Дайджест: Йемен, Brexit. Қырғыз және тәжіктің Қытайға қарыздары

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Йемен, Brexit. Қырғыз және тәжіктің Қытайға қарыздарыПрезидентті абайсызда өлтірді ме?

Йеменнің бұрынғы лидері Әли Абдулла Салехтің өлімінен кейін елдегі шиеленіс жаңа кезеңге өтті деп жазады Тhe Wall Street Journal. Басылымның жазуынша, экс-президенттің өлімі Сауд Арабия мен Иран арасындағы Йемен билігіне таласуды күшейтеді.

The Guardian сарапшылары хуситтердің Әли Абдулла Салехті өлтіргенінен кейін Йемендегі азаматтық соғыс драмалық қарқын ала бастады дейді. Елдегі жағдай жақын уақытта тұрақсызданады деп жазады басылым. Елді 30 жылдан астам уақыт билеген экс-президент өткен аптада хуситтермен кикілжіңге келіп, Сауд Арабиямен татуласуға ұмтылған. Бұл «дау» үлкен жарылысқа ұласып, Sky News Arabia телеканалының мәліметі бойынша, кем дегенде 245 адам қаза тапқан.

Алайда оңшыл көтерілісшілер Салехтің өлімі абайсызда болды дейді. Салех пен оның адамдары Санханға келген кезде, қауіпсіздік күштері оны ұстауға тырысқан. Бірақ атыс болып, нәтижесінде экс-президент қаза тапты деп жазады Sky News Arabia.

Әркімде өзінің брекзиті бар

Ұлыбритания мен Еуропалық одақ Брекзит жөнінде келісімге келе алмады, бірақ 14-15 желтоқсанда өтетін ЕО саммитіне дейін уағдаласатындарына сенімді деп жазады La Republica. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мен Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер келіссөзден кейін Лондон мен Брюссельде бірқатар проблема барын мойындауға мәжбүр болған. Басылымның жазуынша, соңғы екі айда ең күрделі тақырып Ирландия шекарасы болған. Британия үкіметі дүйсенбі күні Еуроодақ пен Ирландия қысымына көніп, Еуроодақтан шыққаннан кейін тәуелсіз Ирландия мен Британия құрамына кіретін Солтүстік Ирландияны үйлестіруге келіскен деп атап өтеді The Guardian.

The Daily Telegraph британиялық басылымының жазуынша, «Ұлыбритания мен Еуропалық одақ Брекзиттен кейін Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасында қатаң шекара болдырмауға келіскен. Ирландия СІМ мен вице-премьері Саймон Ковени «Брюссельде шекара болмайды деп келіскен. Ирландияның екі бөлігі де біріңғай кеден және сауда ережелеріне бағынады делінеді. Бірақ бұл келісімге Солтүстік Ирландияның демократиялық юнионистік партиясы қарсы» деп мәлімдеген.

Қырғыз және тәжіктің Қытайға қарызы

​The Diplomat Орталық Азиядағы кедей мемлекеттер — Қырғызстан мен Тәжікстан Қытайға қарызын қайтара алмайды деген пікірді жоққы шығарады. Басылым санмен мысал келтіре отырып, екі ел қарызын жақсы өтеп отыр дейді. Қытайға қарыздың көлемі Қырғызстанның сыртқы қарызының 41 пайызы мен Тәжікстан қарызының 53 пайызы құрайды.

Алайда басылым қытай несиесінің дені АҚШ долларымен берілгенін алға тартып, "Қырғызстан мен Тәжікстанда валюта бағамы ауытқып тұрған шақта, валюта қоры жетіспейді" дейді.

Ауғанстандағы басқа АҚШ және Ресей

Америкалық генералдар мен дипломаттар Ауғанстан стратегиясына Ресейдің әскери ынтымақтастығымен түзету енгізіп жатыр деп хабарлайды The Washington Times.

Атап айтқанда, Құрама Штаттар Ресейден елде героин өсіруге қарсы күрес шарасын күшейтуді талап етпекші. Ауғанстандағы америкалық контингентті басқаратын қолбасшы Джон Николсон «героин жыл сайын ондаған мың ресейлікті өлтіріп жатыр» дейді.
Әрі қарай

Дайджест: Орталық Азия тұрақты ма?

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Орталық Азия тұрақты ма?Әріптестер мен жазылушыларға әлемдік БАҚ-қа шолу деп аталатын жаңа айдар ұсынамыз. Дайджесте әлемдік басылымның не жазып жатқанынан хабардар боласыздар. Егер сіздерге ұнаса, пікір қалдырыңыздар, бізге жазыңыздар.
Шабуылдан кейінгі Синай

Египеттегі сопылық ағым өкілдері Синай түбегіндегі мешітке жасалған шабуылға қарамастан, Мұхаммет Пайғамбардың туған күніне орай мерекені жалғастырып жатыр, деп жазды The Guardian. Мешіттегі шабуылдан 305 адам қайтыс болған. Египет сопы ордені Жоғарғы кеңесінің басшысы Абдул Қадыр әл-Касабтың газетке хабарлағанындай, мерекелік шаралар мешіттердің ішінде, Каир орталығындағы Хусейн мешітінің ішінде де өтеді. Оның айтуынша, көшеде мерекелік шаралар болмайды, сопылық ағымды жақтаушылардың қазасына орай жыл сайынғы сопылар шеруі де биыл өтпейді.

Сопылардың мешітіндегі жарылыс жауапкершілігін әлі күнге дейін ешкім мойнына алған жоқ. Түбектің бірқатар аудандарында Уәлаят әл-Синай тобының қара баннерлері пайда болды. Бұл ұйым 2014 жылы «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына адал болуға ант берген, деп хабарлады Ассошиэйтед Пресс. Бұл топтың әмірлері ауыл ақсақалдарынан қауіпсіздік күштерімен әріптес болуды доғаруды талап етіп отыр. Сонымен бірге олар тұрғындарға Пайғамбардың туған күніне орай сопылар ғұрыптарына тыйым салған.

Исламның бір тармағы ретінде ресми түрде тіркелген ағымның мешітіне шабуыл жасалуы Египеттің соғыс күнде болып тұратын Ауғанстанға айналып бара жатқанынан хабардар етеді, деп жазды израильдік ​Haaretz газеті.

Қисық белдеу?

АҚШ терроризмді қолдап отыр деп айыптаған Солтүстік Корея мен Сирия әріптестіктерін арттыруды көздеп отыр, осылайша Вашингтон мен оның одақтастарына қарсылық көрсететін халықаралық белдеу әлемде беделді болып барады, деп жазды Newsweek.

Газет Солтүстік Корея елшісі Цзан Мюн Хоның Дамаск қаласында Сирияның еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі министрі Рима әл-Кадеримен кездескенін хабарлады. Сириялық шенеуніктің мәлімдеуінше, оның елі Пхеньянның Сирия үкіметіне көрсеткен қолдауын жоғары бағалайды және соғыстан кейін қайта қалпына келтіру барысында кәрістердің тәжірибесі мен кеңесіне үміт артады.

Newsweek Хафез Асадтың әскери төңкерісінен кейін Солтүстік Корея Сирия мен Египетке Израильмен соғыста көмектесу үшін өз сарбаздарын жолдағанын еске салды. Башар Асад 2000 жылы билікке келгенде, кейбір мәліметтерге қарағанда, дәл осы Солтүстік Корея оған ядролық реактор салуға көмектескен. Бірақ оны 2007 жылы Израиль әуе соққысымен жойып жіберген еді.

Орталық Азия тұрақтанды ма?

Осы сауалға жауап іздеген Stratfor сараптама орталығының хабарлауынша, аймақтағы ең тұрақсыз ел саналып келген Қырғызстанда билікті табыстау бейбіт өтті, бірақ экономиканың әлсіздігі, Өзбекстан және Тәжікстанмен шекара мен ресурс даулары, жихадшылар қауіпі, елге ықпал ету үшін Ресей мен Қытай бәсекесінің күшеюі секілді факторлар әлі де қауіп төндіріп тұр.

Өзбекстанда президент Мирзияевтің реформаны тездетіп жүргізуге деген ұмтылысы биліктің екіге жарылуына әкелді және Мирзияев билігінің нығая қоймауы мен халық санының тез артуы, сонымен бірге радикалды күштердің өсуі саяси тұрақсыздыққа соқтыруы мүмкін.

Назарбаевты алмастыратын нақты мұрагері анық емес Қазақстан болашақта биліктің ауысынан қатты шайқалуы мүмкін. Билік жылы алмасқан күннің өзінде, Қазақстанның энергетикалық экономикасы әлі де болса бағаның тұрақсыз болуына тәуелді, ал жихадшылар баяғыдай қауіп төндіріп тұр.

Түркіменстанда президент Бердымұхаммедов билігі күшейіп, оған бәсекелес болатын саяси бақталастың жоқтығына қарамастан, елдегі экономиканың құлдырауына тосқауыл бола алмай отыр. Дағдарысты қуат көздерінің әлемдегі бағасының төмен болуы туғызды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның саяси мұрагерге тікелей қатысты мәселелері болмаса да, оның билігінің ұзаққа созылуы болашақта елде тұрақсыздық туғызуы мүмкін. Аймақ тұрақсыздығына әлеуметтік-экономикалық қысымның күшеюі, Ресей мен Қытай секілді аймақ ойыншыларының бәсекесінің артуы да өз үлесін қосып отыр.
Әрі қарай

Дайджест: Зымыранға төзу. Керри құпиясын ашты. Өзбекстанға акустикалық шабуыл жасалды ма?

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Зымыранға төзу. Керри құпиясын ашты. Өзбекстанға акустикалық шабуыл жасалды ма?Әріптестер мен жазылушыларға әлемдік БАҚ-қа шолу деп аталатын жаңа айдар ұсынамыз. Дайджесте әлемдік басылымның не жазып жатқанынан хабардар боласыздар. Егер сіздерге ұнаса, пікір қалдырыңыздар, бізге жазыңыздар.
Солтүстік Корея. Зымыран сынағы және төзім

Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыранының соңғы сынағы оның ядролық бағдарламасы жетіле түскенін көрсетті, деп жазды The Wall Street Journal. Басылым болжамы бойынша, Пхеньян бұл сынақты АҚШ-тың қызыл жолақты кесіп өтіп, соғыс бастап кетпес үшін жасап отыр. Солтүстік Кореяның бұл әрекетін АҚШ қатты сынады.

«Біз Солтүстік Кореяға соғыс ашуға ешқашан талпынған емеспіз. Бірақ соғыс басталса, Солтүстік КОрея жүйесі толығымен жойылатынына күмәніңіз болмасын», — деп мәлімдеді АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли. Оның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі мәлімдемесін Associated Press жазды. Ол әлемнің барлық елдерін КХДР-мен кез келген қарым-қатынасын үзіп, Солтүстік Кореяның БҰҰ-дағы дауыс құқығын алып тастауды шақырды.

Иранды бомбалауға үгіттеген

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Джон Керридің мәлімдеуінше, Вашингтонның Таяу Шығыстағы үш негізгі одақтасы — Израиль, Сауд Арабиясы және Египет АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманы «Иран бомбалауға үгіттеген». Бұл 2015 жылы шілдеде әйгілі ядролық келісім жасаларға дейін болды, деді саясаткер Вашингтондағы форумда. Бұл туралы Newsweek хабарлады.

Иранның аймақтағы бәсекелесі саналатын екі суннит елінің және Израильдің басшылығы АҚШ-тың Иранға қарсы әскери қимыл бастауын қалаған. «Олардың барлығы маған: „Сендер Иранды бомбалауларың керек, олар соны ғана түсінеді“, деді». Дей тұрғанмен, дәл осы елдер АҚШ-тың Иранға соғыс ашу мүмкіндігін сынаумен болды, деді Джон Керри.

Дегенмен Израильдің АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Майкл Орен The Jerusalem Post газетіне берген сұхбатында Керридің бұл мәлімдемесін сынап, «Израиль, сонымен бірге Таяу Шығыстағы сол секілді елдер Иранның ядролық қауіпін АҚШ әскермен немесе дипломатиялық жолмен шешуге мүмкіндігі болғанын түсінді» деді.

Ауғанстандағы жаңа күш

АҚШ пен НАТО-ның Ауғанстандағы әскерінің қолбасшысы Джон Николсонның мәлімдеуінше, Дональд Трамп әкімшілігінің Ауғанстандағы америкалық әскер санын көбейтуі «жеңіске апарады». Генерал екі жылда америкалық әскер «Талибан» содырларын тықсырып шығатынына сенімді, деп жазды Chicago Tribune. «Біз осы жерде миссияны аяқтағанша боламыз», деп мәлімдеді ол.

Генерал Николсонға дейінгі жеті қолбасшы да соғыста жеңіске жететінін болжаған еді. Қазір Ауғанстанда 14 мыңға жуық америкалық сарбаз бар. Соғыс қызып тұрған шақта мұнда 100 мың АҚШ жауынгері болған, бірақ «Талибанды» жеңе алған жоқ, деп жазды Chicago Tribune.

Өзбекстанға акустикалық шабуыл жасалды ма?

АҚШ Мемлекеттік департаменті Өзбекстанның америкалық елшілігіне акустикалық шабуыл туралы мәліметті жоққа шығарды, деп жазды The Hill. Ташкенттегі америкалық елшілік қызметкері күздік басында акустикалық шабуыл құрбаны болғанын хабарлаған еді. Дәл осындай жағдай Кубада 2016 жылы болған — америкалық дипломаттар үйлері мен жұмыста жоғары дыбыстың үзілмейтініне шағымданған.

Бұл уақытта, CBS News өзінің дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, АҚШ-тың Ташкенттегі елшілігіндегі жағдайға ресейлік арнайы қызмет қатысы болуы мүмкін. New York Post Куба мен Өзбекстанның Ресеймен дос екенін жазып, Гавана мен Ташкенттегі акустикалық шабуылдарға Мәскеудің қатысы болуы мүмкін деген болжам жасаған.
Әрі қарай

Дайджест: Меркель қиындыққа тап болды. «Қолтырауын» Мугабені алмастырады. ИМ Папаға сес көрсетті. Болливуд әртісіне төнген қауіп

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Меркель қиындыққа тап болды. «Қолтырауын» Мугабені алмастырады. ИМ Папаға сес көрсетті. Болливуд әртісіне төнген қауіп
Меркель қиындыққа тап болды

Ангела Меркель Германия канцлері қызметінен кеткісі жоқ, деп хабарлады немістің ZDF телеарнасы. Коалиция сәтсіздігінен соң, отсавкаға кету мүмкіндігі туралы сұраған журналист сауалына Меркель елді әрі қарай басқара беретінін айтқан. «Мен сайлау қарсаңында берген уәделерімнен бас тартпаймын», — деді ол.

ГФР коалициялық үкіметі жөніндегі келіссөздер Еркін демократтар партиясы одан шығып кеткен соң сәтсіздікке ұшырады. Неміс саясаты мұндай болады деп күтпеген еді. Германия жаңа парламеттік сайлау туралы айта бастады, деп жазды Washington Post. Басылым бірнеше ай бұрын ғана Ангела Меркель Еуропадағы ең ықпалды басшылардың бірі ретінде саналды, тіпті кейбірі оның Батыс әлемінің жетекшісі ретінде дәріптеп, Трампты олимптен ысырып үлгерген. Енді ол Германияның өзінде ең ықпалды саясаткер саналмайды, деп жазды газет.

«Қолтырауын» Мугабені алмастырады

«Мугабе кеткен соң Зимбабве күні не болады?», деген сауалға The New York Times жауап іздеді. Басылым елді 37 жыл билеген 93 жастағы диктатордың орнына билікке оның бұрынғы орынбасары, қазіргі қарсыласы Эммерсон Мнангагва келуі мүмкін деп болжайды. Бұған дейін қауіпсіздік қызметін басқарған ол "қолтырауын" деген лақаб атқа ие, бұның өзі «оның Мугабеден жұмсақ болады дегенге сену қиын екендігін көрсетеді». Бірақ The Guardian газетінің хабарлауынша, Зимбабвенің билік басындағы партия «парламент депутаттарының назарына Мугабені „тұрақсыздық көзі“ ретінде биліктен кетіру тралы қарар жобасын» ұсынған. Мугабені олар экономикадағы дағдарыс үшін кінәлап, заңға құрметсіздік көрсетті деп отыр. Сол себепті Мнангагву оның жолын қайталамауы мүмкін.

ИМ Папаға сес көрсетті

Көптеген елдерде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» тобының содырлары Рим Папасы Францистің қазасы белгіленген насихат плакатын жариялады. Newsweek оны Telegram қосымшасынан тауып алған. Онда бетін ақ матамен тұмшалаған терроршы Рим Папасының кесілген басын ұстап тұр. Плакаттың жоғарғы жағында "әрбір төгілген қан үшін" христиандардан кек алатыны туралы қоқан-лоқы жазылған. «Мұндай қорқытулар Рождество мерекесі қарсаңында пайда болғанына таңдануға болмайды. ИМ топтары мен оның жақтастары БАҚ назарын осылай аударғысы келеді», деді Newsweek басылымына SITE Intelligence Group директоры Рита Кац.

Болливуд әртісіне төнген қауіп

Үндістанда радикалдардың бірі үнді фильмінің жұлдызы Дипик Падукон мен танымен болливуд режиссері Санджай Лила Бхансалиді «Падмавати» фильмі үшін бетін тіліп немесе өлтіргені үшін 100 млн рупий (130.000 евро) уәде етті. Италияндық La Repubblica басылымыының үнді ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлауынша, осындай қорқытулардан соң Viacom18 Motion Pictures кинокоманиясы фильмді жарыққа шығару уақытын шегеруге мәжбүр болды. Фильм 1 желтоқсанда көрсетілуі керек еді.

«Падмавати» фльмі XVI ғасырдың эпосы желісімен түсірілген. Онда Дели сұлтаны Алауддин Хилджи раджпут княздығы Мехварді қоршауға алып, Падмавати ханшайым оның әйелі болуға келіссе, ешкімді тиіспеуге уәде береді. Бірақ ханшайым өзін өлтіруге бел буады. Оның рөлін фильмде Болливуд жұлдызы Дипика Падуконе сомдаған. Үнді радикалдары раджпут ханшайымы фильмде жағымсыз ретінде көрсетілген деп есептейді, деп жазды La Repubblica.
Әрі қарай

Дайджест: Младич және Мьянма туралы. Апиын алқабындағы бомба. ИМ балалары және Қытай белдеуі

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Младич және Мьянма туралы. Апиын алқабындағы бомба. ИМ балалары және Қытай белдеуі
Младич түрмеде, қалғандары ше?

«Үшінші Рейхтен кейінгі Еуропадағы ең қаныпезер генерал Ратко Младич қалған өмірін түрмеде өткізеді. Гаага трибуналының бұдан басқа кез келген шешімі орынсыз болар еді", деп есептейді Ед Вуллиами. Бұрынғы Югославиядағы соғыс туралы кітап авторы бұл пікірін The Guardian газетінде жариялаған мақаласында. Младич бостандықта жүрмеуі тиіс, оның орны түрмеде. Бірақ қалған күш иелері жасаған қылмыстары үшін жауап бере ме?

Ед Вуллиами бұл ретте Нобель сыйлығының лауреаты, Кейптаун архиепископы Десмонд Тутаның бұрынғы британ премьері Тони Блэр мен АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Бушты Ирактағы әскери науқан үшін сотқа тартуды ұсынғанын еске салды. Сириядағы соғысқа қатысты Асад пен Путинге немесе «Ислам мемлекетін» қаруландыратын, Йеменде жарылыс жасаған Сауд Арабиясы жүйесіне қатысты әділдік орнай ма? Адам құқығы үшін қозғалыстың бұрынғы белсендісі Аун Сан Су Чжиге үкім шыға ма? – деген сауалды The Guardian газетінде жарияланған мақала авторы қойды.

Мьянмада этникалық тазалау жүріп жатыр ма?

Құрама Штаттар алғаш рет Мьянма әскерін Ракхайн штатында мұсылман рохинджаларға қатысты «этникалық тазалау» жүргізді деп ашық айыптады. Әскери репрессия кезінде 600 000 адам үйлерінен қуылды, деп жазды Le Monde. Басылым БҰҰ-ның 11 қарашада Мьянма билігін рохинджаларға көрсеткен қорлығы үшін айыптады. бірақ сол кезде Вашингтон бұл терминді қолданудан бас тартқан.

«Мұндай қатыгездік үшін қатаң жаза қолдану керек», деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон. Ол бұл сөзін Мьянма қарулы күштерінің бас қолбасшысы аға генерал Мин Аун Хлайнмен және азаматтық әкімшілік басшысы Аун Сан Су Чжимен кездесуі кезінде айтты. «Күрделі талдаудан соң Ракхайн солтүстік провинциясында рохинджаларды этникалық тазалау жүргізілгені анықталды, мұндай қатыгездікті ештеңе ақтай алмайды, деген Рекс Тиллерсонның сөздерін Le Monde келтірді.

Апиын алқабындағы бомба

АҚШ-тың Ауғанстандағы апиын алқаптарын жоюға қатысты жаңа майданы жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын келтіруі мүмкін, деп жазды The Times of India. Басылым сарапшыларға сілтеме жасаған. АҚШ әскери әуе күштерінің озық ұшақтары мен ұшқышсыз ұшақтарының бір бөлігі Сирия мен Ирактағы әскери операция аяқталған соң Ауғанстанға көшіріледі. «Америка өзінің технологиясын нысанаға дәл тигізеді деп мақтайды. Бірақ әуеден соққылардың жиілеуінен бейбіт тұрғындар көп зардап шегіп, содан АҚШ жау ретінде санап кетеді», деді Хьюман Райтс Вотчтың вашингтондық директорының орынбасары Андреа Празов (Andrea Prasow) газетке берген сұхбатында.

Бірақ ұлттық мәселелер жөніндегі бұрынғы кеңесші Джон Ханна «Талибан» қозғалысының «есірткі империясын» жою қажет деп есептейді. "Әрбір стратегияны аяғына дейін жеткізу үшін нық шешімдер қабылдануы керек, қарсыластың негізгі табыс көзін жою қажет", деді Джон Ханна Франс-Пресс агенттігіне.

ИМ балаларының тағдыры

Германияның федералдық үкіметі «Ислам мемлекеті» тобындағы неміс содырларының балаларын елге қайтарғысы келеді, деп хабарлады Frankfurter Allgemeine Zeitung. ГФР сыртқы істер министрлігі Ирак үкіметіне шығып, ИМ содырларының жетім балалары тұратын орталықтарға дипломаттарды жіберуін сұрады. Неміс ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, неміс содырларының жесірлері мен алты бала Иракта тергеу орталықтарында отыр.

Бұл уақытта, Конституцияны қорғау жөніндегі басқарма басшысы Ханс-Георг Масзен ИМ содырларының есейген балаларынан қауіптену керектігін ескертті. Оның пікірінше, бұл балалар «жиһадшылардың» идеологиялық ықпалында болған. Олардың оралуы елде «жиһадшылардың» жаңа ұрпағын өсіріп шығаруы мүмкін, деп ескертті Ханс-Георг Масзен.

Қытай белдеуінің түсі қандай?

The Nation басылымы Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі (CPEC) жобасы туралы жазды. Пекиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында 63 млрд доллар қаржы бөлінген. Авто және темір жолдар арқылы пәкістандық Гвадар портты қаласы мен қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы жалғасады.

«Бір белдеу — бір жол» ауқымды жобасы аясында "Қытай — Орталық Азия дәлізі" жобасы жүзеге асырылады. Бұған дейін аймақта Қытайдың қатысуымен ірі жобалар қағаз жүзінде қалып келді, деп жазды The Jamestown Foundation сараптама орталығы. Мысалы, 2002-2013 жылдары Қытай Қырғызстанмен темір жол құрылысы жөніндегі екі жобаны талқылап келді. Бірақ тараптар ақыры бір келісімге келе алмаған. «Пекин бастамаларының аймақтағы экономикалық интеграцияға ықпал ететінін немесе оның Орталық Азия республикаларында геостратегиялық теке-тіреске алып келетінін болжау қиын», деп жазды The Jamestown Foundation.
Әрі қарай