«Астана арландары» тағы да жеңіске жетті!


Бірде автобуста келе жатып, "Қазақ радиосын" тыңдап отырсам, діни бағдарламаға қатысып отырған имам «бүгінгі күні ата-аналар ақшаның соңында жүріп, бала тәрбиесіне мән бермей кетті. Сұрасаң, «бала-шағамды асырау үшін жүрмін» деп жауап береді. Таңертең кетеді, кешке келеді. Ал балаларының теледидардан не көріп, не біліп жатқандарымен ісі жоқ, ал тәрбие негізінің бірі сонда жатыр» дейді.
Не нәрсенің елең еткізер тұстарын өз ойларыңмен ұштастыру кімнің болса да әдеті ғой, есіме тағы да балалық шағым түсті. Біздің кезімізде теледидардан көретініміз небәрі екі-ақ телеарна болатын. Газетке басылып шығатын бағдарламалардың астын қаламмен сызып қойып, ертегі, мульфильм, концерттерді сол уақыт туғанша асыға күтетінбіз. Бір қызығы әкем Қуанышбек бізге кешкі сағат 23.00-ден кейін жүретін киноларды көруге рұқсат бермейтін. Әкетіп бара жатқан бір кинолар емес қой,қазіргілермен салыстырғанда… бірақ,қарсы келмейтінбіз, соның салдарынан, күні бүгінге дейін киноға қызыға қоймаймын. Оқта-текте болмаса. Кинотеатрға да сирек барамын, оның өзі… бірсарынды жұмыс күндерінен сергу үшін ғана. Бірдің басын, бірдің аяғын айтып кетті деп сөкпеңіздер. Бекболат ағамыз айтқандай, «айтайын дегенім» басқа еді. Сол балалық күндері күндізгі бағдарламалар өз алдына, әкеммен қатар, яғни, кешкісін, тең дәрежеде отырып көретін, Жүрсін Ерманның «Айтыстары», «Терме», «Тамаша» ойын-сауық отауының қойылымдары және «Бокс» болатын. О-о-ооо, бокс сирек өтетін, оның өзі басталуы түнгі сағат 00.00-ден кейін еді ғой, естеріңізде болса. Сол мезетке дейін «барып ұйықтаңдар» деген сөзді айтпай, «көріңдер» дейтін Коля ағаға (әкем ғой) :) дән риза едік. Содан бері боксқа қызығушылығым еш төмендеген жоқ. Сан мәрте олимпиада ойындарын, әлемдік кездесулер көрсетілімін телеарналардан мүмкіндікке қарай жібермеуге тырысамын.
Әрі қарай