Жаңбырлы маусым

Жаңбырлы маусым.

Мен осы сәтті жоғалтқым келмеді. Ертеңгі күнді ойласам, оның ең қымбат елесін жоғалтып алатындай болдым. Сондықтан, бұл уақытта ең бақытты ән тыңдап, ең бақытты жыр жазғым келді. Тіпті, алдымда тұрған ұсақ кедергілер жайында ойлағым да келмеді. Себебі, ерте ме, кеш пе олардың шешілетіні белгілі еді. Ал, қазіргі алдамшы болса да, бақытты, тыныш, теңіздей тұнық уақыт ендігі қайтып келмеуі мүмкін еді. Иә, ендігі мен үшін әлемнің бәрі әдемі, әділетті, әуре-сарсаңсыз екеніне сенуге дайын едім, уақытша болса да! Тәтті қиял, сәтті арман… әдемі әуен, уәделі сөз. Өмір ғажап! Сезім бар! Сенім өлген жоқ! Бақыт қонды! Уақыт көнді! Болды, енді ештеңеге күмәнданғым келмейді! Өтірік пе, шын ба, маңызсыз! Көзімді жұмған күйі жартас па, құз ба, жапан дала ма, мейлі! Қайда болса да, оған сенген күйі соңынан еріп жүре бергім келді!

...Әуен аяқталды. Мен мұның бәрі түсімдегі қиялым ғана екенін түсіндім. Онымен бір сағат бұрын сөйлесіппін… және бір сағат қиял әлемінде…
Тағы да мардымсыз, мәні кеткен күрең әлем. Ашуым келді! Олар менің тап-таза әлемімді кірлетпек… Сыртта, жердің жүрегі қажалған пенделері әлденеге керісіп жатыр. Түн. Жаздың жып-жылы, мөп-мөлдір түні. Адамдарға осы да аз! Бұған да қанағаттанбайды! Сыртқы лас әлемнен бөлінгім келгендей, терезені жаптым да, қиял әлеміне қайта аттандым. Келесі ән-«Сен маған сүюді үйреттің!»… Ән басталды. Ол маған сенуді де үйретті! Сол себепті мен бұл әнді тыңдауға тиіспін. Жаңбыр жауды…
Дәл осы сәтте оған арнап жазған өлең жолдары жадыма қайта оралды:

Жаңбыр, жаңбыр, қызығамын саған шын,
Ол да сені жақсы көред(і) себебі.
Сен де оған тамшы болып тамарсың,
Мен де сонда жаңбыр болғым келеді.

Кірпігінде мөлдір шық боп тұрарсың,
Көздерінен оқып арман, үмітті.
Ол мұңайса, сен де бірге жыларсың,
Жұбатумен сол бір жұмбақ жігітті.

Мұңданатын оны ойласам жанарым,
Мендік арман мезгілсіздеу солар ма ед?
Жаңбыр, жаңбыр тереземнен қарадым,
Ол да сені көріп тұрған болар деп…

Түнгі көшеде ешкім қалмағанына көзім жетті. Аспан да жердегілерден жалықты. Қарбалас қаланы тазартқысы келгені анық. Терезені қайта аштым… таза ауа, жаңбыр иісі, тамшылар дауысы, отшашуға ұқсаған аспандағы найзағай көрінісі, айдың жарығына астасқан жердің жұлдыздары. Өмірге сенемін! Өмірді сүйемін! Бұл менің маусымым! Мені қабылдаудан қорықпаған маусым!

… Төрт күннен кейін туған күнім! Аспан, туған күніме жаңбырды сыйға тартамын деп уәде берді!
Кірпіктерімді қиял түсімнің теңізіне малып, қарашығымды қара түнге қосақтап, қалың ұйқыға кеттім.
-Мен оған сенемін!-дедім, аспанға.
-Қайырлы түн!-деп, күлімдеді Ай.
-Қайырлы түн! Қайырлы…

P.S. Аспан уәдесін орындады!)
Блог - aizok: Жаңбырлы маусым
Әрі қарай