"Бақытты саляфи" немесе саляфизм сарсаңы

Дін-діңгегіміз: Бақытты саляфи немесе саляфизм сарсаңы
Демалыс уақытын пайдаланып, үйге қажетті заттарды алып, қайтып келе жатырмын. Біз тұратын шағын ауданның үйлерінің арасынан бір жігіт маған қарсы келе жатты. Бір қарағаннан-ақ түрін шырамыттым. Мешітте жұма намазынан, бір-екі мәрте аялдамадан көрген болатынмын. Орта бойлы, жасы менімен қатарлас, (яғни 22-25 жас аралығы) ақ құба өңді, қыр мұрын, жұқа ерін, иегінде ретсіз өскен шошақ сақал, жағы мен құлақ шеке аралығында алағат шыққан мақта егістігі сияқты әр-әр жерге орналасқан жарасымсыз қыл өсінділері, көйлегінің жеңі ұзын, шалбарының балағы тобық үстінен шолақ (қысқа балақ) / «балағының ұзындығы тобығынан төмен болғандар тозақылық» деген хадисті санасына мықтап сіңірген болуы керек/ киініп алған. Қабағы жадыраңқы, көңіл-күйі жоғары екені байқалады. Жүзіне қарап, жәннәтпен сүйіншілегендей бақытты, нұрды көресің. Сол бір сәттік бейне, көз алдыма «бақытты саляфи» көрінісін қайта оралта берді.
«Бақытты саляфи» бейнесін «біреулер» байқауы мүмкін, біреулер жиренуі мүмкін. Қазіргі таңда көшедегі адамға сырт бейнесі, киім киіс, жүріс-тұрысына қарап баға беру басым. Әлгіндей адамды сырттай көрген бәзбіреулер «мына бақабист мәз ғой» деуі мүмкін.
Өкінішке орай, қазіргі қоғамда қазақтың ұлттық дүниетаным, құндылықтарына қайшы, түрлі санаттағы адами мүшелер толығып келе жатыр. Кейбірі шошына қараса, кейбірі «еее, пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеті дейді ғой, оның несіне таңғаласың» деген немқұрайды пікірі де естіліп қалып жатыр.
Жаһандану дәуірінде орта жолды ұстанатын мүшелердің санын арттыру мүддесі тұрғанда (орта жол – менің ойымша заманауи ғылыми технология жетістіктерін бойына сіңірген, ұлттық дүниетаным, құндылықты бойына қалыптастырған тұлға) ортодоксальді мұсылмандық бағытқа жетелейтін, өткен тарихты білмек тұрмақ мақұрым қалған, өздерін ғана үмбет санайтын, қысқа ойлы (қысқа балақты) маргинал топтардың саны артып келеді. Сонымен бірге, азғындықтың шегінен шығып, рухани құлдырауға ұшыраған біржыныстылардың жанұялық қарым-қатынасы, үлкенді сыйлаған ұлттық тәрбиенің орнына, бесіктен белі шықпай жатып өзінікі ғана дұрыс дейтін «өзімшіл» бетпақтар қалыптасып, тамыр жайлап келеді.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары идеологиялық салада хаос болғанымен, экономикалық жағдайдың тұрақталып, идеологияға баса көңіл аударғанымызбен, тез арада оңалып кететін өзгерістерді байқай алмай келеміз.
Нарықтық қатынаста қаржы басты рөл ойнайтындығын халық қашан түсініп қойған. Қаржы қайда болса, халық та соған үйір болып келеді. Қаржы жолында алдау, арбау, зорлау, озбырлық, өктемдік бәрі-бәрі орын алып отыр, бірақ оған тосқауыл болуға халық болып бірге қарсы күресуге бірлік жетіспей жатыр.
Нарықтық қатынаста мәселені шешуге мемлекеттік фактор емес, адами фактор маңызды рөл ойнайтынын толық түсінген жоқ қоғам. Қарапайым халық ертеңгі күнге ертегідегі батырдың құбыжықты жеңетіндей сенімі бар сияқты көрінеді. Ал, реалистік көзбен қарағанда болашақтағы бағындырылуы тиіс белестер идеологияда айқындалмаған. Қазіргі қоғамдық саладағы үдерістерге көз жүгіртіп қарасақ, қоғамдық сана қалыптасу кезеңін бастан кешіруде. Нақтысын айтқанда қазақтың қазақи болашағына жаны ашитын азаматтардың көтеріп жүрген ұсыныс, пікірлері барша қоғамдық сананы жаулап ала алған жоқ.
Қалыптастыру үшін белсеніп жатқан күштің жұмысы «үлкен механизммен» біте-қайнасып, «ішкі механизмнің» негізгі бөлшегіне айнала алса, қазақтың болашағының айқындығын шамалауға болады.
Қоғамдық пікірді туындатып, ұлттық санамызда қайта жаңғыру процесі тоқтаусыз жүріп жатыр. Бастауы анықталған нәрсенің салдарымен жүргізіліп жатқан идеологиялық күрестің нәтижесін күтіп, халықтың оянуы тиіс санасы, немқұрайдылыққа салынып кетуінің алдында тұр. Күнделікті тіршілікте көріп жүрген көзге оғаш көріністер «дұрысқа» айналып кетуі, зардабын әкелуі мүмкін.
Бұл жағдайда халық мемлекеттік орындау процесін күтпей-ақ, сауатты амалмен белсенділік танытып, қол қусырмағаны дұрыс.
Уақтылы ұйықтауға міндетті бір жаратылысты «неліктен, тағы да саляфизм мәселесі» мазалауы тиіс?
Әрі қарай