Не айтпақ болсаң да, не жазсаң да мысал келтір, сөзің жалаң болмас үшін...

«Керекинфо» деген сайтқа келмегенімде мен де құдай біледі, осы күнге дейін «ойбай, мұнымыз дұрыс емес, ұлтымыздың түбіне жететін қауіп бұл, алдын алмасақ болмайды, құрдымға кетеміз, құримыз» деп байбалам салып жүретіндердің бірі болар ма едім…
Бақсам, қорқынышым, қаупім орынды-ақ екен. Бірақ онымен қалай күресу керек, ұлтыңды сүюдің, ол үшін күюдің, жаны ашудың жолы қалай, соны жете аңғармайды екенмін. Үркердей жиылған әлгі сайттағы интеллектуал жастардан үйренгенім де, әлі үйренерім де көп.

Сонымен, осы әлеуметтік желіге келмей тұрып та ұлтын өте-мөте жаннан артық сүйетіндердің байбаламын, қаупін, сақтандырғысы келетін жанашыр мақалаларын, дәйектерін оқып, естіп жүрдік. Әлі де сол екпін, сол қарқын, сол леппен келе жатырмыз. Күшеймесе бәсеңдей қойған жоқ. Шыны керек, «Айтуға оңай» бағдарламасын көргенім жоқ. Үзіп-жұлып желі бетінен әр жерінен қарағансыдым. Бұл бір ғана мысал. Бірақ, ұлтқа, қазақтыққа, болмысқа жан ашу бір басқа, оған төнгелі тұрған қауіптің салдарын айтып, нақты мысалдар келтіріп жан ашу бір басқа екенін түсінгендеймін.
Мектепте бала күнімде «Байлар да жылайды», «Изаура күң» деген сериалдан бастап, сосын Бразилияның, Мексика, Аргентина, Венесуэла т.б. елдердің, бертін, түрік, корей сериалдарын көріп өстік. Қазір трендте үнділер тұр))))
Айтайын дегенім, дәл осы шеттің дүниелерін көргеніммен қазақтығыма нұқсан келмепті. Мен қазақ күйімде қалдым. Елтіп әндерін тыңдаған шығармын, билеген де шығармын. Бірақ, мен шетелдердің сериалында осылай жамандық атаулыны көрсетті екен деп жаман жолға түсіп кеткен жоқпын. Сол сериалдың жаман жағы өміріме әсер етті дей алмаймын. Өмірімде қателіктер рас, көп кездесті. Біліп жасаған, білмей жасағандарым қаншама. Бірақ, оған шетелше тыңдаған әндерім, киноларым, сериалдарымның түк те қатысы жоқ. Қателігім шыңдалуға, сабақ алып, әр адамның кім екенін білуге көмектесті. Басқалар да менің кім екенімді білді дегендей. Тағы да айтам, ол қателіктеріме шеттің дүниелері қылаудай әсер еткен жоқ. Түсінгенім, мен тек оларды көріп қана қояды екенмін. Санама, жүрегіме өткізіп, еліктеп, өмірімнің қателіктерін сол шеттің кинолары, шеттің дүниелері бұзды деп сылтауратпайды екем. Не жасасам да өз қателігім, өз шешімім екенін түптің түбінде біліп тұрамын. Және өз айналамнан да «ойбай, дәл осы шеттің дүниелерін көп көріп, содан бұзылды, ұлттық иммунитетін әлсіретті, жаман жолға түсуіне әлгі бір сериал себеп болды» деген жайттарды кездестірмеппін. Жамандықты жасағысы келген адамға ештеңе себеп, тосқауыл болмасы анық.
Күйеуінен ажырасқан құрбыларым бар, күйеуге тимей жасы келіп қалғандары да бар, үйсіз жүргендері де бар, жұмыспен алданып жүргендері бар, жап-жақсы отбасы болып отырғандары да бар, солардың бәріне болмаса да біреуіне шетелден көрген дүниесі әсер етіп, содан өмірі қор болды деп айта алмаймын. Мысал келтірейін десем жоқ та екен. Әрқайсысының өзіндік тағдыры, қателіктері, өмір жолдары бар. Бар болғаны сол. Және оларды жаһандануға айдап салғалы тұрғандардың «қыл тамағында» жұтылып кеткелі тұр деп те ойламаймын.
Блог - Zhan: Не айтпақ болсаң да, не жазсаң да мысал келтір, сөзің жалаң болмас үшін...
Үлкен саясаттан хабарым жоқ, ол туралы білімім жеткілікті болса сарапшы деңгейінде болмаса да бір ойымды айтар едім. Иә, түсінем, айтқыңыз келіп тұр, «70 жылдық кеңестік шапқыншылық, отар заманы ше?» деп. Я болды. Ол периодтан өткенімізге 25 жыл болды. Осынша жыл өтсе де «зарлай» берудің мәнісі жоқ деп ойлаймын. Айналамдағы қазақтардың (мен көріп жүрген) сериал, шеттің әндерінен, биінен бұзылып, ұлттығынан ажырап қалып жатса, онда ол расымен қорқынышты әрі байбалам салатын-ақ дүние. Бірақ, мен соларды көрген жоқпын. Болмай-ақ та қойсын.
Мектепте оқып жүргенде талай шетелдің әндерін тыңдадық, биледік, содан 35 жасқа келдім. Ниче, вроде қазақилығым сол қалпында. Сол шеттің рэп, медляк т.б. әндерін тыңдап қана қоймай билейтін кластас, курстастарымның бәрі бүгінде үйлі-баранды, кемі 3-4 баланың ата-анасы болып отыр. Арасында көшенің биін билей алатындары да болатын. Солардың бұзылып кеткендерін көрген жоқпын.
Ойлаймын, адам бұзылайын деп бұзылмайды. Еліктеушілік жастық шаққа тән нәрсе. 20 жасыңда алып ұшып тұрған энергияң мен 40 жастағы энергияны мүлде салыстыруға келмейді. Көрген нәрсесіне еліктеп, бұзылғысы келсе, онда ол жеке адамның іштей бір сылтау мен себеп іздеуі. Ары кетсе психологиялық тұрғыдан әлсіздігі. Және ата-анасының баласына көңіл бөліп, қадағаламауында жатқан шығар проблема. Ал оған «ойбай ұлтымыз құрып барады, бұлай кете берсек ел болмаймыз» деп жаппай көптің атынан сөйлеу қисынсыз. Егер расында анық көрген нәрсесінен бұзылып, құртылып бара жатса, нақты мысал келтіріп айтыңыз, пәленше деп атын баттитып атаудың қажеті жоқ. Тек мысал ретінде келтірген дұрыс шығар. Ол келтірейін деп отырған мысалыңыздың өзі 3-4-еуден аспаса «байбалам» деңгейіне көтерудің қажеті бар ма, жалпы?
Жалғас Ертайдың желі бетінде бір пікірін көзім шалып қалды. «Қазақ сонда соншама әлсіз, көрген нәрсесінен құрып кетуге дайын тұратын неткен халық» депті. Рас қой, күйініп айтатындай жөні бар. Осы қазақтарды күндіз-түні аңдып, құртып жіберуге кім асыл уақытын арнап отыр екен деймін де?)))
Қауіп бар ма, байқадыңыз ба, айтыңыз, бөлісіңіз. Тек нақты мысалмен, деректермен келтіре кетсеңіз күшті болар еді. «Ойбай, жастарымызды құртып бітетін болды, аздырады» деп асығыс тон піше салмасаңыз екен. Сол жастарға, қазаққа, ұлтымыздың төл мәдениетіне, асқақ рухына ешкімнің де зәредей күмәні жоқ. Бәріміз де сүйеміз, жүрегіміз ауырады. Бірақ, құр байбаламмен емес. Нақты мысалыңыз болмаса, хотя бы байқаған, күдіктенген нәрсеңізді мысалға келтіріп сөйлер болсақ, екен еш болмаса. А так, бәріміз ақылдымыз, айта аламыз, айтып та жүрміз.
А, сосын шет елдерге қазақты танытам, қазақтың әнін, тілін, мәдениетін дәріптеймін деп түрлі экспериментке барғысы келетіндер, я болмаса жай ғана қазақтың ұлттық әнімен-ақ танытқысы келетін «өлермендерді» де түсінбейді екем. Неге қажет сол? Арманыңыз бір француздың немесе америкалықтың, италяндықтың үйінде қазақтың ұлттық әнін, биін т.б. тыңдағанын яғни күндіз-түні болмаса да тамсанып айына бір рет тыңдағанын көру ме? Өйтіп өзіңді таныту үшін жолын таба қаламын деп жанығудың не қажеті бар? Тауарды жалынып, жағынып өткізуге болатын шығар. Ал төл өнерді, тілді түсінікті ете қаламын деп өзге ұлттарға жағыну кімге керек? Осы көңілімізге ұнап қалған әнді қай тілде болмасын өзіміз-ақ тыңдап шығады емеспіз бе? Жоқ, міндетті түрде қазақпыз, мынау қазақтың әні, күресі, салт-дәстүрі, біз осындаймыз, ішегіңді тартып таң қал да, қата қал дегіміз келіп тұратындай. Осы бізді көргендер таң-тамаша қалу керек. О, қазақ деген осы екен ғой деп. Жағаңды ұстатып, тамсантуға, мойындатуға келдік дегенді басты бағыт етіп ұстанып алғандай көрінеді көзіме. Не керек, сол шеттің бізге тамсанып, таң қалғаны? Қай жыртығымызға дәру болмақ ол? Сіз танитын тамсанатын өнерлі һәм талантты бір шетелдің классигі өзін мойындату үшін қай халықтың алдына барып үздігіп еді? Ондай мысалдар бар болса айта отырыңыз. Мен білмейді екем. Мықты болсаң, өнерлі болсаң, өз ұлтың да, өзгелер де көре біледі деп ойлаймын. Танылғымыз келсе де «тек қазаққа тамсанып тұрса екен әлем халқы» дейтін балаң түсініктен кішкене көтеріліп те танылудың жолдары бар шығар деп ойлаймын. Ол әрине білім мен ізденіспен жететін дүниелер.
Ал айтар уәжіңіз болса айта отырыңыз, мархабат!
мына жерде
Әрі қарай