Сезімім неткен менің кіршең еді

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Сезімім неткен менің кіршең еді

Сезімім неткен менің кіршең еді!
Бір жанады өзіңе, бір сөнеді.
Көзден кетсең, көңілден кететіндей,
Бұл сезім менен де өткен дүмше ме еді?..

Сезімім неткен менің кіршең еді!
Жаралаудың боп аппын шын шебері…
Өзгеге бұйырып жүр
Менің үшін
Сен жайған дастарханның күлшелері.

Дер едім жаным сенсіз мұң шегеді,
Мұң шегеді, сол мұңнан гүл семеді.
Бірақ өзім сезімге сенбей тұрсам,
Сені сүйем дегенге кім сенеді?

Дер едім уайымымның бір сен – емі.
Бірақ бұл сезім неткен кіршең еді!
Ұқпайтын сенің аппақ пейіліңді
Қабылдауың керек ал кімше мені?

Шарасыз екенімді білсең еді…
Кешірші. Сезім үнсіз тұрса – өледі.
Қайтемін, бағынбайтын дүние ғой,
Бәрінің де бар шығар бір себебі…
Әрі қарай