Ақпараттық әлем әлеуеті

Ақпараттық әлем әлеуеті
Данышпан Абай адам баласының дүниеге келгенде екі түрлі мінезбен туатынын, оның бірі көрсем, білсем деп бар нәрсені білмекке ұмтылып тұратынын қара сөздерінде айтып кеткен. Асылы осы әрбір адам, тіпті халықтар да осындай өмірлік тәжірибедегі сұрақтарға жауап табу қабілетіне қарай ерекшеленетін болар. Бұл ретте білім беру, тәрбие мен ғылымның дамуы жалпы қарапайым азаматтың қоғамдық көзқарасын қалыптастыруда ақпараттық әлем әлеуетіне көп нәрсе байланысты болып шығады.
Шынында кешегі күн мен бүгінгі ақпараттық әлемнің арасында алшақтық басым. Жаңа заманның жаңашылдығынан қалыс қалмау үшін көп істің атқарылып жатқанынан да біраз жайды аңғаруға болады. Бұрын адам қажетті мәліметтерді кітаптан, ғалымдар еңбегінен, бұқаралық ақпарат құралдарынан, отбасы мүшелерінен, мектептен алатын. Қазір осы ақпараттық ресурсқа заматында жылдам хабар алғызатын мүлде жаңа техникалар қолданыста бар. Мәселен, компьютердің өзі бізге жаһандану үрдісіндегі өзгерістердің ең ірісі болды. Санада оянған сан сұраққа жауапты іздеу жолында ізденімпаздарға керек мәліметті беретін ақпараттық ресурстардың барлығын бүгінде осы компьютер, Интернет арқылы таба аламыз. Оған дамыған біздің елімізде мол мүмкіндіктер жасалып отыр. Яғни, қазіргі жас буынның қажетіне сай ақпараттық әлемнің қалыптасу үрдісі бар. Жаһандық дәуір тынысын тез түсінген мемлекетіміз ақпараттандыруды мектептен бастады. Елбасының тікелей тапсырмасымен мектептер компьютерліндіріліп, бүгінде интерактивті тақта арқылы жұмыс жасауда. Мұндағы мақсат қазақстандықтардың қоғам мен экономикадағы болып жатқан өзгерістерге жылдам бейімделуіне мүмкіндік беретін жан- жақты білім кеңістігін қалыптастыру.
«Білім алу үрдісі барысында біздің жас ұрпақ проблемаларды өз беттерімен шешуге үйренулері, сын көзімен кең өрісті ойлаулары, ынталылық пен тапқырлылық көрсетулері керек. Қай елдің халқы оқу мен білімнің арқасында алған ақпараттарды, білімді және технологияларды өмірде тиімді қолдана білсе толыққанды болашақ сол елге тиісті»,- деп Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» кітабында деп атап көрсетті. Сол арқылы жеке тұлғаның қалыптасатын жері мектеп екенін, дәл осы жерде жеткіншектің жеке тұлғалық өмірге бетбұрысы айқындалатынын жеткізді. Мектеп өмірдің алғашқы сабақтарын береді. Бірақ баланың жеке ерекшеліктерін басып тастамау керек. Олай етпеген жағдайда ақиқатты өз бетімен түсінудің орнына қашанда біреудің түсінігіне сүйенуге бейім болып тұрады. Бұған қатысты «Мұғалім жауаптарын бермейді, ол сұрақтар қояды. Мұғалім білімнің жолымен жетектеп жүрмейді, ол тек оны көрсетеді» деген тауып айтылған пікір бар. Ақпараттық ресурсы жеткілікті, қабілеті бар, ұмытылыс мен ерік жігері бар халқымыз білім көкжиегінде ешбір елден қалыс қала алмайды. Шетелдердің озық тәжірибесін меңгеріп, тиімді ісін үйрену үшін он жылдан бері «Болашақ» бағдарламасының негізінде жастарымыздың дамыған елдердегі оқу орындарында білім алып келе жатқаны соған дәлел. Рас ақпараттық қоғам білімділік пен сауаттылыққа байланысты терең өзгерістерге ұшырады. Ақпаратты берудің, қабылдап алудың, өңдеп сақтаудың жаңа әдістері мен өзгерістері толассыз пайда болуда. Бұл нені көрсетеді? Яғни жаһандану үрдісі үздіксіз даму үстінде. Одан шет қалмау үшін бізге үнемі алға ұмтылып, жаңашылдыққа бейім тұрғанымыз шарт. Бірақ мүмкіндік бар екен деп ақпарат ағыныныдағы кез келген мәліметті қабылдай беруге болмайды. Интернет желісінің зор жетістігін өз мүддемізге қарай пайдалану түптеп келгенде ұлтжанды ұрпақтың келешегі үшін керек. Сол үшін де жастардың кез келген тың ақпаратты алып қана қоймай соған сай ойланып, қажеттісін үйреніп, тиімсізін ысырып тастайтындай қабілеті мықты болғаны абзал. Осы ретте көп міндеттің мектеп әрине мұғалімдер біздерге жүктелетіні анық. Ұлттық құндылықтың болашағын көбірек ойлайтын зиялы қауым ақпараттық әлемде тек ұлтқа керек мәліметтің болуын көксейтінін де естен шығармауымыз қажет. Ұлт мұратын жадында берік сақтаған бала ғана өзіне әлемдік ақпараттық кеңістікте ненің керегін жақсы біледі.
Қазақстанның Еуразия аймағында көшбасшылығын сақтауы үшін асқақ міндеттерді кәдеге асыруда әрине көптің, шетелдің білгеніне жүгінеміз, саралаймыз. Қорыта келе өз жетістігімізбен байланыстыра отырып, жаңашылдыққа қол жеткіземіз.

Омарова Аружан Айдарбекқызы
Қызылорда қаласы, «Мұрагер» мектебінің логопеді
Әрі қарай