Не айтатыны бар, өткен ғасырдан бері түз баласы боп кеттік. Ойылда бастауыштан өтіп, шетінен қырып келе жатыр едім, ортаңғы ұлды қос рәдителдің ешқайсысы зәру көрмей, 10 жасымда қалаға оқуға аттандырып жіберді.
Түскен жерім дарынды балалар мектеп-интернаты деп аталады. Кәдімгідей емтиханмен қабылданған пысықтардың қатарынанбыз. Жыл он екі ай — үш қабатты, ескі, бірақ сыры кетсе де сыны кетпеген ғимараттамыз. Өтірік айтам, жыл он екі ай емес, оқу жылы бойына. Интернат — қызыл сары, тіпті оранжды сырланған, оның өзі ескіріп, кей тұсының кірпіші көрініп жатыр. Жергілікті атқамінер шпаналар фасадын одан әрі сорлатып кететіні бар. Бұл жатақханамыздан 100 метрде мектеп тұр, ол да бояушы, бояушы дегенге орай, сәбіз түстес қып сырланған. Ғимараттың ескі екеніне, Екінші Дүниежүзілік соғыста атқыштар бригадасының штабы болғанына мемлекеттің мұртын балта шаппайды. Мұрты жоқ, одан бөлек саяси тұтқындар салудайын салған екен ғимаратты, әлі 100 жыл қызмет қылатын сияқты.