Достарым барда

Досы көпті жау алмайды деген халық даналығы бар. 100 теңгең болғанша 100 досың болсын деп орыс мақалын да аударып алып қолданып жүрміз. Достың бары жақсы ғой әрине. Бірақ менде көп емес.
Бала күнімізде, шіркін, көп сияқты еді. Төбелесте жаныңда бірге болғанның бәрін дос көретінбіз. Есейе келе біртіндеп қатары сиреп кетті. Әркім өзінің ниеттесін табады екен ғой. Мектептегі достарымнан саусақпен санарлығы қалды қазір қасымда. Алыста болса да, солардың анда-санда қоңырау шалып жағдайымды сұрағаны бір серпілтіп тастайды. Күшікі кезімізде бірге таланған соң ба, олардың орны ерекше.
Ал бүгінгі таңда жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырып жүрген мына суреттегі 5 досым. (Сол жақтан 2-і тұрып тұрған өзім). Студенттік өмірді бірге өткізіп, «бір кириешкиді 6-ға бөліп жедік» деп айтамыз өз арамызда. Расымен солай. Әрқайсысына жеке-жеке тоқтала кетсем.
1) Оң жақ шетте қара киімде отырған – Дәурен. Жаңақорғанның жігіті. Денесі қандай үлкен болса, пейілі де сондай кең. Мәрт жігіт. Достарымыздың біреуі үлкен сомадағы ақша іздегенін біліп қалса, өзі қарызданып тауып беруге тырысады. Қалада болмай қалып, жұмысың бітпей жатса Дәуренге тапсырсаң – ол өз шаруасын қоя салып сенікін бітіреді.
2) Одан кейін Айдар. Жаркенттің тумасы. Бірбеткей, тік мінезді жігіт. Артық уәде бермейді. Достарының барлық қуанышы мен қайғысының ортасында. Біздің кейбір қылықтарымыз бен жігерсіздігімізді көрсе бетімізге басып отыратын да сол. Сол тура айтқандығының арқасында өз ортамызда белгілі бір дәстүр қалыптасты. Бәрі бір ретпен өтеді.
3) Галстук таққан – Ержан. Біздің диспетчер. Ұйымдастырушы. Басымызды қосып, айлап болса да үлкендігін пайдаланып ағалығын жасап жүреді. Оның үйі Астанаға жақын болғандықтан үй-ішімен де етене араласып кеттік. Қазір ол кісілер бәріміздің екінші ата-анамыз сияқты. Ауылды сағынғанда сол кісілерге бір барып қайтамыз. Жақсы дос – туысыңнан артық.
4) Алмас. Өмірге көзқарасы қызық жігіт. Арамызда кей кездері темекі шегетін де сол ғана. Бірақ, достарына десе жаны бөлек. «Сыныптастың, группаластың бәрі дос емес» дегенді содан естідім.
5) Сол жақ шетте Бейбітжан. Дастархан жайылған отаудың иесі. Тұйық мінезді, көп сөзі жоқ жігіт. Бізді қиын жағдайда тастаған емес. Жігіттер кеңесі бастаған істерден тыс қалмайды.
Шешімі қиын түйіндерге кеңесетін қабырғам осылар. Менің қарабайыр тілім достықтың мәнін аша алмады білем. Мұқағали ақынның жазғанымен түсіндіріп көрейін.

Дос болам десең,
Досымды сыйла, қымбаттым!
Досыңа сонда,
Досыммен ғана қымбатпын
Дос болам десең,
Мендегі доспен достасқын,
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын
Достарың көп пе?
Апырау неткен жақсы едің?
Досым аз менің…
Досым-ау менің, тапшы емін?
Достарыңменен достастыр мені, асылым
Достастыр мені?
Болайын құлың нақ сенің!
Достыққа жүрмін,
Достыққа жүрмін құмартып!
Өлгелі жүрмін,
Өзіме-өзім мін артып…
Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан,
Достардың барып, ауласында өлген мың артық

Достық туралы айтарларыңыз болса…
Әрі қарай