Мен тамашалаған Тараз...

Мен тамашалаған Тараз…
Тарих пен Тараз егіз ұғым.Жыры тасыған Жамбыл да, қайраты тасыған батыр да дүниеге келген мекен, толастамас сезім мен аласармас асқақ армандар мекені, аңызға айналған ғашықтардың ордасы, тасын түртсең тарихы көрінетін көне қала, жасыл желекке оранған шаһар. Бұл әрине – ТАРАЗ!
Тараз — тарихымыздың алтын діңгегі болғандықтан бірнеше ғасыр артқа шегініс жасап, араб саяхатшысы Әл-Макдисидің көзімен көріп өту де артық етпес, сірә. Саяхатшы қалаға табан тіреген кезде алған алғашқы әсерін былай суреттейді: «Тараз – аса мықты бекінісі бар алып шаһар. Ішінде халқы көп, бау-бақшасы, 4 қақпасы бар, жан-жағы ормен қазылған. Қаланың айналасында елді-мекендер аса көп»-дейді. Иә, бүгінде сол Тараз заманның ағымына сәйкес, өзіндік кейіпте. Жасыратыны жоқ, тарих пен Тараз жасың түгіл жасымысыңның сөздік қолданысында егіз ұғымға айналып кетті. Оған дәлел былтыр ғана сәні мен салтанаты келісе тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығы.
Ендігі жерде әлеуметтің әлеуетін бағамдайтын әлеуметтік желіге шолу жасап көрсем, біздің қаламызда өткен биылғы блогқұрылтайдың қатысушысы атанып, қонақ болған замандас-құрбыларым мен ағаларымыз бірнеше күндік әсерлерін жазған екен. Олардың жазған жазбалары көңілге қонымды. Қош, сонымен тарихи шаһардың жас тұрғыны һәм болашағы ретінде суреттеп көрсем…
Әлқиссамды бастамастан бұрын әуелі өзім жайлы қысқаша ақпарат бере кетейін. Бұл қалада менің кіндік қаным тамған емес. Бірақ алғаш рет бұл қаланың топырағын 5 жасымда бастым. Содан бері осы уақытқа дейін шаһардың шырайына түскен күннің әрбір сәулесі де менің бетімді аймалай, жүрегімнің түкпіріне сыр боп сақтаулы. Жауған жаңбырдың тырсылы жыр болып, құлағым әсем әуендей әндетсе, самал желін самайыммен сезбесем оны да сағынамын. Ал түні… Түнін мен бәлкім суреттей алмаспын. Тараздың тұңғиық тәтті түні өлеңмен өріліп, ғазалдардың ғажап жауһарларына айналғалы қашан?! Әлі де айнала бермек! Сол 5 жасымнан мектеп табалдырығын аттадым. Сосын бойжетіп, осындағы мектептің жүрегін, һәм бар ғылымның анасын даярлайтын Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түстім. Әлбетте, өмірлік мақсатыммен. Бүгінгі таңда қаламызда 58 мектеп бар екен. Оның барлығына үздіксіз соғатын жүрегіне жүрек қосып келе жатқан институттың еңбегі орасан.
Жасыратыны жоқ қазіргі Тараз керегесін кеңейтіп, босағасын босаңсытпай аумағын кеңінен құлаш сермеп үлкейтіп келеді. Сондай-ақ сұлулығы да ажарланып, тотыдай таранып әсемдену процесінде. Жоғарыда атап өткенімдей, бүкіл республика болып тойлаған хандықтың 550 жылдығы қарсаңында әр облыс біздің шаһарға өз тартуларын сыйға тартқан еді. Әрине, әр тартуда тарихи элементтер өзіндік орын алған. Біз, яғни осы шаһардың тұрғындары тарихпен тыныстап жүрміз десем артық айтқандық бола қоймас. Сонымен қатар сол бұрынға базар орнында ескі қаланың орны ашылып, туристердің де қызығушылығын тудыруда. Әрі мұнда «Көне Тараз» кешені орын теуіп, ондағы бақылау мұнарасымен қалаға көз тастау — ерекше сезімге бой алдырары хақ. Сондай-ақ, Қазақстан бейнесі бейнеленген глобуста, тарихтың сырын шертер мұражайда ерекше көзге түсіп, келушілердің назарын өзіне аударады. Мұнымен қоса бүгінде бұл аумақта құрылысы ерекше «Достық» үйі салынуда. Қарахан мавзолейінің маңында биік гүлзар еңсе түзеп, көркемдігі жөнінен республикадағы сәнді мешіттерден еш кем түспейтін Алла үйінің жөні де бір бөлек. Серуендейтін саябақтардың да саясы сылынып, кербезденіп келеді. Сайып келгенде, қаланың әр қалтарысы өркениет көшіне ілесіп, заманның ағымынан бір елі қалыс қалған емес. Және тағы бір айта кететінім, соңғы кездері бой көтеріп жатқан зәулім мейрамханалар мен еңсесі биік ғимараттар еуропалық стандарт негізінде салынуы. Бұлда болса тарихпен сыр шертісіп, өз үйлесімін тауып отыр. Жалпыға ортақ жолдың жағдайы да дендеп оң өзгерістерге қарай қадам басуда. Олай дейтінім, күн санап көлік саны артып келе жатқан мына алмағайып заманда, жол кептелісі басты мәселеге айналып кететіні айдай ақиқат. Осы тұста біздің шаһарда басты көшелерде айналма бұрылыстары бой түзеп, проблеманың алдын алуға жәрдемдесуде. Мұндайды республиканың көп қалаларынан байқай бермейсің. Сондай-ақ адамдар көп шоғырланған жерлерде жерасты өткелдері салынып, пайдалануға берілуде, әлі де беріледі деген сенім басым.
Дейтұрғанмен, «Жүрген соң бауырыңды күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей, бір сәт қаладан алысқа ұзасақ оның көркемдеуге тіліміз жетпей қалатыны бар. Және оның құшағын анамыздың құшағынан еш кем сағынбайтынымызды қаланың әрбір тұрғыны біліп, ұғынады. Дегенмен, мен көрген, өскен, болашағымның баяны мен мұндалап тұрған Таразымды бір жазбаға сыйдыру әсте мүмкін емес. Бұл тақырыпта ой қорытып, жазба жазудың қандай ауыр дүние екенін оқырманның бірі білсе, бірі білмес. Өйткені, бұл тұрғыда алақандай ғана жүректің елжіреп, ақылға бой алдырмай кететінін сезудің өзі ғажап!

Құнанбай Асылзат Бақытқызы
Тараз қаласы
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты
Әрі қарай

7 сұрақта Блог-тур және Блог-турлардағы басты 3 қате

Блогосферадағы жаңа тренд Блог-тур туралы сұрақтарға жауап беріп көрейін және өзім байқап жүрген қателіктерді де қостым
Блог - asaubota: 7 сұрақта Блог-тур және Блог-турлардағы басты 3 қате
1. Блог-тур деген не?
Блогерлерді қолдану арқылы жасалатын пиар-шара. Бір өнімді, жетістікті, оқиға, жаңалықты жарнамалау үшін ұйымдастырылатын сапар. Нәтижесінде әлеуметтік желілер және блогтар арқылы ауқымды жарнама жасалу жоспарланады.
2. Блог-тур бағдарламасына нелер кіреді?
Логистика бекітіліп блогерлерге және қарсы алушы жаққа алдын ала беріледі. Блогер өзінің қайда және не үшін бара жатқанын алдын ала біледі. Бағдарламаға жолға шығу уақыты және мекені, барылатын объектілер, тамақтану мезгілдері, қонақүй, бастапқы нүктеге оралы туралы мәліметтер кіреді.
3. Блогерлерге қанша қаламақы төленеді?
Қанша пост жазылатыны, қай блогта және әлеуметтік желілерде жарияланатыны алдын ала келісіледі. Бір блог-турға қазір берілетін қаламақы көлемі шамамен 50-70 мың теңге. Оқырман саны және блогердің беделіне қарай бұл сома бұдан да көп болуы мүмкін. Бұдан бөлек блогердің жол, қонақүй және тамақтану шығындарын да ұйымдастырушы жақ көтереді. Сондай-ақ блогерлерге қосымша жарнама ретінде естелік сыйлықтар да беріледі.
4. Блог-турды кім ұйымдастырады?
Шақырушы жақ өзі ұйымдастыра алады немесе арнайы бір ұйымға қаржы бөліп тапсыра алады. Блог-турға бөлінген қаражатқа қарай шақырылатын блогерлер саны, шығындары және қаламақы көлемі анықталады.
5. Блог-тур кімдер үшін тиімді?
Жетістігі бар мекемелер немесе мемлекеттік органдарға, жаңа өнім шығарып сол өнімді жарнамалағысы келетіндерге, ішкі «асханасын» көрсеткісі келетін кәсіпорындарға тиімді. Жалпы мақсат жарнама және жақсы имидж қалыптастыру болғандықтан бұған мұқтаж кез келген ұйым блог-тур ұйымдастыруға мүдделі.
6. Блог-турдың жарнамалық әсері қандай?
Блог-тур найзағайлы, өткінші жауын әсерін береді. Бір-екі күндік қысқа мерзімде бірнеше нүктеден ақпарат жауыны басталады. Ақпараттың таралу ауқымы кең болады. Бұл блог-тур барысындағы әсер. Блог-турдан кейін жауыннан кейінгі кемпірқосақтай блогтарда сапалы сараптамалық есептер жазылады. Яғни, қысқамерзімді флеш-жарнаманы мақсат еткендер үшін блог-тур қолайлы әдіс.
7. Блог-турға кімдер шақырылады?
Шақырушы жақтың саласында мақала жаза алатындарға басымдық беріледі. Ақпараттың негізгі бөлігі әлеуметтік желілер арқылы тарайтын болғандықтан оқырман аудиториясы кең қолданушылар таңдалады. Сондай-ақ фото, видео ақпарат жеткізе алу шеберлігі, жалпы ақпаратты қызықты етіп бере алу — басты талаптардың бірі.


Ұйымдастырушылардың басты қателіктері:
Блог - asaubota: 7 сұрақта Блог-тур және Блог-турлардағы басты 3 қате
1. Блогерлер құрамы
Әлеуметтік желіде ортақ аудиториялы, блог оқырмандары да бір блогерлерді шақыру ең үлкен қателік. Мұндай жағдайда оқырман қайталана беретін ақпараттан мезі болып, шақырушы жаққа негатив көзқараспен қарауы мүмкін. Сондықтан мейлінше түрлі ортадан шақырған дұрыс.
2. Бағдарлама уақыты
Блогердің қалаға келу уақыты және қандай транспорт түрімен келгені есепке алынғаны жөн. Автокөлікпен нашар жолда жүріп келген блогерді таңғы 9-да турға шақыру арқылы жақсы нәтиже ала алмайсыз. Уақыт үнемдеу үшін қысқа уақыт ішінде бірнеше объекті көрсетуге тырысады ұйымдастырушылар. Бірақ мұндай кезде блогер ақпараттың бәрін сіңіріп үлгермейді. Ұйқысы қанбаған және таңғы ас ішпей шыққан блогер көрсетілетін нәрсенің бәріне толық назар аудармауы мүмкін.
3. Детализация
Жұмыстың бүге-шігесін блогерге түсіндірудің қажеті жоқ. Жұмыстың механизмін түсіндіру жеткілікті және блогерге керегі визуал көрініс. Яғни, жалықтырып алмауға тырысу керек. Тек нақты жазылып, айтылуы керек нәрселерді көрсеткен дұрыс. Және кей фишкаларға блогердің өзін назар аудартуға тырысқан жөн. Кейін осы фишкалар арқылы жақсы жарнама жасалады. Ал қатты детализация арқылы блогер ештеңе түсінбей қалуы да мүмкін.
Әрі қарай