Көрінбей кеттің сен неге?

ОҒМ жазбалары: Көрінбей кеттің сен неге?
Уақыт өтеді, бір толқынның орнын келесісі басады. Блоггинг те солай. Бұрын белсенді жазып жүрген кей блогшының жазбасын қазір таппайсың. Оның ішінде блогосферадан жоғалып кету жігіттерден гөрі қыздарға көбірек тән сияқты. Себептері де түсінікті: жанұялық өмір, уақыт тапшылығы, қызығушылықтың азаюы т.б. кете береді. Тіпті өзімнің де блогыма тек блогиада басталғалы жан кіре бастағаны өтірік емес. Дегенмен сырттарынан бал ашпай, бұл туралы «ғайып болған» қыздардың өздерінен сұрауды жөн көрдім. Олардың бірқатарынан «Блог жүргізбей кету себебі неде?» «Блог жүргізуді жалғастырмақ ойы бар ма?» деген сияқты сауалдарға жауап алдым.



ОҒМ жазбалары: Көрінбей кеттің сен неге?Астаналық Айжан Сапарова (Aizhantabyn ) бір кезде WordPress-те қыздардың сырласу орнына айналған «Қыздар әлемі» атты блогтан бастап, кейін осы Керекинфо блогтұғырында ақ қонжығының сапалы фотоларымен, әдемі ақ өлеңдерімен әйгілі болды. Содан соң Массагет порталында күні кешеге дейін түрлі тақырыптағы жазбаларымен бөлісіп келген сұлу кенет ұшты-күйлі жоқ болып кетті, тіпті Фейсбуктен де таппай қалдым. Астанада өткен «Блогкемп-2012» шарасын үйлестірушілерінің бірін Инстаграмда «тығылып» жүрген жерінен ұстап алдым

«Блог жазбай кетуімнің басты себебі — уақыттың тапшылығы, оған қоса еріншектігім де бар. Алдағы жоспарда блог жүргізуді жалғастыру ойымда бар, алдымен өміріме біраз өзгерістер енгізіп алайын. Фотоблог форматында «аспаздық» тақырыбында жазғым келеді. Анығы – сапалы мәзір және сапалы сурет.»


ОҒМ жазбалары: Көрінбей кеттің сен неге?Германияда қызмет бабымен тұрақтап қалған аруымыз Сымбат Айжарық (Simona ) WordPress блогтұғырында сол жақтан күнделік жүргізіп, арасында қыздарға келбет пен сымбат сырлары туралы жазбаларын арнап қоятын. Керекинфодағы пікірталастарға қатысып тұратын, енді қарасам блогы соңғы рет 2013 жылдың желтоқсанында жаңарыпты. Дегенмен Simona Фейсбук парақшасында әлі де неміс халқының өмір салтындағы өзгешеліктер туралы бөлісіп тұрады.

«Блог жүргізуге уақыт жоқ, әрі Муза апай шаршап калған  Оның үстіне жалпы қазақ қоғамында өмір сүрмеген соң, оқырман қауым рухани немен қоректенетінін анық білмеймін. Қазнеттен алыстап кеттім. Негізі блоггер тұрмақ, колумнист боп кеткім бар. Қызықтыратын тақырып: «Қоғамға 40 жерден тыйым».


ОҒМ жазбалары: Көрінбей кеттің сен неге?
Бір кездегі «Балғырған» және "Қолөнер" блогтарының иесі Салтанат Мұратбекованы (Balgyrgan) қазіргі жастар біле бермес. Алматы қаласында өткен ең алғашқы, ең ыстық блогкемптің басы-қасында жүрген белсенді қызды қазір әлеуметтік желілерден де табу қиын. Әйтсе де Инстаграмға баласының суреттерін салып тұрады екен. Салтаның жауабы қысқа да нұсқа болды:

«Блогты қойған себебім — тұрмыс құрдым, ал ол жақта көп уақыт жоқ. Жоспарым — көп бала табу »




ОҒМ жазбалары: Көрінбей кеттің сен неге?Астаналық Виктория Әлжанова (Karakyz ) да күнделігін WordPress блогтұғырында бастап, кейін Керекинфода сирек те болса өте-мөте құнды ақпаратпен бөлісіп отыратын. Соңғы «АҚШ құқық мектептеріне магистратураға оқуға түсу» атты жазбасы талай үміткерге көмек болғаны анық. Сол постты жаза сала АҚШ-қа оқуға кетіп қалған «Қарақызымыз» (негізі әппақ) қуанышымызға орай араға бір жыл салып қатарымызға қосылды.

«Блог жүргізбеу себебім ретінде бірінші келген ой «уақыт» болған еді. Бірақ, ниет болса, уақыт табуға болатыны еске түсті. Ең басты себеп — шабыттың, стимулдың, мотивацияның жоқтығы. Бұрын блог жүргізіп бастап келе жатқан кезде (2007 жыл) қазақша контент өте аз еді, сол қазақша контентті көбейту мақсаты итермеледі, күшті мотивация болды. Қазір жағдай өзгерген, кез-келген қазақша жазба «фурор» тудыратын заманы өткен. Белгілі бір мақсат, мотивация болмаса, стихиялық түрде блог жүргізгім келмейді.
Блог жүргізуді жалғастыру жоспарда бар. Енді соны құнттау керек Тақырыпты өзім өмірде не қызықтырады, сол бойынша таңдаймын. Мысалы, салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, спорт. Себебі дәл қазір мен үшін өзекті тақырып — денсаулық.»




ОҒМ жазбалары: Көрінбей кеттің сен неге?Сонау көне Керекинфодан келе жатқан атыраулық сұлуымыз Анар Қартқожақова (Gulistan ) жаңа Керекинфода гүл өсіру сырларымен бөлісіп, шетелдік сапарлары туралы фоторепке қарық қылып қоятын. Ал қазір тұрмыста, оны тек Фейсбук пен Агенттен табасыз.

«Блог жүргізбей кеткен себебім – бірінші кезекте ортаның өзгеруі. Жаңа толқын жаңа бағдарлама, мақсат, бағдармен келеді де, әдетте оның алдыңғысы көп сұранысқа ие болмай қалады. «Оқырманы жоқ блог жетім» осы жерге дөп айтылғандай. Блог жүргізуді жалғастыру жайында ойлар бар, бірақ нақты жоспар жоқ. Тақырып бір бағытта болғанын қалар едім. Гүлдер тақырыбын ауқымын кеңейтіп жазуға болады. Басындағыдай емес, қазір сұраныс форматы өзгеріп келеді. Сосын халықтық педагогика қызықтырады.»



ОҒМ жазбалары: Көрінбей кеттің сен неге?Қатарымызға кейінірек қосылса да Керекинфоның жұлдызына айналып үлгерген Маржан Тулеева (madlen ) Алматы қаласында өтетін шаралар афишасын тиянақты түрде жазып тұратын. Талай кемптің ұйытқысы болып жүрген, Астанада өткен «Блогкемп-2012»-ге алматылықтарды ұйымдастырып, «жинап» әкелген Моржығымыз кейін тұрмысқа шықты да, блогты тастады. Ой, жоқ, басқа да себептері бар екен

«Блог жүргізуді бастамай жатып тоқтатып қойдым. Маған блогтан гөрі сол блогтың авторы қызық. Реалдағы қарым-қатынас маңыздырақ. Керекинфодан өзіме достар тапқанда жазуды қоя салдым.
Дегенмен блог жүргізуді жалғастырғым келеді. Бірақ ол үшін ойды жинақтау керек. Жазған затына жауапкершілікпен қарайтын блогерлер аз. Не жазсам да өзім білем дейтіндердің қатарына косылғым келмейді. Соны білмегендіктен жалғастыра алмай жүрмін. Алматы мен басқа қалалардағы сервис туралы жазғым келеді. Оған көп ізденушілік, креатив және уақыт керек. Жауапкершілікпен қарау керек. Қазір ондай жағдай жоқ »



Дегенмен, қарап отырсақ, үміт жоқ емес сияқты. Қыздардың дені блог жүргізуді жалғастыруға ниетті екен. Әсіресе тақырыптық блог жүргізгілері келетіндігі ерекше көңіл қуантады — салалық блогтар Қазнетте әлі де аз ғой.

Қыздар, блогтарыңды жаңартыңдаршы! Сағыныппын...

Суреттер қыздардың әлеуметтік желілердегі парақшаларынан алынды.
Әрі қарай