Жүрекке әжім түспейді...
            
Күз мезгілін жақсы көрем. Бірақ сан алуан түске боялған жапырақтар қалықтай келіп қара жердің бетіне қонған сәтін көргенде бойымды көңілсіздік билеп, көзіме жас келеді. Күздің тағы бір таңы атты…Жылы көрпемді басыма бүркеп алып, тәтті ұйқымды қимай жатырмын. Осы кезде әлдекім бетімді бүркеп жатқан көрпені ашып, суық алақанымен маңдайымнан сипағандай болды. Орнымнан тұрып, жан-жағыма жалтақтай қарап едім, қасымда отырған ешкімді көрмедім. Сөйтсем, соққан жел жартылай ашық тұрған терезені айқара ашып тастапты. Көрпемді ашып, маңдайымнан сипаған салқын самал екен…



Өмір тосын сыйға толы. Күніне қаншама адаммен кездесіп, қаншама адаммен қоштасып жатамыз. Екінші рет көруім мүмкін емес деп ойлаған адаммен екінші, үшінші рет жолығып қалып, уақыт өте келе өмірлік серігіңе айналып кетуі де ғажап емес. Бұрын мен үшін бейтаныс адам бұл күндері мен жақсы көретін, сыйлайтын, құрметтейтін жарыма айналды. 
            