Оңтүстік ғажайыптары: «DALA-FRUIT.KZ»
«Оңтүстік өңірі кәсіпкерлік саласында көшбасшы аймаққа айналуы тиіс.» Бұл сөзді Оңтүстікке жасаған жұмыс сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сайрам ауданындағы жоғары технологияларды қолдану арқылы алма өсіріп, оны сақтаумен және сатумен айналысатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-ң жұмыспен танысу сәтінде айтты.
«DALA-FRUIT.KZ» ЖШС – тамшылатып суғару әдісімен қарқынды өнеркәсіптік бақ өсіру жобасын іске асырып келе жатыр. Жоба 2013-2015 жылдар аралығында 106,5 гектар жер теліміне алманың бес сұрыпын: Гренни Смит, Голден делишес, Фуджи, Финк леди, Гала және қара өріктің екі жылдық көшеттері отырғызылған. Баққа заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған тамшылатып суғару әдісі және карликті тұқым болғандықтан жел ұшырмас үшін шпалерлі жүйе қолданылады. 2016 жылы баудан бірінші рет өнім жиналды.
Мемлекеттің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нде бастапқыда 83 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, компания жұмысын бастаған үш жылда оның саны 277 адамға жеткен. Жалпы көлемі 106,5 гектар болатын серіктестік бауына 215 мың түптен астам жеміс ағаштары егілген. Яғни, мұндағы 1 гектер жерге шамамен 2500 түп ағаш көшеті қондырылған.