"Көктемнен" қалыспайық...
Блогиада басталғалы көктеммен бірге Wordpress.com мен Kerekinfo блогтарына жан бітіп, блогшы қауым отауларына бас сұға бастапты. Біразына меймандап қайттым. Байқау серпін бергені көрініп-ақ тұр. Сапалы контент қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған байқаудың бастамасы жаман емес сияқты. Көршілес блогтардан байқағаным,Бүркіт досым өткен-кеткен көктемді түртіп өтіпті. Өркеннің отауында көктем әр қырынан өріліпті. Әйгерім қыз көктемге біраз фотоөнерін салыпты. Араларында ұнағаны Нұрбергеннің жазбасы. Оқып отырып, әр көктеміңді көз алдыңа тізбектейді екенсің. Кітап жазғым келіп кетті. Көктем жақсы ғой. Жаңару. Жандану. Биыл Астанаға көшіп келгелі екінші көктемімді, өмір ағысында 35-ші көктемімді қарсы алып отыр екенмін. Бұған да шүкір. Былтырғы жылы елордадағы көктемімді қалай өткізгенімнен нышан да қалмапты. Тегі, ойда қалатындай ештеңе болмаған сияқты. Ол жылғы қаһарлы қыс та еңсені басып тастады ғой. Артта қалған ел-жұртты да сағынасың… Сәуір айында Медет пен Клараның концертіне барып, шығыс өңірі туралы әнді естіп, бір сағынышымызды тарқатып едік. Ееее, өмір-ай десеңші! «Тірі адам тірлігін жалғастырады» демекші, бұл көктем де есіктен кіргенін байқамай қалыппын. Мен өз «көктемімді» сағынбағалы да, сезінбегелі де біраз уақыт өтіпті. Тек блогиададағы жазбаларды оқығанда ғана, осы бір маусымның адам баласына берері мол екені есіме түсті. Көктем! Қалқаман ақын айтқан «Қара жердің қайғысын сейілтетін...» көктем, Ақберен өрнектеген «Көктем, көктем… өзге көктем!.. жаңа дем…» көктем, Алмас Темірбай суреттеген «Әркімнің өзінің көктемі болатын...» көктем, Серікзат жырлаған «Тіршілік оянатын көктеме бұл...» көктем, Ербол Бейілхан жазған «Жаңартатын жандарды ертегі...» көктем, Толқын Қабылшаның қаламынан туған «Көктем сені күткен ем… дәрмені жоқ..» көктем… Қайсы бір күні Ұларбек ақынның «Түнгi ұйкымда тербеткен кiм, Сағыныш па, жаңбыр ма? Тым кешiккен бұл көктемнiң, Сертi бар ма тағдырға?» деген өлең жолдарын оқыдым. Ехх, біздің көктем биыл да кешігетін сияқты-ау… Жұмыста отырмын… Ой құшағында… Көктемнің құшағында…
Әрі қарай