Ауыл туралы
Кеше кешкісін пейізбүкте бір фблас әріптесімнің постын оқып қалып өткен күндер естеліктері көз алдымнан бір сырғып шығып еді. Дәл қазіргі уақыт ауылда ұсақ малдардың (қой, ешкі) төлдеу басталатын уақыты. Мектеп кезінде үйде малды жайғау, қора тазалау үйдегі інім екеуміздің мойнымызда. Сабақтан келе сала арғы бетке, малдың өрісіне жүгіресің, қой туып қалматы ма екен деп. Туса қозысын алдыңғы екі аяғынан салбыратып ұстап алып, үйге тартасың. Кейде қойлар қозы туған жеріне қарай жүгіреді, ол кезде қозының «мәәә-мәәә» дейсің, қой жүгіріп келеді. Кейбірі түнде туып жатады, оны уақытында бақыламасаң суыққа қатып қалуы мүмкін. Әсіресе ешкінің лақтары өте әлжуаз болып туылады. Түнде төлдесе тезірек үйге апарып қоясың. Суықта аяқ алмақ түгілі маңырауға шамасы келмеген лақты алып, картон каропкаға салып, үйдегі пештің қасына қоясың. Үстін жартылай жабасың. Азанда «мәәәәәә» дегенде будилникке олай оянбайтын шығарсың. Сол лақтар бір аптадан кейін секеңдеп тез жетіліп кетуші еді. Ауылда жақсы ғой, артық проблема жоқ. Мал жайғастыру, аттың жабуын жабасың, сиырға пая саласың, қойдың жылы қораға қамап, арасында туып қалады ау деген «күдіктілерін» бір шолып, жылы үйде аяғыңды пешке төсеп жатасың. Ол кезде интернет түгілі, компьютердің тапшы кезі. Кешке үйдегі бар қызығымыз інім екеуміз кешкі асты ішер-ішпес сега ойнауға кірісеміз. «Балалық бал дәурен ай» дегендерді сол бала кезімізде түсінбеуші едік, осыны көріп-біліп сағыныштан айтады екен ау.
Ауылда қой кезек болып тұрады. Сабақ күндері жарты, демалыс күндері бір күн қой бағасың. Қой кезек бір жағынан рахат еді, бір кітапты қолтықтап алып, итіңді ертіп қойдың артынан жүресің. Айналаң тып-тыныш. Өзіңмен іштей тілдесесің. Ой қорытасың. Кітапты оқып отырып неше түрлі қиялдарға берілесің. Бір сөзбен айтқанда космостан қайтасың. Бала кездің қиялы да ұшқыр болады екен ау. Өскенде анау болам, мынау болам деп.
Өткенде ой шыңдау тапсырмасына орай суретке қарап шығарма жазу тапсырылған болатын. Есіме балалық шақтың естелігі қайта-қайта орала берді, сол шығарманы өне бойы ауылға сағынышпен жазып толтырған болармын. Сонда ауылдағы бір уақиға есіме түсіп еді. Қысқы каникулға шыққан кезіміз. Малдың күтімі тағы қолымызда. Азанда әкем қора жақтан дауыстап шақырып, сиырды айда деп тапсырды. Қорада қара тай болатын. Көк жеп, құтырып қалған. Соған мініп айда деді әкем. Басында жүрексініп тұрғанмен, тоқымын салып, жүгендедім. Әкем тізгеннен тартып тұрды, әуп етіп жайдақ мініп алдым. Сиырды алдыма салып көшеде келе жатып, екі бүйірінен нұқып қалып ем, ытқып шаба жөнелді. Сиырлар да жөңкіле қашты. Көшемен шауып келе жатып оқыс бұрылыста тай орнынан бұрылып қалды, мен бұрылған орынан ұшып түстім. Тайдан бірінші рет құлағаным солай есте қалыпты. Үйге жаяу келсем, әкем мазақтап "қопал екенсің ғой" деді. Содан бері қанша уақыт өтті, қанша сынақтарды өткеріппіз. Әкемнің сол сөзінің өзі балаға қандай тәрбие десей, «балам мығым бол дегені» еді ол. Балалық бал дәуреннің бірі сол екен да.