Менің Ғалиям

Блог - Arys_arlany: Менің Ғалиям«Екіншісі, Балжанның төменгі жағында енесін жанамалаған құлынша оған еркелікпен сүйене түсіп отырған, қасы, көзі қап-қара, еліктің лағындай сүйкімді жас қыз. Көмірдей қара шашын желкесіне төгілдіре қырыққан. Бұл Балжанның Ғалия дейтін қызы екен. Жасы мен шамалас. Маған ол көз алмастан қарай береді».
Бұл үзінді Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романынан алынды. /10-бет/Ан-Арыс баспасы.Алматы 2010ж/. Романдағы басты кейіпкер Еркіннің Ғалия есімді қызбен алғаш танысуындағы сипаттамасы. Ал мен айтқалы отырған «жанға» жоғарыдағы теңеу аз болатын сияқты. Табиғат сыйлаған сұлулығына ақылы сай, сыртқы сұлулығына ішкі сұлулығы үйлесім тапқан, «ғажап» жан. Реалда екі-үш мәрте сырттай көргенім болмаса, жеке кездескенім жоқ. (Ол кездерде «жағдайдың» бұлай күрт өзгеретінін қайдан білейін).
Табиғат заңдылығы қай уақытта да өз дегеніне көндіреді. Қанша қашқақтағаныңмен де шешуші кезеңнің келгені анық. Өмірді өз деңгейімше түсіндім дегенмен де пенде болғаннан кейін кемшіліксіз болмайды. Мен үшін ең қиын сұрақ «қызың бар ма?» деген сұрау екен. «Жоқ» дегенді ешкім қабылдай алмайды бірақ. «Мүмкін емес, алдайсың, жасырасың» деген сияқты сенімсіздік танытқанымен, расымен солай. Негізгі себебі, жасыратыным жоқ менде өз замандастарым секілді стереотипті ойды жеңе алмауымда. Өзімнің түсінігімдегі «идеалды қыз» бен «идеалды жігітті» жасап алғанмын. Егер «идеалды қыз» жолықса, өзімді «идеалды жігіт» санатынан көре алмай қаламын. Осылайша кейінгі ысырып тастаумен уақыт шіркіннің зымырап көз алдымызда өтіп жатқанын іштей мойындап, мойынсұнып қала бересің.
Меніңше, өзін сыйлай білетін жігіт, ең бірінші өзінің болашақтағы жүзеге асыратын мақсатын айқындап алуы керек. Межелеген жоспарын іске асырса, болашақта өзімен мәңгі серік болатын жанын табу, таңдай білу қиынға соқпайды. Менімен көпшілік келіспеуі мүмкін, бірақ қазіргі заманның шындығы осында. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген. Үйсіз, баспанасыз «үй» болу қалай оңай болсын бұл заманда. Осындай ойлар баста тұрғанда үйлену де кейінге қала береді екен. Қазіргі таңда жігітке 27-29 жасында үйлену қалыпты жағдайға айналып келеді. Егер ол осы уақытқа дейін өзінің негізгі мақсатына қол жеткізіп, болашақ өмірін айқындай алса. Жұмыс барысымен көптеген адамдармен танысасың. Әңгіме барысында отбасылық жағдай міндетті түрде сұралады. Ең болмағанда «менде мынауский қыз бар, сені сонымен таныстырайын» деп қолқасын салып, уәдеңді алып кетеді. Аз жанмен таныспадым осы жолмен. Кездестік, сөйлестік, сырластық, бірақ ғашық болу мен ұнату екі бөлек, есеппен танысу, араласу үшінші нәрсе екеніне талай көзім жетті.
Ал соңғы уақыттағы бастағы өтіп жатқан жағдай шын көңілден, шынайылық екенін біліп жүрмін. Ия, мен шын ғашықпын. Мен ғашық болған жан, әдебиеттегі Ғалиядан мыңдаған есе артық десем, жаңылыспаспын. Көзсіз ғашықпын. Сөзсіз. Тіпті менің ғашықтығымды сипаттайтын «смайлик» әлі ойлап табылмаған. Жағдайды тез өрбіткім келмейді. Өйткені, басталуы тез нәрсенің аяқталуы да тез болатынынан сезіктенемін. Бастысы, ол менің реалда қалай жақсы көретінімді сезінсе болғаны.
Әрі қарай