мұң болып кететіндіктен, көбінетұздықты орайы келіп қалған кезде шансты жібермеу үшін ашып алып жатамыз. Яғни тұздықтың болғаны жақсы, болмаса несі жақсы?

Ескерту:
Ешқашан қарсыласыңызға ойын басында 7-8 ұяшығыңыздан тұздық алуына мүмкіндік бермеңіз. Тіпті оның орнына басқа отаудан ұпай алып қою мүмкіндігі болып тұрса, одан да соны құрбандыққа шалыңыз. Себебі ол тұздық ойын барысында сіздің адымыңызды аштырмай тастайды. Бұл отаулардан ашылған қарсыласыңыздың тұздығы сіздің әр жүрісіңізден ұпай жинап отыруынан бөлек, комбинация жасауға мүмкіндік бермейді. Ал «комбинация» туралы алдағы тақырыпшадан оқисыз.

Комбинация

Мықты қарсылас болса, сізге ойын бойы зар қақсатып тұздық бермеуі былай тұрсын, үнемі отаудағы тастарын жұп күйінде ұстап қайта-қайта артын жауып отырады.
Сондай кезде аз-аздап болса да ұпай жинаудың әдісі – комбинация. Ол үшін соңғы жақтағы яғни 6,7,8,9-отауларыңызда тас аз болғаны жөн. Жалпы ойын барысында соңғы отауларда көп тас ұстамаған жөн, себебі ол сіздің түрлі айла-амалдарыңызға кедергі жасайды. Енді қарапайым комбинацияларға тоқталайық:

1. Кезекті жүрістермен соңғы, яғни тоғызыншы отауға 2 тас, ал сегізінші отауға 4 тас жинап аласыз. Содан соң жүріс кезегі келгенде тоғызыншы отаудағы 1 тасты қарсыластың бірінші ұяшығына тастайсыз. Қарсыласыңыз ол тасты сізге бермеуге лажы болмайды себебі сізден қашып ол тасты екінші отауға жылжытса, сіз сегізінші отаудағы 4 тасты жүріп алып аласыз. Ал оны жылжытудан еш мән көрмей орнында қалдырып басқа жүріс жасаса, тоғызыншы отаудағы бір тастың көмегімен ала аласыз. Түсініктірек болу үшін видеоны көрейік:



Қарсыласыңыз осы әдісті сізге де пайдалануы мүмкін. Ондай кезде тасты орнында қалдырмай жүріп тастаңыз, ең болмаса бір жүрісіңіз артық болады. Бұл атсырауға ұшырамас үшін өте-мөте қажет.

2. Қарсыластың бірінші ұяшығы бос болмауы мүмкін. Әлбетте көбіне ондағы тастар саны жұп болып келеді. Ондай жағдайда қазаныңызды 2 таспен толықтырып алу тіптен оңай. Соңғы отауға 2 тас жинап алып, кезекті жүріс кезінде 1 тасты қарсыластың алғашқы ұяшығына тастайсыз. Сол кезде оның тастар саны тақ болып қалады да ол сол отаудан жүріс жасауға мәжбүр болады. Ал сіз соңғы отауға қалдырған тасты ала қоясыз.


Тоғызқұмалақ ойынындағы бастапқы қарапайым амалдар осындай. Ал жүріс санын көзбен бағамдау, тез санай қою, жылдам жүріс жасау деген сияқты дағдылар тәжірибемен келеді. Негізінде шахматтағыдай үлкен стратегияны қажет етпейтін, тек арифметикаға құрылған ойын деп есептеймін өз басым. Сәттілік!

Сурет yvision.kz-ке тиесілі
Әрі қарай