Жарияланымдар

Көктем күнделігі (соңы)

(Басы)

Он тоғызыншы көктем
Казгуградтың жатақханасында, болмаса, Жамбыл мен Жұмалиев көшелерінің қиылысындағы туысқанымның үйінде Амандосов, Омашевтардың кітабын жата жастанып оқып жатудың орнына, Жайықты жағалай бір қызбен қолұстасып жүрдім де қойдым, осы көктем. «Осы таңдауым қате болмаса екен» деп қоям іштей, әлгі, «Адам өміріндегі екі нәрсені таңдағанда қателеспеуі керек» деген ахлаққа арқа сүйеп. Өйткені, журналистикадан бастамай жатып көңілім қалды. Мұнымды группаласының бірі – КазГУ-дың проректоры, бірі – журфактың деканы мамама айтқанымда, «менің саған Алматыға түс дегенім де, сол еді… Онда, орта бар ғой...» деді де, қойды. Шынымен, бәлки, журнализмнен емес, жергілікті университететтегі журналистика бөлімінен көңілім қалған болар. Білмеймін, әйтеуір, барған сайын бұл – менікі емес сияқтанады да тұрады. Ал, қасымдағы қыз керісінше, барған сайын мен үшін жаралған адамдай боп барады…

Жиырмасыншы көктем
Жергілікті газеттің бірінде өткен практикадан кейін, сонда жұмысқа қалып қойған соң, университет дегенді мүлде ұмыттым. Дәлірегі, «сабақ дегенді». Әйтпесе, КВН, пікір-сайыс клубы, факультет іс-шараларында белсендіміз. Негізі, жұмыста жүрсем де университетке ретін тауып, күнде барам. Әлгі қызды сабағынан алып кету үшін. Бұл қыз болашақта менің жарым болса, бұл таңдауым еш қате емес болмайтын секілді. Екінші курсты бітіргенше оқудан екі рет шығарып жібере жаздағанын есептемегенде, журналистика да жаман емес сияқты, былай… Биыл, республикалық газетте өтем деп шештім, тәжірибені.

Жиырма бірінші көктем
Студент дегенім атым болмаса, былтыр жаздан бері республикалық газетте қызмет етемін, отбасылымын… Отбасылы… Бұл да, біреудің күйеуі деген аты болмаса, толыққанды сезіне қоймаған мәртебем. Иә, бір жылға таяса да… Әлгі, қызылды-жасылды кезең аяқталып, күйкі тірліктің күйбеңіне күмп етсек те. Бір-екі рет бір-бірімізді көрместей болып, ұрыссып үлгерсек те… Мен оны сүйем, әкесінің қызын!

* * *
Редакцияға толыққанды (бұрын бір-ақ компьютерде болатын: іздейтін дүниесін рет-ретімен қағазға түртіп алған тілшілер кезегі, тозығы жеткен темірге жалғанған жылдамдығы есек аяң интернетті сондай жақсы көретін һәм жек көретін) интернет келгені де осы көктем еді. Ой, бір рахат болды: көл-көсір порны, шеті-қиыры жоқ чаттасу, ұмыта жаздаған достарыңды іздеу – асқан ақылдылығымен көзге түсе қоймаған жиырмадан енді асқан жігітке басқа не керек?! Сөйтіп жүріп, бір күні бір сайтқа тап болдым. Республикалық газет тілшісінің арынымен кіріп кеттім, әлгі ортаға. Тап сол арынмен атып шықтым, сосын. «Солай де» дедім де, біраз ұстанымдарым мен өмірлік көзқарастарымды өзгерту керек екен деп шештім. Сноб хренов, провинциальный!

Жиырма екінші көктем
Бұл көктем басқалардан өзгерек. Көктемнің ең алғашқы күнінде әке атандым. Болған жоқпын, атандым. Өйткені, қызы болғанын өмір бойы армандаған анам, немересін «қазақтың көнеден келе жатқан, уақыттың сүзгісінен өтіп, игілігіне сан мәрте көз жеткізілген дәстүрімен» бауырына басып, қырықтан асқанда тағы да «мама» болды. Сәйкесінше, мен сияқты, әйелім де, «мама» атанды. Қызымыздың туу туралы куәлігінде. Есесіне, мен өзімде біреудің толыққанды күйеуі сезініп жүрмін. Отбасы болып кете алатын сияқтымыз… Егерде, ол енесімен көбірек дос бола бермей, менің айтқаныммен жүрсе.

Жиырма үшінші көктем
Інім де журналистика факультетіне оқуға түсті. Сөйтіп, бір үйде төртінші биліктің төрт өкілі болдық. Бірінші биліктің жалғыз өкілі биыл бірге келді. Көктемнің келуі «мамамыздың кенжесінің» туған күнін тойлау деген тойдан басталатынын ескермегенде, бұл көктемнің алып бара жатқандай ерекшелігі жоқ сияқты. Есімде қалмапты, әйтеуір… Болады ғой, сондай көктемдер.

Жиырма төртінші көктем
Әйелім екеуміз бір жерде жұмыс істейміз. Қос құрбыдай қолұстасып, анам мен әйелім бара жатады жұмысқа, соңдарынан жетім баладай ілесіп мен келе жатам. Тездетіп, декретке шығару керек секілді. Әйтпесе, мамамның қызының былдыр-былдыры менің де бойымда балаға деген ізгі сезімдердің қылаң беруіне себепші болып жүр.

Жиырма бесінші көктем
Анамның о дүниелік болғанына жыл толуын күтпей Астанаға аттандым, осы көктем. Бұдан кейінгі көктемдерім, дәл сіздердікіндей. Бәлки, сәл басқаша. Мүмкін, мүлдем басқаша… Әйтеуір, менің бұдан кейінгі көктемдердің реңкі солғын. Сірә, өмірімнің көкемарал кезі – көктемім сол кезі тәмам болған шығар. Одан кейінгі өмірім шыжуы мен қызығы мол жаз сияқты өзіме. Ол, енді, басқа әңгіме…

Блог - nurbergen_makym: Көктем күнделігі (соңы)
Әрі қарай

Нұрлан АЗАМАТОВ: «Жұмысың ұнамай ма, таста ол жұмысты»

Бұл кейіпкер екеуміз бір кездері өзіміз оқыған университет жанындағы пікірсайыс клубының мүшесі болдық. Кейін, пікір сайыс машығына баулып, мектеп оқушыларына, колледж студенттеріне тегін семинар-тренингтер өткізіп жүрдік. Одан соң, жазған құлдарыңыз Астана аттанып, мінберлік пікірсайысты да, қоғам үшін қызмет қылуды да қойған еді. Ал, менің әріптесім – «оппозиция лидері» (пікір сайыс форматтарының біріндегі тараптар позициясы) Нұрлан Азаматов хоббиін тап-тамаша кәсіпке айналдырып алыпты.

Блог - nurbergen_makym: Нұрлан АЗАМАТОВ: «Жұмысың ұнамай ма, таста ол жұмысты»

— Нұрлан, сен осы жасқа келгенше, берісі – Атырау облысының жастар қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының төрағасы, арысы – республикалық маңыздағы бірнеше ұйымға басшылық жасадың. Жасыратыны жоқ, «Атыраудағы жастар саясаты» десе, сен, «Нұрлан Азаматов» десе, Атырау облысының жастар саясаты ойға келетіндей белсенді де беделді адамның бірі болдың бір кезі. Шыны керек, сені болашақта кексе шенеунік кейпінде елестетінмін. Сен болсаң, бәріне қолыңды бір сілтеп, бизнеске кеттің. Өзің «бизнес» деген соң, бизнес деп отырғаным. Әйтпесе, бұл бизнеске де ұқсамайтын сияқты… Қысқасы, неге?
— Менімен келіспеу – сенің баяғы әдетің ғой. Бірақ, менде білімім мен тәжірибем ретіндегі «тауар» бар, халықта оған сұраныс бар. Өз қызметімді оңтайлы бағамен нарыққа шығарып отырмын. Классикалық түсініктегі бизнес қой…

— Жұрт бизнестен билікке қарай жылыстай бастаса, сен неге бизнеске кеттің?
— Білесің ғой, Нұрберген, мен жастар саясатымен айналысқан уақыт ішінде мыңдаған адамдармен жүздеген жобалар жасадым. Сәттісі бар, сәтсізі бар, ол – басқа әңгіме. Мен сол уақытта жинаған тәжірибемнен бір нәрсені анық ұқтым. Адам сүйікті ісімен айналысуы керек. Жұмысың ұнамай ма, өз болмысыңа келмейтінін сезіне бастадың ба, таста ол жұмысты. «Ат басындай алтын берем» десе де, таста. Өзіңді тұлға ретінде жоғалтатының өз алдына, сен қоғамға да зияныңды келтіруің мүмкін. Күлкіңнен көріп отырмын, мұнымды «популизм» деп отырсың ғой. Бірақ, шыны сол, мен саналы түрде осы жолды таңдадым.

— Табысың қалай?
— Жалпы, қазір, инфобизнестің даму қарқыны жақсы ғой. Табысым жаман емес.

— Нақты айтпайсың ба?
— Айтпай-ақ қояйын…

— Тренингтеріңнің хабарландыруларын көргем. Курс бір айлық болса да, бағасы қымбат көрінді. Қатысушылар көп пе?
— Сен тренингтің бағасын білсең, менен дәріс алып жүргендер санына көбейтіп, бәрібір орташа табысымды біліп алғың келіп отыр ғой?! Біріншіден, адам өз-өзін жетілдіруге, соның ішінде, білім алуға ешқашан ақшасын аямауы керек деп, сенің жыныңа тиіп алайын. Екіншіден, онша қымбат демес едім қызметімнің құнын. Курстан өтетіндер күзетші не даяшы емес қой.

— Сұраққа оралсақ. Қатысушылар көп пе?
— 2012 жылдың мамыр айында алғашқы топты қабылдаған едім. Содан бері 70-80 адам өтті курстан.

— Осы 70-80 адамның ішінде, тым құрыса, бір даяшы не күзетші де болмады ма?
— Жоқ. Менің клиенттерім негізінен желілік маркетингпен, сауда-саттықпен айналысатын адамдар. Оқушылар мен студенттер де бар, әрине.

Блог - nurbergen_makym: Нұрлан АЗАМАТОВ: «Жұмысың ұнамай ма, таста ол жұмысты»

— Сен оларға не үйретесің, сонда?
— Шынымен, білмейсің бе?

— Мәселе мынада ғой, Нұрлан. Сұхбатты қағазға түсіргеннен кейін, тағы бір-екі адамға оқытсам ба деп ем. Солар үшін қызық болар деген ой ғой, менікі...
— Бір сөзбен айтқанда, көпшілік алдында сөз сөйлеген кезде алдыңа қойған қандайма мақсатыңа жету үшін қолданылатын амал-тәсілдер тізімін үйретемін. Бірақ, алдымен, осы тәсілдерді еркін қолдану үшін көпшілік алдында сөз сөйлеу үрейінен арылуды әртүрлі тәжірибелік жаттығулар арқылы үйренеміз. Тренингтің 70% – тәжірибе, 30% – теория.

— Сенің алдыңа келгенде сөйлеу былай тұрсын, көптің алдына шығуға жасқанатын адамның, курсыңды тәмамдағанда «құдды аузын ашса, ақылмандықтың қамшы салдырмас ақбозатындай ағыла төгілткен ақтаңгер парфенондықтар секілді аузын айға білеп, сөйлесе, жел өтіндегі жарлының жамаулы үйіндегі жетімнің жыларман көңілін жұбатардай жылылық есетін афиндық шешендердей қабілетке ие» болып кеткендер болды ма?
— Әрине, бәрі бірдей бір айдың ішінде үлкен жетістікке жете бермейді. Бірақ алдағы уақытта сол парфенондықтар мен афиндықтар секілді сөйлеу үшін өзін қай бағытта дамыту керектігін және оған қалай қолжеткізу керек екенің толық біліп шығады. Негізі, көп алдында сөйлеуге дағдылану кей кезде уақыт пен еңбекті талап етеді. Бірақ, әрине, курстан соң әр қатысушыдан айтарлықтай өзгеріс байқауға болады.

— Сенің де сөз саптауыңның өзгергенін байқап отырмын. Өзің де шеберлік сыныптарына қатысып жүрсің бе?
— Әрине. Онсыз бола ма?! Биыл Астрахань және Мәскеу қалаларындағы сөз өнері мектептерінің тренингтеріне қатыстым. Сосын, осы бағыттағы әдебиеттерді кеміру ғой…

Блог - nurbergen_makym: Нұрлан АЗАМАТОВ: «Жұмысың ұнамай ма, таста ол жұмысты» — Неге, Ресей? Қазақстанда жоқ па?
— Бар. Бірақ, қазақстандық тренерлер де курстарын сол Мәскеу қаласының «Риторика және ораторлық өнер» Университетінің бағдарламасымен жүргізеді.

— Олар да өзім сияқты дегің келеді ғой?
— Солай деуге де болатын шығар…

-Қасыңдағы тренерлер де солай ма?
— Ия, оларды да мүмкіндігінше шеберліктерін шыңдау, кәсібилігін арттыру курстарына жіберіп отырамын. Әзірше, өзімді қосқанда, үш тренерміз.

— Әзірше?! Демек, алға қарай кәсібіңді кеңейту ойың бар ма?
— Ия, алға қарай жастарға арналған арнайы оқу орталығын ашуды жоспарлап жүрмін. Оның ерекшелігі – мектеп бағдарламасымен қамтылмаған машықтарға баулитын боламыз. Сен «қандай?» деп сұрама, мен айтпайын. Құпия болсын.

— Жарайды. Жұмысыңа, сәттілік! Сұхбат беруге келіскеніңе рахмет!
— Саған да!

(Cұхбат барысында «күледі», «есінейді», «жылайды» деген секілді жақша ішіндегі түсіндірмелер қолданылмады...)
Әрі қарай

Атыраудағы көліктер: кеше, бүгін, ертең

Атырау қаласында бүгінгі таңда 120 мыңнан астам көлік тіркелген екен. Осының қоғамдық көліктерге тиесілі бөлігін тек автобустар мен мини-автобустар ғана толықтырып тұр. Бірақ, әркез бұлай болған жоқ… Атырау халқы да өркениеттің жемісін бір жұрттай көріп еді.


Өзен трамвайы


Блог - nurbergen_makym: Атыраудағы көліктер: кеше, бүгін, ертең

Жайық жағасында тұрып, өзен үстімен анда-санда ғана жүзіп өтетін Балық қорғау департаменті қызметкерлері мен ТЖМ мамандарының моторлы шлюпкаларына қарап, бір кезі бұл өзеннің үсті қыж-қыж қайнаған тірлік болды дегенге сенер сенбесімді білмей тұрам… Менің Жайықтағы сапарларым 2000 жылы Орталық көпір қайта жаңғыртуға жабылып, халықтың Самар беттен Бұқар бетке паром және теплоходтар арқылы өткен кезіне ғана тап келді. Әйтпесе, Роттердам не Лондондағыдай қалаған жеріңізге су көлігімен бару – атыраулықтар үшін бір кезі әдепкі тірлік еді. Көзкөргендер солай дейді.

Астрахань мен Атырау арасында жүрген ірі кемелерді айтпағанда, қалаішілік қатынастың өзі адам қызығарлықтай деңгейде дамыпты. Әріптес ағам Рахим ҚОЙЛЫБАЕВ айтқанынан ұққаным сол.

Блог - nurbergen_makym: Атыраудағы көліктер: кеше, бүгін, ертең

— Балалық шағымнан есімде қалғаны, кеңес уақытында Гурьевте (қазіргі Атырау) су көлігі өте дамыған болатын. – дейді, Рахим ағам. — Тек, жеке басымның мысалында ғана айтайын. Мәселен, 70-ші жылдардың басында – бала кезімде қаладан 17-ші ауылға өзен трамвайымен баратынмын. Ол – ескі «Колхоз базары» тұсынан жүретін. Ал, одан кейін, біраз уақыт өткеннен соң, балықөнеркәсібі техникумының студенті болып жүрген шағымымызда да (80-шы жылдардың аяғы, 90-шы жылдардың басы) біз «Авангард» ықшам ауданынан «Балықшы» ықшам ауданына өзен травмайымен қатынайтынбыз. Тап сондай катер сол кезі «Балықшы» мен «Жұмыскер» ауылы арасында жолаушылар тасымалдайтын.

Блог - nurbergen_makym: Атыраудағы көліктер: кеше, бүгін, ертең
Атырау өзен вокзалын бүгінде тек ескі фотосуреттерден ғана тамашалауға болады

— Аталған көлік түрін қайта жаңғыртуға мәселесіне келетін болсақ, бұл жерде, мына нәрсені ескеру керек. Кеңес заманында аталған көлік түрінің жоғары сұранысқа ие болуының бір себебі, ол уақытта Жайық өзенінен өтетін автокөлік көпірлері болмады. — дейді, әріптесім. — Мұндай көлік инфрақұрылымын бүгінде қалыптастыру мүмкін бе және ол қаншалықты өз-өзін ақтайды дегенге келсек, нақты ештеңе дей алмаймын. Біріншіден, Атырауда бүгінде аталғандай флот мүлдем жоқ. Екіншіден мұндай көлік түрі маусымдық саналады – көктемнен күзге дейін. Ол іске қосылған жағдайда өзін ақтай ала ма? Ал, кемені сатып алу мен жанар-жағар май шығындарын өтеу үшін онымен жүру жолақысы қандай болуы керек? Осы мәселелерді анықтап алу керек секілді. Тағы да, қайталап айтамын, бұл менің жеке пікірім ғана. Мен – экономист емеспін, сол себепті болжамдарым қате де болуы мүмкін. Бірақ, жаз уақытында Жайық бойымен экологиялық туризмді дамытуға болар еді деп ойлаймын. Кішкене серуен катерлерімен.

Блог - nurbergen_makym: Атыраудағы көліктер: кеше, бүгін, ертең
Жайық жағасынан мұндай көріністерді де тамашалау мүмкін емес

Троллейбус

Ия, мұндай көлік түрі де біздің қала көшелерімен жөңкілді. Бір жылдай. Екі троллейбус. Сосын, «рентабелділігі төмен» деген себеппен бе, әлде, «электр қуатымен қамтуға жергілікті ЖЭО шамасы жетпейді» деген сылтаумен бе, әйтеуір, троллейбус біздің қалада жүрмейтін болды. Қала кейбір көшелерінің төбесінен төніп тұрған сәйкесті инфрақұрылым көпке дейін демонтаждалмай, сәтсіз экспериментті еске сап біраз тұрды. Ал, қос троллейбус Йошкар-Ола қаласына сатылыпты. Мініп үлгергенімізді ғана місе тұтамыз. Тіпті, фотосын да таба алмадық.

Велосипед


Бұл көлік құралы қоғамдық көлік саналмайды, әлбетте. Дегенмен, соңғы уақытта, қала тұрғындарының шайтанарбаға деген қызығушылығы мен сұранысы артқанын анық аңғарып жүрмін. Кешке қарай, Жайыққа көз жіберіп тұрған 10-15 минут ішінде, «сізге –өтірік, маған – шын» деген формулаға салсақ, кемі елу, бәлки, 60-70 велосипедші өткен шығар. Өкініштісі, инфрақұрылым жоқ.

Блог - nurbergen_makym: Атыраудағы көліктер: кеше, бүгін, ертең
Атыраудағы «шайтанарбашылар»

Әйтпесе, ҚР құқықтық-нормативтік құжаттарына сайсақ, шайтанарбашылардың жаяу жүргіншілер жолымен жүруі — әкімшілік құқықбұзушылық екен. Ал, жол автокөліктер жолымен жүру қауіпті. Велошабандоздар солай дейді. Олар – көп. Досым солай дейді. Досымның аты – Нұрлан. Қашан да велосипедпен жүреді. Шетелдің қай-қай көлігін де маңдайын шертіп жүріп алатындай қаржылық мүмкіндігі бар жігіт. Тіпті, несиеге де емес, ақшасын қолма-қол санап беріп. Жарайды, осы жерден біреудің ақшасын санауды доғарып, Нұрланның неліктен көлікпен жүрмейтінін айта кетейік. Өз сөзімен айтсақ, «автокөлік – қай жағынан қарасаң да, ең нашар инвестиция. Ол жылжымайтын мүлік емес, бағасы жыл асқан сайын қымбаттамайды. Керісінше, оның жүріс-тұрысына қыруар қаражат керек. Көліктің жанармайы, жөндеуі, тағы басқасы көлікті алғаннан кейінгі қуаныш сезімін жоқққа шығарады». Велосипедпен жүруіне екінші, және басты себебі…

Бәрін басынан бастайық...
— Велосипедпен жүруге қызығушылығым, ойлап қарасам, бұдан он шақты жыл бұрын оянған екен. – дейді, Нұрлан ЕСМҰХАНОВ. – Алғашқы шет елге сапарым Нидерланды корольдігінен басталған еді. Өзің білетіндей, ол ел – велосипед тебушілердің «жаннаты». Мені таң қалдырғаны — онда велосипедшілердің автокөлікшілерге қарағанда әлдеқайда құқықтары көп. Және де, корольдіктің өзі де гүл мен көкке толы, өте әдемі, тазалық пен тиянақтылыққа тұнып тұрған ел болып көрінді. Мүмкін олай емес шығар, бірақ маған осы екі фактінің арасында қандай да бір байланыс бар сияқты көрінді. Атырауға қайтып оралғаннан кейін, сол бір өркениеттің бір бөлігін болса да өз қалама енгізейн деп, велосипедпен жүруге шештім.

Блог - nurbergen_makym: Атыраудағы көліктер: кеше, бүгін, ертең
Нұрлан "өзі салдырған" велотұрақта

Жұмысқа велосипедпен қатынауды бастағанда оның бұл бастамасына, тіпті, өз отбасы мүшелері күле қарағанын айтады. Әлбетте, олардың арасында әріптестері де болған шығар. Бірақ, қазір, жағдай өзгеріпті. Дәлірегі, оны – Нұрлан өзгертіпті. Мекеме басшылығына жарты жыл бойы қайта-қайта өтініш жазып, кеңсе аумағында велотұрақ салғызады. Қазір жұмысқа велосипедпен келушілер саны 20-дан асыпты. Осыдан кейін – ақ, Нұрлан бұл үрдісті қала деңгейінде дамытуды ойластыруға кіріседі. Ол үшін досы – Алевтина Байнақова, екеуі урбанистика саласында жұмыс атқаруға бел буып, «урбанистер» ұйымын құрады. Оның басты мақсаты – Қазақстан қалаларын дамыту, халықтың ыңғайына қарай өзгерту және оңтайландыру. Соның алғашқы жолдарының бірі велосипедшілерге арналған инфрақұрылымды дамыту деп шешеді олар.

Богота тәжірибесі
Неге бұл әдістен бастағанын Нұрлан әдемі мысалмен түсіндіріп берді.
«Оңтүстік Америкадағы Колумбияның астанасы Богота қаласын атап өткім келеді. 90-жылдары ол қала сол құрлықтың қылмыс «орталығы» атауына жақын жағдайға келген еді. Кедейшілік пен қылмыс деңгейі жоғары болғандығы қала қызметтерінің жұмысына әсерін тигізген. Қала әкімі болып Энрике Пенелоса тағайындалғаннан кейін жағдай күрт өзгерді. Пенелоса кедей аудандардың жағдайын жақсарту мақсатында онда көптеген мектептер, саябақтар, ғылыми орталықтар ашты. Автокөліктердің «гегемониясына» соққы беріп, ол жаяу жүретін жолдар мен велосипед жолдарын салып, автокөлік жолдарын қысқартты. Кедей аудандарды қаланың орталығымен қосатын ондаған километрлік велосипед жолдарын салды.
Сол өзгертулердің арқасында Богота қазір әлемнің алдыңғы қатарлы қалаларына айналды. Сол тәжірибені қазіргі уақытта барлық өркениетті елдер пайдаланып жатыр. Пенелосаның идеялары қазір Еуропанының, Солтүстік Американың, Австралияның қалаларының әкімшіліктері қолға алып жатыр».

Қаладағы велосипед және жая жүру инфраструктурасын дамыту топтың басты миссияларының бірі. «Алайда, біздің ортада ондай идеяларды құшақ жая қарсы алатынын біз, әрине, күткен жоқпыз. Келе сала, әкімнен «бізге велосипед жолдарын салыңдар» деген талап қою ұйымның өз-өзіне қол жұмсауымен пара-пар еді». – дейді, Нұрлан. Сондықтан, топ алғашында Атырауда қанша велосипедші бар екенін білгісі келеді. «Атырау-Велошеру» жобасын қолға алады.

Атырау велошеруі
Алғашқы Велошеру өткізгеннен кейін, ұйымдастырушылар тобы қалалық әкімшіліктің өкілдерімен кездеседі. Сол кездесуде топ өз жоспарларымен бөліседі. Оның ішінде Атырау қаласында велосипед инфраструктурасының жобасын ұсыну. Яғни, мамандардың көмегімен біздің қалада қай жерде веложолдар мен тұрақтарды, ыңғайлы маршруттар мен басқа да керекті механизмдерді жүзеге асыруға болатынын көрсететін карта жасау. Әкімшілік бастаманы қолдағандай сыңай танытқан. Сол сыңайдың жалғасы соңғы өткен велошеруде бүкіл қаланың басты көшелерімен жүріп өтуге рұқсат берген. Мұндай өтінішіміздің де өз себебі бар дейді, Нұрлан.

velotime.kz/veloprobeg-v-atyrau-26-aprelya-2014-video/ (ақыры, орналастыра алмадым мына сілтемедегі видеоны)

«Сол арқылы біз, біріншіден, қаланың барлық жуық аудандарында дерлік көрініп, велосипедшілердің қанша екенін көрсеттік. Екіншіден, қатысқан велосипедшілерге тек қана өздеріне арналған жолмен жүрудің қаншалықты ыңғайлы екенін көрсеттік. Үшіншіден, біздің колоннаның өтіп болуын күткен автокөлік иелеріне велосипедшілер қауымдастығымен де санасу керек екенін көрсеттік. Бұл осы екі қауымдастықтардың арасындағы «соғыстың» бастамасы ғана».

Түйін тектес текст

Бұл постыммен не айтқым келді?! Атыраудағы қоғамдық көліктерінің кешегісі — керемет еді. Бүгінгісі — бір түрлі. Яғни, бір түрі ғана бар — автобус. Болашақтағысы басқаша болады деп сенгім келеді. Және, ол мақсатта жұмыстар жасалып та жатыр.
Әрі қарай

Үш әңгіме

Генийдің қанатынан қайнатылған сорпа

«А меня уж везли зарывать.
Ну что же, в почву, так в почву,
Шла за гробом печальная мать,
Я всегда настроенье ей порчу.

А жена с моим другом под ручку,
Как на свадьбу шла улыбаясь.
Ненавижу я эту сучку!
Сказал бы, да мать стесняюсь.

Умер, так лежи спокойно,
Как подобает покойнику»

Олег Григорьев

Шөлмектің түбінде бір жұтым ғана шарап қалыпты. Арзан асхана шарабының дәмі аңқасы кеуіп оянған маған шәрбәттай болды. Бірақ, үйдің ішінен бұдан басқа осы бір жан рахатын әрі қарай жалғастыратын жарты жұтым да шарап табылмады. Бұдан жан азабы еселене түсті. Үстелдің басында ұйықтап жатқан Жораны ояттым. Ол әдеттегіше, жарты шөлмек шарапты алып қойған болып шықты. Екеуміз қырлы стақанның ортан белінен келтіріп құйдық та, қағып салдық. Маңдай жіпсіп, салқын тер шым-шымдағанымен, жағдайымыз жеңілдемеді. Бірақ, үйде Олегтің жоқ екенін аңғардық. Оны шарап іздеп келуге кеткен шығар деп ойладық. Сол себепті, күттік. Бірақ, жарты сағаттан артық күтуге шыдамымыз жетпеді. Далаға шықпақ болып, есікті ашқанымызда, дәлізде жатқан Боряны көрдік. Оятып тұрғыза алмадық. Шақыртуымызбен келген дәрігерлер, оның әлдеқашан жантәсілім еткенін хабарлады.

* * *
Олегтің жаназасында әдеттегідей ақын-жазушыларды мәңгілік сапарға шығарып салар алдындағы ұзын-сонар митинг болмады. Көп адам да келмеді. Оның оқырмандары Олег табытта жатқанда мектепке кетіп бара жатты. Бірақ, сол келген аздың ішінен біреу «Шараптты өлгенше ішіп еді, байғұс. Міне, шараптан өлді» деді. «Шараптан емес, шарапқа деген махаббаттан!» деді, Олег табыт ішінен. Бәріміз онысын үнсіз құптадық…

Монпорнас бульвары, 171


Пьер көңілді. Өте көңілді. Бүгін оның Амелиге қолы жетті. Яки, Жан Поль бәске тіккен 500 франкқа да қолы жетті. Демек, «Клозери де Лила» иесіне қарызын қайтарып, еш алаңсыз тағы бір тойлауға да қолы жетті деген сөз. Пьер Парижге келгелі кез-келген жетістігінің дәмін жақсы шараппен соза түсуді әдетке айналдырды.
Кафенің алды қашан да ығы-жығы халық. Ішінің бос емес екендігі айтпаса да, түсінікті. Бірақ, оны «Клозери де Лилада» Жан Поль мен Анре күтіп отыр. Демек, бұған қарақұрым халықтың арасынан бір орын табылары сөзсіз.
Кафенің ішіндегі у-шудың реңкі әдеттегіден бөлек көрінді Пьерге. Адамдардың дауысында таңданыс бардай. Жан Поль мен Анре оған мынаны айтты: жаңа ғана кафеден удай мас боп шығып, жол бойына ұйықтап қалған бір орыс эмигрантын күйме басып кетіпті. Алайда, әлгі орыс сол бойда оянып, орнынан атып тұрып, кафеге беттепті. Анау, жұрт қаумаламаса да, сол жаққа ауық-ауық көз тастап отырған үстел басындағы сол адам екен. Жазушы. Жан Польдың айтуынша, талантты жазушы – Константин Бальмонт. Пьер танымады. Жалпы, бұл кафені мекендеушілерді көп танымайды, ол. Жас суретші, мұнда тек шарап ішуге ғана келеді. Ал, шарапты ол тек әлдебір жетістікке жеткенде ғана ішеді. Бүгін ол жетістік Амелимен түнеп шыққандығы. Екеуінің де дәмі ұнайды. Жетістіктің де, шараптың да…

Хронограф

Орта даңғылдың бойымен жүйткіген күйме кешіп өткен шалшықтардан шашыраған тамшылардың кейбірі сәуірдің соңғы сілімтік күндерінде қаланың ең биік ғимаратының төбесіне екі елі ғана биікте төніп алатын Петербор аспанындағы бұйдалы бұлттарға тиіп кете жаздап кері құлайды. Кейбірі қанша ондықшам жақса да, ішіндегі күңгірт көлеңкелер кемімейтін Никодим шарапханасының терезелерінен сығалайды.
Шарапхана иесінің жиеншары Савелий болмаса, корчма ішіндегі елудей ер қараның бұл тамшылардың тағдырына түкіргені бар. Бірақ, Савваның ойын келгеніне екі күн болғанына қарамастан, ат та қойып, ұрсып та алған нағашысының айқайы бұзып жіберді.
— Ей, қияли қырт! Терезеге телміріп отыратын болсаң, Холмогорыңа қайтып жіберем! Кәне, жұмысқа кіріс! Бар, мына бөшкені жертөлеге апар!
Жертөлеге шараптың бос бөшкесімен бірге омақаса құлаған Савва, нағашысын бір, осы кәрі шалдың қол астына жіберген әкесін бір боқтап, үстін қаға бастағаны сол еді, нағашысының мұны шақырған қарлыққан даусы тағы естіліп, бұл Никодимнің қасына жетіп барды.
— Анау үстелге екі шиша шарап апарып бер! – деді, шал үстелді иегімен нұсқау үшін ғана назарын қолындағы әлденеден аударып. Сосын, сол үстелдің басында отырған әлдекімге қарап айқайлады: «Михайло, қалай дедің мынауыңның атауы?». «Хронограф, Кузьмич! Хронограф!» деді, үстел басындағы еркек шишаны алып, алақанын ысқылап жіберіп.

* * *
Сәулесімен өзен бетін қытықтап ойнайтын күн, Нева қатқалы тірлігінің қызығы біткендей кеш оянып, ерте ұйықтайтын болса да, Никодим шарапханасы сол баяғы қалпы – күңгірт бөлменің ішін ауық-ауық қарқ-қарқ күлкінің дауысы естілетін абыр-дабыр толтырып, соның арасынан анда-санда Савелийге ұрысқан Кузьмичтің де айқайы естіліп қояды. Нағашысының айқайына әбден бой үйретіп алған Савва шарапхана тұрған даңғылмен қиылысатын бірінші және екінші көшелердің арасында тұратын, осындағы академияда қызмет ететін Михайло деген оқымысты жазғытұры шарапқа айырбастап кеткен хронографтың жебелегін қызықтаумен уақыт өлтіретін әдет шығарып алды. Бұл – Савелийдің нағашысы сататын сусынның дәмін татып көргенімен, оған деген сүйіспеншілігі әлі ояна қоймаған уақыт еді…
Әрі қарай

Ит тірлік

Осымен екінші тур қатарынан идеясыздыққа ұшырадық. Бәлки, мойындасақ дұрыс болатын шығар: уақыт болмады. Бұл тур туралы ойламадық емес, ойладық.
Бірақ… «ойдағыға бойдағының күші жетпей, өмірім ілесе алмай көңіліме». Кімнің кімге жеке басының мәселесін тықпалағанындай, қазір. Дегенмен, бұл жазбамды сіздердің алдарыңызда ақталу деп қабылдарсыздар, қадірлан оқырманым. Және бір серт берейін: әгәраки, келесі турда да осындай бір «бассыздыққа» жол берсек, сайыс жолынан өз еркімізбен бас тартамыз. Олай болмаса, атым құрысын. «Атым құрысын», демекші… Үндістердің әлдебір тайпасында, қарызға ақша алған адам кепілге атын тастап кетеді екен, кезінде. Қарызын қайтармайыншы, ешкім оның атын атамайтын сондай бір жоралғы болыпты.
Сонымен, апта басында, жұмыстың жұмысы тым көбейіп, бұл турды ойлайтын, тіпті де мұрша болмады. «Былай қарасаң, қолыңда тұрған дүние ғой, құдайым-ау» деген ой келді, тез тағамның дүңгіршіктің бірінен түстік алып, сатушыға ақшаны беріп тұрғанда. Ойланып кетсем керек, сатушы ақшаны қолымнан жұлып алды. Бәлки, сол жерде банкнотаға Қытайдағыдай «маған идея керек» деген сыңайдағы хабарландыру жазып жіберу керек пе еді?! Аспан асты елінде сондай бір үрдіс бар-мыс. Қыз-жігіттер өз болашақ жарының бойынан көргісі келген қадір-қасиеттерін ақшаға жазып, оған өз байланыс мәліметтерін қоса жазып ақшаны айналымға жібереді екен. Шығыстағы көрші елде сондай жолмен жұптасып, бақытты отбасы құрып жатқан жандар жетерлік, дейді, білетіндер. Шын-өтірігін тексеруге уақыт тапшы болды. Егер, рас болса, орыстардың «не в деньгах счастье» деген ахлағына қарама-қайшы жағдай екен, а?!
Екінші, үшінші күні де, қарбалас бір тиылса етті. Қарбаластың мақсаты айқын: өмір сүру үшін ақша табу. Алайда, әзірге қолдан келетіні, тек «ақша табу үшін өмір сүру» болып тұр. Кім айтқаны есімде жоқ, дәлдігіне де кепіл бола алмаймын, бірақ, мынадай бір сөз бар: «Біздер соғыс сұрқиялығы туралы сұмдық керемет сөздерді жаттап алып, Құдайға күнде тәубе етеміз. Тәубеміздің сиқы: мынау бейбіт сауда-саттық заманда күн кешіп, бар ойымыз бен күш-жігерімізді бір-бірімізді алдап-арбау мен тонауға жұмсап жатқанымыз үшін алғыс айту». Дәл осындай болмаса да, осыған тым ұқсас мендегі тірлік тап сол екі күн.
Кешегі күн, тіптен қызық: демалыс екеніне қарамастан, жұмысқа бардым. Ой – ой іздеу. Интернетке кіргеннен кейін әлгібір сайтқа қалай кіргенімді өзім де аңғармай қалдым. «Лайв» көп екен. Кэфтері де адам қызығарлықтай. Фортуна шешейдің де, осындайда келе қоймасы бар ма?! Бірақ, қалай келгенін байқатпаған шешей, Англиясына да еш аңғартпастан аттанып кетті. Көңіл-күй болмаған соң, ой қайдан келсін. Салымыз суға кетіп, букмекерлік кеңседе бәс тігіп, байымасымызға осымен нешінші мәрте көз жеткізіп, үйге келдік…
Охо, жазба қабылданатын уақыттың тәмамдалуы да таяп қалыпты.

Не айтқапшы, едім… А, иә… «… егер, жұмыстан шығып, жазуға отырсақ, немен өмір сүреміз, ал, жұмыс та жасап, жазу да жазсақ, өмірді қашан сүреміз?» дейтін сөзі бар сатирик Жванецкийдің. Сол ғой, құрымағыр: өмір де сүргіміз келеді, жазу да жазғымыз келеді,0 миллионға деген ынтаразлық та көкейімізді тесіп барады…
Әрі қарай

Идеясыздық туралы фоторепортаж...

Фоторепортажға идеяны жұма күнге дейін іздедім. Таппадым. Таппағанда, тапқандарым көңілімнен шықпады. Бірі – тым таптаурын. Келесісі – тым қияли. Осылайша, кезекті рет «студенттік синдромнан» жапа шегіп, идеясыздық немесе идея іздеу туралы фоторепортажымды ұсынамын.

Блог - nurbergen_makym: Идеясыздық туралы фоторепортаж...
Әлдебір әнші, концерт немесе әншінің концерті туралы фоторепортаж жасайын деп, мұрағаттағы атыраулық әншілердің 10 жуық жинағын қарадым…

Блог - nurbergen_makym: Идеясыздық туралы фоторепортаж...
… Бірақ, бұл әрекетім еш идеяны «түртпектемеді»!

Блог - nurbergen_makym: Идеясыздық туралы фоторепортаж...
Идеяны бәрібір өнерден іздегім келді. Әсіресе, сурет салу секілді, бекзат өнерден. Бірақ, мен көрген картиналар, неге екенін қайдам, тек Ван Гогпен астаса берді… Бұл идеядан өзім зорға қашып құтылдым.

Блог - nurbergen_makym: Идеясыздық туралы фоторепортаж...
Идеяны даладан іздемекке шықтым. Қас қылғанда, біздегі сәуірдің жаңбыры да мен ұйықтап жатқанда жауып, сәтті кадрлерді "іле" алмадым…

Блог - nurbergen_makym: Идеясыздық туралы фоторепортаж...
Ван Гогтық рухы мықты ма, басыма әпербақан идеялар келе берді, бәрібір…

Блог - nurbergen_makym: Идеясыздық туралы фоторепортаж...
… сол себепті де, өмірге басқа қырынан қарап көрсем дедім. Ол қырынан қарасақ та, ЕШТЕҢЕ көрінбеді…

Блог - nurbergen_makym: Идеясыздық туралы фоторепортаж...
… бар «пәле» мынау әлемде емес, өзімде болар деген күдікпен, миыма оттегіні молынан жіберіп, сол арқылы тың идеяларға каналдар ашуға тырыстыv. Еңбегіңім – еш… Идеялар келмеді емес, келді. Әртүрлі идеялар келді… Тіпті…

Блог - nurbergen_makym: Идеясыздық туралы фоторепортаж...
Бірақ, бәрібір, бір жері кем болып, бір жері жетпей тұрды идеяларымның…

Блог - nurbergen_makym: Идеясыздық туралы фоторепортаж...
Тіпті, түс уақытында «Тамақ ішкен қалай екен?» деген тақырыпқа әлеуметтік сауалнама жүргізіп те көрдім. Нәтижелері көңіл көншітпеді…

Блог - nurbergen_makym: Идеясыздық туралы фоторепортаж...
Осылайша, идеясыздыққа ұшырадық. Тур басталғандағы "өрекпуімізден" көреміз дағы…
Әрі қарай

Анатолий Максимович — "АҒАЙ"

Бүгін «Атырау Барыстары» баскетбол клубы "Қапшағай" командасымен ел біріншілігінің финалына шығу үшін тартысты. Үш рет жеңгені финалға шығады. Әзірге, есеп 2:2. Бүгінгі ойын — шешуші. Ойын басталмас бұрын, екі команданының да ойыншыларының пікірін білгім келді… Бір адам туралы...

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Рүстем ТӨЛЕУ, «Атырау Барыстары» БК капитаны:
«Ол — мықты талапшыл. Спортта, әсіресе, командалық ойындарда тәртіп маңызды мәселе ғой. Міне, ол — осы тәртіп мәселесін бірінші орынға қояды. Оның спорт залына барсаң да, осыны анық байқайсың. Өзі айтпақшы, „мысықтың әлгі жеріндей“ жарқырап тұрады. Мықты — жаттықтырушы. Оған сөз жоқ»

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Берік ИСМАИЛОВ, "Қапшағай" БК ойыншысы:
«Ол туралы тек жақсы естеліктер ғана айта алам. Мықты — бапкер. Білімді кісі. Көп адам біле бермейтін шығар, бірақ, ол математиканы қатты жақсы көреді. Сосын да болар, тапсырмаларды нақты қояды. „

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Анатолий Максимович Лысяк — Қ.Сәтпаев атындағы №19 орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі және мектеп жанындағы баскетбол үйірмесінің жаттықтырушысы. Ілгерідегі екі ойыншы да осы адамның тәлімін көрді. Алдағы әңгіме де осы адам туралы болады.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
1954 жылы Украинаның Донецк қаласында туған. 1972 жылы Днепропетровск денешынықтыру техникумын бітіріп, Гурьевке жолдама алады. 1972-88 жылдар аралығында қаладағы №7 мектепте, ал, 1988 жылдан бері №19 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Баскетбол үйірмесін 1998 жылы ашты. Оқу орнынан алып шыққан мамандығы “Волейбол жаттықтырушысы» бола тұра, балаларды баскетболға баулуының себебін былай түсіндіреді:
«Осыған дейін жұмыс жасаған мектебімде шәкірттерім волейболдан бірнеше мәрте қала чемпионы атанды. Кейін, осы мектепке ауысқанда, бір нәрсені анық түсіндім: волейболда қозғалыс аз. Баскетболмен салыстырғанда, әрине. Мен алдымен, денешынықтыру пәнінің мұғалімімін, бапкерлік — содан кейін. Маған спорттық жетістіктерден көрі, балалардың денсаулығы маңызды. Сол себепті де мектеп бағдарламасындағы волейболға машықтандыруды баскетболмен алмастырдым „

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Анатолий Максимовичтің кезекті сабағы. Сабақ сапқа тұрудан басталады. Оқушылар түгелдей дерлік сап түзеудің барлық талаптарын орындамайынша, сабақ басталмайды. Мен мұны жақсы білем. Жазып отырған пақырларыңызға да Анатолий Максимовичтің шәкірті атану бақыты бұйырған. Тым талапшыл адам. Оқушы кезімде, тіпті, әсіре талапшыл көрінетін…

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
...Өмірімде бір рет қана “бір» деген баға алып көріппін. Осы ағайдың сабағынан. Атлетикалық снаряд «Коньнан» секіре алмағаным үшін. Турникке тартыла алмай ілініп тұрғанымды көріп, «Слезай, сосика!» дейтін, бүкіл сыныптың көзінше. Сыныптастардың күлкісіне қалмайық деп (әсіресе, қыздардың) намысқа тырысып, ақыры 5-6 рет тартыла алатындай болдық. Оның өзінде төрт алдық. Жалғыз рет қана бес алған екенмін. Ол — 1 шақырым қашықтыққа жүгіруден бірінші келгенде. Оқушы кезімде әсіре талапшыл көрінетін, әлі де солай көрінеді… Бірақ, оның оқушы үшін, әсіресе, денсаулығы үшін пайдасы зор екенін қазір түсініп отырмын. Тіпті, үшінші тоқсан сайын, «мен баскетболист болмаймын» дейтінімнің де бекер екенін…

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
«Ал, мен баскетболист боламын» дейтіндер баскетболист болды. Кейбірі, тіпті, кәсіби. Мысалы, сыныптастарым — Берік Исмаилов, Дәурен Тоққожиев. Жалпы, Атырауда №19 мектеп десе, бірден «о, баскетболисттер» дейді. Бекер емес. 1998 жылдан бері біздің мектеп облыстағы қай-қай біріншіліктен де шаппай бәйге алып жүрде десем өтірік емес.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Осыдан бірнеше жыл бұрын, ағайды көргенімде «Ағай, әлі жаттықтырып жүрсіз бе?» деп сұрап едім. «Ия, 95 жылғыларды жаттықтырып жүрмін, қазір. Болды, осылардан кейін жаттықтырушылықты қоям. Шаршадым. Жүйкеден жүйке қалмады» деген еді. Осы жолы да солай деп отыр:"Қазір, жаттықтырып жүрген 2004 жылғыларым — соңғылары. Болды, осыдан кейін, қоям. Жүйкеден жүйке қалмады" дейді.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Ия, жүйкенің не қатысы бар деуге болатын шығар. Бірақ, жасы алпысқа келген адамға қиын-ау. Оның үстіне "… Бізді ешкім қаржыландырмайды ғой. Жуырда Анапада (Ресей Федерациясы — Н.М.) Бүкілресейлік мини-баскетбол фестиваліне баруды жоспарлап отырмыз. Барсақ, көкелерін танытамыз. Биыл үшінші жыл. Алғашқы екі жылда чемпион атанып келді, менің балаларым. Басында, «О, китайцы приехали» деп менсінбеп еді. Қазір, біздікілер ол жақта «корольдер». Енді, осы 2004 жылғы шәкірттерімді сынап көргім кеп отыр, сол жарыста. Жақын арада, ата-аналарды жинап жиналыс өткіземіз. Балаларын жіберуге ақша тапса, «Ура, барамыз!». Таппаса, «Ура, бармаймыз!».

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Бұл «корольдер» тақтасы. Арасында 1994 жылғылар да бар. Ия, олар мектеп бітіріп кетті. Бірақ, олар — Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегерлері. Облыс атынан барған мектеп құрамасы. Қай-қай жарыста да сол — Атырау облысының құрама командасы — №19 мектеп баскетболшылары.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Ағай мен оның оқушылары (баскетбол үйірмесіне қатысушылар емес) жергілікті «Атырау Барыстары» баскетбол клубының қай-қай ойындарын да жібермейді. Бүгін — жартылай финал. Әр сыныптан өзінің «сүйіктілерін» іріктеп, 25 оқушыны алып, ойын болатын жерге бет алды, ағай.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Автобус кондукторы осынша баланы бір уақытта автобусқа мінгізуге келісімін бермеді. Ағай, «ақшаларын төлейін, 20 теңгеден» деді. Кондуктор толықтай төле деп қасқайып алды. Мен фотоаппаратымды шығарып, автобусты айналдыра түсіре бастағаннан кейін ғана, кондуктор кейи-кейи келісті. "Әркез осылай, мінгізгісі келмейді. Қазір, кейін қайтқанда, нағыз "«часпиктің» уақытына тап келеміз, онда, тіпті, – «туши свет, бросай гранату» (сүйікті сөздерінің бірі). — дейді, ағай, еш қиналмай. Әлгі инцидент кезінде, менің жүйкем «сыр беріп» қойған еді…

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Ағайдың жүйкесі сыр беретін жер ойын кезінде екен. Оқушылары естіп қоймасын деп, тістеніп қана боқтап алады, ойнай алмай жүрген баскетболшыларды көріп. Футболфандар түсінер, ағай «дирижердің» де қызметін атқарады екен, трибунада. Қайта-қайта ұлы (Александр Лысяк — «Жасқанат» баскетбол клубының бапкері) ойын барысын сұрап телефон соғумен болды. Оған: «Жеңіс — біздікі!» дегенімен, атыраулықтар доптан айырылған сайын, боқтап жіберіп, «жеңіліп қаламыз-ау» деумен болды.

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Бірақ, «Атырау барыстары» финалға шықты. Оқушылар да, ағай да қуанышты. «Биыл тағы күміс» — дейді, ағай — «Мына „барандарға“ Астана алдыра қоймас. Ойындары ойын емес, тіпті.»

Блог - nurbergen_makym: Анатолий Максимович — АҒАЙ
Ағай жұмысына қайтып келді. Мұғалімнің қағаздары таусылған ба…
Ағай дәл кеше алпысқа келді. Үш жылдан кейін зейнеткерлік. «Енді, топ алмаймын» деп отырғанының бір сыры да сол.

Ауырмаңыз, ағай!
Әрі қарай

Көктем күнделігі (жалғасы)

Блог - nurbergen_makym: Көктем күнделігі (жалғасы)

(Басы)

Оныншы көктем
Алматыға шынымен ғашықпын! Өткен жаз отбасымызбен «Алма-Арасанда» демалдық. Содан әлі айыға алмай жүрмін. «Жазды қалай өткіздің» деген шығармада біраз көсілдім. «Күз» бен «қыс» тақырыптарындағы шығармаларға да Алматыны кірістіргенім есімде. Енді, «Көктем» туралы жазыңдар дегенде, мұғалімім «Алматыны қоспай-ақ қой» деді. Алматыны қоспағанда Атыраудың көктемі туралы не жазасың? Көктемде маса шығады, балшық болады, ол кепсе, шаң көтеріледі деп пе?! Құралайдың кезіндегі жаңбырды жазуға болатын шығар, сосын. Әжемнен амалдарды үйрене бастадым, «әлхам» мен «құлқуалланы» жаттап жүрмін. Бір күнде жаттап алуға болады ғой, бірақ, жазда сатып алған «Dendy» ойнаудан қол босамай жүр.

Он бірінші көктем
Бастауышпен қоштастық. Биыл да жазда Алматыға барамын ба деген асқақ арман болған. Папымдар олай болмайтынын айтты. Сосын, жергілікті «Құлыншақ» газетінің жас тілшісі ретінде Астананы көрем бе деген үміт болды. Алайда, «Жас Астана – жас жеткіншектер көзімен» халықаралық фестиваліне де бара алмайтын болдым. Жасым кіші деді. Жазда бөлеммен бірге жергілікті «Тұлпар» лагеріне баратын болдық. Көңіл-күй жоқ…

Он екінші көктемім
Бесінші сыныптан бастап, математикадан тереңдетілген гимназия сыныбы болдық, Құдай ұрғанда. Үшінші тоқсан да үшке шығатын сияқтымын орыс тілі мен математикадан. Есесіне, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен үлгерімім жөнделіп келеді. Үйдегі кітаптардың ішінде де қызық шығармалар бар екеніне көз жеткізе бастадым. «Sega» ойнаудан да қызығырақ па деп қаламын кейде…

Он үшінші көктем
Бұл көктемде жақын адамыңды жоғалтудың не екенін сездім. Әкемді меңдеген дерт – Ауғандағы соғыстың салдары – «Бехтерев ауруы» деп жүргеніміздің, ғылыми тілде «анкилозирдеуші спондилоартрит» – неден туындайтыны белгісіз һәм жазылмайтын ауру – екенін кейін білдім. Дәрігерлер жиырма жеті жасында оған бұл диагнозды қойғанда, «әрі кетсе, он жылдай ғұмырыңыз қалды» деген екен. Қысқасы, бұл көктем осындай көңілсіздеу болды…

Он төртінші көктем
Осы көктемнің де көңілсіздеу болатын түрі бар. Жұма сайын әжем үйретіп кеткен «құлқуалланы» әкеме қосып, әжеме де бағыштайтын болдым. Кітап оқу сиреді, далаға шығып, соңымнан шешем іздеп шыққанша үйге қайтпайтын әдет пайда болды. Темекі тартып ұсталып қалатыным да осы көктем-ау деймін. Әлде, келесі көктем бе екен?! Осы екі көктем бір-біріне қатты ұқсас.

Он бесінші көктем
Өткен қыста кітапхананың үздік жас оқырмандарының бірі ретінде Алматыдағы әлдебір жиынға барып қайтқанымның айтып тауыса алмай жүрген қызығы болмаса, бұл көктемде де сол – тірліктің негізгі штрихы темекі тартуға, былтыр жазда үйренген арақ ішу мен шөп шегу қосылды… Осы тоқсан информатикадан «үш» шығатын болар. Өткен тоқсан әупірімдеп төртке шыққам. Мұғалімім ренжулі: мектепішілік пәндік олимпиададан қалалыққа жолдама алып, оған бармай қалып едім. Бірақ, айтарлықтай проблема туғызып жүрген жоқ, ол мен үшін: орыс тілі мен алгебраның қасына қоса салармын. Проблема: гитарамды сындырып алдым. Енді, біздің үйде Высоцкийге, Визборға, Табылдыға қосылып ешкім ән айтпайды. Көшеде – Петлюра мен Цой.

Он алтыншы көктем
Биыл көктемде Махамбеттің 200 жылдығына арналған сыйлықтың иегері болдым. Не сыйлық екеніне сол кезде мән бермеп ем, қазір де есіме түсіре алар емеспін. Есімдегісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мектепішілік олимпиададан қалалыққа жолдама алып, қайтадан ұйықтап қалуға мүмкіндік берген, қалалық Абай оқуларынан бірінші орын алғызған «Махамбет туралы толғауымның» ақысы ретінде, дипломға қосып, былғары портфель мен жиырма бес мың теңге ақша берді, орталық стадиондағы түлектердің қоштасу кешінде, облыс әкімінің өзі. Ия, Әбішке ме, Иран-Ғайыпқа ма, әйтеуір, біреуге еліктеп, осындай шұбалаңқылап, басын аяғына жазып, аяғын басында келтіріп жұмбақтағансып баяндау секілді қыршаңқы жазу стилі пайда болды, осы көктемнің аяғында. Бұдан, өздеріңіз түсініп отырғандай, мен осы көктемде «бірдеңелер» жаза бастадым… Әлгі ақшаға бірден барып, мамама телефон алып бердім. Осылайша, тоғызыншы классты тәмамдағаным туралы куәлігімдегі үш «үшті» жуып шайғандай болдым. Қуанышты жаңалық бір бұл емес: мамам, биыл Алматыға барамыз деді.

Он жетінші көктем
Бұл көктемде сыныптың балалары былтырғыдай емес, жайдарылау сияқты. Өйткені, алда, емтихан да, аты белгілі болса да, заты беймәлім – тестілеу де жоқ. Орыс тілі мен информатикадан жағдайды реттедік, сынып жетекшім де геометриядағы үлгеріміме бола, алгебрадағы бағаларымды көтеріңкіреп қоятын сияқты. Бірақ, бәрібір, бақылаулар баяғыша, «екі мен үш». Ол – маңызды емес. Маңыздысы – мен шын ғашық болып қалған сияқтымын. Білмеймін, бұрынғылар бала махаббат болған шығар, әлде басқа ма, әйтеуір, бұл жолғы күй мүлдем бөлек. Бұрын қалай байқамай келгем, оның әдемілігін, ақылдылығын… Жоқ, оны тартымды қылатын бұл қырлары емес… Неше жыл бір сыныпта оқып келеміз… Әскери комиссариат тексеруінен соң, «кім боласың?» деген сұраққа ақыры жауап тапқандаймын. Алматыдағы әскери оқу орындарының біріне түсіп көремін.

Он сегізінші көктемім
Әскери болмайтын болдым. Өткен жазда бір қолайсыздау оқиға орын алып, әскери өмірге жол жабылды. Алматыға, мамам мен папам оқыған КазГУге құжат тапсыратын шығармын. Тестілеуден соң көреміз, енді… Былтыр көктемде оянған махаббат, сол жылдың күзінен аспады. Биыл мектеп бітіреміз: ата-аналар жиналысы сайын, «балаларыңа репититор жалдаңдар! Тесттен құлап қалмасын» дейді мұғалімдер. «Сонда он бір жыл бойы, мектеп не үйретті?!» деп мамам екеуміз бір-бірімізден сұрап қойдық. Репититор жалдамайтын болдық. Оның ақысына гитара аламын. Бірақ, «дені дұрыс ән» үйрену керек, мама үшін.

(жалғасы бар)
Әрі қарай

Көктем күнделігі

Блог - nurbergen_makym: Көктем күнделігі
Көктем… Тым қатты оригинал болу қиын шығар бұл тақырып төңірегінде. Мектепте оқып жүргенде ең ұнатпайтын тақырыбым жыл мезгілдері туралы шығарма жазу болатын. Қазір де, бұл тақырып мен үшін «таңғы алты мен түскі он екі аралығындағы уақыт» жөнінде бірдеңе жаз дегенмен бірдей. Тіпті, соңғысы, сәл оригиналдылау көріне ме деймін. Өйткені, мен көктем туралы сіз білмейтін бір нәрсені айта аламын дей алмаймын, менің қадірлан оқырманым. Мен бұл өмірімде көктемді бар болғаны 28 рет көрген екенмін. Алғашқы кездесулеріміз есімде де жоқ. Сол себепті, алғашқы абзацты сол көктеммен алғашқы кездесуіміздің алғашқы әсерлерімен бөлісудің орынына пайдаланды дей салыңыз.
Әрі қарай