Алтын қазық

АЛТЫН ҚАЗЫҚ
Қарттарды көргенімде,
Бір түрлі қалам налып.
Келмеске өздерімен кетеді-ау деп,
Ата-баба ұстанған ғұрпымды алып,
Ана тілім — қазына мүлкімді алып.
Шала қазақ, шұбар тіл олардан соң,
Он есе кететіндей сиқымды алып.
Ақ жаулығы жоғалса шешеміздің,
Жалаң бас қалатындай көрінеді,
Келешектің қара сөз сылқымдары.
Көкірегі — шежіре сырлы сандық,
Қара шалдың қатары сетінесе,
Жетімсіреп қалардай жұртым да азып.
Қазағымның қадірі қартында екен —
Ата жұртқа қағылған алтын қазық!

Үміт Жәлеке
Әрі қарай