Сұлы ботқасын таңғы асымызға айналдырайық

Таңертең міндетті түрде тамақтануды асқазаным ауырғалы күн тәртібіне айналдырғанмын. Қызымның да ботқаларды сүйіп жейтініне қуанамын. Бүгін сұлы жайында жақсы бір бейнені көріп, қызық мәліметтерді оқыдым.
Түсінгенім бойынша, сұлы ботқасы (овсяная каша) басқа ботқалармен салыстырғанда ең пайдалысы. Сұлы ботқасы шотландықтардың ұлттық тамағына айналып, голливуд жұлдыздарында әйгілі, кеңінен тараған ас болып табылады екен.
Сұлы — астық тұқымдас дәнді дақылдарға жататын бір жылдық және көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Дәнінің құрамында ақуыз, май, крахмал, жасұнық, В1, В2, РР, Е дәрумендері, марганец, кремний, кальций, фосфор бар. Сұлы ішектерді артық шлактардан тазартып, іш ауырып, кебінгенде қолданылады. Ішек-қарын жолын ынталандырып, гастрит, асқазан жарасы, қатерлі ісіктің дамуын тежейді. Сұлы биотин дәруменіне бай болғандықтан теріге пайдалы, дерматит ауруына шалдықтыртпайды. Беттің барқыт тәрізді жұмсақ болуы үшін жағатын маскалар да дайындауға болады.
Сұлыдан буланған дәні бүтін және жаншылған жарма дайындайды. Сондай-ақ геркулес үлпегі мен талқан жасалады. Буланып, уатылмаған сұлы жармасын түктеу арқылы дайындайды. Жаншылған сұлы жармасы жеңіл сіңеді, әрі тез піседі. Геркулес үлпегін буланып, жаншылған және кептірілген жоғары сортты түктелген сұлы жармасынан алады. Ол оңай әрі тез піседі. Талқан — сұлы дәнін арнайы өңдеуден өткізіп алынатын жоғары сапалы нәрлі тағам. Талқаннан диеталық және балалар тағамдарын дайындауға болады.
1) Сұйық және жабысқақ ботқаларды көбіне жармалардан суға, сүтке пісіреді. Жабысқақ ботқаларды сонымен бірге жарма котлет, биточки, запеканка жасау үшін пайдаланады.
2) Сусымалы ботқаларды суға немесе сорпаға қайнатып пісіреді, оны уатылмаған жармалардан пісірген тиімді. Сусымалы ботқаны өз алдына тамақ ретінде жеуге де, сондай-ақ еттен жасалған тағамдарға гарнир ретінде қосып беруге де болады.
Ботқа дәмді әрі балалар үшін жеуге қызықты болуы үшін жеміс-жидек, даршын (корица) қосып пісіруге болады.
Бірақ дүкен сөрелерінде тізіліп тұрған тез арада дайындалатын сұлы ботқасының пайдасынан зияны көп екен. Себебі оның құрамына дәм бергіштер мен хош иістендіргіш қосылып өңделіп, пайдалы қасиетін жоғалтады. Сонымен бірге сұлы ботқасын тым көп және күнде жеуге болмайды. Оның құрамында фитин қышқылы болғандықтан, кальцийдің сіңуіне тосқауыл болады.
Блог - dindar: Сұлы ботқасын таңғы асымызға айналдырайық
Әрі қарай