№ 9 қалалық емханада МӘМС енгізу мәселелері бойынша баспасөз туры өтті

БАҚ өкілдеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге байланысты медициналық көмек көрсету бойынша жаңа тәсілдер туралы айтылды.
Денсаулық сақтау министрлігі халықты медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесін әзірледі. Осы жүйенің бірінші деңгейі ҚР барлық азаматтары, оралмандар мен тұрақты жасайтын шетелдіктерге мемлекеттік бюджет есебінен ТМККК беруді қамтамасыз етеді.
Бұл пакет тіркелген жердегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек, жедел жәрдем, санитариялық авиация және шұғыл стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен негізгі созылмалы аурулар кезінде медициналық көмектің толық спектрі сияқты тегін медициналық көмектің түрлерін қамтиды.
Екінші деңгей — сақтандырылған халыққа арналған ТМККК-ден тыс қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін және консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек пен аурулардың кең спектрі бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, стационарды алмастыратын көмекті, оңалтуды және қалпына келтіру емін қамтитын МӘМС пакеті.
Үшінші деңгей — бұл ТМККК және МӘМС пакеттеріне кірмейтін медициналық қызметтер. Олар ақылы немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен беріледі.
Емханада атап өткендей, МӘМС енгізу аясында бірқатар қызметтердің қолжетімділігі кеңейтіледі. Олардың арасында қымбат диагностикалық және стоматологиялық қызметтер бар. Олар бойынша қаржыландыру тиісінше 3 және 2,3 есе өседі.
МӘМС енгізу мәселелері бойынша емхана қызметкерлері халық арасында белсенді ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, емханада автоматтандыру, жабдықтау және цифрландыру мәселелері шешілді. «Астана — адалдық алаңы» жобасы аясында емхана смарт-қосымша немесе бірыңғай Сall-орталық — 109 арқылы дәрігерлерді қабылдауға алдын ала жазылу арқылы «кезексіз» жұмыс режиміне көшті. Осылайша адам факторы азайтылып, күнделікті кертартпалыққа негізделген міндеттер автоматтандырылды.
Емхана немесе тікелей дәрігер туралы тілектер мен пікірлерді Smart Аstana мобильдік қосымшасы арқылы қалдыруға болады.

МӘМС: Елордалық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер 13 млрд теңгеден астам жарна аударды

Астана қаласы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылатын міндетті төлемдердің сомасы бойынша Алматы қаласы және Қарағанды облысымен қатар көш бастап тұр.

Қыркүйек айында Астана қаласының жұмыс берушілері мен кәсіпкерлері 1 млрд теңгеден астам жарна аударды, ал 2017 жылдың шілде айынан бері аударылған жарнаның жалпы сомасы 13 млрд теңгеден асты. Жалпы республика бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 105 млрд теңге түсті, бұл соманың 92%-і жұмыс берушілерге тиесілі. Жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер Қорға 8,6 млрд теңге аударды. Міндетті медициналық сақтандырудың жинақталған қаржысы Ұлттық банкте сақталады. Ұлттық банкпен Қор сенімгерлік басқару туралы келісім бекіткен. 2020 жылдан бастап бұл қаражат МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Бұл уақытқа дейін «ӘМСҚ» КЕАҚ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтердің ақысын төлейтін қаржы операторы міндетін атқарады.

«Жыл басынан бері «ӘМСҚ» Астана қаласы бойынша филиалы медициналық мекемелерге тұрғындарға көрсеткен қызметтері үшін 60,8 млрд теңге төледі. Астана қаласында біз 115 медициналық мекемелермен жалпы құны 84,6 млрд теңгені құрайтын келісімшарттар бекіттік», — дейді «ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Қабдықапаров.

Естеріңізге сала кетсек, әрбір азамат өзінің Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысушысы болатындығы туралы ақпаратты Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімі арқылы анықтамаға тапсырыс бере алады.