Жарияланымдар

Естеліктер

Алматыға әр аттанар алдында Бақсай көпірінің сол жағына бір қарайтынмын. Ондағысы – жылдан-жылға қара жері көбейіп, ағашы азайған Алмаағаш, көк қақпа және анадайдан көрінетін көк шатыр… Сол жерде менің балалық шағымның естен кетпес күндері өтті.
Көпірге сәл жетпей трассадан төмен қарай құлдилағаннан бастап, бір қызық басталатын. Бізге ол «американсие горкиден» кем емес, айқайлаймыз келіп… Сосын жаңағы көк қақпаның тұсына аялдаймыз. Қақпа айқара ашылған соң, жыландай ирелеңдеген жол дәл сол көк шатырлы үйге апарады. Анадайдан машинаның даусын естігендер шаруаларын бір сәтке қоя тұрып, машина келе жатқан жаққа жалт қарайды. Үйдің артын айнала бере ашық жасыл комби иә гараждың алдынан, иә гараждың жанынан қарсы алатын. Содан кейін қайдан шыққандары белгісіз, Ақтабан мен Таймас абалап жүгіреді. Біздің аузымыздан аттарын естігенде, «келіп жүрген кісілер екен ғой» дегендей жым бола қалады.
Машина, әдетте, сарай мен үйдің ортасындағы қазан-ошаққа жетіп бір тоқтайтын. Содан кейін амандасу басталады. Маған машина есігін аша бергенде көрінетін үйдің алдындағы отырғыш сондай ыстық көрінеді. Оған отырып, аяғын жазбаған адам кемде-кем шығар. Барлық қызықты әңгіме-дүкен сол жерде айтылатын. Сол жақтағы сарай ше? Оған да жаздың ыстығынан тығылып, жанымызға сая табамыз. Сарай шай ішетін үлкен асхана болса, қасындағы кішкентай шолан нағыз асүйдің өзі.
Жаздың күндері күн тас төбеге келгенде іспектей болған көзіңді тырнап ашып үйден шығып келе жатқан кезде, ақмама сол шоланнан шығып, «аман өрдің бе?» дейтін еді. Сосын «жуынып келіп, шайыңды ішіп ал» дейтін. Ақмама… Оның жан баласы түгіл, итке ұрысып жатқанын көрмейтінбіз. Жаңағы шоланның есігін ашсаң, жаңа сауылған бір шелек сүт, сепараторда тартылған қаймақ тұратын. Сепаратордан бөлек, ақмаманың шалабы тұратын канистр ыдысы болатын. Ол қашан дайындалып, қашан толтырылып жатқанын көрмейміз. Бір қарасаң, ақмама қазан-ошақтың артындағы егінде шөп жұлып жүреді, бір қарасаң, құрт жасап отырады, бір қарасаң, нан басулы. Ісіне көз ілеспейтін. Сосын ақмамамен бірге біздің үйге келіп тұратын сүт пен қаймақ салатын жасыл котелегі мен ақ кастрюлі есімде…
Гараждың қасында Боқсақтан басталатын бал бар. Оны ақмама кейінірек тау дейтін болды. Шынымен, ол үй мен қораны бөліп тұратын тау сияқты көрінетін кішкентай кезімде.
Бір күні ақмама «жеңі ұзын бірдеңе ки, қарақат тереміз» деді. Шілденің шіліңгірінде жеңі ұзыны нес деп, артынан ере бердім. Балды бойлай үйдің жанынан өте шығып, трасса жаққа кішкене жүргенде «қарақаттар мекеніне» келдік. Алмағаштың жайнап тұрған кезін көрмеген мен, қай жерде не барын да білмейді екем. Тікендері көп бұтақтарының арасында алысып қарақат терген кезде, «не үшін жеңі ұзын ки» дегенін түсіндім. Сөйтіп жалаңаш қолдарым бұтақтарға біраз тырналғаны бар.
Мен басқаларға қарағанда Алмағашта аз болған шығармын. Бірақ әр барған күнім жадымда мәңгі қалады. Қазір ойласам, бейне бір ертегідей. Былтыр сол балалық шағымның бейнесін жоғалтып алдым. Сол жылы наурызда барғанымда ақмаманы соңғы рет көрдім деп ойламадым. Содан бері баяғыша ауылдан аттанарда Бақсай көпірінің сол жағына ғана емес, оң жағына да қарайтын болдым. Себебі ақмамам сол жақтан мәңгілік мекенін тапты. Жатқан жерің жайлы болсын, Ақмама!
Әрі қарай

"Ла-Ла-Ленд" туралы

Жағымсыз жаңалықтар, атыс-шабыс фильмдер сананы улап, күнделікті күйбең тіршілікке одан сайын күңгірттік беретіні рас қой. Олай болса, осындай қыстың аязды күндері бір сәтке жазға барғыңыз келсе, осы фильмді көруді ұсынамын.
Мюзикл біздің күнде тамашалай бермейтін жанрымыз. Алайда эстетикалық сұлулық, стиль, қызыл-жасыл түстер, мөлдір махаббат және өнерге ғашықтық сізді, әсіресе, қыздар қауымын бірден баурап алары анық.
Фильмде сондай бір жеңілдік, шынайылық, пәктік бар. Әдепсіз, көз жұмарлық кадрлар мүлдем жоқ. Маған ұнағаны да осы!
Бұл жерде картинаның әрі режиссері әрі сценарий авторын айта кету керек. 32 жасар американдық Дэмиен Шазель бұдан бұрын Whiplash (Одержимость) фильмімен көзге түскен болатын. Фильмді көрген адам болса, екі фильм арасындағы тақырып ұқсастығын бірден байқайды:
— өнерге адалдық;
— джаз;
— өнер жолындағы қиындықтар мен құрбандықтар;
Оның үстіне режиссердің фишкасына айналған камераны 180 градусқа ерсілі-қарсылы бұру арқылы екі әрекеттің, екі кейіпкердің байланысын көрсету әдісі бірден көзге түседі. 2014 жылғы шығармасында барабаншы мен дирижер арасында өрбісе, «Ла-ла-лендте» музыкантшы мен билеп жүрген қыз арасындағы керемет үйлесімділік осы әдіспен орындалған.
Тағы бір айта кетерлігі, екі картинадан да Джей Кей Симмонсты көруге болады: «Одержимость» фильмінде екінші пландағы рөлі арқылы «Оскарды» алса, бұл шығармада эпизодта ғана көрінеді. Шазельдің Симмонсқа азғантай да болса рөл бергеніне қарағанда, оның режиссердің бойтұмарына айналғаны анық.
Әрі қарай

Сөздердің шығу тегі - 1

Мені сөздердің шығу тегі, этимологиясы қызықтырады. Әр сөз адамның тағдыры сияқты бұралаң жолдарды жүріп өтеді: бір тілден басқа тілге өтеді, мағынасы өзгереді, белсенді қолданылады немесе ұмыт қалады, не болмаса шыққан тегі, түпнұсқасы туралы ақпарат мүлдем ұмытылып, қайта зерттеуді қажет етеді. Өзіме қызығушылық тудырған сондай бір сөздердің бірнешеуін ұсынып отырмын.
«Алақай!» деген әдемі сөздің шығу тегі қандай деп ойланып көрдіңіз бе? Білмесеңіз, осы сөз арқылы исламның қазақ өміріндегі орнын ұғынуға болады. Қазақтар қуанғанда, жақсы хабар жеткенде «Алақай!», «Алла хай!», яғни «Алла тірі!» деп айғайлайтын болған. «Хай» — «Тірі» деген Алланың сипаты.
«Әлди-әлди» — қазақтың «Алланы» қазақ тіліне бейімдеп «Алда» деп те айтатынын ескерсек, «әлди, әлдидің» «Алла» деген сөз екен деп есептейтіндер бар. Мен де бұған қосылам. Бесіктегі сәбиді тербетіп, анасының Алланы еске алуы заңдылық емес пе?
Бәрекелді – қазақ тіліне бейімделген араб сөзі. Байқасаңыз, бұл сөзді риза болғанда, қуанышты жаңалық естігенде айтасыз. Түпнұсқада «Барака Аллаху» — «Алла разы болсын».
Пір- япырмай, ойпырмай, әупірімдеп. Бұл одағайлардың барлығы бірнеше сөзден құралған, алайда түбірі бір. «Я, пірім-ай», «Ой, пірім-ай», «Ау, пірім деп».
Рулардың атаулары бізге бір жұмбақ сөздер сияқты көрінеді. Қазіргі қолданыстағы ешқандай сөзге ұқсамайтын атаулар қайдан шықты екен деген ой сізге келді ме? Мысалы, қыпшақ. Оның таңбасы тігінен бір-біріне параллель тұрған екі сызық екенін білетін шығарсыз. Осыны ескере отырып, О.Сүлейменов өз кітабында оның «екі пышақ» деген екі сөзден құралғандығы туралы айтады. Сенбесеңіз, «екі пышақ» деп қайталап айта беріңізші. Шынымен де, басқа да көптеген рулардың атауы өз таңбаларын сипаттайды емес пе: найзалы, балталы, ойық, жал+айыр, тарақты, т.б
Язычник – бұл сөзді естігенде ойыма бірден «язык» деген сөз оралатын. Пұтқа табынушының тілге не қатысы бар деген заңды сұрақ туындайды ғой. Сөйтсем бұл жұмбақтың шешуі белгілі екен. Христиандық дәуірден бұрынғы Русь елінде көшпенділерді «языги, язычники», былайша айтқанда «дала адамы» деп атаған. Яғни, көне түркінің «йазық, жазық» сөзін түбір ретінде алыпты. Осыдан церковь бұл сөзге «христиан емес» деген жаңа мағына теліп, ол бастапқы мағынасын жоғалтқан екен. Содан кейін бұл сөз тек көшпенділерге емес, «шынайы сенімді» қабылдамаған барлық халықтарға қолданыла беретін болған екен.
Әрі қарай

«НАГРАДТАУДАН» кейінгі ой

Блог - inzhu: «НАГРАДТАУДАН» кейінгі ойТілге байланысты әңгіме туындағанда, «қазақ тілінде сөйлеу керек» деп шаба жөнелеміз. «Қазақ тілінде сөйлеу» деген сөздің мағынасын қалай түсінуге болады? «Ручка беріп жіберші, ачкиім қалай?» деген қазақ тілінде ме? Жалпы, қазіргі біз сөйлеп жүрген қазақ тілінің деңгейі қандай немесе қағаз бен теледидардағы қазақ тілінің көшедегі қазақ тілінен айырмашылығы жер мен көктей деп ойламайсыз ба?
Осы сұрақтарға жауап табу үшін, тілдің даму процесі туралы біліп алуды жөн көрдім. Мысалы, америкалық ағылшын тілі қалай және қанша уақытта пайда болды?
Сонымен XVII –XVIII ғасырларда ағылшын тілі британдық шаруалармен және ірілі-ұсақты буржуазия өкілдерімен бірге мұхит асып, жаңадан ашылған құрлыққа келеді. Ол кезде ағылшындардан басқа испандарды, француздарды, немістерді, голландтарды, норвегтерді және т.б. кездестіруге болатын еді. Одан қалса, ағылшын тілінің әлеуметтік топтардағы ерекшеліктерін айта кету керек.
Жаңа құрлық, жаңа табиғат, жаңа климат, жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайлар дегендей. Жерді игеру, құрылыс жүргізу, өндіріс салу сияқты шаруалар жеке-дара істеуге келмейтінін ескерсек, ортақ тілдің қажеттілігін тудырады. Не керек, ағылшындардың басымдығына орай, ағылшын тілі негізге тіл ретінде алынады (1), оған басқа тілдерден қажетті сөздер енгізіледі (2), басқа халықтар ағылшын тілін түпнұсқадағыдай айта алмағандықтан, өзіндік акцент пайда болады (3). Осылайша, «бар болғаны» бір-екі ғасырда жаңа тіл пайда болады.
Ал қазақ тілінің болашағы қандай деп ойлайсыз? Үш тұғырлы тіл саясатының арқасында біраз уақыттан соң үш тілдің қоспасынан ЖАҢА ТІЛ пайда болуы мүмкін бе?
Әрі қарай