Жұлдызнама: Сізге қай асыл тас сәттілік әкеледі?

Асыл тасты әшекей бұйым таңдарда жұлдызшылардың айтқанына құлақ асқан артық болмайды.

Асыл тастарды жай әшекей үшін тақпаңыз. Өзіңіздің жұлдыз белгіңізге сәйкес келетінін таңдаңыз. Сонда ол сізді келеңсіз жәйттен сақтап, сәттілік әкеледі, тағдырындағы оң өзгерістерге ықпал етеді дейді болжамшылар. Ендеше, асыл тасты әшекей бұйым таңдарда жұлдызшылардың айтқанына құлақ асқан артық болмайды.

Тоқты
Бойында ашушаңдық пен қызуқандылығы, өзімшілдігі басым Тоқтыларға ұстамдылық сыйлайтын тастар таққан абзал. Айталық, әйел Тоқтылар жасыл түсті гауһар, анартас, ақшыл көк түсті аметист, циркон, қызыл түсті яшма таңдағаны дұрыс. Ал, Тоқты ерлерге анартас пен аметист тастары сәйкес келеді. Сондай-ақ, Тоқтыларға бақыт әкелетін тастың бірі — гаухар. Барлық ісінің сәтті жүзеге асуына сеп болып, аурудан, келеңсіз жәйттер мен көз өтуден сақтайды.

Торпақ
Торпақтар үшін бақыт тасы — аспан түстестер. Айталық, көгілдір ақық, жақұт тастары. Олар иесін, оның басындағы бағын көз тиюден сақтайды. Отбасына береке, жанына тыныштық, өміріне мамыражайлылық сыйлайды. Алайда ақықты тек 30 жасқа толмағандардың ғана таққаны абзал.

Егіздер
Егіздер белгісінде туылғандарға ұсақ көзді гаухар, топаз, зүбаржат тасы бар, артық безендірілуілері жоқ бұйымдар таққаны жөн. Оларға дәп осы тастар сәттілік әкеледі. Әйел Егіздер зүбаржат тасынан әшекей тақса, уайымшылдықтан арылып, салқынқанды болуды үйренеді. Ай тасын тақса, шаршауы басылып, көңіл-күйі үнемі көтеріңкі жүреді. Ал, Егіздер белгісіндегі ерлерге александрит тасы сабырлылық пен үйлесімді өмір сыйлайды.

Шаян
Шаянның асыл тасы — інжу, маржан, құлпырма тас, ай тас. Аталған түрлер оларға бақыт әкеледі. Нәзік жанды Шаяндарға астрологтар маңызды шешім қабылдар алдында маржан тасты әшекей, ал мансап қуағндар аметист, агат тастарын тағуға кеңес береді. Ерлерге келетін болсақ, оникс және қара агат тастары өзіне деген сенімділігін арттыратынын білген жөн.

Арыстан
Арыстандар үшін әшекей бұйымдарға келгенде алтыннан артығы жоқ. Сонымен қатар, лағыл, топаз және гаухар тасты зергерлік бұйымдар да пайдалы. Әрдайым өз ортасында беделін көтеріп, ерекшелендіріп тұрады. Әйел Арыстандар үшін анартас, топаз және лағыл тастарының да орны бөлек болуға тиіс. Ерлер үшін жұлдызшылар сәттілік шақырып, пессимизмнен арылтатын, еркектік қуатты арттыратын қызғылт-сары ақықты ұсынады.

Бикеш
Бұл белгіде туылғандарға көкшіл түсті нефрит минералы бақыт пен сәттілік әкеледі және сырт көздердің сұғынан қорғайды. Агат тасы тартымдылығын арттырып, энергетикасын жоғалтуына тосқауыл болады. Зүбаржат Бикештің отбасылық қарым-қатынасын қызғыштай қорыса, жақұт тасы бақытын еселейді. Бұл — нәзік жанды Бикештерге қатысты. Ал, үнемі эмоциясын жасыруға тырысып жүретін Бикеш-ерлер үшін лазурит көк тасы, яшма пайдалы.

Таразы
Таразы белгісінде туылған қыз-келіншектердің өміріне гаухар тасты жаңа бұйым міндетті түрде жаңа өзгерістер әкеледі. Сондай-ақ жақұт және жасыл ақық тастары сәттілік сыйлайды. Малахит тасы тартымдылығын арттырса, аметист жаман ойлардан арылтады. Көгілдір ақық таққан Таразылардың өмірінде гармония орнап, жан-жақты қабілеттері ашыла түседі. Ерлер үшін ең тиімдісі — ішкі күш-қуатты арттырып, келеңсіз жағдайлардан сақтайтын жылтыртас, аквамарин, үнему тура жолмен жүруге сеп болатын турмалин тастары.

Сарышаян
Сарышаяндардың таңдауы жасыл ақық, маржан және анартас яғни күрең-қызыл түсті асыл тастарға тоқтаса, қателеспейді. Маржан сарышаяндардың нәзіктігін көрсетеді және жасыл ақық жұмсақ мінезін байқатады. Анартас қиындықты жеңуге септігін тигізеді дейді жұлдызшылар.

Мерген
Мерген жұлзыдында туған жандар сары түсті топаз немесе көкшіл көзді мөлдір аметист тасын таққаны дұрыс. Аталған асыл тастар махаббаты жауапсыз қалғандарға көмектеседі, тас жүректерді жібітеді. Оған қоса, Мергендерге алтын бұйым, ақ алтын және күміс пайдалы. Жалқаулығын жеңіп, сәттілік шақыру үшін жолбарыс көзі тасынан көмек сұрауына болады. Қорқыныштан арылып, тыныш өмір сүргісі келетіндерге опал тасы көмектесе алады.

Тауешкі
Тауешкілерге әшекей ретінде сирек кездесетін, шебердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының көп пайдасы тиеді. Өмірін жеңілдетіп, қиындықтан тез шығуына көмектеседі. Тауешкі белгісіндегі әйелдер көбіне мансап қуушылар болып келеді. Оларды қызғаныш пен бәсекеге толы осы жолда тау хрусталі, агат, қызғылт сары түсті ақық және топаз көп нәрседен сақтайды. Ал, ер-азаматтарға шақпақтас сенімділік сыйлап, александрит күш-қуат берсе, оникс күйзелістен арылтады. Әдетте, бұл белгідегі ерлер ешқандай әшекей тағуды құп көрмейді. Сондықтан аталған тастарды сағат не кілтке салпыншақ ретінде іліп қоюға болады.

Суқұйғыш
Суқұйғыш белгісінде туылғандарға жақұт және көкшіл түсті мөлдір асыл тас — аметист маңызды. Аметист әйел Суқұйғыштарға сүйкімділік сыйлап, отбасын сақтап қалуға көмектеседі. Әйелге тән нәзіктігін үстегісі келсе, інжу моншақтарын тағуына болады. Ал, ерлер нефриттің көмегімен өзін нық сенімді сезінеді.

Балықтар
Балықтарға өзен және теңіз інжуін таққан дұрыс. Бұл белгіде туылғандарға міндетті түрде ақ алтын, күмістен жасалған бұйымдар таққан жөн. Сондай-ақ, аквамарин тасы жан тыныштығын табуға, ашушаңдықты басуға көмектеседі. Аметист тасы Балықтардың отбасына сәттілік пен береке әкеледі.

Аударған: А.Бектұрғанова, ERNUR.KZ