Мынау — Табылды ағаның «Айқын» газетінің тілшісіне берген соңғы сұхбаты. Осы жерде ақынның шығармашылығына қызығушылық танытушылардың бірқыдыру екенін ескере отырып, осында жариялауды жөн көріп отырмын. Алдымда «Жанарымның жарқылы» жатыр… Біртуар ғой ол! Арманда кетті…
Табылды ДОСЫМОВ:
Мұнай, ақша, байлық жүрген жерде өнердің бағаланбайтыны белгілі
—
Осыдан екі-үш жыл бұрын басылым беттерінде жарық көрген сұхбаттарыңызды жинап, өзіңіз жайлы кітап шыққалы жатқанын айтып едіңіз… Сол бастаманың аяғы не болып кетті?
— Әлі жинақталу үстінде. «Біз білетін Табыл» деп аталатын шығар… Болмаса, тағы көре жатармыз. Әзірге анық шешілген жоқ. Жақын достарымның маған деген жылы лебізі мен ниетін білдіру үшін қолға алып жатқан дүниесі ғой. Мүмкін, биылғы 45 жасыма, мүмкін, алдағы 50 жылдығыма орайластырылатын болар… Ал менің жасап жатқаным, бүкіл шығармаларымды Алматыда Мақсат Мұхитдиновтың студиясына жинап қойдым. Репертуарымдағы туындылар екі альбомға сыйып кеткелі тұр. Біріншісіне «Алматыда қалған қыз» деген атпен махаббат әндерін енгізбекпін. Қазіргі таңда бірінші жинаққа ғана демеуші табылып отыр. Амандық болса, екіншісі де ерте ме, кеш пе, қолдарыңызға тиетін болады.