Хайфаның «Маккабиі»

Футбол, тек қана футбол!: Хайфаның «Маккабиі»Қазанның 3-і күні Астанада қарағандылық «Шахтер» мен «Маккаби» (Хайфа) клубтары кездеседі. Бұл Еуропа лигасының топтық кезеңінің екінші тур ойындары. «Шахтердің» Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында Қазақстанда өткізетін алғашқы матчы.

Хайфаның «Маккабиі» Қазақстанға осымен екінші рет келмекші. Оның алдында 2009 жылы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбемен» кездескен еді. Ақтөбеде өткен ойын 0:0 болып аяқталса, Израильде 4:3 есебімен хайфалық жігіттер басым түскен болатын. Матчтың алғашы 15 минутында үш доп соққан Муханов шәкірттерін ойынды тамашалап отырған көрерменнің ешқайсысы жеңіледі деп ойламаған шығар. Бірақ, сол ойында Сидельников қақпасынан төрт доп алып шығуға мәжбүр болды. Демек, бұл команданың кездесудің соңына дейін табандылық танытып оңайшылықпен берілмейтіні көрініп тұр.

Бірінші турда «Шахтер» ежелгі Эллада еліне барып, ПАОК-тан соңғы минутта өкінішке қарай ұтылып қалды. Тағы да сол соңғы минуттар синдромынан құтыла алмай келеміз…

Ал «Маккаби» өз алаңында АЗ (Голландия) клубына 0:1 есебімен жол берді.

Хайфаның «Маккаби» клубы 1913 жылы құрылған. Израилдың 12 дүркін чемпионы. Бес рет ел кубогында жеңіске жетккен. Сондай-ақ, төрт рет Израиль лигасының кубогын олжалаған.

УЕФА Чемпиондар лигасының 2002/03 жылғы маусымында «Маккаби» алғаш рет аталмыш турнирдің топтық кезеңіне жолдама алды. Осылайша Израиль футбол тарихында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан алғашқы команда ретінде тарихта қалды. Сол жылы хайфалықтар бүкіл әлемді таңқалдыратын сенсация жасады. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің дебютаны «Маккаби» аузын айға білеген, Сэр Алекс Фергюсен жаттықтыратын «Манчестер Юнайтедті» 3:0 есебімен ойсырата ұттты.

Соңғы 10 жыл көлемінде Израиль чемпионатында 7 рет жеңіске жетіп, 2 рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алған. Сондай-ақ, 4 рет Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен. 2007 жылы ширек финалға дейін жетті.

Чемпиондар лигасының 2009/10 жылғы маусымында топтық кезеңде бірде-бір кездесу жеңіске жетпеген әрі бір голда соқпаған алғашқы команда ретінде тіркелді. «Маккабидің» тобына сол жылы «Бордо», «Ювентус», «Бавария» сияқты ең мықты командалар түскен болатын.

«Маккабиде» кезінде Йосси Бенаюн, Олег Кузнецов, Якуби Айегбени сияқты танымал футболшылар өнер көрсеткен.

«Шахтер» Еурпа лигасында өнер көрсетіп жүрген командалардың ішінде ең шығысында орналасқан. Хайфа мен Астананың арасы 3600 шақырым.

Қарағандылық клуб биылғы жылы еуродода аясында Қазақстанда өткізген үш кездесудің ешқайсында өз қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ. Бұл жолы да солай болса, қоржынға алғашқы үш ұпайды салуға тамаша мүмкіндік туып тұр.

Израил біріншілігінің соңғы турында «Маккаби» «Бней-Сахнин» клубымен 0:0 есебімен тең тарқасты.
Әрі қарай