Юэн Макгрегор мен Чарли Бурман Қазақстан туралы

Британ актерлері Юэн МакГрегор мен Чарли Бурманның Қазақстанда болғаны туралы жақында ғана білдім. Оқиға 2004 жылы болған. Олар мотоциклмен Жер шарын айналып өтуі тиіс екен. Осы турне аясында Қазақстанмен де жүріп өтті, кейін саяхат кезінде түсірілген видеоматериалдардан «Жерді айналған ұзақ жол» (Long Way Round) деректі сериалы жасалып, шетелдік арналарда көрсетілді.

Сол сериалдың Қазақстанға арналған бөлімін көріп қалдым. Өзім туып-өскен Атырау өңірі, Қазақстан-Ресей шекарасы көзіме оттай басылды. Қарап отырсам сол кезден бері аса көп нәрсе өзгермепті. Қынжылтқаны да осы болды.

Біз мақтағанды жақсы көреміз ғой. Бірақ Макгрегор мен Бурман тарапынан мақтаудан гөрі, көңіл толмаушылықтар, сындар көбірек айтылғандай болды. Сол себепті де бұл видео елімізде аса танымал болмаған секілді.

Өз басым объектив баға мақтау арқылы емес, керісінше сын арқылы қалыптасады деген ұстанымдамын. Сол себепті әлгі актерлердің айтып кеткен нәрселері елдің шынайы келбетін көрсеткендай болды. Олар 2004 жылы айтып кеткен проблемалар әлі да өз маңызын жоймаған: сол нашар жолдар, адамдардың қарым-қатынасы, тұрмыс ахуалдары – бәрі-бәрі аса өзгере қоймаған.

Юэн мен Чарлидің Қазақстандағы сапары кезінде айтқан мәселелерді топтастырып, назарларыңа ұсынамын. Сендер де ой таразысынан өткізіп, қаншалықты дұрыс-бұрыс айтқанын саралап көріңдер:

Жол туралы
Блог - patick: Юэн Макгрегор мен Чарли Бурман Қазақстан туралы
  • Бүгін жақсылап демалып алу керек. Ертең бізді жолсыздық күтіп тұр. Асфальтталған жолдар артта қалды.
  • Мына жолды қараңдар… О, Құдайым! Бұлай жалғаса берсе саяхатымыз тозаққа айналады.
  • Қазақстанға тап болғаннан кейін аздап үрей пайда болды. Мотоциклден құлап, бір жеріңді зақымдап алу қаупі өте жоғары.
  • Бұл жолсыздық емес, бұл нашар жол. Нашар жолдан гөрі мүлдем жолдың болмағаны дұрыс секілді.
  • Бүгін өмірімдегі ең қиын жолмен жүруге тура келді (Қарабұтақ пен Аралдың арасы – ред.)… Бұл жерге жарылғыш заттар орналастырып, жарып жіберсе бәрібір жолды одан бетер бүлдіре алмас едің. Өйткені жолды қазіргі жағдайынан да бетер бүлдіру мүмкін емес. Мүлдем басыма сыймайды.

Полицейлер туралы
Блог - patick: Юэн Макгрегор мен Чарли Бурман Қазақстан туралы
  • Бір ыңғайсыз жағдайға тап болдық. Бізге сапарымызды жалғастыру керек, ал мына полицейлер бізді тоқтатып қойды. Ешқайда жібермейді, күтіңдер дейді (артқы фонда бір полицей әлдекіммен телефонмен сөйлесіп жатыр, шамасы бастық шығар: «Міне, біздің қасымызда тұр. Тұр-тұр, біздің қасымызда тұр...»).
  • Бұл елде ең көп істес болған адамдарымыз – полицейлер. Оларға әр бұрылыс сайын ерекше нұсқау беріп қойған тәрізді. Тоқтата береді, тоқтата береді. Бізді алып жүру керекпіз дейді, шамасы бізге бірдеңе болады деп ойлайтын шығар. Бұл кәдімгідей шаршатып жібереді.
  • Біз елді, жерді өзіміз аралаймыз деп жоспарлап едік. Бірақ бізге үнемі полицейлерді тіркеп қояды. Айтуға ұят әрине, бірақ бұл жағдай ашуға тие бастады.

Адамдар туралы
Блог - patick: Юэн Макгрегор мен Чарли Бурман Қазақстан туралы
  • Адамдармен кездескен қызық. Олар жақсы қарсы алады, түрлі сыйлықтар береді. Бірақ оларды соған міндеттеп қойғандай әсер береді. Бір парадқа қатысып жүргендай сезімде жүресің.
  • Біз фотоға түскелі тұрғанбыз. Ақ «Ладаға» мінген жігіттер келді. Камера жерде жатыр еді. Олар камераның қасына тоқтады, ал артта отырған бір жігіт пистолетін бізге кезеді. Төңіректе машиналар жүріп жатпағанда, жағдайымыздың не боларын кім білген? Әлгі жігіттің түрі әлі көз алдымда. Мына жақта алтын тіс салғанды ұнатады екен. Ал тапанша ұстаған әлгі жігіттің аузында қатарынан бірнеше алтын тіс болды. Енді полицейлердің қасымыздан қалмай еріп жүргеніне түсіністікпен қарай бастадық.
  • Тоқтаңдар! Телевидение? Бұл біздің жоспарға кірмеп еді. Біз жолсызбен ұзақ жүріп шаршап келдік (Атырауға – ред.). Бірақ қалаға кіре берісте бізді тоқтатып қойды. Қазақстанның барлық жерімен жүргенде солай бола ма?
  • Біз бұны жоспарламап едік. Бұқаралық ақпарат құралдарының 20 шақты өкілі (Ақтөбеде – ред.)… Бір жағынан қонақжайлық танытқаны үшін көңілің көтеріліп қалады. Бірақ бәрі ұйымдасқан шараға айналып шыға келгенде, сені өз мақсаттарына пайдаланып жатқанын сезесің. Өйткені бізден ешкім ештеңе сұраған жоқ – ол жерге барғымыз келе ме, бір-екі сұхбат бергіміз келе ме? Шындығында біз ол үшін келген жоқпыз ғой.

Ақтөбе жақта қалай екенін білмеймін, Атырау облысындағы трассаға қатысты сындары әлі де маңызды. Жаңасын саламыз дегендеріне талай жыл болды, әлі шұрық-тесік. Шынымен да тегіс даламен жүрген әлдеқайда тиімдірек. Қонақжайлыққа қатысты да келісетін тұстарым бар. Ұқсас сезімді соңғы жылдары әкімдіктер ұйымдастырып жүрген Блогкэмп кезінде байқап жүрмін. Әсіресе, Талдықорғанда. Сенен сұрамайды, қызық па, қызық емес па – әйтеуір автобусқа тиеп алып барады. Сені өз мақсаттарына пайдаланып жатқанын сезесің. Бізде жай адами сервис көрсеткеннен гөрі, әлі де жоғарыдағы біреудің нұсқауымен «қонақжай» болып көріну дерті басым (Блогкэмп-2015 кезінде мектепте бізге дастархан жайып, қызмет көрсеткен мұғалімдер әлі есімде).

Әрине, саяхатшылар тек жамандаумен болды деген пікір қалыптастпауы керек. Олар еліміздегі адамдардың мейірімділігін, Түркістандағы Яссауи мовзолейінің ерекшелігін, даламыздың, табиғатымыздың кереметтігін атап өтті. Моңғолияға сапарларын жалғастырған олар Қазақстанмен жалпы қимай қоштасып бара жатқандарын айтыпты.

Қысқаша айтқанда, маған ерекше әсер еткен бағдарламалардың бірі болды. Түптеп келгенде елдің имиджі, ел туралы түсініктер мемлекет ұйымдастырған, қатаң репетицияланған акциялар арқылы емес, осындай сырт көз тұрғысынан жасалған, біздің чиновниктердің бақылауына бағынбайтын шаралар арқылы қалыптасады ғой.

Әрі қарай