Дайджест: Младич және Мьянма туралы. Апиын алқабындағы бомба. ИМ балалары және Қытай белдеуі
Младич түрмеде, қалғандары ше?
«Үшінші Рейхтен кейінгі Еуропадағы ең қаныпезер генерал Ратко Младич қалған өмірін түрмеде өткізеді. Гаага трибуналының бұдан басқа кез келген шешімі орынсыз болар еді", деп есептейді Ед Вуллиами. Бұрынғы Югославиядағы соғыс туралы кітап авторы бұл пікірін The Guardian газетінде жариялаған мақаласында. Младич бостандықта жүрмеуі тиіс, оның орны түрмеде. Бірақ қалған күш иелері жасаған қылмыстары үшін жауап бере ме?
Ед Вуллиами бұл ретте Нобель сыйлығының лауреаты, Кейптаун архиепископы Десмонд Тутаның бұрынғы британ премьері Тони Блэр мен АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Бушты Ирактағы әскери науқан үшін сотқа тартуды ұсынғанын еске салды. Сириядағы соғысқа қатысты Асад пен Путинге немесе «Ислам мемлекетін» қаруландыратын, Йеменде жарылыс жасаған Сауд Арабиясы жүйесіне қатысты әділдік орнай ма? Адам құқығы үшін қозғалыстың бұрынғы белсендісі Аун Сан Су Чжиге үкім шыға ма? – деген сауалды The Guardian газетінде жарияланған мақала авторы қойды.
Мьянмада этникалық тазалау жүріп жатыр ма?
Құрама Штаттар алғаш рет Мьянма әскерін Ракхайн штатында мұсылман рохинджаларға қатысты «этникалық тазалау» жүргізді деп ашық айыптады. Әскери репрессия кезінде 600 000 адам үйлерінен қуылды, деп жазды Le Monde. Басылым БҰҰ-ның 11 қарашада Мьянма билігін рохинджаларға көрсеткен қорлығы үшін айыптады. бірақ сол кезде Вашингтон бұл терминді қолданудан бас тартқан.
«Мұндай қатыгездік үшін қатаң жаза қолдану керек», деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон. Ол бұл сөзін Мьянма қарулы күштерінің бас қолбасшысы аға генерал Мин Аун Хлайнмен және азаматтық әкімшілік басшысы Аун Сан Су Чжимен кездесуі кезінде айтты. «Күрделі талдаудан соң Ракхайн солтүстік провинциясында рохинджаларды этникалық тазалау жүргізілгені анықталды, мұндай қатыгездікті ештеңе ақтай алмайды, деген Рекс Тиллерсонның сөздерін Le Monde келтірді.
Апиын алқабындағы бомба
АҚШ-тың Ауғанстандағы апиын алқаптарын жоюға қатысты жаңа майданы жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын келтіруі мүмкін, деп жазды The Times of India. Басылым сарапшыларға сілтеме жасаған. АҚШ әскери әуе күштерінің озық ұшақтары мен ұшқышсыз ұшақтарының бір бөлігі Сирия мен Ирактағы әскери операция аяқталған соң Ауғанстанға көшіріледі. «Америка өзінің технологиясын нысанаға дәл тигізеді деп мақтайды. Бірақ әуеден соққылардың жиілеуінен бейбіт тұрғындар көп зардап шегіп, содан АҚШ жау ретінде санап кетеді», деді Хьюман Райтс Вотчтың вашингтондық директорының орынбасары Андреа Празов (Andrea Prasow) газетке берген сұхбатында.
Бірақ ұлттық мәселелер жөніндегі бұрынғы кеңесші Джон Ханна «Талибан» қозғалысының «есірткі империясын» жою қажет деп есептейді. "Әрбір стратегияны аяғына дейін жеткізу үшін нық шешімдер қабылдануы керек, қарсыластың негізгі табыс көзін жою қажет", деді Джон Ханна Франс-Пресс агенттігіне.
ИМ балаларының тағдыры
Германияның федералдық үкіметі «Ислам мемлекеті» тобындағы неміс содырларының балаларын елге қайтарғысы келеді, деп хабарлады Frankfurter Allgemeine Zeitung. ГФР сыртқы істер министрлігі Ирак үкіметіне шығып, ИМ содырларының жетім балалары тұратын орталықтарға дипломаттарды жіберуін сұрады. Неміс ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, неміс содырларының жесірлері мен алты бала Иракта тергеу орталықтарында отыр.
Бұл уақытта, Конституцияны қорғау жөніндегі басқарма басшысы Ханс-Георг Масзен ИМ содырларының есейген балаларынан қауіптену керектігін ескертті. Оның пікірінше, бұл балалар «жиһадшылардың» идеологиялық ықпалында болған. Олардың оралуы елде «жиһадшылардың» жаңа ұрпағын өсіріп шығаруы мүмкін, деп ескертті Ханс-Георг Масзен.
Қытай белдеуінің түсі қандай?
The Nation басылымы Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі (CPEC) жобасы туралы жазды. Пекиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында 63 млрд доллар қаржы бөлінген. Авто және темір жолдар арқылы пәкістандық Гвадар портты қаласы мен қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы жалғасады.
«Бір белдеу — бір жол» ауқымды жобасы аясында "Қытай — Орталық Азия дәлізі" жобасы жүзеге асырылады. Бұған дейін аймақта Қытайдың қатысуымен ірі жобалар қағаз жүзінде қалып келді, деп жазды The Jamestown Foundation сараптама орталығы. Мысалы, 2002-2013 жылдары Қытай Қырғызстанмен темір жол құрылысы жөніндегі екі жобаны талқылап келді. Бірақ тараптар ақыры бір келісімге келе алмаған. «Пекин бастамаларының аймақтағы экономикалық интеграцияға ықпал ететінін немесе оның Орталық Азия республикаларында геостратегиялық теке-тіреске алып келетінін болжау қиын», деп жазды The Jamestown Foundation.