Автомобильдің медициналық қобдишасы. Өз қолыңмен жина!
Қандай дәрі-дәрмек болуы керек?
2015 жылғы 11 қаңтардан бастап елімізде автомобильдегі алғашқы медициналық көмек қобдишасы жаңадан жасақталуы тиіс. Бір жақсысы, «зеленка», «йод», «кеторолак» секілді алғашқы көмекке еш қатысы жоқ препараттар алынып тасталды. Енді жаңа тізім бойынша мына дәрілік заттар болуы керек:
- сутегі тотығының 3% ерітіндісі (1 флакон),
- зарарсыздандырылған дәке бинті 5м *10 см (1 дана),
- зарарсыздандырылмаған дәке бинті 5м *10 см (1 дана),
- зарарсыздандырылмаған дәке бинті 7м *14 см (1 дана),
- зарарсыздандырылған медициналық дәке салфеткалар (1 дана),
- зарарсыздандырылған таңу пакеті (1 дана),
- зарарсыздандырылған медициналық гигроскопиялық мақта 50 г. (1 дана),
- қан тоқтатқыш жгут (1 дана),
- бактерицидті лейкопластырь (5 дана),
- медициналық лейкопластырь (1 дана),
- эластикалық түтікшелі бинт № 1, 3, 6 (бір бірден),
- зарарсыздандырылмаған медициналық қолғаптар (1 жұп),
- доғал ұшты қайшылар (1 дана).
Қобдишаға шығындалма
Бұған дейін менде аптечка болып көрмеген еді. Жаңа бұйрық шыққаннан кейін, жасақтап алайын деп шештім. Қобдишаға шығындалмадым, үйде Жаңа жылда біреулер сыйлаған, ішіне тәттілер салынған фанера қорап бар еді. Ішіндегілерді жеп тауысқан соң, соны медициналық қобдишаға бейімдеп алдым:
Қобдишаға қатысты нақты талап жоқ. Бастысы дәрі-дәрмектерді сыртқы факторлардан қорғайтындай болса жеткілікті.
Міндетті дәрі-дәрмектерді іздеу
Ең басты мәселе — қажетті дәрі-дәрмекті табу болды. Үйдің жанындағы шағын дәріханадан бәрін тауып аламын десеңіз — қатты қателесесіз. Өз басым талай дәріханаларды аралап, әрең жинақтағандай болдым. Дәлірек айтқанда — толық жинақтауға аз-ақ қалдым. №6 эластикалық түтікшелі бинтті 1 апта бойы іздеп әрең тапсам, ал зарарсыздандырылған таңу пакеті ешбір жерде жоқ болып шықты. Бір фармацевт қала бойынша ешбір жерден таба алмайсың деп қорқытып қойды. 1-2 аптадан кейін тағы сұрастырып көру керек, мүмкін жаңалары түсіп қалар.
Ал бұның бәрі аптечка туралы бұйрықтың шалалығынан ба деп ойлаймын. Олар осы препараттарды жарияламас бұрын нарықты зерттеп алуы керек еді: дәрі-дәрмек қажетті мөлшерде бар ма, жоқ болса дәріханаларға алдын-ала тапсырыс беріп қойыңдар деп ескертілсе — жаңағы мәселе туындамас еді. Таңу бинті деген негізі хирургтардың ғана арнайы тапсырысымен келетін нәрсе екен. Дәріханаларда бола бермейтіні де сондықтан, ол тек операция үшін бірден ауруханаға жеткізіледі. Сөйтіп, 13 міндетті заттың 12-сімен әзірге жүре тұрамыз. Айтпақшы, сатып алуға барғанда қажетті дәрілердің аты-жөндерін орысша апарып көрсетіңіз, бұл заттардың қазақ тіліндегі аттары барлық жерде бірдей емес және жалпы дәрілік атаулардың қазақшасы кең қолданыста емес екенін түсінетін шығарсыз.
Дайын аптечка бар емес пе?
Дайын аптечка туралы армандамай тұра тұрыңыз. Жаңа тізім бойынша жасақталған қобдишалар 2-3 айдан кейін ғана сатылымға шығады екен.
Аптечканы қайда қоямын?
Қобдишаның машина ішінде орналасуына қатысты да бекітілген талап жоқ. Ең бастысы күннің көзінен аулақ, қажет кезінде тез табылатын жерде болуы керек. Форумдарда автомобильдің білгірлері ең қолайлы жер — жүргізуші орындығының асты деп есептейді. Күн түспейді, ауа температурасы бір қалыпты, қол жететін жерде.
Барлығы (әрине таңу бинтін есептемегенде) 2100 теңгеге шықты. Негізі бұдан да арзанға шығуы керек деп есептеймін. Ажиотаж кезінде фармацевттер пайда көрудің амалымен бағаны сәл өсірген шығар деген күдіктемін. Ең қымбаты басы доғал қайшы болды — 1400 теңге.