Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі

Бауыржан Момышұлының өнегелі келіні Зейнеп Ахметованың жастарға өсиет еткен жазбаларын интернеттен де, газет-журналдардан да жиі көреміз. Оның бірін оқып жатсақ, бірін көрмей өтіп кетіп жатқандарымыз қаншама. Әрбір жазбасынан оқыған сайын алтын сандықтан маржан сөздерді уыстап-уыстап алып алғың келетін Зейнеп апаның әңгімелерінен «Ұлттық тәрбие – ұлттық рухтың негізі» тақырыбында баланың ана құрсағына біткеннен дүниеге келгенге дейінгі алғашқы тәрбиесіне байланысты сөздерін сүзіп алып, назарларыңызға ұсынып отырмын.
Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі


ӨМІРГЕ АДАМ ӘКЕЛУ – ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚАСИЕТТІ ҚҰБЫЛЫС
Әлгі ақын-жазушылар асқақтатып суреттейтін алып-ұшқан жүрек қуанышы, ана болу мақтанышы, шынын айтқанда, алғаш бала көтерген әйелде бола бермейді.
Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі

Тұңғыш баласына аяғы ауыр келіншек өзінің ана болатынын білгенімен, шын мәніндегі жүрек елжіретер шынайы аналық сезімді әлі түсінбейді. Бірақ оның бүкіл жаратылыс-болмысында өзгерістер жүріп жатады. Айналаны қабылдауы басқаша бір ағысқа түскендей болады. Өзінен-өзі мазасызданып, сәл нәрсеге кейіп, болар-болмасқа тарылып, әр нәрседен секемденіп, бұрын өзіне тән емес күй таңдау пайда болады. Әлгі ақын-жазушылар асқақтатып суреттейтін алып-ұшқан жүрек қуанышы, ана болу мақтанышы, шынын айтқанда, алғаш бала көтерген әйелде бола бермейді. Неге десеңіз, белгісіздік — қашанда құпиялы, қорқынышты. Ал өмірге адам әкелу — әлемдегі ең қасиетті құбылыс. Сол үшін де әжелеріміз «екіқабат әйелдің бір аяғы — жерде, бір аяғы — көрде» деп, ана болу бақытының қасында толып жатқан қауіп-қатердің бар екенін айтады.


ҚАМҚОРЛЫҚ
Баланың сүйегі шымыр, мықты болсын деп қызыл ірімшік жегізіп, арасында сағыз шайнатады.
Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі
Қашанда қазақ жүкті келіннің мезгілімен тынығуына қамқорлық жасап, нәрлі тағамдарды, әсіресе ақ қосылған асты көбірек ішуін қадалаған. Баланың сүйегі шымыр, мықты болсын деп қызыл ірімшік жегізіп, арасында сағыз шайнатады. Қарағай сағыз, құм сағыз, жер сағыз секілді таза өсімдіктерден алынған ешбір қоспасыз, табиғи сағыздарды берген. Сонымен бірге баланың көру, есту қабілеті жақсы жетілсін әрі тамағы бойына сіңсін деп келінге рауғаш, жуа, қымыздық, саумалдық, түйетабан секілді өсімдіктерді, қарақат, бүлдірген, мойыл, жидек секілді жемістерді жегізген. Келіннің өзін күтіп, таза жүруіне көп көңіл бөлген. Киікоты, көкемарал, жалбыз, шайшөп, жұпар сияқты хош иісті шөптердің қоспасымен жуынуға үйреткен. Үйге арша, адыраспан секілді емдік қасиеті бар өсімдіктерді түтіндетіп, іштегі баланың тыныс мүшелерінің сезімтал болуына әсері барын да білген.

«Балаға жағымсыз, кесірі тиеді» деп келіншектің тіс тазалығына да көп көңіл бөліпті. Азанда және жатарда тұзды сумен немесе жоғарыдағы аталған хош иісті өсімдіктердің қайнатпа тұнбасымен ауызды шайқатқан. Үлкен кісілер немерелі болуды аңсап күтумен бірге нәрестенің өмірге аман-сау келуін өздері де міндетті санаған.


ҚҰРСАҚТАН БАСТАЛАТЫН ТӘРБИЕ
Қазақ «Келін жыласа, бала жасық болады» деп келінді жылауға жеткізбей, қас-қабағына қарап, әлдебір суық хабар болса естіртпей, кездейсоқ зардаптардан қорғаған.
Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі
Біз баланы қазіргі кезде балабақшадан бастап тәрбиелеу керек дейміз ғой, шындап келгенде қазақ халқы тәрбиені балаға іште жатқан кезде-ақ бере бастаған. Келінді тәрбиелеу арқылы іште жатқан шарананы тәрбиелеген. Мысалы, келін аяғы ауырлағаннан бастап оның болашақ ана екенін үлкен ауылға, елге білдіріп, сол үйдің шаңырағына ақ шүберек байлап қойған екен. Содан бастап жұрт ол шаңырақтағы келіннің аяғының ауыр екендігіне байланысты үлкен-кіші демей оған бәрі қамқор болып жүреді.
Сонымен қатар, ұрыс-керіс, айғай-шу болып жатқан жерден келінді аулақ ұстаған. Оның көзінше кім-кімге де өрескел сөйлеуге, айғайлауға, мінез көрсетуге тыйым салған. Оның өзіне де: «Қарағым, дауысыңды көтеріп даурықпай, биязы, сыпайы сөйле! Әйтпесе бөпеңнің мінезі шәлкем-шалыс, содыр болып қалады», — дейді екен.
«Келген кісіні есіктен қайтарма, «қырықтың бірі — қыдыр» деген, қолыңнан дәм татқыз, ықыласын ал, шарапаты тиеді. Жас балаға зекіме, олар періштедей пәк, баланың мейірімі түссе бойың жеңілдейді. Итке «кет» деме, ол — жеті қазынаның бірі, иесіне жақсылық тілеп жүретін берекенің күзетшісі», — деген секілді қарапайым да астарлы кеңестерін беріп, келінді жағымсыз әдеттен сақтандырып, әдептілікке, кісілікке жетелепті. Сол арқылы іштегі балаға да тәрбие ұрығын сеуіпті. «Келін жыласа, бала жасық болады» деп келінді жылауға жеткізбей, қас-қабағына қарап, әлдебір суық хабар болса естіртпей, кездейсоқ зардаптардан қорғапты.
Келіншектің күйеуіне «қосағыңның аяғы ауырлады, салмағын өзің көтеріс» деп, оның азаматтығына сенім артып, міндет жүктеген екен. Бала көтерген болашақ ананы боқтап, ауыр сөз айту немесе қол жұмсау қазақта үлкен күнә саналған. Ондай парықсыздыққа барғанда бүкіл ауыл болып айыптап, қатты сынға алған, жазалаған.


ЖЕРІКТІК ҚҰПИЯСЫ немесе «КӨҢІЛСІЗДЕН КӨЗСІЗ БАЛА ТУАДЫ»
Жерігі қанбаған анадан туған нәрестенің есейгенше аузынан сілекейі шұбырып, үнемі қанағатсызданып жылай беретін беймаза болады.
Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі
Бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келіншек бұрын-соңды болмаған сезім-түйсіктерді басынан кешеді. Көңілінің неменеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта алмай, не екенін өзі де түсінбей аласұрып қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, көмек жасау, мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады. Егер келіннің жерік асы табылмаса, босанғанша ішкені бойына сіңбей, әл-дәрмені құрып, басы айналып, көңілі жер тартып, әбден титықтайды. Қазақ мұндайды «ит жерік» дейді. Ал осындай жаны мен тәні бірдей азаптанып жүрген адамның жай-күйінің қаншалықты жағымсыз болатыны өзінен-өзі түсінікті. Бұл жағдай тікелей іштегі шаранаға әсер етеді. Өйткені ананың жерігі, ең алдымен, баланың табиғи қажеттілігінен, қандай да бір дәруменнің жетіспеушілігінен туындайды. Жерігі қанбаған анадан туған нәрестенің есейгенше аузынан сілекейі шұбырып, үнемі қанағатсызданып жылай беретін беймаза болады. Сондықтан да келіннің жерік асына аса жауапкершілікпен, үлкен қамқорлықпен қараған жөн. Тілімізде «жерік асын жегендей балбырады», «жерік асы табылғандай қуанды» дейтін қалыптасқан сөз тіркестері бар. Айтса айтқандай, болашақ ананың аңсары ауған тағамы табылып, соны құмары қанып қабылдаған соң еш нәрсемен салыстыруға болмайтын ғажайып рахат сезім сәттеріне бөленеді. «Тортасынан айырған сары майдай» жан дүниесі еріп, мінез-құлқы жайдарыланады. Айналасы алқызыл гүлдерге тұнып тұрғандай, төрт құбыласы түгелденгендей, өзінен-өзі қуанып, жүзіне нұр ұялайды, езуіне күлкі үйіріледі. Жанындағы адамдарға мейірлене қарайды, қолға алған ісін ықылас-пейілімен тыңғылықты атқарады. Осындай көл-көсір дархан көңіл күйдің іштегі баланың жетілуіне қандай жағымды әсер ететіні ешбір талас туғызбайды.
«Көңілсізден көзсіз бала туады» деген бар. «Аяғы ауыр келін ашық-жарқын, көңіл күйі көтеріңкі жүрсе, толғағы жеңіл болып, аман-сау босанады, бала ерте ширайды» деуші еді әжелеріміз. Ұрпағының қамын ол өмірге келмей жатып ойлаған ақылды ене ауыл жастарын шақырып «келін көңілі» деп аталатын әдемі басқосуды жасап береді. Жастар әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй шертіп, қызық ойындар ойнап, жарасымды әзіл-қалжыңмен болашақ ананың көңілін сергіткен. Қазіргі ғылыми-зерттеу тәжірибелері жағымды сезімде жүретін ананың баласы мейірімді, сезімтал, кісіге жақын, үйірсек болатынын дәлелдеп жүр. Ал әжелеріміз мұның бәрін баяғыда оқымай-ақ білген ғой.


ЕМІЗУ немесе АЛҒАШҚЫ АУЫЗДАНДЫРУ
Біз ананың екі-үш күн ғана болатын уызында тектік қасиет болатынын біле бермейміз. Ал тектік қасиет дегеніміз — ұлттық қасиет.
Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі
Бұрынғы әжелер өмір есігін жаңа ашқан жас нәрестені құйрықмаймен ауыздандырған. Алғаш аузына алып, татқан дәмі май болғандықтан да, қазақ баласының асқазаны ауырмаған екен. Кейде ер балаларды «қасқырдай қайсар болсын» деген ниетпен қасқырдың қылымен ауыздандыратын. «Қара суға қарап қалады» деген сеніммен баланы еш уақытта сумен ауыздандырмаған. Қазір жас нәресте туыла салысымен анасының бауырына салғанды жұрт жаңалық көріп, «америкалық тәсіл» деп дабыралатып жүр. «Америкалық тәсіл» болмай-ақ, біздің қазақ ежелден-ақ өмірге келе салысымен нәрестені анасының бауырына салған. Анада аналық сезімі баласын емізген кезде пайда болады. Алғаш сәбиін қолына алып, омырауын тосқан ананың алпыс екі тамыры шымырлап, өзгеше бір сезімге бөленеді. Қазақ әйелі ешқашан шашын қобыратып, орамалын байламай баласын қолына алмаған. Үнсіз оңаша отырып емізетін болған. Көргенді ене «балаңның жүзіне мейірлене қарап, іштей тілеуіңді тілеп отырып еміз, сонда балаң мейірімді әрі сенің қадіріңді біліп өседі» деп үнемі келініне айтып отырған. Баланы өзгелер қанша күтіп-бақса да, ананың мейірімі мен ақ сүтіне ештеңе жетпейді. Зейнеп апайдың айтуынша, нәресте бүкіл өміріне жететін иммунитетті екі күн еметұғын уыздан алады екен. Қазақта «уызына жарымаған» дейтін сөз бар. Мысалы, уыз ембеген жетім қозылар тез өліп қалады. Тіпті тірі қалған күнде басқа қозылармен салыстырғанда, шөкімдей болып, өспей қалады. Адам баласы да сондай болғаны ғой…
Біз ананың екі-үш күн ғана болатын уызында тектік қасиет болатынын біле бермейміз. Ал тектік қасиет дегеніміз — ұлттық қасиет. Ата-бабаларымыздың уызға аса қатты мән бергенінің себебі — осы. Мейіріммен берілген сүт баланың бойына дәрумен болып, шипа болып сіңеді. Құр әншейін қарын тойғызу емес, мейірлене емізу арқылы балаға күш-қуат құйылған. Тіпті мұның астарында да үлкен тәрбие жатыр, бұл да негізсіз емес.


КІНДІК ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Жетпіс жыл бойы біздің кіндігімізді кім кеспеді, түскен кіндіктің қайда тасталғаны да бізге белгісіз. Күл-қоқысқа лақтырылып, ит пен мысық жегендіктен де, бірімізді біріміз тыңдамай, сөзімізді көтере алмай, итше ырылдасып жататынымыз осыдан болуы да мүмкін ғой...
Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі

Бұл күнде қыздарымыздың белдері ашық-шашық жүреді. Бүйректеріне суық тиетініне, бүйректің суықты бірден қабылдайтын өте нәзік әрі сезімтал мүше екенін білмейді. Кіндікті көрсетіп жүргенді сән көріп жүрген қаракөз қыздарымыз жетерлік. Ал біздің қазақ кіндікті өте қасиетті деп санаған. Бұрын ұл баланың жолдасын — алты қырды асырып, ал кіндігін табалдырықтың астына көмген. Әжелеріміздің «табалдырықты баспа» дейтіндері сондықтан. Ұл — шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын ертеңгі азамат, болашақ жауынгер әрі түздің адамы.
Ал қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген. Олай болатыны, ол — қай жерге бармасын, қазан-ошаққа ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін болашақ ана. «Оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр. Жетпіс жыл бойы біздің кіндігімізді кім кеспеді, түскен кіндіктің қайда тасталғаны да бізге белгісіз. Күл-қоқысқа лақтырылып, ит пен мысық жегендіктен де, бірімізді біріміз тыңдамай, сөзімізді көтере алмай, итше ырылдасып жататынымыз осыдан болуы да мүмкін ғой… Кім біледі… Былай қарасаң, кіндік — соншама қадірлеп әрі дәстүрлеп көметіндей емес, тырнақтай тері. Бірақ ата-бабаларымыз кіндікке соншама мән беріп, қасиетін бағалағандықтан да жаужүрек ұлдары, үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы келіндері болды. Ата-бабамыздан бізге осыншама кең-байтақ жер қалуының бір сыры осында жатса керек. «Кіндік қаны тамған жер» деп те айтып жатамыз… Қалай десек те, бұл негізсіз емес. Бұл күндері, Құдайға тәубе, баланың кіндігі түспей жатып үйге шығарып жібереді. Белгілі себептермен перзентханада ұзағырақ жатып қалса, кіндікті сұрап алып, адам аяғы баспайтын ағаштың түбіне көміп тастайтын отбасылар қатары көбейіп келеді.


БАЛАНЫ ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ
Баланың 40 күнге дейін еті мен сүйегі бөлек тұрады. Ал қырқынан қалай шығарады, ет пен сүйек бірігеді.
Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі
Бірнеше жылдан бері баланы 20 күннің ішінде қырқынан шығаратын үрдіс пайда болыпты. Айтуларынша, күн мен түнді қосып есептегендегі-кіші шілде. Бұл дегеніңіз арғы жағын білмеу. Қазақтың бұрыннан келе жатқан ешбір жырларында, шығармаларында күн мен түнді қосып есептеген жазбалар көрмейсіз. Не үшін қырқынан шығаратынын да білмейді. Мен өзім қазақтың кемеңгерлігіне, парасаттылығына, данышпандылығына қатты таң қаламын. Жаңа туған бала 40 күнге дейін жердің баласы емес. Өте қауіпті кезең. Ол баланың 40 күнге дейін еті мен сүйегі бөлек тұрады. Ал қырқынан қалай шығарады, ет пен сүйек бірігеді. Жылаңқы, мазасыз балалардың өздері қырқынан шыққаннан кейін көзі жылтырап, айналасына қарап жылағанын тоқтатады. Жас келіннің өзін 40 күн күткен. Суық суға қолын салдырмайды, кір-қоқыс ұстатпайды, қалжалап, сорпалап ұстайды. Өйткені, ұрпақтың болашағын ойлайды.


ШІЛДЕХАНА
Шілдехана жәй тойлау емес!
Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі
Баланы қырқынан шығарғаннан кейін қазақ бірінші күні шілдехана тойын жасаған. Түнімен өлең айтады, домбыра тартады. «Түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» дейтін халқымыз туыла салған баланың құлағына ән-жыр сіңіреді. Шілдехана жәй тойлау емес! «Жын-шайтан жоламасын» деп шілдехана өткізеді, қазіргі тілмен айтқанда, жаман энергияны тап-таза, періште денесіне жолатпау. Неге? Себебі жеті әуезді Құдай жаратқан. Ән айтқан жерде жаман ой болмайды, тек жақсы көңіл-күй, жақсы тілек, таза ниет қана болады деп жорыған қазақ.


БЕСІККЕ САЛУ
Бесік жыры — балаға берілетін алғашқы тәрбие
Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі
Кемпірлер баланы бесікке салады, бесікке міндетті түрде әжелер салады, өйткені оның қолынан көптеген немере-шөберелер өтті.
Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі — бесігін аңсап тұратындығында. Ондай бала өзінің бесігіне жатпаса, мазасызданып, ұйықтамай қояды. Бала әбден тойған сәтте анасы бесікті жайлап тербете отырып, бесік жырын айтатын болған. «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», — деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде.
Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да — алаңдатарлық жай.
Біздің елде ауыздан қалмай келе жатқан аңызға бергісіз әрі біздің әулетке қатысты бір әңгіме бар. Ертеректе бір келіншек бесігінен ажырамай жүрген баласын бесікке бөлеп, әлдебір жұмыстарымен шығып кетсе керек. Отағасы да сырттағы тіршілігімен кеткен. Жолай демалмақ болып тоқтаған бір жолаушы киіз үйдің тұсына келіп: «Кім бар-ау!» деп дыбыс берген екен. «Кіре бер» деген дауысты естіп, ішке кірген жолаушы аңтарылып тұрып қалады. Үйде бесікте ұйқысынан оянған баладан басқа жан жоқ. «Өреде ашыма бар, өзің де іш, маған да бер» деген екен бала жолаушыға. Қазақтың баласының тілі жатықтығын, ерте шыққанын байқаймыз бұдан.
Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі
Қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын сәбиінің бойына сіңіріп өсіруі керек. Бесікке асыла отырып мейірлене бала емізген анадан, бесік жырын айтып отырған келіннен сұлу әйел жоқ шығар, сірә! Осыны естен шығармағанымыз жөн!


БАЛАҒА ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІ СІҢІРУ
ДИНАРА БОЛАТ: Қазақылығымызды жоғалтпайық деп, бала бағуды салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға негіздеуді жөн көрдім.

Тақырыпқа сай екі баланың анасы, әрі психолог Динара Болатпен бала тәрбиесі жөнінде әңгімелескен едім.Блог - rakisheva: Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі
— Ең алдымен сәбилі болатынын білген ата-ана баласына есім таңдайды. Өйткені балаға берілген есім оның болашақ тағдырын анықтап, өмір жолына әсері болады деп жатады ғой. Соны ескеріп және заманауи тұрғыдан, яғни баланың есіміндегі дауысты дыбыстардың тұйық емес, ашық болғаны жөн дегенді басшылыққа алып, жолдасым екеуіміз сәбиіміздің өміріне ауыртпашылық бермейтін есім іздестіріп, Хақназар деген есімге тоқталдық. «Хақназар» ол біріншіден, «Хақ» — Алланың 99 есімінің бірі, сол Хақтың оң назарында болса, екіншіден, қазақтардың ауызбіршілігі жоғалып, қазақ басы ыдырай бастаған кезде билікке Хақназар хан келіп, халықтың басын біріктірген және ең ұзақ 42 жыл ел билеген ханның есімі.

Бірінші баламды көтергенде жас болдым. Ал екіншісінде есейгендігімізден болар, осы қазақылығымызды жоғалтпайық деген ниетпен жүкті кезімде қазақтың салт-дәстүрлерін көп оқыдым. Яғни, бала бағуды салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға негіздеуді жөн көрдім. Осыған орай Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың бала емізуге қатысты айтқанында бұрын қазақтар денсаулығына, мінез-құлқына байланысты түрлі ырымдар жасаған екен. Соның ішінде ұл туғанда баланы қайсар болсын деп қасқырдың жүнімен ауыздандырған дейді. Мұны оқығаннан соң интернетті шулатып қасқырдың жүнін іздегенім бар (күліп). Оны тапқаннан кейін қасқырдың жүнін берген адам жүнін қай жерінен кесіп берейін деп сұрады. Қасқырдың жалы деп жатады ғой желкесіндегі жалынан кесіп беріңіз дедім. Босанғаннан кейін өзім қиналып жатсам да, мейірбикелер тезірек емізіңіз дегеніне қарамай сол қасқырдың жүнін перзентханаға бірге алып барып, омырауымнан бұрын баламды сонымен ауыздандырдым. Сонымен қатар, босанғаннан кейін баланы алып келіп, «Алыңыз, бетінен сүйіңіз» дегенде қазақ баланы маңдайынан бағы болсын, бақытты болсын деп ырымдап сүйетіндігі есімі түсіп, оның үстіне қыз емес ұл туып жатқаннан соң оны несіне еркелетіп бетінен сүйемін деп, медбикеге маңдайын жақындатуын сұрап, маңдайын сүйіп, «бақытты болсын» деп алғашқы аналық батамды бердім. 

Кіндік шешесі Нәзира Бердалы жүкті кезімде «баланың кіндігін жерге тастамайды екен деп» ескерткен болатын. Оқып жүрген салт-дәстүрлер кітабынан «Қазақ бабамыз бала туылғанда кіндігін осы бала ата-анасына, туған жеріне, Отанына байлансын, Отанын сүйіп өссін деген ниетпен баланың кіндігін туған жеріне көмеді» дегенін оқып, перзентханадағы босандырған дәрігерден баланың кіндігін өзіме беруін өтініп, кіндігін өзімізбен бірге алып шықтық. Сөйтіп, өзіміз Астанада тұрып жатсақ та Хақназардың ата-анасы, ата-әжелері туылған Жайықтың топырағында сақталсын деп балының кіндігін Оралға беріп жібердік. Балаға қатысты осындай ырымдар жасадық.

Баланың психологиялық жағдайына келетін болсақ, бала анасының ішінде де, кейін сыртында да анасымен тікелей байланысты. Соның көбінде ананың жүкті кезіндегі психологиялық ахуалы. Өзім кішігірім зерттеулер жасап көргенімде байқағаным, бала сен жымисаң саған жымиады, сен қабағыңды түйсең ол да саған біртүрлі қарайды. Яғни, ол тума түйсік болғанымен кез-келген сәби бұл дүниеге жақсылыққа, мейірімге толы жүрекпен келеді. Сәбилер таза парақша ғой. Анасының жүкті кезіндегі жағдайының жақсы болуынан болса керек, жақында дәрігерлер келіп кетті. Хақназар оларға гуілдеп сөйлеп, күлімдей берді. Дәрігерлер баламда уақытынан бұрын даму болып жатырғандығын айтып қуантты. Ал менің ойымша бұл анасының жүктілік кезіндегі оңтайлы күйінен берілген нәрсе. Сондықтан жалпы баланың, оның ұйқысының тыныш болуы және мінезінің қалыптасуы ананың жүктілік кезіндегі көңіл-күйіне тікелей байланысты. Қазір мына бала кішілеу бұған қарап көпнәрсе әлі айту ерте. Сондықтан тұңғышым жайында айтып берейін. Ол кезде студент едім. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрдім. Алайда өзімнің ішкі күйіме жақсы қарайтынмын және сол уақытта жолдасыма әр нәрсенің балаға қалай әсер ететіндігін түсіндіре отырып, ол да менің жүктілігіме белсене араласуын сұрадым. Баламыз ата-анасының үлкен махаббатынан дүниеге келгендігін сезінуі үшін мен жүкті кезімде екеуіміз үйде бірге би билейтінбіз, міндетті түрде күніне екі рет серуеңге шығатынбыз, тек жайлы әңгімелер айтып, позитивті фильмдер көріп, бірге әсем әуендер тыңдайтынбыз. Соның нәтижесінде қызым өте көңілді, әрі кішкентайында өте тыныш бала болды. Сол жүкті кезімдегі белсенді іс-әрекеттеріме байланысты қызым өте ширақ және үлкен адамдармен араласқыш, кез келгенмен тез тілтабысқыш бала болып өсіп келеді. Сәйкесінше, мына баладан да сондай нәтиже күтеміз!


P.S. Акварельмен салынған суреттердің авторы: Вета Попова.
Әрі қарай