Тағы бір отандық фильм көрерменге жол тартады
Отандық «Зор» спорттық драмасы 21 желтоқсанда шығады. Көркем фильмді Dostar production компаниясы түсірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлайды. Картинаның қоюшы-режиссері – Шапағат Орынбаев, бас продюсері – Еркебұлан Молдашев. «Зор» таспасының түсіріліміне қоюшы-оператор Асыл Мелдебеков және композитор Мансұр Гатауов үлес қосты. Жобаның екінші режиссері – Парасат Ибраев. Фильмнің саундтрегін Мақпал Исабекова мен Нұржан Керменбаев орындайды. Туындының атауы «Айта бермеші» деп аталады. «Зор» фильмінде ауылдан қалаға көшіп келген жас боксшы Айдын туралы хикая баяндалады. Ол анасының қалауымен спортпен қош айтысады да, жаңа достар табады. Яғни, ауқатты отбасының балаларымен жақын араласады. Бір қарағанда, өмірінде барлығы сәтті сияқты еді. Дегенмен, Айдынның арманы – бокспен кәсіби түрде айналысу. Бірақ, ата-аналары бұл арманға қарсы болады. Бір күні Айдынға қабілетін іспен көрсететін уақыт келеді. ©Brod.kz Фильмнің бас продюсері Шапағат Орынбаевтың айтуынша, кейіпкерлер “Топ-томпақ” бейнебаянынан алынған. «Фильм түсіру идеясы BN тобының «Топ-томпақ» бейнебаянын көргеннен кейін туындады. Маған өте ұнады, кейін продюсер Еркебұлан Молдашев кино түсіруді ұсынды. Алғашында комедия түсіреміз деп ойлаған болатынбыз, бірақ кейін экшн элементтері бар драмаға тоқталдық. Фильмдегі кейіпкерлер бейнебаяннан алынған. Жобамызды «Зор» деп атадық, себебі бұл сөз «жақсы, мықты, үздік» дегенді білдіреді», – деді Шапағат Орынбаев. Айта кетейік, картинаға Айдын Жұмахан, Адина Бажан, Еркебұлан Тоқтар, Альбина Болатқызы, Әлішер Әскербеков сынды жас актерлармен қатар, BN тобының мүшелері қатысты.
Әрі қарай