Әлемдік сипаттағы алғашқы қазақ дауылы "Масаң Нұрберген" метеорология тарихына енді

Менде бір керемет сюжет бар...: Әлемдік сипаттағы алғашқы қазақ дауылы Масаң Нұрберген метеорология тарихына енді
Өткен аптада еліміздің батыс аймағын, Ресейдің Астрахань облысын, Әзірбайжан және Иран жағалауларын әурелеңге түсірген сұрапыл дауылға «Масаң Нұрберген» аты берілді. Синоптиктер дауылдың жылдамдығы сағатына 14.5 шақырымға дейін жетіп, Каспий теңізінде биіктігі 1-1.3 метрлік толқындар көтеріледі деп болжап отыр. Атырау қорқыныш құрсауында. Облыстың төтенше жағдайлар қызметі тас-түйін дайындалып жатыр. Тамадалар тойларын, балықшылар арақтарын, облыс орталығына қатынайтын таксистер рейстерін шұғыл түрде тоқтатуға мәжбүр. Автокөліктер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер де уақытша жабылуы мүмкін. Бүгін облыстың танымал синоптигі Ақсел Көшімхан шұғыл жиналысын өткізіп, табиғаттың төтенше мінезіне қарсы дайындық шараларының барысын пысықтады.

Ақсел Көшімхан:
— Алдымен баршаңызды осындай сұрапыл дауылға қазақша ат беріліп, әлем метеорологиясы тарихына енуімізбен құттықтағым келіп отыр. Әлемде мұндай оқиғаларға атты кім, қалай берілетінін білмейміз. Дегенмен біз осылай атауды жөн көрдік. Дауылдың мінезі дәл сондай еді, масаң кісінің мінезіне ұқсайтын. Дауыл бір көтеріліп, бір түсіп, бір кетіп қалып, қайтып келіп, арасында жаңбырмен «жылап» та алды. Басқаша атауымыз мүмкін емес еді. Жалпы желді, дауылды аймақпыз ғой. Болашақта да бірнеше қазақша дауыл аты шығады деген ойдамыз. Қазірден демеушілік қаражаты аударылып, ұсынылған аттар бар. Мысалы «Серпінді Серікқали», «Сықи Қаршыға», "Әйгерім", «Жылауық Нұржамал», «Мәди» сияқты аттар біздің орталыққа келген өтініштердің бір қатары. Әлбетте ұсынушылардан демеушілік жарна алынады. Дауылға дайындық туралы айтар болсақ, жалпы үй құлататындай қатты дауыл емес. Сонда да төбесі дұрыс жабылмаған үйлердің шипры ұшуы мүмкін, малқоралардың да құлауы ықтимал. Байқас болайық ағайын!
Әрі қарай