Таңдаулы

Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу

Тау етегінде мимырт жатқан кенттің локальды сенсациясы тарағанына біраз болды. Осы аймақтың маңдайына біткен «есі дұрыс» үш арудың қалаға тұрақты түрде кететінін ауылдың алты ауызы әңгіме қылып жүр. Ауылдың жеті өсекші қатынында факт жүзінде жеті ауыз, осы жеті ауыз — алты ауыз болып тұр. Бұлар барда Отау-тв ауылда әркез екінші орында. Сондықтан сенбеске шара жоқ.
Сұлулықтың әлемді құтқаратыны рас болса, біздің үш қыз бер жақта тылдағы гуманитарлық көмектің о жақ, бұ жағында қап қойғандар. Бұл үшеудің асып бара жатқан сұлулығы болмағанымен, не бай, не құдай алмайтын бикештердің қатарында таңдау да көп емес, негізі.
Есесіне, олар ауылға аты мәлім, аса белсенді-белсенді қыздар болатын. Азғын қиялдарыңа дерт бермесін, дегенмен, белсенділігі — бірі музыканың шебері еді. Там-тұм концерттерге шығып, баянда құйқылжыта ойнайтын қара торы қыз болатын. Даусы қыз үшін жуан болғанымен, әу дейтіні де бар. Әрине, Қайрат Нұртас емес, дегенмен, шешесі де «пезнес» біреу емес, бар болғаны қарапайым сауыншы ғой. Қарапайым ғана сауыншы. Жалпы, қысқаша айтсақ, айырмашылығы — баласын емес, зеңгібабалықтарды сауатынында.
Екінші қыз тігінші боп қызмет атқарған, салмақты (екі мағынасында да), алпамсадай шикіл сары қыз еді. Тігін жұмысынан алдына жан салмайтын. Әу баста бұны «кәсіп қылам» деп ойламаған; "әйтеуір қандай да бір сублимация ғой" деп кірісіп көрген еді, кейін кәнігі шеберге айналды.
Үшінші құрбы, шүйкедей ғана қайсар қыз балгерлікпен айналысатын. Негізі, бұл қыздың шешесі бал ашушы еді, содан үйреніп, шешеге қарап өскен түрі. Әу баста өзінің жап-жас басымен бал ашуға ары жібермей жүрген, алайда кейін бәрі сәбидің дәрет хикаясындай аяқталды… Жіберіп қойды. Айтпақшы, қызының қалаға болашақ сапарына орай шешей бал ашыпты. Жартысы қойдың нәжісі, жартысы көлдің майтасы секілді сенімді ақпарат көздеріне сүйенген ол қызының жолы болатынын болжапты. Негізі шешей клиенттерінің тоқсан пайызына жолы оңғарылатыныны жайлы сәуегейлене беруші еді… Бірақ туған қызына?.. Бәлки, шынымен жолы ашылатын шығар… Бәлки, туған қызы емес шығар…
Ә, иә, сонан соң екінші қыз бұл балшы аруға туыс боп келетін. Осындай бір үштік… Кедендік одағыңдысс!..
Айтып-айтпай не керек, ауылда осындай жол жүру жайлы әнгіме жүріп тұрған. Міне, бүгін дәл сол күн, қалаға жол жүретін шақ та келді. Әне-міне дегенше, ауыл іргесіндегі аялдамаға ұқсатып жасап қойған көліктің ескі тіркемесінің маңына сапарластар жиыла бастады. Ауылдағы жалғыз автобусты күтушілердің арасында біздің үш сылқым да бар. Көп күттірген жоқ, далаға мүрде, қалаға адам тасып жүрген сары пазик кемпір-шал, бала-шағаны тиеп, алып шаһарға жол тартты.
БЛОГИАДААРАЛЫҚ САЙЫС: Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу
***
Жақымның қала іргесіндегі көлік бекетінің маңында бекер келмегені анық еді. Әдеттегідей көгілдір шетелдік көлігіне отырып алып, қыз-қырқын қарамақ ниетімен торуылдап жүрген. Ескі пазиктың бекетке тоқтағанын көріп, мырс етті. «Ох пілә, винтаж!» деді ішінен.
Автобустан түскен үш қыз қолын көтеріп, такси тоқтатты. Көгілдір мәшине көлденең келіп тоқтай қалды. Күтімі келіскен көліктің рөліндегі бітімі келіскен жігіт қыздардың көзіне оттай басылды.
— Такси ма?-деді пысығырақ қыз.
— Да, тоски.
— Такси деңіз,-деп жымиды екінші қыз.
Жақым қара көзілдірігін сәл түсірді.
— Садитесь.
Қыздар айғырдай жұтынып тұрған жас жүргізушіге қарап жымың-жымың етті де, көлікке жапа-тармағай отыра бастады. Баратын жер жайлы базарласу да, жол құны жайлы саудаласу да жоқ. Сондай бір ақымақтық үйлесім, лирика. Мимими.
БЛОГИАДААРАЛЫҚ САЙЫС: Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу
Жақым көрер көзге етжеңді, денелі азамат еді. Фитнеске де фитна тудырмайды, штангіге де кет әрі емес. Тар мәйке кисе, өзін «качок» сезінетін кей жігіттердей емес, шынымен-ақ бұлшық етті жігіт болатын. Сонсоң қыз-қырқынға қыз-қырғын салатын жігіттің репутациясына сай, шашы артқа қайырылған, сақал-мұрты қиылған еркек болатын. Иә-иә, ол бір Аустрияда Еуробайқауға іріктеу әлі өтпеген, беттегі қиыңқы түк еркек үшін абыройлы кезең еді.
Қазанұлы жайында тағы не айтпадық? Жақым қазақша білмейтін жігіт еді. Бірақ қазір онымен кімді таңғалдырамыз, біз Қазақстандамыз ғой.
Қыздардың барар жерін межелеп алған соң, Жакым темекі қорабын алып шығып, ішінен бір тал суырды да, құшырлана тарта бастады. Милиграммдаған никотин басына шауып, құрыс-тырысы жазылғандай болды. Сонсоң алдындағы айнаға көз тастап: «Я вам не мешаю?»-деп сұрады.
— Жоға, тарта беріңіз.
Негізі, «Иә, кедергі, темекіні өшіріңіз» десе де, өшірмес еді. Әншейін әңгіме болсын деп сұрап жатқаны.
— Давайте знакомиться. Меня зовут Джакомо. Можно просто Джэк.
— Тура шетелдегідей ат екен.
— Сэндер де ат экэн. А как тебя зовут?-деді секси дауыспен пысық қызға.
— Гүлайым.
— ОО, гуляим, че, погуляем?
Қыздар шиқылдап күлді. А, я, біреуінің даусы жуан екенін айтқан ек қой, ол қарқылдап күлді. Келбетті жігіттің кескініне қарап, аккордеоннан басқа ешкім ештеңе тимеген музыкант қыздың төсі дір-дір ете қалды.
— А тебя как зовут?
— Бегайым.
— Оо, бегайым, че, побегаем?
Қыздар тағы да күлді. Бегайымның шикіл сары өңі қызарып кетті.
Осы кезде үшінші қыз Ибалы менің атымды қашан сұрар екен?-деп, жаутаң-жаутаң етіп отыр еді.
— А тебя как?
— Меня зовут Ибалы.
Бұл жолы Жақым үнсіз басын шұлғыды. «Очень приятносын» да айтқан жоқ. Моветон!
Мүмкін, ішінен айтқан да шығар. Тәуіп қой, қыз біле жатар.
— Какими судьбами в городе?
— Жұмысқа тұрамыз, сол, үшеуіміз жан құрбымыз. Бірге үлкен қалаға келіп, бірге жұмыс жасасақ деп едік.
— А, че, у вас одинаковая специальность?
— Жоға, мен әншімін, композитырмын.- Осы жерде «ох тырық, қатты айтып жіберген жоқпын ба композитырмын деп?», біреу ала көзбен қарағандай өзінен өзі күмілжіп кетті. — Бегайым тігінші болған, Ибалы бал ашады. Сооолл…
Әлгіннен үнсіз отырған Ибалы сөзге араласты.
— Ал сіз кім болып істейсіз? Биллайнда істейсз ба не?-деп сұрады айнаға байлаулы матаның жұрнағына қарап қарап.
Жақым мырс етті:
— Да нет, это Георгиевская лента.
— Сөйтіп кім болып істейсіз?
— Кэм болып эстемедим мен? И садовник, и шофер, медбратом болып эстэдым…
«Жылтырап тұрғанымен, қара жұмыстың да шетін көрген екен, ә» деп ойлап қойды ішінен Бегайым.
Жақым сөзін жалғады:
— И вот, карьерный рост у меня… Сейчас организатор я. Вот у вас же разные специальности. Кто вас щас возьмет всех трех на работу? Эшкэм алмайдээ… Вот я могу. Как раз ты певица, и петь будешь, и ртом работать. Ты гришь тігесің хорошо, а ты тастармен жұмыс жасайсың… и… и все подруги. Это работа прям для вас… На начальное время, қалада по крайней мере… Плачу хорошо. На место работы апарамын, алып қайтамын… Че, кэлэсыңдер мэ?
Үш ару үнсіз бір-біріне қарады да, "Әйтеуір бірдеңеден бастау керек қой, мұндай мүмкіндік көшеде жата ма?" деп тоқайласқандай:
— Біз келістік,-деді.
***
200 ат күші жауынгер ақын атындағы көшеге қарай жүйткіп бара жатты.
Әрі қарай

Бұл жерде өлім өмірге қызмет етеді

Блог - Marco: Бұл жерде өлім өмірге қызмет етеді
Түнек, бар болғаны, жарықтың жоқтығы. Суық жылу жоғалғанда ғана пайда болады. Жамандық жақсылық түгесілген жерде туады. Бір болмыс туу үшін екіншісі өлу керек. Ал өлім болса — өмірдің жалғасы. Рух жаратушының әмірімен жер бетіне түскен кездегі пәктігінен жұрдай болып, қайта көкке көтеріледі. Оның әлі тазарудан үміті бар. Ал күнә біткеннің бәріне куә болған ет пен сүйек Жер Анасының қойнына оралып, шіріп кетуі керек. Бірақ, әрдайым олай бола бермейді. Мәйітке де жаңа миссия жүктелетін кездер бар. Оны білуге дайын болсаңыз, кеттік.
Әрі қарай

Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес

Пролог


Асылында бұл әңгімені аурухана табалдырығынан аттамай тұрып, тіпті мүлде ауырмай тұрып оқығаның жақсы болар еді. Жыл сайын Шоқан мен Сұлтанмахмұт, Чехов пен Шопенге жұртта қалғандардың сәлемін жеткізетін 2 миллионнан астам адамға қарамастан, көбіміз бұл аурудың бізге еш қатысы жоқтығына және болашақта да қатысы болмайтынына күмән келтірмейміз.
Әрі қарай

Анатолий Максимович — "АҒАЙ"

Бүгін «Атырау Барыстары» баскетбол клубы "Қапшағай" командасымен ел біріншілігінің финалына шығу үшін тартысты. Үш рет жеңгені финалға шығады. Әзірге, есеп 2:2. Бүгінгі ойын — шешуші. Ойын басталмас бұрын, екі команданының да ойыншыларының пікірін білгім келді… Бір адам туралы...

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Рүстем ТӨЛЕУ, «Атырау Барыстары» БК капитаны:
«Ол — мықты талапшыл. Спортта, әсіресе, командалық ойындарда тәртіп маңызды мәселе ғой. Міне, ол — осы тәртіп мәселесін бірінші орынға қояды. Оның спорт залына барсаң да, осыны анық байқайсың. Өзі айтпақшы, „мысықтың әлгі жеріндей“ жарқырап тұрады. Мықты — жаттықтырушы. Оған сөз жоқ»

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Берік ИСМАИЛОВ, "Қапшағай" БК ойыншысы:
«Ол туралы тек жақсы естеліктер ғана айта алам. Мықты — бапкер. Білімді кісі. Көп адам біле бермейтін шығар, бірақ, ол математиканы қатты жақсы көреді. Сосын да болар, тапсырмаларды нақты қояды. „

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Анатолий Максимович Лысяк — Қ.Сәтпаев атындағы №19 орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі және мектеп жанындағы баскетбол үйірмесінің жаттықтырушысы. Ілгерідегі екі ойыншы да осы адамның тәлімін көрді. Алдағы әңгіме де осы адам туралы болады.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
1954 жылы Украинаның Донецк қаласында туған. 1972 жылы Днепропетровск денешынықтыру техникумын бітіріп, Гурьевке жолдама алады. 1972-88 жылдар аралығында қаладағы №7 мектепте, ал, 1988 жылдан бері №19 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Баскетбол үйірмесін 1998 жылы ашты. Оқу орнынан алып шыққан мамандығы “Волейбол жаттықтырушысы» бола тұра, балаларды баскетболға баулуының себебін былай түсіндіреді:
«Осыған дейін жұмыс жасаған мектебімде шәкірттерім волейболдан бірнеше мәрте қала чемпионы атанды. Кейін, осы мектепке ауысқанда, бір нәрсені анық түсіндім: волейболда қозғалыс аз. Баскетболмен салыстырғанда, әрине. Мен алдымен, денешынықтыру пәнінің мұғалімімін, бапкерлік — содан кейін. Маған спорттық жетістіктерден көрі, балалардың денсаулығы маңызды. Сол себепті де мектеп бағдарламасындағы волейболға машықтандыруды баскетболмен алмастырдым „

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Анатолий Максимовичтің кезекті сабағы. Сабақ сапқа тұрудан басталады. Оқушылар түгелдей дерлік сап түзеудің барлық талаптарын орындамайынша, сабақ басталмайды. Мен мұны жақсы білем. Жазып отырған пақырларыңызға да Анатолий Максимовичтің шәкірті атану бақыты бұйырған. Тым талапшыл адам. Оқушы кезімде, тіпті, әсіре талапшыл көрінетін…

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
...Өмірімде бір рет қана “бір» деген баға алып көріппін. Осы ағайдың сабағынан. Атлетикалық снаряд «Коньнан» секіре алмағаным үшін. Турникке тартыла алмай ілініп тұрғанымды көріп, «Слезай, сосика!» дейтін, бүкіл сыныптың көзінше. Сыныптастардың күлкісіне қалмайық деп (әсіресе, қыздардың) намысқа тырысып, ақыры 5-6 рет тартыла алатындай болдық. Оның өзінде төрт алдық. Жалғыз рет қана бес алған екенмін. Ол — 1 шақырым қашықтыққа жүгіруден бірінші келгенде. Оқушы кезімде әсіре талапшыл көрінетін, әлі де солай көрінеді… Бірақ, оның оқушы үшін, әсіресе, денсаулығы үшін пайдасы зор екенін қазір түсініп отырмын. Тіпті, үшінші тоқсан сайын, «мен баскетболист болмаймын» дейтінімнің де бекер екенін…

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
«Ал, мен баскетболист боламын» дейтіндер баскетболист болды. Кейбірі, тіпті, кәсіби. Мысалы, сыныптастарым — Берік Исмаилов, Дәурен Тоққожиев. Жалпы, Атырауда №19 мектеп десе, бірден «о, баскетболисттер» дейді. Бекер емес. 1998 жылдан бері біздің мектеп облыстағы қай-қай біріншіліктен де шаппай бәйге алып жүрде десем өтірік емес.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Осыдан бірнеше жыл бұрын, ағайды көргенімде «Ағай, әлі жаттықтырып жүрсіз бе?» деп сұрап едім. «Ия, 95 жылғыларды жаттықтырып жүрмін, қазір. Болды, осылардан кейін жаттықтырушылықты қоям. Шаршадым. Жүйкеден жүйке қалмады» деген еді. Осы жолы да солай деп отыр:"Қазір, жаттықтырып жүрген 2004 жылғыларым — соңғылары. Болды, осыдан кейін, қоям. Жүйкеден жүйке қалмады" дейді.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Ия, жүйкенің не қатысы бар деуге болатын шығар. Бірақ, жасы алпысқа келген адамға қиын-ау. Оның үстіне "… Бізді ешкім қаржыландырмайды ғой. Жуырда Анапада (Ресей Федерациясы — Н.М.) Бүкілресейлік мини-баскетбол фестиваліне баруды жоспарлап отырмыз. Барсақ, көкелерін танытамыз. Биыл үшінші жыл. Алғашқы екі жылда чемпион атанып келді, менің балаларым. Басында, «О, китайцы приехали» деп менсінбеп еді. Қазір, біздікілер ол жақта «корольдер». Енді, осы 2004 жылғы шәкірттерімді сынап көргім кеп отыр, сол жарыста. Жақын арада, ата-аналарды жинап жиналыс өткіземіз. Балаларын жіберуге ақша тапса, «Ура, барамыз!». Таппаса, «Ура, бармаймыз!».

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Бұл «корольдер» тақтасы. Арасында 1994 жылғылар да бар. Ия, олар мектеп бітіріп кетті. Бірақ, олар — Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегерлері. Облыс атынан барған мектеп құрамасы. Қай-қай жарыста да сол — Атырау облысының құрама командасы — №19 мектеп баскетболшылары.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Ағай мен оның оқушылары (баскетбол үйірмесіне қатысушылар емес) жергілікті «Атырау Барыстары» баскетбол клубының қай-қай ойындарын да жібермейді. Бүгін — жартылай финал. Әр сыныптан өзінің «сүйіктілерін» іріктеп, 25 оқушыны алып, ойын болатын жерге бет алды, ағай.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Автобус кондукторы осынша баланы бір уақытта автобусқа мінгізуге келісімін бермеді. Ағай, «ақшаларын төлейін, 20 теңгеден» деді. Кондуктор толықтай төле деп қасқайып алды. Мен фотоаппаратымды шығарып, автобусты айналдыра түсіре бастағаннан кейін ғана, кондуктор кейи-кейи келісті. "Әркез осылай, мінгізгісі келмейді. Қазір, кейін қайтқанда, нағыз "«часпиктің» уақытына тап келеміз, онда, тіпті, – «туши свет, бросай гранату» (сүйікті сөздерінің бірі). — дейді, ағай, еш қиналмай. Әлгі инцидент кезінде, менің жүйкем «сыр беріп» қойған еді…

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Ағайдың жүйкесі сыр беретін жер ойын кезінде екен. Оқушылары естіп қоймасын деп, тістеніп қана боқтап алады, ойнай алмай жүрген баскетболшыларды көріп. Футболфандар түсінер, ағай «дирижердің» де қызметін атқарады екен, трибунада. Қайта-қайта ұлы (Александр Лысяк — «Жасқанат» баскетбол клубының бапкері) ойын барысын сұрап телефон соғумен болды. Оған: «Жеңіс — біздікі!» дегенімен, атыраулықтар доптан айырылған сайын, боқтап жіберіп, «жеңіліп қаламыз-ау» деумен болды.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Бірақ, «Атырау барыстары» финалға шықты. Оқушылар да, ағай да қуанышты. «Биыл тағы күміс» — дейді, ағай — «Мына „барандарға“ Астана алдыра қоймас. Ойындары ойын емес, тіпті.»

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Ағай жұмысына қайтып келді. Мұғалімнің қағаздары таусылған ба…
Ағай дәл кеше алпысқа келді. Үш жылдан кейін зейнеткерлік. «Енді, топ алмаймын» деп отырғанының бір сыры да сол.

Ауырмаңыз, ағай!
Әрі қарай

Көктем күнделігі (жалғасы)

Блог - nurbergen_makym: Көктем күнделігі (жалғасы)

(Басы)

Оныншы көктем
Алматыға шынымен ғашықпын! Өткен жаз отбасымызбен «Алма-Арасанда» демалдық. Содан әлі айыға алмай жүрмін. «Жазды қалай өткіздің» деген шығармада біраз көсілдім. «Күз» бен «қыс» тақырыптарындағы шығармаларға да Алматыны кірістіргенім есімде. Енді, «Көктем» туралы жазыңдар дегенде, мұғалімім «Алматыны қоспай-ақ қой» деді. Алматыны қоспағанда Атыраудың көктемі туралы не жазасың? Көктемде маса шығады, балшық болады, ол кепсе, шаң көтеріледі деп пе?! Құралайдың кезіндегі жаңбырды жазуға болатын шығар, сосын. Әжемнен амалдарды үйрене бастадым, «әлхам» мен «құлқуалланы» жаттап жүрмін. Бір күнде жаттап алуға болады ғой, бірақ, жазда сатып алған «Dendy» ойнаудан қол босамай жүр.

Он бірінші көктем
Бастауышпен қоштастық. Биыл да жазда Алматыға барамын ба деген асқақ арман болған. Папымдар олай болмайтынын айтты. Сосын, жергілікті «Құлыншақ» газетінің жас тілшісі ретінде Астананы көрем бе деген үміт болды. Алайда, «Жас Астана – жас жеткіншектер көзімен» халықаралық фестиваліне де бара алмайтын болдым. Жасым кіші деді. Жазда бөлеммен бірге жергілікті «Тұлпар» лагеріне баратын болдық. Көңіл-күй жоқ…

Он екінші көктемім
Бесінші сыныптан бастап, математикадан тереңдетілген гимназия сыныбы болдық, Құдай ұрғанда. Үшінші тоқсан да үшке шығатын сияқтымын орыс тілі мен математикадан. Есесіне, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен үлгерімім жөнделіп келеді. Үйдегі кітаптардың ішінде де қызық шығармалар бар екеніне көз жеткізе бастадым. «Sega» ойнаудан да қызығырақ па деп қаламын кейде…

Он үшінші көктем
Бұл көктемде жақын адамыңды жоғалтудың не екенін сездім. Әкемді меңдеген дерт – Ауғандағы соғыстың салдары – «Бехтерев ауруы» деп жүргеніміздің, ғылыми тілде «анкилозирдеуші спондилоартрит» – неден туындайтыны белгісіз һәм жазылмайтын ауру – екенін кейін білдім. Дәрігерлер жиырма жеті жасында оған бұл диагнозды қойғанда, «әрі кетсе, он жылдай ғұмырыңыз қалды» деген екен. Қысқасы, бұл көктем осындай көңілсіздеу болды…

Он төртінші көктем
Осы көктемнің де көңілсіздеу болатын түрі бар. Жұма сайын әжем үйретіп кеткен «құлқуалланы» әкеме қосып, әжеме де бағыштайтын болдым. Кітап оқу сиреді, далаға шығып, соңымнан шешем іздеп шыққанша үйге қайтпайтын әдет пайда болды. Темекі тартып ұсталып қалатыным да осы көктем-ау деймін. Әлде, келесі көктем бе екен?! Осы екі көктем бір-біріне қатты ұқсас.

Он бесінші көктем
Өткен қыста кітапхананың үздік жас оқырмандарының бірі ретінде Алматыдағы әлдебір жиынға барып қайтқанымның айтып тауыса алмай жүрген қызығы болмаса, бұл көктемде де сол – тірліктің негізгі штрихы темекі тартуға, былтыр жазда үйренген арақ ішу мен шөп шегу қосылды… Осы тоқсан информатикадан «үш» шығатын болар. Өткен тоқсан әупірімдеп төртке шыққам. Мұғалімім ренжулі: мектепішілік пәндік олимпиададан қалалыққа жолдама алып, оған бармай қалып едім. Бірақ, айтарлықтай проблема туғызып жүрген жоқ, ол мен үшін: орыс тілі мен алгебраның қасына қоса салармын. Проблема: гитарамды сындырып алдым. Енді, біздің үйде Высоцкийге, Визборға, Табылдыға қосылып ешкім ән айтпайды. Көшеде – Петлюра мен Цой.

Он алтыншы көктем
Биыл көктемде Махамбеттің 200 жылдығына арналған сыйлықтың иегері болдым. Не сыйлық екеніне сол кезде мән бермеп ем, қазір де есіме түсіре алар емеспін. Есімдегісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мектепішілік олимпиададан қалалыққа жолдама алып, қайтадан ұйықтап қалуға мүмкіндік берген, қалалық Абай оқуларынан бірінші орын алғызған «Махамбет туралы толғауымның» ақысы ретінде, дипломға қосып, былғары портфель мен жиырма бес мың теңге ақша берді, орталық стадиондағы түлектердің қоштасу кешінде, облыс әкімінің өзі. Ия, Әбішке ме, Иран-Ғайыпқа ма, әйтеуір, біреуге еліктеп, осындай шұбалаңқылап, басын аяғына жазып, аяғын басында келтіріп жұмбақтағансып баяндау секілді қыршаңқы жазу стилі пайда болды, осы көктемнің аяғында. Бұдан, өздеріңіз түсініп отырғандай, мен осы көктемде «бірдеңелер» жаза бастадым… Әлгі ақшаға бірден барып, мамама телефон алып бердім. Осылайша, тоғызыншы классты тәмамдағаным туралы куәлігімдегі үш «үшті» жуып шайғандай болдым. Қуанышты жаңалық бір бұл емес: мамам, биыл Алматыға барамыз деді.

Он жетінші көктем
Бұл көктемде сыныптың балалары былтырғыдай емес, жайдарылау сияқты. Өйткені, алда, емтихан да, аты белгілі болса да, заты беймәлім – тестілеу де жоқ. Орыс тілі мен информатикадан жағдайды реттедік, сынып жетекшім де геометриядағы үлгеріміме бола, алгебрадағы бағаларымды көтеріңкіреп қоятын сияқты. Бірақ, бәрібір, бақылаулар баяғыша, «екі мен үш». Ол – маңызды емес. Маңыздысы – мен шын ғашық болып қалған сияқтымын. Білмеймін, бұрынғылар бала махаббат болған шығар, әлде басқа ма, әйтеуір, бұл жолғы күй мүлдем бөлек. Бұрын қалай байқамай келгем, оның әдемілігін, ақылдылығын… Жоқ, оны тартымды қылатын бұл қырлары емес… Неше жыл бір сыныпта оқып келеміз… Әскери комиссариат тексеруінен соң, «кім боласың?» деген сұраққа ақыры жауап тапқандаймын. Алматыдағы әскери оқу орындарының біріне түсіп көремін.

Он сегізінші көктемім
Әскери болмайтын болдым. Өткен жазда бір қолайсыздау оқиға орын алып, әскери өмірге жол жабылды. Алматыға, мамам мен папам оқыған КазГУге құжат тапсыратын шығармын. Тестілеуден соң көреміз, енді… Былтыр көктемде оянған махаббат, сол жылдың күзінен аспады. Биыл мектеп бітіреміз: ата-аналар жиналысы сайын, «балаларыңа репититор жалдаңдар! Тесттен құлап қалмасын» дейді мұғалімдер. «Сонда он бір жыл бойы, мектеп не үйретті?!» деп мамам екеуміз бір-бірімізден сұрап қойдық. Репититор жалдамайтын болдық. Оның ақысына гитара аламын. Бірақ, «дені дұрыс ән» үйрену керек, мама үшін.

(жалғасы бар)
Әрі қарай

Көктем келе жатыр...

Блог - kozildirik: Көктем келе жатыр...

… Жаз еді. Жадыраған. Тіршілік иесі жан рақатында. Ертең де, арғы күні де жаз тұра беретін сияқты көрінетін. Әрқашан. Өзгермей. Әрине, арасында күн бұлттайтын. Жаңбыр да жауатын. Ол жаздың жаңбыры болған соң артынан көк шығып, айнала одан сайын құлпыра түсетініне ешкімнің күмәні жоқ еді. Бірақ тарих тегершігі көнсін бе… Қазақтың жазы соңғы ханы –Кенесарының басымен бірге солтүстікке көшіп кетті…
… Күз. Бүрсеңдедік. Етек-жеңді жинадық. Теріскейден соққан жел ықтыра бастады. Қатты бұрқасыны қарсы тұрғандарды жұлып кететін. Киіз үйіміздің етегін тартқылап, түндігін төңкере бастаған соң жер қазып, тастан үй қалап, жатаққа айналдық. Ескі шапан арқамызды ызғардан сақтаса, алыстан жіберілген шен көңілге жылу бергендей ме еді… «Алаш» деп Әлихан сынды күн шыққан кезде артынан табиғат жылып сала берердей көрінген…
… Бірақ артынан қыс келді. Қаһарлы. Айналаны сіресе қымтаған қардан бірдеңе болжау мүмкін емес. Сана кіреукеленген. Қыстың ығымен жүріп, ықпалына берілмесең шыбын жаның тілге келіп, бақұлдасып үлгермейді. Аязға қарсы тұрып, боранымен алысқандар, алысқысы келгендер табылды. Бірақ олардың қайда кеткенін көпшілік түсінбей қалды. Қар кеткенде бір хабары болмаса…
… Табиғат ғажап. Ғажап шебер. Әлемнің жартысын орап алып, оны ешкім мызғыта алмас деген қытымыр қыстың соңы желтоқсанда басталар деп ешкім ойламаған болар. Жылымық. Ия, қазір жылымық бар. Жылдан жылға көктемнің иісі сезіліп келеді. Бәйшешектеріміз де гүлдеді. Әзірге нәзік, бірақ… Олар біздің бәйшешектеріміз ғой! Қыстың бұрынғы қауқары болмаса да арасында қар аралас жаңбыр жауады. Соңғы қаһары ма, әлде шарасыздықтың көз жасы ма… Ол маңызды емес, бастысы санамыздағы көктемнің ескегіне желкенімізді тоса білейік…

Коллаж жасаған Janasil
Әрі қарай

Стақандастарым. Ауылдың оташы-дәрігері Аққали Есембетович

Менде бір керемет сюжет бар...: Стақандастарым. Ауылдың оташы-дәрігері Аққали Есембетович

«Тасақтың рентгені өкпенікіне ұқсайды екен алыстан қарағанда»

— Satibaldi

… Ағып жатқан сумен аралас түсініксіз күбір-күңгір боп естілген дыбыстардың арасынан "… құтты болсын ал, әрі кетсе бір апта жатад. Бұрыңғыдай ырбаңдатпаймыз. Бізде бұл ағымдық операция ғо, " -деген сөздерді анық ажыраттым.
Ішімді біреу сипағандай болды.
Көзімнің әзер ашылған қиығынан бір қолында қайшы ұстап, бір қолымен тігісімді ұстап тұрған бір жас доқтырды көрдім. «Дегенмен әдемі тігіппін,» — деп міңгірледі ол.
Ультракүлгін прожектор сәулелерінің арасынан қолын сүлгіге сүртіп жатқан екінші сұлбаны да крахмалдан қақиған жарты метрлік ақ қалпағынан бірден таныдым — ауылдағы бас оташы Аққали Есембетович.
Әрі қарай

Балборсық. Ең шатақбас хайуан

Жануартану: Балборсық. Ең шатақбас хайуан

«Балборсықтай ержүрек.»
— Оң түстік Африка теңеуі

Омар бырат нун-чакиді қалай ойнатса, бұл амиго да ең қауіпті әбжыланды дәл солай шыр айналдырады. Иә, бүкіл ютубқа әйгілі, ең айбарлы, қатыгез, көлденең келген арыстаныңды тасынан ұрып талдыруды «шаруа» деп білмейтін тура да, ауыспалы да мағынасында көтінің түгі бар Африкалық Балборсық жайлы бүгін айтпағанда қашан айтамыз?!
Әрі қарай

Мұқағали - ортанқол ақын. Мағауин эгоист. Ахмет, Міржақып - алақан жайғандар. 4 бөлім. Соңы

(Соңы. Басы — мұнда)




Жас қазақ: Орыстарда пушкинтану ол дүниеден өткесiн кемi елу жылдан кейiн басталды. Ал қазақта Абай қайтыс болған соң арада он-он бес жыл өтiсiмен-ақ ақын туралы сөздер айтыла бастады. Оған алашордашылардың еңбектерi куә. Бұл ұлысын тануда қазақтың орыстан зеректiгiн аңғартпай ма?

Өтежан Нұрғалиев: Алаш орданың ақындары Абайға мүлде ұқсамайды. Олар Абайдың әсерiнсiз, ықпалынсыз қалыптасқандар. Сендерге оңашалап айтайын, олардың бәрi – орыс ақындарының көшiрмесi.
Әрі қарай