Астанада «Сахнадан сәлем» театр апталығы басталады

Дәстүр бойынша елорданың туған күніне орайластырылған мерекелік шаралар «Сахнадан сәлем!» IVХалықаралық театрфестивалінен басталады. Фестиваль аясында Қазақстан мен таяу шет мемлекеттерінің үздік әртістерінің орындауындағы көрнекті қойылымдар көпшілік назарына ұсынылатын болады.

Астана жаңалықтары: Астанада «Сахнадан сәлем» театр апталығы басталады

Астанадағы театр апталығының шымылдығы 20 маусымда елордалық «Жастар» театрының әртістерінің орындауындағы«Моцарт» мюзиклімен ашылады. Келесі күні Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры режиссер Б. Ұзақовтың «Бір кем дүние» драмасын ұсынады.

Фестивальдің үшінші күні театр сүйер қауым Батыс Қазақстан облыстық қазақ дарама театрының (Орал қ.) «Жалт еткен бір сәуле», сондай-ақ, Өскеменнен келген қонақтардың Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының «Үйлену» қойылымдарын тамашалайды.

23 маусымда көрермендер елордалық М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының жаңа «Пробуждение» треш-драмасын және Ж. Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры шымкенттік әртістердің орындауындағы «Бас» драмасын көре алады.

Бұдан басқа, келесі күні С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры тарихи драмаларды ұнататындарға «Құлан қыпшақ – Кейкі батыр» қойылымын ұсынады. Ал фантастикаға әуес жандар елордаға «Зверь» фантастикалық хикаясын ала келген Ф. Достоевский атындағы орыс драма театрының (Семей қ.) қойылымын тамашалайды.

Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Алматы қазақ мемлекеттік академиялық театрының қонақтары астаналықтардың назарына «Қара шекпен» мысалын ұсынбақ.

Сонымен қатар, фестивальге Ресей мен Украина әртістері де қатысады. 25 маусымда «PaperWall» Киев театрыкөрермендергережиссер М. Назаренконың«ОнОнаЖизнь»визуалды-пластикалық спектаклін көрсетеді. Театр апталығы «Театр Луны» мәскеулік театр әртістерінің орындауындағы «Антракт» драмасымен аяқталады.

Фестивальдің тұсауы 2013 жылы кесілген. Бұл уақиға Астананың 15 жылдық тойы аясында өтті.

Жыл сайын «Сахнадан сәлем!» халықаралық фестивалінің ауқымы кеңейе түсіп, оған қатысатын қалалар мен мемлекеттердің саны артып, Қазақстанның театр әлеміндегі айтулы оқиғаға айналды. 2013 жылдан бері фестивальге Қазақстанның барлық өңірлерінің, сондай-ақ, таяу және қиыр шетелдердің: Ресей, Литва, Түркия, Дагестан, Грузия театрлары қатысты. Биыл бағдарламада 11 театр өнер көрсетпек.

Фестивальдің құрметті қонақтары әрі қазылар алқасы құрамында танымал драматург, театр сыншысы Еркін Жуасбек бастаған өнер қайраткерлері болады. Атап айтсақ, Қазақстанның Халық әртісі, еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Гүлжахан Әспетова, Қазақстанның Халық әртісі, Шәкен Айманов атындағы ха¬лық¬аралық сыйлықтың иегері, профессор Талғат Теменов, сондай-ақ шетелдік қонақтар – театр және кино актері, режиссер, Ресей театр менеджерлері гильдиясының мүшесі, «Мәдениет қайраткерлерінің астаналық цехі» Кеңесінің мүшесі Игорь Краснопольский, театртанушы, «Балтық үйі» жобасының үйлестірушісі, ТМД және Балтия елдерінің «Ресейдегі кездесу» Халықаралық театрлар фестивалінің жетекшісі Мария Юрьева келеді.

Қаланың барша тұрғындары мен қонақтарын «Сахнадан сәлем» фестиваліне шақырамыз. Билеттер Конгресс-холл, «Жастар» сарайы, «Қазақстан» ОКЗ, «Мега», «Сарыарқа», «Керуен» ойын-сауық орталықтарында сатылады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай