МИССИЯ: Бұл әлем сіз болмасаңыз, не істер еді?

Блог - MeihuaZheng: МИССИЯ: Бұл әлем сіз болмасаңыз, не істер еді?

Әр компанияда «Корпорациялық даму стратегиясы» (Стратегия корпоративного развития) деген құжаттар топтамасы болады. Компания пайда болған соң әдетте оның аты ойлап табылады, заты, жарғысы және осы даму стратегиясы жасалады.
Әдетте даму стратегиясын жазу үшін арнайы компания жалдайды, өйткені стратегияжазғышты штатта ұстаудың қажеті жоқ, ол бірреттік қана жұмыс. Кейде ақша аз болса, штатқа алынған пиаршы, сапа менеджменті бойынша маман өздері жазып шығады.
Жалпы, шыны керек, даму стратегиясын жасауға деген көзқарас та, қатынас та немкұқрайды. Онсыз да жасалатын жұмысқа жоспар құрып қажеті қанша деп ойлайтын болуы керек. Негізі, ол құжаттың маңызы айтарлықтай дер едім өз басым. Сайтыңызға орналастыру үшін ғана емес, «осы істеп жүрген жұмысымның мәні не өзі? кімге керек? не үшін?!» деген сұрақ мазалағанда сол миссия/басымдылық/мақсат/міндеттер деген құжатқа көз тастасаңыз — сұрақтарыңыз жоқ болуы керек.
Это в идеале!
Ал біздің жағдайда миссия деген не?

МИССИЯНЫҢ МИССИЯСЫ
Егер сіз әлгі айтқандай, даму стратегиясын өзі жазып жатқан компания қызметкері болсаңыз, миссия деген тарауды жазу үшін бір ғана сұрақ қойыңыз, соның жауабы — сіздің миссия болмақ:
Сіздің компания жоқ болса, қоғам, мемлекет және тұтынушылар не жоғалтады?

Айталық, жауап: Менің компаниям жоқ болса, тұтынушылар ең алдымен жоғары сапалы жастық-көрпеден қағылады — мұндай өнімді жақын шетелде де жасамайды, біздің өзіміз ойлап тапқан технология бойынша жасаймыз. Ал мемлекет үлкен салық төлеп отырған отандық өндірушілердің бірін жоғалтады, "Қазақстанда жасалған" маркасымен шығатын өнімнің бірі нарықтан кетсе, оған да абырой болмайды.

Осыған сәйкес сіздің миссия жасалады:
Жақсы тыныққан адам ғана жақсы еңбек ете алады. Ал әр қазақстандықтың жақсы тынығуына біздің көрпе-жастығымыз сеп болады. Отандық мамандардың жасап шығарған өнімі оқушы балаға да, жұмысбасты ересекке де, зейнеткер ата-апаға да жоғары сапасымен әрі қолжетімді бағасымен ыңғайлы.
Тұжырымыңыз неғұрлым нақты, ұғынықты, түсінікті болса, бизнесіңіз де соғұрлым нақты, ұғынықты әрі түсінікті болады.

Әлемге танымал компаниялардың жариялаған миссиялары:
COCA COLA: Әлемді сергіту. Шаттыққа шабыттандыру. Әрбір әрекетімізді мәнді ету (To refresh the world… To inspire moments of optimism and happiness… To create value and make a difference).
IKEA: Әрбірдің күнделікті тұрмысын жақсы өзгерістерге толтыру (To create a better everyday life for the many people)
GILLETTE: Клиенттеріміз өздерін күнде жақсы сезінуі үшін қырыну және гигиена заттарын ұсынамыз. Ұстараны ары қарай жақсарта алмаймыз деген күні біз жұмысымызды тоқтатамыз (All designed for the unique needs of men – helping them to look, feel and be their best every day. We'll stop making razor blades when we can't keep making them better)

Миссияны атқарумен қатар, компания келешекте (шамамен он шақты жыл ішінде) нақты қандай жетістікке қол жеткізбек? Онысын «Компания мұраты (видение)» деп аталатын тарауда жазады. Көп эксперттер мұраттарды мақсаттармен біріктіріп жазу қажет дейді, меніңше сол дұрыс.
Сонымен мақсат-мұраттар жазған кезде оларыңыз SMART талаптарына жауап беруі керек:
Specific: нақтыланған — басқаша түсіну мүмкін емес, мазмұны тұрақты (мысалы, "қажетін қанағаттандыру", «көңілді ету» деген сияқты тіркестер қолданғанда абай болу);
Measurable: өлшемі бар — мүмкіндігінше есептеп, өлшеп білуге болатын жоспары бар (мысалы, алдағы бес жылда көшбасшы үштіктің қатарынан табылу, клиенттеріміздің санын миллионға жеткізу, жылдық айналым көлемін 100 млн теңгеге жеткізу, өнімімізді әлемнің 25 еліне жеткізу);
Achievable: қолдан келетін — айды аспаннан шығаратын, қияли арман емес, қажырлы еңбек арқасында қол жеткізуге болатын нәтиже (мысалы, «африкалықтардың арманын орындаймыз» емес, «африка құрлығындағы өмірді ыңғайландырамыз — 8000 км қашықтыққа су құбыры мен электр желілерін жүргіземіз»);
Results-oriented: нәтижеге ұмтылған — мақсат, мүдде, мұраттардың өзара балансын сақтап, нәтижеге межелі мерзімде қол жеткізуге мүмкіндік беретін;
Time-bound: уақытпен шектелген — мақсат-мұраттарға қол жеткізу мерзімін белгілеу керек. Соңғы нәтиже ғана емес, аралық көрсеткіштерді де (тоқсан сайын, жыл сайын, үш жыл сайын) белгілеп, компания өзінің жұмысын бағалауы керек.

!!! Яғни, мақсаттар мен мұраттарды жазған кезде "өсіру", «тереңдету», «дамыту», «күшейту» деген сияқты жалпылама сөздермен жазуға мүлдем болмайды.

ӘР ҚЫЗМЕТКЕР — КОМПАНИЯНЫҢ АЖЫРАМАС БӨЛШЕГІ
Ары қарай корпорациялық құндылықтар, стратегиялық мақсаттар және бизнес жүргізудегі үлгі боларлық әрекеттері жазылады. Бұлардың жазылуы да әр компания үшін аса маңызды. Оған компаниядағы барлық қызметкердің берік болуы — одан да маңызды. Осы құндылықтар мен мақсаттардың әрқайсының бойына әбден сіңіру үшін пиаршы жұмыс етеді.
Оның барлығы «Корпорациялық мәдениет» деген ұғымға кіреді. Әр қызметкер, лауазымы қандай болсын, бұл қағидаларды қатты ұстануы — компания жетістігінің, өнімдерінің сұранысының жоғары болуының бірден бір негізі. Миссияда айтылғандай — оқушының, ересектің, зейнеткердің көңілінен шығатын сапалы көрпе-жастық жасап, сапалы қызмет көрсету — ең басты міндет.

Мысал келтіре кетейік. Айталық, бір аймақта сіздің көрпе-жасық шығаратын компания өнімдерінің сапасыз подделкасын жасап сатыпты. Ол өнім бір айға жетпей жіптері сетінеп, бояуы оңайыпты. Сатып алған адам көңілі қалып, компанияға арыз жазады. Сонда оның қоңырауын қабылдаған хатшы қыздан бастап, осы олқылықтың орнын толтыруға атсалысатындардың барлығы компанияның құндылықтарын негізге ала отырып әрекет етсе, жанжал өте қысқа мерзімде жойылады. Теориялық түрде, тіпті бір тәулік ішінде жоюға болады. Барлық деңгейдегі қызметкер шын ынта-ықыласын көрсетсе.

Біздің елдегі тәжірибе көрсеткендей, жазылған стратегия мен корпорациялық мәдениет іс жүзінде жай ғана шатпақ күйінде қалады. Компания құндылықтарын түйсінбек түгіл, жұмысқа құлшыныстың жоқтығынан, көп адам жай айлық алып жүргендер қатарында. Жалпы, клиенттің разылығы үшін жұмыс істемейтін, білімі мен біліктілігін жоғарылатуға ұмтылмаған қызметкер жұмыс істеуге құқығы жоқ деп санаймын. Ісін белгіленген мерзімде бітіре алмайтын, клиент өтінішіне салғырттықпен қарайтын, бизнес-процестерді сынақ мерзімі ішінде ұғына алмаған адамның болашағы бұлыңғыр. Үнемі айтатыным:
Ешқандай аз айлық сенің салғырт жұмысыңды ақтамайды. Он бес мың ба, қырық мың ба — осы айлыққа істейтін жұмысқа кірістің екен — істе. Істемесең — көбірек айлық беретін жерге тайқай, бұл орынға адам табылады.

Жарайды, бұл менің бастық болсам — қырар едім деген фашистік армандарымның үзігі.
Тақырыбыма оралайын.
Постымның соңында мен өзіміздің қазақ компанияларының миссияларын көрсетпекпін.
Компанияның миссиясы түсінікті ме? Жарияланған миссияларына компания қызметі сай ма? Компанияның бизнесі сізге түсінікті ме? Сіз сол компанияға жұмысқа тұрғыңыз келе ме? Құндылықтарына мойынсұнар ма едіңіз?
Осы сұрақтар төңірегінде пікір білдірсеңіздер апашка қуанып қалар еді.
Сонымен:

САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА: Қордың миссиясы – ұйымдардың ұзақ мерзімді құнын ұлғайту және Қор тобына кіретін активтерді тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыру.
ҚАЗМҰНАЙГАЗ: Ұлттық мұнай-газ саласын дамытуға қатысудан Қазақстан Республикасы үшін барынша жоғары тиімділікті қамтамасыз ету; Компания активтерінің ұзақ мерзімді құнын арттыру, рентабельділікті жоғарылату, өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз ету; Халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті, интеграцияландырылған мұнай-газ компаниясы ретінде орнығу; Бизнесті әлеуметтік-жауапкершілік тұрғысынан жүргізу, отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің жеткізушілерін қолдау, жергілікті кадрларды дамыту.
САМҰРЫҚ ҚАЗЫНА ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ҚОРЫ: Мегажобалардың іргелі девелопменті, «жасыл» технологиялар қолданылатын құрылысты инвестициялау, сондай-ақ құрылыс саласына инновациялар енгізу арқылы Қазақстан Республикасының құрылыс саласы мен жылжымайтын мүлік нарығын дамытуға жәрдемдесу.
ҚАЗПОШТА: Барлық клиентке Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың қажеттіліктерін толығырақ қанағаттандыратын, заманауи сапалы почталық, қаржылық және логистикалық қызметтер спектрін ұсыну.
ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ: Жүйе құраушы инфрақұрылымдық компания бола тұрып, біз экономиканың тұрақты өсуі үшін сапалы көліктік негізді қамтамасыз етеміз, Акционер үшін құнды құрамыз, қажет және бәсекеге қабілетті көлік-логистикалық қызметтерді көрсету жолымен тұтынушыларға және тұтастай қоғамға пайда келтіреміз.
KCELL: Миссия компании — создание новых продуктов и услуг, чтобы удовлетворять существующие и новые потребности клиентов новыми, захватывающими способами; принесение пользы людям и создание комфортной жизни с помощью инновационных услуг, основанных на наших навыках в области информационных и коммуникационных технологий (қазақша нұсқасында миссия туралы ештеңе жоқ)
AIR ASTANA: Біз Еуразия жүрегінен әлемдегі ең үздік әуекомпаниялардың бірін құрып жатырмыз.
КАЗКОМ: Казкоммерцбанк работает для того, чтобы повысить качество жизни людей, открывая для них широкие возможности мира финансовых и банковских услуг, позволяющих осуществить планы, надежды и мечты с пользой для себя, своей семьи, своей компании, бизнеса, общества и страны.

BEK AIR: обеспечить безопасные, эффективные и финансово доступные основной массе населения авиаперевозки по Республике Казахстан и за ее пределы. Для этого компания выбрала надежные модели воздушных судов Fokker-100, имеющие наиболее подходящую для региональных полетов конфигурацию.
(соңғы жағында қосып қойыпты: Главные лозунги Авиакомпании «BEK AIR» — «Не надо нам помогать — просто не нужно нам мешать и мы всё сделаем сами!» :) )
Әрі қарай