"Керекшінің" оралуы

2004-тің басы-ау деймін… Малайзияда жүргенмін әйтеуір. Азидолла е-хат жіберіпті: «Мына сілтемеге кіріп, тіркелші. Ана жақта деген айтыс боп жатыр. Өлең жазатының бар ғой, қашщищ...» деген сияқты, шамамен. Елді сағынып жүрген студентке керегі сол емес пе, бардым, кірдім, тіркелдім, айтыстым…
Ол кездегі «керектің» келбеті де, сәні де, мәні де басқа еді. Қазақ тілінде форум ашылды деп қуандық. Ой жаздық, пікір айттық, айтыстық, тартыстық… Аршат, Бекжан, Нұрғиса, Әсет, Ертай, Жұлдыз, Нұргүл, Мәриям, Жанна, Гаухар сияқты қыз жігіттер өмірде де жақсы араласып, дос боп кеттік. Бір емес бірнеше отау да құрылды сол ортаның ішінде. Одан кейін үйлі-баранды болдық. Отбасымызбен араластық…
Біздің буынымыз сияқты содан бері талай буын өсіріп, талай түлек түлетіпті «керекинфо». «Керекшілер» деген өзінше бір қауым ел қалыптасты. Әрине, уақытқа қарай іші де, сырты да үнемі жаңаруда… Бірақ, өз басым сол 2004-2005терден кейін көп кірмеген болатынмын.
Жазуға деген құштарлық баяғыдан бар ғой. Бірақ, жұмысым мен ортам мүлде басқа салада болған соң, қолға қалам алу кейінге қала берді. Тек соңғы уақыттары ғана жазу туралы кәдімгідей ойлана бастадым. Тіпті сол, өзім жүрген бизнес пен қаржы, экономика бойынша да неге жаза бермеске дегендей ойлар келе бастады. "Қайда жазам" деген мәселе туғанда, айналып келіп, осы «керекке» тоқтадым. Керемет жазғыш, сұмдық блогер болып кетуіміз екіталай шығар. Дегенмен, азды-көпті түйгеніміз бар, көргеніміз бар. Біреуге қызық болар, біреуге ой салар, біреуге бағыт сілтер. Не болса да, келдік ортаға оралып, достар. "Қайта оралу" дейсіңдер ме, «жаңғыру» дейсіңдер ме, өз еріктерің. Сәттілік тілеңдер, «жас» керекшіге!
Әрі қарай

КерекИнфо Атырауда. 2005 жыл.

Атырау кезінде КерекИнфоның басты қалаларының бірі еді. Ең үлкен пикник үшін де осы қалаға жиналған едік. Ол кездерде жұмыс үшін жастар Атырауға ағылатын, сондықтан ба Керекшілердің көбісі осы қалада болды. Мына пикникке 7 қаладан 22 адам болғаны есімде.

Әрі қарай

КерекИнфоның 2005-ші жылғы үздігімен сұхбат

КерекИнфоның ашылғанына алдағы жыл 10 жыл болады екен. 2002-де ашылып, біраз жыл ға дейін істеп тұрды. Басты функционалы форум болатын. Кейін әлеуметтік желілер, Агент сияқты мессенджерлер шыға бастаған кезде сайтқа қатысу да азайды, техникалық қолдау да болмады. Сөйтіп жабылды сайт. 2009-да қайтадан форум форматында ашылды. Бірақ, бұрынғыдай аудитория жинай алмады. Тек мына қазіргі форматтағы нұсқасы сәтті жүріп кетті. Бірақ, сол бірнеше жыл ішінде қазақ интернетінде біраз серпін жасады деп айта аламын. Сол кездегі достықтарымыз әлі жалғасып келеді. Алмас досымыз сайт жоқ болса да бір күні қайта ашып қалармыз деп осы күнге дейін доменді ұстап келді, ешкімге бермей.

Бұрын әр жылдың үздіктерін анықтайтын едік. Жеңімпаздармен сұхбат та жасайтынбыз. Поштамды ақтарып отырып мына сұхбатты тауып алдым. Бірге оқиық
Әрі қарай