Тыныштықбектің екі өлеңі

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Тыныштықбектің екі өлеңіТыныштықбек Әбдікәкімовтың «Ақшам хаттары» атты тоқсан үшінші жылы шыққан мүкәммал кітабы қолыма жақында түсті. Ішінде бәрі бар. Махаббат та, ғадауат та, мұң да, қайғы да, қуаныш та… Кітапты ала сала алғашқы беттеріне көз жүгірткенімде осы «Жеке қоңыры» көңілімді ерекше толқытты. Көптен мұндай сезімге берілмеген едім. Өлеңдерінің барлығы сүт қатқан қызыл күрең қою шай ма дерсің?! Бірінен кейін бірі күшті кетеД. Ал, «жеп-ішіп» отырыңыздар  Айтпақшы, Тыныштықбек Әбдікәкімов — 1953 жылы 20 маусымда Семей облысының Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. «Ақшам хаттары», «Рауан», "Қас Сақ Аңқымасы" атты, т.б, жыр жинақтарының авторы.

Қайта-қайта маңырап, қоңыр қозым,
Суландыра бердің-ау көңіл көзінү
Қозысы едім мен де бір қоңырлықтың,
Танып, толғап тұрсың-ау тегіңді өзің…
Жалғыздық тұр түріңнен байқалып шын,
Сол шындықты қосыла айталықшы,
Жетім зарын ұқпайтын жандар да бар,
Желіні жоқ мал сені қайдан ұқсын!
Маңыраса, тоқ қозы маңырасын,
Маңыраудың білемін мағынасын.
Сен еместін емшек жоқ,
Құр бекерге
Қой алдынан жүгіріп не қыласың!
Келтіре алмай қойдым ғой шақырып та,
Келтіре алмай қойдым ғой бақырып та.
Неге оларға барасың…
Бүйіріңнен солқ еткізе салмай ма мақұлықтар!
Жетімдікті осылай мал да сынар,
Жырым – жалғыз, мен – жалғыз,
Сен бе сыңар?..
Жүр, іздейік,
Біздерді түсінетін,
Кім біледі біреулер бар да шығар?!

«Үндемеуге шыдайды қалай дәтім...»
Үндемеуге шыдайды қалай дәтім,
Қызыл сөзге жанулы талайда тіл.
Бір тірегім шешем ед, қартайған-ау,
Өлең емес, өлімді көп айтады.
Әкемізден бесеу ек малақайлы,
Соры бөлек қайтесің солақайдың.
Мен панасыз бұлт болсам,
Төрт ағайын
Төрт мезгілі секілді он екі айдың.
Кімдер, кімдер, еркек пе, ұрғашы ма,
Білдірген сол мендегі жырға шүбә?
Қарындасым айнаға табынады,
Айырбастап сырымды сырғасына.

Кімге күлкі болдым мен, кімге таба,
Жұлдызды ойды жұлдызсыз түнде табам.
Досым бар ед… байқаймын, менен гөрі
Әйелінің қабағы қымбат оған…

Қайғылыда қалмайды, сірә, қадір,
Қандай-қандай тағдырға сынақ әділ?
Жарасынан жанымның дірдек қағып,
Дірдек қағып қып-қызыл жыр ағады,

Айналамның бәрі де – құдай – тәңір,
Шекемізден сөйлейді дүлей тамыр!..
Өзгелерге мұңымды шаққан болып,
Осылайша өзімді тыңайтамын.
Ғұмырымды қайғымен майдаласам,
Сөз де – нашар мендегі, ой да – нашар,
Өкпемді айтып қайтемін өзгелерге,
Өлеңіме…
Өзіме майдан ашам!

Шуыл құрап қалың ши, ызың құрап,
Жолға шықтым іңірде қызылқұлақ.
Дауылдатқан дәл осы күн секілді
Өзімнің де келеді бұзылғым-ақ!

Қайран менің өз тауым, өз қыратым,
Сайтан бар ма сені де азғыратын?
Бұл қай дауыл?!...Құйрығы құмға айналып,
Қызғылттанып қылшығы көзге ұратын?

Жолға шықтым ал енді қаным тасып,
Қалың шығар, білмеймін, сорым да шын.
Қайдасың сен, бауырым – қоңыр тауым?!
Қайдасың сен, самал жел – қарындасым?!
Қайнамайды мендегі қалайша қан:
(Қаңтарда да көрмедім балауса қар!)
Көз алдымда барасың сен үзіліп,
Көде мұртты далам-ай, селеу сақал!
Түсіндіре алар ма мұны ғылым,
Түйсіктердің сайрағыш тілі қане?
Көрсетпеші, бұралқы итке айналып,
Ағысы жоқ арнаның ұлығанын!
Қақпақылдап соқыр сөз, олақ арман,
Қарқылдаушы ед секемім – ала қарғам…
Тоналумен, Далам-ай, күн кештің-ау,
Тоғайлардан томарлар ғана қалған!
Жұлдыздардың шырынын ұрттағыш таң
Ұйықтап жатыр.
Ұйқыға жұрт та құштар.
Қай кез еді соңғы рет Шыңғыстаудан
Тамырларын қопара бұлттар ұшқан?!..
Қара шашы дауылдың қамалаған
Қара жолдан көңілім оңала ма?
Мен жолаушы емеспін,
Көз жасыңмын,
Әжіміңді қуалай домалаған…
Әрі қарай