Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан

Дельфин мен кит балық емес, сүтқоректі екенін мектептен-ақ білгеніммен, кейде дельфин акуладан гөрі бізге жақын екенін ойлап, басым жарылып кете сақтайтын. Ғалымдар бұл сиқырдың сырын «конвергентті эволюция» деген ақылды сөзбен түсіндіреді. Арасында еш туыстық байланысы жоқ екі хайуан бір табиғи ортада өмір сүргенде, оларда сырттай ұқсас белгілер мен қасиеттер пайда болады. Бірақ, құлағы ұзын екен деп есек пен қоянды туыс дей алмаймыз ғой! Сол сияқты, жарқанат та ұшатынына қарамастан торғайға туыс емес. Ал кейде керісінше, сырттай мүлде ұқсамайтын екі жануар біз ойлағаннан әлдеқайда жақын туыс боп шығады.
«Биеден ала да туады, құла да туады» дегендей, бұл туыстардың бір ұрпағы жан сақтаудан «спорт шебері» болса, екіншісі жүзуден чемпион. Үшіншісі жай ғана көптің бірі, көттің кірі. Ал төртіншісінің сорлап қалған кескінін көрсе, қанжар тісті атасы ұяттан жерге кірер еді. Ендеше, хайуанаттар әлеміндегі адам айтса сенгісіз 10 туыстықтың үлгісімен таныс болайық.


10. Қалталы қоңыр тышқан мен коала

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Бұл аңшық бір қарағанда тышқанға ұқсайды. Екі қарағанда да тышқаннан айыру оңай емес. Австралиялықтар "қалталы қоңыр тышқан" деп атағаны да содан. Дегенмен, «antechinus» деп аталатын бұл жануардың кеміргіштер тобына еш қатысы жоқ. Кеміргіштерге тән болатын ұрық жолдасынан бұл шибұттар жұрдай болған соң, ғалымдар оны қалталы жыртқыштар тобына жатқызады. Яғни, қалталы тышқан мен коала жеті атадан қосылмаса да, бір қалталы хайуаннан тарайды.

Тек бірі талға, бірі жер бетіне тұрақталған. Сол сәттен бастап, жердегісі ірі жануарлардан құтылу үшін шалт жиырылатын бұлшық еттерді дамытады. Қашып-пысқан тіміскі-тышқани өмірден шөгіп, көрген адам қолына түскен затпен ұрып өлтіргісі келетін ұсқынсыз кейіпке келеді. Ал талдағысының салыстырмалы қауіпсіздігі, керісінше, баяу жиырылатын бұлшық еттерді ғана дамытуға мұрша береді. Нәтижесінде, екінші топ жалқау, ұйқы мен жапырақ соғудан басқа түк бітірмейтін сүйкімді коалаға айналған көрінеді.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


9. Мара (Патагония қояны) мен теңіз шошқасы

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Әңгіме көрші райондағы 81-дің Марасы туралы еместігін сезіп отырған шығарсың. Келесі кейіпкердің ұсқыны фотошоппен жасалғандай. Бұны балаңа көрсетсең, «асырап алайықшы» деп «зайыбыңды» алары анық. Бұл не өзі? Мал ма? Қоян ба? Кенгуру ма?
«Патагония қояны» деген екінші атына қарамастан, Мара — қоянтәрізділер емес, кеміргіштер «руының» өкілі. Ал кеміргіштердің ішінде Caviidae «әулетінен» тарайды. Демек, Мараға қояннан бұрын өз «әулетінен» шыққан кәдімгі теңіз шошқасы әлдеқайда жақын екен.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


8. Шиншилла мен жайра

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Терісі бағалы шиншиллалар туралы нені білген дұрыс? Біріншіден, олар алғашқы махаббатына мәңгі адал келеді. Ну, енД… «мәңгі» дегенде арқам қозып кетсе керек, 10-15 жылдай дейікші. Үйде олар шамамен сонша уақыт өмір сүреді екен. Екіншіден, шиншилла үй қояндарымен де, егеуқұйрықтармен де анау айтқандай туыс емес. Оның ең жақын туысы — жайра. Гендік-молекулалық сараптамаға сәйкес шиншилла кеміргіштер отрядының Hystricomorpha немесе «жайратәрізділер» тармағынан тарайды. Ал жайраны қазақтар «тағылан» және "үлкен кірпі" деп атағаны жөнінде деректер бар. Дегенмен, жайраны үлкен кірпікшешен деп атау дұрыс емес, себебі, кірпілер кеміргіш емес, өз алдына бөлек тұқымдастар өкілі.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


7. Қорқау қасқыр мен мангуст

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан"Қой, енді қасқыр мен мангустты шежіренің бір бұтағына мінгізуің қалды," — демей тұра тұрыңыз. Сіз, бәлкім, гиенаны ірі мысықтардан «отдуши» таяқ жеп, «чмо» боп қалған қасқырға ұқсататын шығарсыз. Кешегінің қазақтары да солай ойласа керек. Алайда, бұл қанқұмар жыртқыштың қанында ит пен қасқырға тән мінездің ізі де жоқ. Неге?
Жыртқыштар (Carnivora) мысықтәрізділер (лат. Feliformia) және иттәрізділер (лат. Caniformia) болып екіге бөлінеді. Қорқаулар бас сүейгі мен тістерінің құрылысына сәйкес мысықтәрізділерге жатады. Мангуст та сол топта. Сондықтан, мангуст тұқымдастары Қорқауларға кәдімгі дала тағысынан әлдеқайда жақын деуге негіз бар.

Камерасымен хайуандарды алды-артынан түсіріп, аң аңдумен өмірі өтетін жанкештілер "өлексе жеген өлімтік" деген айып арқалаған қорқау қасқырдың, шындығында, көздеген жемтігінің 90 пайызының түбіне өзі жететінінін анықтапты-мыс. Сол рас болса, қорқау қасқыр, жеме-жемге келгенде, он жорықтың бесеуінде қанжығасы бос қайтатын аң патшасынан да епті болғаны.
Бәсе деймін, әбжыланға әкесін танытқан «Рикки-Тикки-Тавидің» «жиеншары» сүмелек болмаса керек-ті.

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


6. Есек пен мүйізтұмсық

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Бірнеше мың жыл бұрын қасқа маңдайына адамзатқа құл болу жазылған жуас тақтұяқтылар (жылқы, есек һәм зебра) жүгімізді, қару-жарағымыз бен өзімізді тасымалдаудың таптырмас құралы болып келгені рас. Сондықтан, «есек пен жылқының ең жақын туысы — төрт түліктің бірі» деген ой туу мүмкін. Ойыңызды бөліп жіберсем, кешіріңіз, бірақ жылқы тұқымдастардан бөлек тақтұяқтылардан бұ заманда тек мүйізтұмсық пен тапир ғана аман қалған.

Әрине, зообаққа соңғы рет бес жасыңызда барған болсаңыз, «Тапир» дегенің не пәле, тағы?" деуіңіз де ғажап емес.

Ендеше, «тапир» дегенім — мына бәле:
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Иә, әлгі Мел Гибсонның «Апокалипсис» фильмінде шошқаша қорсылдап жүріп, үндістердің құрығына түсіп қалатын мақұлық осы. Түріне қарасаң, сауыт-сайманынан айрылып, мұңайған боқтың күйіне түскен мүйізтұмсыққа келетін сияқты, ә?
Әлде үнемі іші қаталап жүретін жалғыз жануар осы ма екен? Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуанҚалай болғанда да, тақтұяқтылардың даму жолына көз жүгіртсек, анық ұқсастықты байқауға болады. Мысалы, мүйізтұмсықтың аяғында үш «башпай» бар…

… жылқыларда да болған. Бір кездері. Бірақ қос қапталындағы екі мыртық бақай уақыт өте келе семіп, ортадағы алып тұяғы ғана қалды.

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


5. Ехидна мен үйректұмсық


Ехиднаның суретіне қарағанда, алғаш ойың: «Ай, осы дәу де болса жоғарыда аты аталған жайраның туысы шығар...» — болуы мүмкін. Олай емес екенін білген соң. "Әлде, кірпінің туысы ма?" деп кірпінің туыстарын түгендеп кетерсің, бәлкім.
Азғын қиял «Ох! Бұл әлгі екеуінің садо-мазо стиліндегі жыныстық қатынасынан туған көрбақ қой!» дегізбей тұрғанда, тікенектің арғы жағына үңіліп, құс тұмсығын байқайық. Тәк...Үңіле түссек, оның қарнында қалтасы бар екенін көреміз. Әрі қарай жақындай түсуге рұқсат беретін дипломымыз жоқ, әттең, әйтпесе оның қосмекенділерге тән ұлы, кіші, орта дәреттерімен қоса жұмыртқаны да сала беретін жалғыз мүшесі барын байқай алар едік.
Аталған қасиеттердің барлығы бір бойынан табылатын жануар әлемде біреу ғана — үйректұмсық.
Үйректұмсықты алғаш тапқан ғалым біреудің бұрыштан атып шығып мұның бәрі әзіл екенін айтуын бір күн күткен көрінеді.
Үйректұмсықтың үйрек тұмсығы, құндыз құйрығы, ескек аяқтары мен кенгуру қалтасы оны эволюцияға да, жоспарлы жаратылысқа да қарсы аргумент қылып жіберді.

" Қойшы-ей, рас па? Үйректұмсықты қалай түсіндіресің ал?"

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


4. Аю мен итбалық

Адамның аюға деген пейілі қызық, негізі. Бір жағынан, бала болып құшағына ойыншық аю басып көрмегендер сирек, ал екінші жағынан, шын аюмен бетпе-бет кезігіп қалсақ, бұтымызға жіберіп қояр едік. Суретіне қарап, аюларды құшақтап алғың келгенімен, өміріңдегі соңғы құшағың сол болатынын әлгі жеріңмен сезіп тұрасың. Ескекаяқтылар деп бұрын итбалықтар мен морждарды біріктіретін сүтқоректілердің бөлек отрядын атайтын. Бүгін итбалықтар мен морждар жыртқыштар отрядының иттәрізділер (лат. Caniformia) деген кіші отрядына дербес әулет ретінде қосылып, эволюция бұтағында аюлар мен сусарлардың "құдайы" көршісіне айналды.

Осы кезде, сен ашуланып кетіп: « Ау, епті ғана, ана байғұстардың аяғы да жоқ қой! Бұтақбас ғалымдардың бізді ауыздан тігіп отырғанын осыдан-ақ көрмейсің бе? Әлде, соны байқау үшін де биолог болу керек пе?!» — деп, бақырып жіберуің мүмкін.
Иә, бірақ итбалықтың «ескектеріне» мұқият қарап көрдің бе? Жауабыңды «Жоқ!» деп болжап отырмын. Ендеше, суретке зер салайық:
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Енді, аюдыкіне қара:
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Итбалықтың ескегі жалпақ, аюдың тырнақтары ұзын. Алайда, екеуінің де әр аяғында ішке тартылмайтын 5 тырнағы бар, сүйек құрылымдары бірдей, жүру сипаты бойынша да табаны мен бақайлары жерге бір мезетте тиеді.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Канадалық Девон аралындағы қазба жұмыстары ескекаяқтылар осыдан 20 миллион жыл бұрын Жер мақанның бетін мекендеген жыртқыш пуйиладан (лат. Puijila darwini) тарағанына меңзейді-міс. Бұл педри… кешірерсіздер, пуйила құрлықта да, су ішінде де көкесінің үйіне келгендей ойқастап жүргенге ұқсайды.

Ал бүгінгі ескекаяқтылар артық «жүгірістің» бәрін қойып, жалпиып жата бергенді жақсы көретін сияқты. Бекер-ақ, әйтпегенде, өзінің ептірек туысының күнделікті асына айналмас еді…
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


3. Тау даманы мен піл

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Пілдің ең жақын екі тірі туысының бірі — тау даманының кескіні бойын рухани сырқат не үрей билеген суырға ұқсайды. Оның тұрақты мекені Израиль, Палестина мен Оңтүстік Африка жартастары.
Оңтүстік Африка! Ауылдың кіл бұзықтары жиналған сыныпқа түскен әлжуаз баланы елестете аласыз ба? Сілеусіндер, қабыландар, әбжыландар, жабайы иттер мен бүркіттер жайлаған бұл тозақта даман сияқты «чорДтар» қалай аман қалады?
Түріне қараңызшы.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Өш, көтек, сойдақ тісін ақситып, айбат шегіп қояды екен ғой бұл да? Одан да, анау тышқанның құмалағындай боп қалған күрек тістерін өсіріп, кеміргіш бола салғаны артық па еді? «Сойдақтан» гөрі, "ұры тіс" деген дұрыс шығар бұныкін. Әрине, қан майданға дамбалшаң аттанып кеткен жанкештілігіне қол соқпасқа болмайды. Дегенмен, даманның көті бүріспей жүретін кезі болмайды. Оның бүкіл өмірі қоректену, "қай жағымнан жау келер?" деп жалтақтау мен жыртқыштарға жем болудан тұрады.
Ал сол кезде оның ең жақын бөлесі ұзын тұмсығын көтергіш кран, қол және субурқақ қызметіне жегіп, еңгезердей денесімен жыртқыштарды үркітіп жүреді. Сырттай мүлде ұқсамайтын екі жануарға ортақ нәрселер:
1) Екеуінің де алдыңғы аяқтарында төртеуден тұяқ бар, артқысында үшеуден.
2) Тау дамандары пілдер сияқты қауымдасып тіршілік етеді.
3) Бас сүйегі мен асқорыту жүйесі пілдікіне ұқсайды.
4) Екеуі де бір-бірімен байланыс үшін алуан түрлі дыбыстар қолданады.

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


2. Піл мен ламантин

Пілдің дамандардан басқа, «Ламантин» деген тағы бір ұсқынсыз туысы бар. Мына Табиғат мақанның «сіңбірігіне» ұқсаған жануар алыстан моржға ұқсағанымен, ескекаяқтыларға еш қатысы жоқ. Ламантинның даму жолы біз білетін барлық теңіз сүтқоректілерінен дербес өрбіді.
Ұзын сөздің қысқасы, пәленбай миллион жыл бұрын, бойы қысқа, семіз, Prorastomuses атты Ямайкалық мамонттар судың айналасынан шықпай қалады. Ақыры толық суға өтіп, түгенбай миллион жыл дегенде, денесі білеуленіп, ішіне қазы тығылған бүйендей жылтыр, суда баяу қалқып жүріп-ақ сілікпесі шығып, шаршап жүретін бұтақбас бір жануар пайда болады.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


1. Дельфин мен сусиыр

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Соңғы жұп — туыстығының дәлелі бар да, айғағы жоқ жұп. Өз көзіме сендірей, викиға тойдырмай, Дискавери мен Би-Би-Си каналдарын аралатып жіберген тап осы жұп болатын.
Сену қиындау, бірақ кит пен дельфиннің «бабалары» камшат, cусар сияқты жартылай су аңдары болыпты. Киттәрізділердің (лат. cetacea) сусиырмен туыстығы жайында бұрын да оқығанмын. Әйтсе де, олардың бұтақтары қай жерде тоғысатынын білмейтінмін. Әйтеуір, ортақ аталары жұптұяқты болғаны және шамамен 50 миллион жыл бұрын киттәрізділер мен антракотерийлерге бөлінгені белгілі.

1-суретте Ambulocetus — (лат. «жүретін кит») мүсіні түсірілген. Ол — кит пен дельфиннің сүйкімнен жұрдай арғы атасы.

Ал 2-суреттегісі — сусиырдың ішті айдайтын фито-шайларды ішіп-ішіп, азып кеткен Антракотерий деген атасы. Очм, Амбал Әсеттің ұрпағы уақыт өте келе суға әбден бейімделіп, құрлыққа тұяғын бір сілтеген сияқты. Ал Антракотерийлер біржола жойылып біткен. Бірден емес, біртіндеп сусиырдың балиғатқа толып, мұрагер боп қалуға шамасын білген соң ғана кете берген.

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан

Күмәнданайын десем, жоғарыдағы туыстықты ғалымдар ДНҚ-сараптамасы мен жануарлардың сүйек құрылысына сүйеніп жасаған. Сене салайын десем, бұл жұптардың аралық түрлері әлі нақтыланбаған.
Айталық, ғалымдарды «Осы туыстықты негізге алып, дельфин мен киттерді жұптұяқтылар отрядына жатқызуға бола ма?» деген сұрақ мазалайды. Себебі, онда сусиырлар ғана емес, маралдар, түйелер, сиырлар, тіпті шошқалар мен керіктер де дельфиндерге жұрағат болып кетер еді.
Иә, барлық адамдардың түбі бір болатыны сияқты, хайуандардың да түбі бір екеніне сенуге болады. Тек филогенетика мәселесі — олардың бір-бірінен қашан, қай тұста және нақты қай түрден қалай тармақталатынын анықтау. Ал заманауи зерттеулер нәтижесі бізді әлі талай таңқалдыратын сияқты.



дереккөздер:
www.cracked.com, www.bbc.co.uk/nature/prehistoric, www.bbc.co.uk/nature/wildlife/,
Cуреттер: www.wikimedia.org, www.flickr.com, www.sciencedaily.com, www.zoosite.com.ua


Әрі қарай