Таңдаулы

Таңдауым - төртінші билік

Анамның айтуы бойынша, мен туған жылдар дағдарыс уақыты болса керек. Үйде кішкентай ғана теледидар болатын, оның өзі жай ғана үйдің мүлкін толтырып тұрғаны болмаса, көрсетіп, қарық қылғаны шамалы. Бір күні анамның әпкесінің үйіне қонаққа барамыз. Сол үйде теледидардан соғыс туралы кино көрсетіліп жатады. Жасым ол кезде 3-те, атылған танкінің дауысынан мен шар етіп жылап, далаға қарай қаштым. Содан кейін теледидар қарауға жүрексінетінмін. Өсе келе теледидардың әр хабарын үзбей көретін болдым. Балалығым ғой, «теледидарға адам артынан кіре ме екен?» деп те ойлап жүретінмін. Ойымды тербеп, өмір атты өзеннің ағысына қабаттастырған, әсемдік пен әдемілік әлеміне енгізген көгілдір экранның құдіреті-ай!

Өмір -өзен күні-түні,
Тоқтаусыз ол ағады.
Өз орнынды таба білсең,
Сонда өмірің бағалы, — деген өлең шумақтары санамда жатталып қалыпты. Дана Абай атамыз айтқандай, әр адам дүниенің кетігіне кірпіш болып қалануы керек. Алайда оған асқақ арман мен нық мақсат қажет. Сөйтіп, сиқырлы қорапшадағы аға-әпкелерімізге қарап отырып, қиялдаған арманым өмірлік мақсатыма айналды. Мен академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультеті журналистика кафедрасының 2 курс студентімін. Өз басым Әзілхан Нұршайықов атамыздан бастап, өткір тілді қаламгерлердің жолын қууды армандаймын. Шынайы тақырып — шынайы өмірден туады. "Өмірді білген- өрбіте жазады, өмірді білмес — өтірік жазады" деген сөз бар. Журналист болсам, өмірден көргенімді өрбіте жазып, шындықтың жолымен жүрер едім…

Достар, бұл менің алғашқы жазбам болғандықтан, өзім жайлы бірер сөз арнағанды жөн көрдім. Асыл сөздің майын ішіп, жілігін шақпасам да жеткізуге тырыстым. Пікір алмасып, баға беріңіздер! Алдағы уақытта жаңа жазбалар күтіңіздер!
Әрі қарай

М.Шаханов Ш.Айтматов - "Құз басындағы аңшының зары немесе ғасыр айрығындағы сырласу"

Ғасырлар тоғысындағы әңгіме… Жалпы, астындағы аты кісінісе Аллаға тәубәсін айтып, «сен тимесең мен тимейтін» момын халықпыз ғой. Тұла бойымыз тұнып тұрған — толеранттылық! Барға — қанағат, жоққа — мезірет айтып отыратын ата — бабаларымыз, апа-әжелеріміз қолындағы бар нәрсесін өз балаларына қимай, қашан келетіні бір құдайға мәлім құдайы қонағына сақтап отыратыны — соның бір дәлелі. Ал мен оқыған "Құз басындағы аңшының зары" кітабы — екі бөлек әлемнің, яғни қазақтың қайсар ақыны — Мұхтар Шаханов пен қырғыз ағайынның ардақтысы, бүкіл әлем бас иген Шыңғыс Айтматовтың диалогынан тұрады. Оқуға кеңес беремін! Халқымыздың өткен өміріндегі көлеңке тұстарды әшкерелеп, тарихи оқиғаларға да анализ жасап отырады қос наркескен. Сол арқылы әңгімеден әңгіме өрбітіп, туған халықтарының күйін күйіттейді. Сәттілік достар! Оқып жатсаңыздар ойларыңызбен бөлісе отырарсыздар!
Кітаптар әлемі: М.Шаханов  Ш.Айтматов  -  Құз басындағы аңшының зары немесе ғасыр айрығындағы сырласу
Әрі қарай