Жарияланымдар

#‎жақсықыз‬‬‬‬ - КҮЛІМДЕП ЖҮРІҢІЗ! #4

Блог - klara_yermagambetova: #‎жақсықыз‬‬‬‬  - КҮЛІМДЕП ЖҮРІҢІЗ! #4
Бүгін жігіттерден естіген бір ақылымды бойдақ ‪#‎жақсықыз‬‬‬‬ -дарға айтсам… Алда демалыс күндері. Мүмкін бір танысу кештері, кездесу сәттері болып қалар: КҮЛІМДЕП ЖҮРІҢІЗ!
Жігіттер көңілі жайма шуақ, «позитиві ұрып» тұрған қыздарды өте жақсы көреді. Күлімдеп жүрген адамның жүзі жылы, көзінде мейірім болады. Бастысы — ол өмірге, бастығына, мемлекетке, тіпті, жып-жылы болып тұрып, лезде суып кеткен күн райына, мүлдем ештенеге ызалы емес.
Жігіттер болса, анау-мынау проблеманы бір ойлап, онсызда басы қатып жүреді. Және өздері сияқты депреснякка ұшыраған, оқуын, жұмысын, кредитін ойлап, әбден шаршап кеткен қарындас оған… жо-жооқ, мүлдем қажет емес.
Қыз баланың жанында жігіт қаумалап алған проблемаларды ұмытқысы келеді. Сізбен жана танысса да, бұрыннан білсе де, дәл осы кездесуден ол ләззат алып қайтпақшы.
Күлімдеп жүріңіз. Қабақ түймеңіз (әжім түседі) Күлімдеуден тек қана достық емес, махаббат та бастау алатынын ұмытпаңыз!

11.03.2016
Әрі қарай

‪#‎жақсықыз‬‬‬‬ - басында барлық жігітке ұнайды #3

Блог - klara_yermagambetova: ‪#‎жақсықыз‬‬‬‬  - басында барлық жігітке ұнайды  #3
Кеше ‪#‎жақсықыз‬‬‬‬ — бен шай іштік. Республиканың бойында жаңадан ашылған жақсы кафе екен. Сол мезетте ол өз жігітіне (сөздің шыны керек, жігіті де емес, небары 2-3 рет кездескен) 100 рет хат жазған болар. Ватсап. Сор болды ма, зор болды ма, әзірге пікірім екіжақты. Хат жеткені көрініп тұрады, оқығаны көрініп тұрады, ал жауап жазылмаса, біттің…
Жаным-ау, деймін де, ол сенің жаныңда күні-түн болуға міндетті емес. Жауап бермей жатыр ма, яғни қолы бос емес. Аа, онлайн отыр ма?.. Онда басқа біреумен сөйлесіп жатқан болар… Мүмкін жұмыс бабымен. Ал жұмыс бабымен болмаса?! Онда не істейсің? В конце то концов ол — сенің құлың емес! Кімге жазса да, не жазса да өз еркі!
#жақсықыз өзі ұнатса, сол адамға жүз пайыз беріліп кетеді. Барлық бос уақытын сонымен кездесу, сонымен бірге болуға арнайды. Бос емес уақытында, әйтуір звондап, хат жазып тұратыны тағы бар. Дер кезінде тормозға баспасаң, сенің үйіңе көшіп алуға да кет әрі емес екен деп қаласың. #жақсықыз басында барлық жігітке ұнайды. Бірақ, бір-екі кездесуге дейін. Одан кейін ең төзімді деген жігіттің өзі қашып, әрең құтылады. Бұндай «напорды» ешқандай жігіт ұнатпайды!!! Айтып-айтып түсіндіре алмай қойдым.
Жаныма шейін, сенің өз өмірің қайда? Сен онымен танысқанға дейін қалай өмір сүрдің? Сүрдің ғой? Енді неге сүре алмай қалдың?
Анау жігіт әлі жауап жазған жоқ. Бұрынғылардың бір іздік жолымен ол да өз жөнін тапқан болса керек.

11.03.2016
Әрі қарай

#‎жақсықыз‬‬‬‬ - өмір телик емес. #2

Блог - klara_yermagambetova: #‎жақсықыз‬‬‬‬  - өмір телик емес. #2
Театрға бірге бармаймыз, ол қарайтын киноларға мен қызықпаймын. Ол футболды жанындай жақсы көреді, мен теледидарға шұқшиғанды ұнатпаймын. Оның плейпарақшасында — батыстың әні, ал мен болсам терме тыңдаймын. Мен — романтик, ол — пофигист. Бірақ бастысы — бұл емес. Біздің талғамдарымыздың бірдей болуы міндетті де емес, маңызды да емес.
‪#‎жақсықыз‬‬‬‬ — ға осыны ешкім түсіндірмепті. Бүкіл қараған кинолары, оқыған романдары жігітті тек идеал кейіпте көрсетумен шектелсе керек. Тіпті жағымсыз бір олқылықтары болып жатса да, оны экран «дерзость», «брутальность», «сексуальность», құдайым-ау, тағы сондай сияқты онтайлы образда көрсетіп отырғаны тағы бар. Бірақ бұл өмір, ‪#‎детка‬‬‬‬! Телик емес!
Жалғыз қалғың келмесе, оны 100% қабылда. Минусымен, плюсымен. Ал қабылдай алмайсың ба, қоңырқай кештерде шамдары сәл қараңғылау кальян иісі бұрқыраған аса қымбат емес кафеде өзің сияқты құрбыңмен «жақсы жігіт жоқ!», «жіігттердің бәрі онбаған» желісіндегі көңілсіз әңгіме-сауық-сайран өміріңе қайтып орала бер!!!

10.03.216
Әрі қарай

«Біз ғашық жандармыз» атты байқауға қатысыңыздар!

Блог - klara_yermagambetova: «Біз ғашық жандармыз» атты байқауға қатысыңыздар!Jas.kz ақпараттық-танымдық порталы 15 сәуір – Ғашықтар күніне орай «Біз ғашық жандармыз» атты байқау ұйымдастырады.

Байқаудың басты мақсаты:

Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, тарихымызды бүгінгі көзқарас тұрғыснан насихаттау;
Жастардың әлеуметтік желіде сауатты жазуына көңіл бөлу;
Жастардың арасындағы бір –біріне деген адал, пәк, кіршіксіз таза сезімдерді дәріптеу;
Әлеуметтік желідегі позитив ақпараттардың санын көбейту.
Байқау бойынша талап:

Екі жас өздерінің махаббат хикаясын қысқаша жазып (love story), суретімен бірге Facebook, Instagram немесе ВКонтакте желісі арқылы #15сәуір және #omirartstudio хештегтерін қолданып, жариялау керек.
Байқау сәуір айының 14-не дейін жалғасады. Жеңімпаздардың есімі 15 сәуір күні анықталады.

Жеңімпаз екі жасқа ұлттық нақыштағы бұйым жасаудың шеберлері Өмір арт студиясынан құнды сыйлық табысталады.
Әрі қарай

#Жақсықыз - "тең - теңімен". #10

Өткенде бір іс-шара болып, көптен бері көрмеген бір құрбыммен кездесіп қалдым. Өзі негізі өте #жақсықыз. Кеш бойы жақын отырып, әбден сырластық. Бұрын менімен жерлес бір жігітті ұнататын еді. Қазір аралары суып кетіпті. Сөз салып, қырындап жүргендер көп, дей тұра бәрі мен ойлағандай, менің арманым мен қиялымдағыдай емес дейді.
— Сенің арманың мен қиялыңдағы азамат қандай болу керек?- деймін ғой, мен де бой бермей.
— Біріншіден ол білімді адам болу керек. Екіншіден, маған кешіріммен қарау керек. Үшіншіден, әлеуметтік жағдайы менен төмен болмау керек.
Тақылдатып айтып берді. Сірә, бұл сұраққа бірнеше рет жауап беріп отыр-ау деп ойлап қалдым. Айтқан талаптарының бәрі орынды.

Бірақ, жоғары білім — міндетті түрде — ақыл мен даналықтың, парасаттылық пен терең ойдың айғағы емес. Университет бітірмесе де, жоғары білімі барлардан әлде қайда жоғары тұратын жігіттерді өз басым талай көрдім. Жақсы, мейлі.

Біздің дана қазақ, «біреуін ашу айтқанда, біреуін басу айтындар» дейді. Кешірім жасай алу — үлкен қасиет. Алайда, "қойш, ол мені кешіреді" деп, ер азаматты жүнжітіп, басына мініп алған ұрғашы да жеткілікті. Кешірім қашан да екіжақты болу керек. Кешіретін іс бар, кешіргенді емес, түзелгенді, өзгергенді талап ететін қылық та бар.

Ал әлеуметтік жағдай туралы айта бастағанда, екеуміз мүлдем келіспей қалдық.
— «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген сөз бар қазақта. Егер оның жағдайы менен төмен болса, ең құрығанда астына мініп жүрген машинасы болмаса, оған қоса, отыздан асқанында, бір жиған- терген тиыны болмаса, онда ол жігіттен ертеңгі күні не қайыр?" деп құрбым кесіп тастады.
Айтқым келсе де, тілімді тістей қойдым. "Әркімнің өз шындығы бар". Үйді жалдап отырса да, астына машина мінбесе де, бір шаңырақта сыйлы отағасы болып отырған талай жақсы жігітті білемін. Бәрі отыздан асқан. Олардан ертеңгі күні үміт жоқ деп айтпақ түгілі, олай ойлағым да келмейді.
Ал «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген сөз 100 теңгесі бар адам, 99 теңгесі бар жанмен қосылмасын деген сөз емес. Ойы, ақыл-парасаты, тәрбиесі сенімен тең болып тұрса, сенің ортаңа ол, оның ортасына сен сіңісіп кете алсаң, тең-теңімен деген осы.

— Арманыңдағы, қиялыңдағы жігіт саған кездессің!- дедім сөз соңында.
Бірақ сөздің шыны керек, мен оған да, жалпы басқа құрбыларыма да жай ғана жігіт кездессің деп тілеймін. Ал оны арман мен қиялдың кейіпкеріне айналдырып, өмір бойы сол дәрежеде сыйлап өту — әркімнің өз қолында.
Әрі қарай

‪#‎жақсықыз‬‬‬ - жалғыз. #1

‪#‎жақсықыз‬‬‬ — құрбым ғо. Кеше кездесіп қалып едік, баяғы мұң, сол мұң. Мұң емес ендігі зар болыпты. Жігіт жоқ, Жақсы жігіт жоқ. Құрбымның ата-анасы қандай алтын адамдар. Өзі сондай тәрбиелі, әдепті. Оған қоса, квартирасы бар, білімі жоғары, зп-сы 200 мыңдай. Астында машинасы жоқ демесең. Оның өзің әдейі алмай жүр. Машина алып алсам, маған точно ешкім жақындамайды дейді. Мүмкін онысы да дұрыс болар. Бір-екі жігіт бар, бір екі рет киноға шақырыпты. Бірақ сонымен тәмам. Ішпейді, шекпейді. Ернінен сүйгізсе де, ойланып сүйгізеді. Жеңілтек мінезі болған емес. Короч, планкаңды түсір деп кеттім. Бірақ қайдам, түсірмейтін сияқты ғой. «Ақылды, жақсы табысы бар, өзі сүйкімді, өзі романтик бір басында он өнері бар саған жақсыны қайдан алам? Түсір» дедім. «И что я с таким буду делать?» дейд. «Спать!» дедім))). Жыным келгені сонша. #жақсықыз — жалғыз. Қандай шара бар бұған?

09.03.2016
Әрі қарай

Екі тағдыр – бір сезім

— Қалайсың жаным, жақсы барып қайттың ба? — деп күйеуім мені есіктен күлімдей қарсы алды. Көңіл-күйім төмен болса да, мен оны білдіртпеуге тырыстым. Алғашқы жүктілігім болғасын ба, кейде тез шаршап, кейде өзімнен өзім жылағым келіп тұратыны бар. Бүгін де көңілім құлазып, жүрегім әлденені сезгендей шаншып, мазамды ала бергені. Мен аяқ киімімді шешіп, күйеуіме қарап, езу тарттым.
— Бәрі жақсы! Дәрігер «папасына айтыңыз, балапаны бұзық болмасын» деп ескерту жасады.
Бұны естіген отағасы мәз, ішімді алақанымен сипап, «біздің бала бұзақы емес, әшейін маған тартқан белсенді жігіт қой» деп, мені қолымнан ұстап, асүйге қарай жүрді.
— Үйде қонақ бар! Дастархан басында отырып, біраз нәрселерді талқылап тастадық. Жүр, мен сені таныстырайын! – деді.
Мен ас үйдің табалдырығын аттай беріп, талып қалуға шақ қалдым. Үстел басына жайғасқан қонақ маған жат адам емес. Енді өмірімде оны жолықтырамын деп ойламаппын. Қонақтың да түрі бірден өзгерді. Сірә, оның да мені көретіні жоспарда болмаса керек.
— Танысып қойыңыз, Жәке, Перизат келініңіз осы кісі! Жомарт — менің көмекшім, менің бизнес жолымдағы алғашқы демеушім, қолдаушым, Жалғас Маратұлының кенжесі. Енді менімен бірге жұмыс атқарады, — деп отағасы біздің кейпімізді аңдымай бір бірімізді таныстырып әлек.
Таныстық ишаратын жасап, қолын созса да, Жомарт орынан тұрмады. Енді ғана байқадым, ол үстелді бойлай қойған орындықта емес, мүгедектерге арналған креслода отыр екен. Жүрегім біртүрлі болып шаншып кетті. Мен жауап ретінде басымды изеп, киімімді ауыстырып келейін деп, ас үйден шығып кеттім. Көз алдым бұлдырап барады. Шағын дәліз ұзақ болып, мен жатын бөлмеге әрең жеттім.
Біліп болмайтын жұмбағың көп, тағдыр, неткен сұм едің?! Бір болуды жазбапсың, не үшін жолықтырдың?
— Сенсіз өмір — мәнсіз екенін түсіндім, жаным! Маған мәңгі жар болуға келісесің бе? — деп әдемі сақинасы бар қобдишаны ұсынған Жомарт күлімдей қарады. Әрине, оған жар болу арманым еді, бірақ бір жағынан кешқұрым саябақта машина ішінде мұндай ұсыныс жасайды деп ойламағандықтан сасып қалсам да, қуанышымды жасыра алмай басымды шұлғи бердім.
— Әрине, әрине келісемін!
Ол мені құшақтай алды.
— Мен ертең ата-анама жетіп, саған құда түсірткіземін, сосын сені өзіммен Алматыға алып кетемін, деп ол мені ұзақ сүйді. Сол кеш өмірімдегі ерекше кештердің бірі болатын.
Жомарт алматылық жігіт еді. Екеуіміздің таныстығымыз да қызық — вокзалда Алматы — Астана пойызын күтіп отырғанда, «танысайық» деп жанымнан айналышықтап кетпей қойған еді, одан кейін жолсеріктермен келісіп, пойызға отырып алыпты. Бейтаныс қыз үшін осыншама әбігерге түскен жігіттің әрекеттері тұрпайы көрінгенімен, сол таныстық үлкен махаббатқа ұласқан болатын. Ол Алматыдан әдейілеп, апта сайынғы демалыстарда көлігімен Астанаға келіп тұратын. «Шаршайсың ғой осы апта келмей-ақ қойсаңшы» деген кездерімде, «сен мені сағынбаймысың?» деп жас балаша ренжіп қалатын.
Таңалакеуімде ол Алматыға жол жүріп кетті. Оның хабарын тағатсыздана күтіп мен қалдым. Бірақ ол хабарласпады. Шыдамым таусылып, телефон шалып едім, абонент байланыс аясынан тыс жерде дегеннен басқа жауап алмадым. Дей тұра, үмітімді үзбей телефонды бір сәтке де жанымнан алыстатпай ұзақ тосып жүрдім. Бірақ, арада бір ай өтсе де, Жомартымнан хабар ала алмадым. Тәуекелге бел буып, Алматыға өзім аттандым. Бір-бірімізді бір жылдан бері білсек те, ата-анасын, достарын танымағаныма өкіндім. Үйінің мекен-жайын арадағы әңгімеміз арқылы білетін едім, ұшақтан түскен бетте тұспалдап сол жерге бардым.
Жомарттың тұрмысы жақсы, бай-қуатты жанұяның перзенті болатын. Дарбаза алдында мені күзетші күтіп алды. Келген жайымды, аты-жөнімді сұрап алғаннан кейін «күте тұрыңыз» деп өзі ішке хабар берді. Жарты сағаттай уақыт өткен соң күтуші әйел келіп, соңымнан ер деген ишарамен мені үйге кіргізді де, өзі қайта шығып кетті. Екі қабатты үлкен үйдің кіреберіс дәлізінің ортасына аппақ диван қойылған екен. Мен зарығып күтіп жүрген Жомарт сонда отыр. Осыдан бір ай бұрын ғана бәрінен де ыстық, жаныма жақын жанның бүгінде түсі суық. Мені көріп, ол қабағын түйді. Мен әрі қарай аттай алмай орнымда тұрып қалдым.
— Айта бер! — деді ол бейне күнде көріп жүрген адамындай.
Аузыма сөз түспей, мен ұзақ тұрып қалдым. Үнсіздікті Жомарттың өзі бұзды.
— Перизат, сен мені текке іздеп келдің! Хабарласқым келсе, өзім ақ хабарласар едім… Яғни зауқым соқпағаны. Уақытыңды босқа кетірудің қажеті жоқ еді.
Көңілімде, жүрегімде орын алған үміт пен үрей аралас сол бір сезімді сөзбен жеткізу тіптен қиын болатын. Аман-есен көргеніме бір қуансам, мына сөзіне, әрекетіне ызаландым. Мен не дерімді білмей, оң қолымдағы сақинаны шешіп, жанына бардым да, диван алдында тұрған кішкентай үстелдің үстіне қойып, бар болғаны «мынаның қажеті қанша еді?» дедім.
Ол күлді. Бұрын оның күлкісін ұнататын едім, қазір мына орынсыз күлкі бетіме түкіргенмен бірдей көрінді.
— Мен айныдым. Қателік жасаппын! — деп ол мырс етті. — Бар айтарың осы болса, Қалима сені шығарып салсын,- деді ол бұрынғысынша суық қалпында.
— Қажеті жоқ. Өзім кете беремін, -деп кілт бұрылып, артыма қарамай шығып кеттім. Ол да орнынан тұрмады. Қош та демеді. Мен құсалықпен күн кешіп, ұзақ қайғырдым. Кейде екеуміздің кездескен күнімізге лағынет айтқан кездерім де болды. Кейіннен Медетті кездестірдім. Мен оны Жомартты сүйгендей сүйе алмадым, бірақ ол мені құлай сүйетін еді. Екеуміз шаңырақ көтердік. Екі айдан соң тұңғышымыз өмірге келмек. Бақытты едік, тағдыр тағы оны не үшін жолықтырды? Мен көзімнің жасын сүртіп, төсектің шетіне енді отырған едім, бөлмеге Медет кірді.
— Жаным, саған не болды? — деп, ол мені құшақтай алды.
— Ештеме! Әшейін, көңілім біртүрлі құлазып тұрғаны, — деп мен күйеуімді қатты құшақтадым. Оның шексіз махаббаты үшін құрметтейтін едім. — Айтпақшы қонағың қайда?
— А, Жомарт па? Асығыс бір істері шығып қалып, сонымен кетті. Негізі ол өте жақсы жігіт! — деп жолдасым арқама көрпе жапты.
— Жақсы?!
— Ия, өте тамаша жігіт! Папасы да алтын адам. Кейін таныстырамын ғой, — деді де күйеуім менің жаныма отырды, қолымды алды.
— Бұл жігіттің де кешпегені жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл бір қызға ғашық болған екен. Айтпақшы, сенің жерлесің, астаналық. Сөйтіп екеуі үйленбекші болады.
Күйеуім маған таныс әңгімені бастай жөнелді.
— Жаңағы қызға сақинасын сыйлап, құда түсемін деп кеткен кезінде, бұл бейбақ жол апатына ұрынады. Содан осылай екі аяқтан қалады, — деп Медет бір тоқтады. Жүрегім зу ете қалды. Басында басты кейіпкері мен ұқсаған әңгіме, енді мен білмейтін арнаға бұрылған тәрізді.
— Ал қыз ше? — дедім мен жолдасымның көзіне тіке қарай алмай.
— Қызда да, әрине, кінә жоқ. Ол сорлы бұны Астанадан іздеп келсе керек. Бірақ бұл қыздың тағдырын байлағысы келмей, мүгедек екенін білдіртпейді. Ебін тауып, қызды қуып шыққан көрінеді.
Тамағыма бірдеңке келіп, тіреліп қалғандай болды, көзімнен аққан жасты жолдасыма түсіндіре алмасымды біліп, мен оның құшағына тығылдым.
— Жаным, жаным сол! Көңілің онсызда құлазып тұрғанда бекер айттым ғой саған. Уайымдамашы, жақында сол қыздың тұрмыс құрғанын естіп, бұл да ес жинаған көрінеді. Әйтуір сол бақытты болып кетсе, мен де өмірімді өз өзіме кінә артпай жалғастыра беремін, деп шешіпті. Содан міне жұмысқа тұрды. Мен де оған барынша көмектесуге тырысамын, — деп ол алақанымен менің көз жасымды сүртті.
— Сен одан да айтшы, дәрігер біздің балапан туралы тағы не айтты?
Мен үндей алмадым.
Өйткені, енді ештеңе айта алмастай күйге түскен едім…
20.05.2014
Әрі қарай