Қарбалас

Көктемді түрліше сипаттауға, суреттеуге және жазуға болады. Бұған әрине, біздерге жылулық сыйлайтын осынау мезгілмен қоса келетін түрлі мерекелер мен мейрамдардың да әсері баршылық. Не десек те «Өлмеген құлға келді жаз» дегендей қытымыр қыстан әйтүп-бүйтіп шыққандар көктем мен жаздан бір үміт күтері анық.
Салыстырмалы түрде қарасақ қала көктемі мен дала көктемі мүлде бөлек. «Сәуір болмай тәуір болмас» дегенге салар болсақ біздің Арқаның нағыз көктемі осы сәуірде келеді. Сай-салаға жайқала шыққан қызғалдақтар мен сарғалдақтар сәуірдің орта белінен аса, мамыр айының басында дала көктеміне ерекше бір сән беретіні рас. Көкке ауызы тиген қозы-лақ бір мезгіл енесін ұмытып, асыр салатын мезгіл де осы. Бірақ, бұның бәрі сәуір айында.
Наурыз айы далалықтарға ең қарбалас шақ. «Жуанның жіңішкеретін, жіңішкенің үзілетін» мезгілі. Қора маңына жинаған шөбінің таусылуға таяйтын, әлдеқалай қыс ұзарып кетсе саусағын мұрнына тығып қалу қауіпінің жоғарылайтын кезеңі.
Дегенмен, биылғыдай қар күрт еріген жылдары дала қазақтары қорадағы ірі қараларын, қой-ешкілерін қарайған қырат жаққа бағыттап жібереді. Жілік майы азайып шыққан малдар сай-саладағы іргесі сөгіле қоймаған қарларға үйелеп қалып жататын оқиғалар да кездеседі. Ертеңгілік инедей жылтырап жатқан жылғаның суы, сай-саладан келіп қосылған қар суымен өткел бермес өзенге айналатыны да көктемнің осыбір айына сәйкес келеді екен. Таңертең жайылымға кеткен малдарын кешке өзеннен бері өткізе алмай, ат сауырынан асатын, сең-сең мұздар жүріп жатқан өзеннен бес-алты атты адам сиырларды қақпайлап өткізтудің азабын сөзбен жеткізті мүмкін емес. Оны көзбен көру керек. Екі көлік соғылып қалса, таяққа сүйенген адам тайып құласа қалта телефондарымызды суырып алып, қызық үшін видеоға түсіріп, интернетке салатын біздердің ол жанталасты, қарбаласты видеоға түсіріп тұрғанымыз ауыл адамдарының алдында ұят қылық. Биылғы көктемнің осы қарбаластарының барлығын өзім арқылы тағы бір сезініп шыққаныммен мен сіздерге бұл жазбамдағы қарбаластардың барлығын суретпен немесе видеомен бере алмауымның себебі осы.
Бұл мал шаруашылығымен айналысатын дала қазақтарының көктемгі тірліктерін суреттейтін жазба. Бұдан бөлек ауылдағы ағайындардың көктеммен қоса келетін егін науқанына дайындық секілді басқа да бітпейтін тірліктері бар.
Әрі қарай

Шайтанкөпір

Адам болған соң оның бойында қорқыныш, үрей сезімдері болатыны белгілі. Тіпті, Бауыржан Момышұлының өзі бір жазбасында "Ұрысқа кірер алдында үрейленетінмін. Қорқақтық басқа әңгіме" дегенге саятын естелігін оқып едім.

Сонымен, менің есімде қалған ең бірінші зәре-құтым қалмай қорқуым. Ербол атты өзімізге аталас туыс болып келетін бала екеуміз өзен бойын жағалап ойын қуып кеттік. Өзен деуге де келмейді, бұрынырақта арнасына симай жатқан бұл өзеннің кейпі жылап аққан жылғаны елестететін. Сол жылғаның көпірге (мост) барып тірелетін жеріне жеттік. Көктем мезгілінде, су тасыған кезде көліктер өтуге ыңғайлап жасаған ғой. Әйтпесе, ақсақ адам секіріп өтіп кететіндей жылға. Сол көпірдің екі жағында тұрып алып бір-бірімізге тас атып ойнадық. Бармақтың басындай тастар ғой баяғы. Бір-біріміздің басымызды жарып алармыз деген ой жоқ. Мен көп болса бірінші класта оқимын, Ербол 5 тен енді асқан бала. Ойынның қызығына берілген біз тас жолда тайраңдап келе жатқан трактордың дарылдаған дыбысында естімеген сыңайлымыз.
Әрі қарай