Алтын ордам - Балқашым!
Өзімнің туып өскен жерім, қасиетті мекенім Балқаш қаласы жайлы ой-өрбітейін деп отырмын. Қарағанды облысынан 380 км шақырымда орналасқан. Ең алғаш 1931 жылы Прибалхашстрой кенті ретінде қаланған. Кейін 1937 жылдан бастап Балқаш қаласы деген статусқа өзгертілді.
Балқаш қаласы несімен ерекшеленеді? Әрине, ең алдымен көз алдымызға мөлдір-таза көлі елестейді.Балқаш көлі — Қазақстандағы ең ірі көлдердің бірі, оңтүстік-шығысында орналасқан. Аумағы жағынан Каспий, Арал теңіздерінен кейін үшінші орында. Орташа тереңдігі 5,8 метр, ең терең жері 26 м. Батыс бөлігіне Іле, шығыс бөлігіне Қаратал, Ақсу өзендері құяды. Жаз айында еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті Ресейден, Қытайдан туристер келіп демалады. Қаламыз мұнысымен ғана шектелмейді. Оңтүстік-шығысында 60 км жерде Әулиетау деп аталатын тау желісі бар. Бірақ қала тұрғындары «Бектау ата» деп атайды. Оның жанында Ұраңқай деген шоқы бар. Таудың шыңы 1000 метрге дейін жетеді, ал ұзындығы 4000 га, оның аумағында түрлі атқалдар мен құздар орналасқан. Бектау ата тауының күн батыс жағында "Әулие" деп саналатын үңгір бар. Үңгірдің жалпы ұзындығы 45-48 метрге дейін жетеді. Суы мөлдір, таза, өте салқын және түбі лай болып келеді. Кезінде Бектау ата үңгіріне ауру адамдар, бала көтере алмайтын әйелдер басына түнеп, құрбан шалып, Құдайдан тілеген тілектерінің орындалуын сұрайтын қасиетті орын болған. Ал, қазіргі уақытта бұл жан-жақтан келетін туристердің қызығушылығын тудыратын табиғат әлемінің ерекше бір туындысы болып қалыптасты. Және де мұнда балалар демалатын жазғы лагерлер жұмыс істейді. Сонымен қатар, шаһарымызда «Балқаш кен-металлургия» комбинаты бар. Мұнда алтын, күміс, платина және т.б. түсті металдар шығарылады. 1997 жылдан бастап "Қазақмыс" корпорациясының құрамына кірді. Аймақтан мыс кенін шығаратын 4 кеніш жұмыс істейді. Олар: Қоңырат, Саяқ-1,2,3. Бұлардан басты пайдалы компонент — мыс, молибден, алтын өндіреді.
Қаламызда 20 шақты білім ордасы, денсаулық сақтау орталығы, кітапханалар, мұражайлар және де жастарымыз бос уақыттарын тиімді пайдалануға арналған "Өнер мектебі", «Спорт кешені», «Оқушылар сарайы», бассейндер бар. Ал, орталық алаңында Ағыбай батыр ескерткіші орналасқан, сонымен қатар Мұхтар Мағауин атындағы мәдениет сарайы бар. Қаламызды қай жағынан алып қарасаң да мақтауға тұрарлық. Бірақ, ең басты деп саналатын киелі жерлері туралы жаздым. Оқып отырғанның өзінде көз алдыңызға бейнесі елестейтіні хақ. Қаламыз жылдан-жылға дамып, өсіп-өркендеп жатыр. Еліміздің үлкен бір алып қаласына айналатына сенемін.