Автомобильдің медициналық қобдишасы. Өз қолыңмен жина!

Автоәуесқойлар клубы: Автомобильдің медициналық қобдишасы. Өз қолыңмен жина!
Қандай дәрі-дәрмек болуы керек?
2015 жылғы 11 қаңтардан бастап елімізде автомобильдегі алғашқы медициналық көмек қобдишасы жаңадан жасақталуы тиіс. Бір жақсысы, «зеленка», «йод», «кеторолак» секілді алғашқы көмекке еш қатысы жоқ препараттар алынып тасталды. Енді жаңа тізім бойынша мына дәрілік заттар болуы керек:
  • сутегі тотығының 3% ерітіндісі (1 флакон),
  • зарарсыздандырылған дәке бинті 5м *10 см (1 дана),
  • зарарсыздандырылмаған дәке бинті 5м *10 см (1 дана),
  • зарарсыздандырылмаған дәке бинті 7м *14 см (1 дана),
  • зарарсыздандырылған медициналық дәке салфеткалар (1 дана),
  • зарарсыздандырылған таңу пакеті (1 дана),
  • зарарсыздандырылған медициналық гигроскопиялық мақта 50 г. (1 дана),
  • қан тоқтатқыш жгут (1 дана),
  • бактерицидті лейкопластырь (5 дана),
  • медициналық лейкопластырь (1 дана),
  • эластикалық түтікшелі бинт № 1, 3, 6 (бір бірден),
  • зарарсыздандырылмаған медициналық қолғаптар (1 жұп),
  • доғал ұшты қайшылар (1 дана).
(Тізім Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сайтынан алынды)

Қобдишаға шығындалма
Бұған дейін менде аптечка болып көрмеген еді. Жаңа бұйрық шыққаннан кейін, жасақтап алайын деп шештім. Қобдишаға шығындалмадым, үйде Жаңа жылда біреулер сыйлаған, ішіне тәттілер салынған фанера қорап бар еді. Ішіндегілерді жеп тауысқан соң, соны медициналық қобдишаға бейімдеп алдым:
Автоәуесқойлар клубы: Автомобильдің медициналық қобдишасы. Өз қолыңмен жина!
Қобдишаға қатысты нақты талап жоқ. Бастысы дәрі-дәрмектерді сыртқы факторлардан қорғайтындай болса жеткілікті.

Міндетті дәрі-дәрмектерді іздеу
Ең басты мәселе — қажетті дәрі-дәрмекті табу болды. Үйдің жанындағы шағын дәріханадан бәрін тауып аламын десеңіз — қатты қателесесіз. Өз басым талай дәріханаларды аралап, әрең жинақтағандай болдым. Дәлірек айтқанда — толық жинақтауға аз-ақ қалдым. №6 эластикалық түтікшелі бинтті 1 апта бойы іздеп әрең тапсам, ал зарарсыздандырылған таңу пакеті ешбір жерде жоқ болып шықты. Бір фармацевт қала бойынша ешбір жерден таба алмайсың деп қорқытып қойды. 1-2 аптадан кейін тағы сұрастырып көру керек, мүмкін жаңалары түсіп қалар.

Ал бұның бәрі аптечка туралы бұйрықтың шалалығынан ба деп ойлаймын. Олар осы препараттарды жарияламас бұрын нарықты зерттеп алуы керек еді: дәрі-дәрмек қажетті мөлшерде бар ма, жоқ болса дәріханаларға алдын-ала тапсырыс беріп қойыңдар деп ескертілсе — жаңағы мәселе туындамас еді. Таңу бинті деген негізі хирургтардың ғана арнайы тапсырысымен келетін нәрсе екен. Дәріханаларда бола бермейтіні де сондықтан, ол тек операция үшін бірден ауруханаға жеткізіледі. Сөйтіп, 13 міндетті заттың 12-сімен әзірге жүре тұрамыз. Айтпақшы, сатып алуға барғанда қажетті дәрілердің аты-жөндерін орысша апарып көрсетіңіз, бұл заттардың қазақ тіліндегі аттары барлық жерде бірдей емес және жалпы дәрілік атаулардың қазақшасы кең қолданыста емес екенін түсінетін шығарсыз.

Дайын аптечка бар емес пе?
Дайын аптечка туралы армандамай тұра тұрыңыз. Жаңа тізім бойынша жасақталған қобдишалар 2-3 айдан кейін ғана сатылымға шығады екен.

Аптечканы қайда қоямын?
Автоәуесқойлар клубы: Автомобильдің медициналық қобдишасы. Өз қолыңмен жина!
Қобдишаның машина ішінде орналасуына қатысты да бекітілген талап жоқ. Ең бастысы күннің көзінен аулақ, қажет кезінде тез табылатын жерде болуы керек. Форумдарда автомобильдің білгірлері ең қолайлы жер — жүргізуші орындығының асты деп есептейді. Күн түспейді, ауа температурасы бір қалыпты, қол жететін жерде.

Барлығы (әрине таңу бинтін есептемегенде) 2100 теңгеге шықты. Негізі бұдан да арзанға шығуы керек деп есептеймін. Ажиотаж кезінде фармацевттер пайда көрудің амалымен бағаны сәл өсірген шығар деген күдіктемін. Ең қымбаты басы доғал қайшы болды — 1400 теңге.
Әрі қарай

Ем болмаса, кем қылады

Дәріханаға кірсең, көз сүрінеді. Сөре жағалап тұрған препараттардың кейбірін жарнамадан білеміз, кейбірін танысымыздан естідік. Құрамы қандай, пайдасы бар ма, оны ойлап жатқанымыз шамалы. Біреулер дәрі ішіп, сырқатына сырқат жамады, кейбіреулер тіпті о дүниеге аттанып кете барды. Сонда, біз өзі не ішіп жүрміз?

Дәрінің бәрі ем емес
Блог - Marco: Ем болмаса, кем қыладыАқтөбеде иммунитет көтереміз деп «система» салдырған үш әйел бақилық болды. Олардың қаза тапқаны бұлтартпас факт, бірақ, неден өлгені әлі нақтыланған жоқ. Дәрігерлер көз жұмған үшеудің де түрлі созылмалы сырқаттары болғанын айтады. Кім білсін, мүмкін, бұл да бір себеп шығар.

Гәп басқада. Бұл вакцинация кесірінен туған алғашқы дау емес. Өткен жылы ғана Павлодарда жатыр мойны ісігіне қарсы егілген екі жасөспірім қыздың жаханнамға аттанып кете жаздағаны белгілі.

2003-2004 жылдардағы БЦЖ вакцинасы тудырған дүрбелеңді қазір зардап шеккендерден басқа ешкім есіне де алмайтын болды. Әйтпесе, сапасыз дәрінің кесірінен мыңнан (!) астам нәрестенің қолтықасты бездері шошынып, ақыры ота жасап, алып тастауға тура келді. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігін басқарған қазіргі Қаржы министргі Ерболат Досаев отставкаға кетті демесеңіз, ешкім шындап жазаланған да жоқ. Жазаласа да, иммунитетінің бір қорғаныс қабатынан айрылған сәбилерге одан бәрібір пайда жоқ.

Сақтансаң сақтайды

Блог - Marco: Ем болмаса, кем қыладыТәртіп бойынша Қазақстанға әкелінген кез-келген препарат «Дәрілік құралдар, медициналық мақсаттағы бұйымдар және медицина техникасын сараптау» Ұлттық орталығында тексерілуі тиіс. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай бұл жеткіліксіз. Өткені заңның да осал тұстары толып жатыр. Мәселен, жарамдылық мерзімінің 70-80 пайызы өтіп кеткен дәрілер Еуропа елдерінде айналымнан шығарылады. Ал, бізде олар емін-еркін сатыла береді. Оның үстіне кез-келген тексерісті айналып өтіп жатқан дәрілер де бар. Тек былтыр елімізде заңсыз айналымда жүрген он препарат тәркіленіп, бірнеше фармацевтикалық компания жабылды.

Биыл Денсаулық сақтау министрлігі GNP (Good Manufacturing Practice for Medicinal Products) халықаралық стандарттарына көшті. Бұл жүйе дәріні дайындалу барысынан бастап қадағалауды ұсынады. Оған мүше елдердің бәрі өзінде шығарылатын препараттың сапасына жауапты. Демек, оқыс жағдай бола қалса, құрығанда кімнен жауап сұрайтынымызды білетін боламыз.

Қазір Қазақстанда ресми түрде тіркелген 7 174 препарат бар. Оның 85 пайызы импорт. Жоспар бойынша биыл өз өніміміз нарықты 50 пайызға қамтамасыз етуі тиіс. Алайда, мұның ауылы алыс. Ең басты проблеманың бірі — халық елімізде жасалған дәріге сенбейді. Шымкент зауытының парацетамолы мен француздардың долифранының құрамы бірме-бір болса да, шетелдік таңдалады.

Ем төркіні — сенім

Блог - Marco: Ем болмаса, кем қыладыҚазақстандық дәрінің сапасыздығына құлай сенетініміз соншалық, шынымен әсері жоқтай көрінеді. Медицинада плацебо деген термин бар. Өтірік дәрі деген мағына береді. Көбіне бұл препараттар кәдімгі лактозадан жасалады. Алайда оның дәрі екеніне иланған пациенттер шынымен жазылып кетіп жатады.

Жуырда дәрігер ағам өз басынан өткен оқиғаны айтып берді. Қауіпті сырқаты болмаса да, бір кемпір күн сайын ауруханаға келіп, мазасын алған екен. Келесі бір келгенінде оған «Aqua distillata, 400 ml. Күніге үш рет жиырма тамшыдан таза суға қосып, екі апта бойы ішу керек», деп рецепт жазып берген. Тура он төрт күннен кейін әлгі кемпір құлан-таза айыққанын айтып, дәрігерге алғысын жаудыра келіпті.

Қазіргі күні плацебо тіпті хирургияда да қолданылады. Пациенттің денесі кесіледі де, қайтадан тігіле қояды. Бірақ, операция жасалғанына кәміл сенген науқас шын жеңілдеп қалады.

Демек, ауырған адам алдымен жазылатынына сенуі керек. Емшіге барса да, дәрі ішсе де, молдаға оқытса да, ең бастысы — сенім. Алайда, сенім де сапасыз дәріден құтқармайтынын мақаланың басындағы мысалдардан көрдік. Сондықтан, күмәніңіз болса, қолыңыздағы препаратты www.druginfo.kz/ сайтында тексеріп алған абзал. Дегенмен, ең дұрысы — ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу. Сау болыңыз.
Әрі қарай