Жарияланымдар

Бос орындар жәрмеңкесі өтеді

Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы 12 мамырда сағат 10:00-13:00 аралығында «Astana Mall» сауда, ойын-сауық орталығында «Барлығы үшін еңбек» атты Бос орындар жәрмеңкесін өткізеді.

Шара барысында жұмыс іздеушілер әлеуетті жұмыс берушілермен әңгімелесуден өтіп, қайта оқыту мен жаңа мамандықдыты теңгеру мүмкіндігі туралы ақпарат алады.

Астана жаңалықтары: Бос орындар жәрмеңкесі өтеді

Қызмет көрсету, білім беру мекемелері, денсаулық сақтау ұйымдары, құрылыс фирмалары, қонақ үйлер, автопарктер, ішкі істер органдары саласындағы 25-тен артық жұмыс беруші бос жұмыс орындарын ұсынатын болады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астанада спорттық-бұқаралық шаралар маусымы ашылды

Бүгін Астаналық паркте ашық ауада өткізілетін «Fitness Park Astana» спорттық-бұқаралық шаралар маусымы ашылды. Қала тұрғындары фитнес-нұсқаушылардың көмегімен кроссфит негізін меңгеріп, йога, зумба және басқа да белгілі бағыттар бойынша жаттығуларға қатыса алады.

Ашық ауадағы сабақтар бүгіннен бастап өткізіледі, және бұл шара әр жексенбі сайын сағат 10.00-13.00 жалғасын табады. Тәжірибелі фитнес-нұсқаушылар кеңінен танымал спорттық бағыт – кроссфиттен сабақтар өткізіп, Combat Battle жаттығу жүйесін үйретеді. Парк аумағында жүрек-қан тамырлары жүйесін жаттықтыруға бағытталған Cardio-zone сабақтары ұйымдастырылады.

Астана жаңалықтары: Астанада спорттық-бұқаралық шаралар маусымы ашылды

Ал биге әуес жандар үшін латынамерикалық ырғаққа негізделген зумбадан фитнес бағдарламаға қатыса алады. Спорттық бұқаралық шара барысында кішкентай астаналықтарға арналған балалар аймағы жасалады.

Келушілер назарына дұрыс әрі теңгерімді тамақтану жолы таныстырылады. Сонымен қатар, әр жексенбі сайын белгілі қазақстандық эстрада жұлдыздары елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлайтын болады.

Қала тұрғындары мен қонақтарын елорданың жаңа Фитнес-Паркіне шақырамыз!

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астанада велошеруге 2000 астам адам қатысты

Жеңіс күніне орайластырып, Астанада велошеру маусымы ашылды. Бұл шараға спортшылар, қоғам қайраткерлері, елорда тұрғындары мен белсенділер қатысты.

Қатысушылар «Салтанат сарайының» алдындағы алаңнан «Сарыарқа» республикалық велотрегіне дейін жүріп өтті. Маршруттың ұзындығы 4600 метр.

Астана жаңалықтары: Астанада велошеруге 2000 астам адам қатысты

Марафоншылар үшін сөреде велопрокат пункттері ұйымдастырылып, қатысушылардың дені Astana Bike велосипедтерімен жүрді. Шара әрбір қатысушыға күні бойына керемет көңіл күй сыйлады.

Астана жаңалықтары: Астанада велошеруге 2000 астам адам қатысты

— Бұқаралық спорттың белсенді дамып келе жатқаны қуантарлық жайт. Қатысушылардың басым бөлігі жастар, оқушылар. Спорт денені шынықтырып қана қоймай, адамның рухын да көтереді. Ал адамда негіз болса, ол рухани бай болса, тұлға қалыптасады. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Қазақстандықтарды осындай шараларға белсенді түрде қатысуға шақырамын. Ардагерлерді де құттықтаймын, өмірдегі бар жақсылықты тілеймін, — деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ведомство басшысы шараны ұйымдастырған Астана қаласының әкімдігіне, Қазақстан велоспорт федерациясы мен Ұлттық олимпиада комитетіне спорттық мереке үшін алғысын білдірді.

Астана жаңалықтары: Астанада велошеруге 2000 астам адам қатысты

Мәреде акцияның салтанатты бөлімі өтті, шара барысында белсенділік танытқандар мен номинациялар бойынша жеңімпаздарға бас жүлде велосипедтер табысталды. «Спорттық отбасы» номинациясында Атабаевтар әулеті топ жарды. Төрт жастағы Әмір Досмұхамедов ең жас велошабандоз атанды. Үш аяқты шайтанарбамен жарысты бастаған ол әкесінің қолдауымен мәреге жетті. Велошеруге қатысқандардың ішіндегі ең үлкені — 70 жасар Надежда Радченко.

Астана жаңалықтары: Астанада велошеруге 2000 астам адам қатысты

— Бәріміз де велосипедпен жүреміз, күйеу балам да, қызым да, немерем де. Осындай шараларды міндетті түрде өткізу керек. Адамдар көп келді. Бар күш-жігерімді жинап, сыйлыққа қолжеткізгеніме қуаныштымын,- дейді Надежда Николаевна.

Айта кетейік, велошеру Ұлы Отан соғысының ардагерлерін мәңгі жадымызда сақтауға және оларға тағзым етуге бағытталған «Жеңіс» республикалық әлеуметтік қайырымдылық жобасы аясында өткізілді.

Астана жаңалықтары: Астанада велошеруге 2000 астам адам қатысты

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астана Отан Қорғаушы күнін қалай тойлады

Бүл күні Елордада таңертеңнен бері Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік шаралар өтіп жатты. Әскери-тарихи музей алдындағы алаңда «Сарбаз ботқасы» дайындалып, халыққа ұсынылды.

Астана жаңалықтары: Астана Отан Қорғаушы күнін қалай тойлады

Жауынгерлердің тамағынан дәм татуға әскери қызметкерлер мен олардың отбасылары, әскери-патриоттық клуб өкілдері, оқушылар, Балалар үйінің, SOS балалар деревнясының тәрбиеленушілері, сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Астана жаңалықтары: Астана Отан Қорғаушы күнін қалай тойлады

Алаңға дала ас үйі мен палаталы қалашық орнатылды. Қонақтар Ұлы Отан соғысы кезіндегі осы күнге дейін істен шықпаған техниканы тамашалады. Орталық ансамбль әртістері соғыс жылдарындағы әндерді орындап, рухты көтерді.

Астана жаңалықтары: Астана Отан Қорғаушы күнін қалай тойлады

Сонымен қатар, қала тұрғындарына Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар ерлігінің белгісі «Жеңіс ленталары» таратылды.

— Біздің аталарымыз Отанын қорғап, Жеңісті барынша жақындатты. Барша қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығымен құттықтаймын, — деді ҚР қарулы күштері азық-түлік басқармасының бастығы Ерлан Тоқпаев.

Астана жаңалықтары: Астана Отан Қорғаушы күнін қалай тойлады

Отан Қорғаушы күніне орай ұйымдастырылған концерттік шаралар қаланың көптеген алаңдарында өткізілді. Соның ең думандыларының бірі «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда өткен концерт. Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік шаралар сағат 24:00 дейін жалғасты.

Астана жаңалықтары: Астана Отан Қорғаушы күнін қалай тойлады

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Отан Қорғаушы күні және Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар

Қазақстандықтар Отан Қорғаушылар күні мен Жеңіс күні мерекелеріне орай төрт күн демалады.Осы мереке күндеріңіз мазмұнды әрі қуанышты өтуі үшін назарларыңызға мерекелік шаралар тізімін ұсынамыз.

Астана жаңалықтары: Отан Қорғаушы күні және Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар

Сенбі күні таңертең «Салтанат Сарайының» жанынан мерекелік велошеру бастау алады. Сондай-ақ, 7 мамырда Әскери-тарихи музейде әскери техника көрмесі мен «Солдат ботқасы» шарасы ұйымдастырылады. Отан қорғаушы күніне орай қала әкімдігі мен «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңдарда күні бойы мерекелік концерттер көпшілік назарына ұсынылады.

8 мамырда қалалық орталық зиратта Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлер зиратына Даңқ гүлшоғын және гүлдер себетін қою рәсімі өтеді.

Жексенбі күні Астаналық паркте сағат 10.00 «Астана» фитнес паркі ашылады, мұнда кез келген қала тұрғыны танымал спорттық бағыттар бойынша өз күшін сынау мүмкіндігіне ие болады. Осы күні сағат 15:00 Бейбітшілік және келісім сарайында «Отан деп соққан жүрегім...» мерекелік концерті өтеді.

Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай қалалық алаңдарда мерекелік концерттер мен халықтық серуендердер ұйымдастырылады: «Студенттік» паркте, қала әкімдігінің және «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда. Сағат 11.00 «Отан қорғаушылар» монументіне Даңқ гүлшоғын қою рәсімі өтеді.

Сонымен қатар, осы күні Тәуелсіздік даңғылының бойымен «Жаужүрек полк» шеруі жүріп өтеді, оған қатысушылар «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қояды.

Еске сала кетейік, 7 мамырда Астанада «Жеңіс ленталары» акциясы басталады, Жеңіс күніне орай қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік ленталар таратылады. Мереке күндері өтетін шараларға 150 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонақтары келеді деп күтілуде.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Ана тіліміздің абыройын асқақтатқан байқау

Астана қаласы М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында түрлі этностардың өкілдерінің қатысуымен қазақ тілінен жарыс өз межесіне жетті. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Біз – Ұлы дала балалары» мәдени-бұқаралық шарасы аясында өткен «Тіл – достықтың алтын көпірі»байқауының мақсаты мемлекеттік тілді меңгеруді насихаттау, этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттары өкілдерінің арасында қазақ тілін жетік білетін жастарды марапаттау, осылайша қазақ тілінің абыройын көтеру.

Байқау ітижесі бойынша гран-при «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының өкілі Әділ Ишмухаметовқа бұйырды, ал бірінші орын «Возрождение» неміс қоғамының өкілі Анастасия Кровицкая еншісінде.

– Байқау жеңіл әрі қызықты болды. Мен қазақ және ағылшын, сондай-ақ, Конфуций институтында қытай тілін үйреніп жүрмін. Байқауда «Қарлығаш» әнін орындап, өлеңдер оқыдым, әңгімелесуден өттім. Оның үстіне неміс қоғамында актерлікпен айналысамын, мектепте «беске» оқимын, – дейді он бес жасар Анастасия Кровицкая.

Астана жаңалықтары: Ана тіліміздің абыройын асқақтатқан байқау

Осы күні Оқушылар сарайында қалалық жексенбілік мектеп оқушыларының арасында «Менің Отаным — Қазақстан» сурет байқауының қорытындысы шығарылды.

Бірінші топ 6-9 жастағы балалар арасында Неміс жексенбілік мектебінің оқушысы Алина Жакулина Гран-при иеленді, ал Өзбек жексенбілік мектеп оқушысы Абдуллах Аббозов бірінші орын алды.

Екінші топ 10-12 жастағы балалар арасында бас жүлде Орыс-казак жексенбілік мектебінің шәкірті Леонид Грицманға бұйырды, татар-башқұрт жексенбілік мектебінің өкілі Арина Абдрахманова бірінші орын иеленді.

Ересектер арасында (13-17 жас) «Оберег» Украина жексенбілік мектебінің өкілі Әсел Сапаралиева Гран-при алса, осы мектептің тағы да бір өкілі Юлия Шмидт бірінші орынды жеңіп алды.

Шара соңында елордалық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі этностардың ұлттық әдет-ғұрыптарымен және салт-дәстүрлерімен таныстырды.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Қоғамдық кеңес ашық мәліметтер интернет-порталы жұмысын талдады

Елордада ашық мәліметтер интернет-порталы іске қосылды. Мұнда жарияланатын ақпараттар тізімі Астана қаласының Қоғамдық кеңес отырысы барысында талқыланды.

Астана қаласы әкімі аппаратының орынбасары Әлнұр Сейдумановтың хабарлауынша, жыл сайын мемлекеттік органдар қаланың тыныс-тіршілігінің түрлі салаларында ақпараттың көп көлемін жинайды, бұл ақпарат интернетте жариялануы тиіс және кез келген тұлғалар оны тегін, заңнамаға сәйкес мақсаттарда бірнеше рет қолдана алады.

Астана жаңалықтары: Қоғамдық кеңес ашық мәліметтер интернет-порталы жұмысын талдады

– Барлық ақпарат бір жерге және ыңғайлы болатындай жиналады. Бұл БАҚ, бизнес өкілдеріне және азаматтарға мемлекеттік мәліметтер базасын кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Портал іске қосылды және қоғам үшін барынша пайдалы және тиімді болуы үшін жасалды. Көптеген орталық мемлекеттік органдар мен аймақтар өз мәліметтерін жариялап үлгерді. Мұнда ең маңызды және пайдалы мәліметтер жиналған. Ашық мәліметтердің ішінде – өзектендіру кезеңі, мерзімдері, дереккөздер, жауапты тұлғалар берілген. Алдағы уақытта тізім кеңейе түспек, – деді Ә. Сейдуманов.

Қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған жобаны бірауыздан мақұлдады. Отырыс барысында елордада сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер регламентіне енгізілетін өзгерістер бекітілді. Сонымен қатар, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару бойынша ұйымдарды аккредитациялау» регламенті мақұлданды.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Өзекті мәселелер шешімін тапты

Мемлекет басшысының төрағалығымен күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде кеңес өтті. Кеңеске Парламент палаталарының төрағалары, Премьер-Министр, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы ел дамуының негізгі бағыттарына, соның ішінде жер реформасына тоқталып, Үкімет қызметіне баға берді және тиісінше бірқатар шешім қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев елде жүргізіліп жатқан Бес институционалдық реформа дағдарысқа қарсы кешенді жоспар болып саналатынын атап өтті.

Астана жаңалықтары: Өзекті мәселелер шешімін тапты

– Әлемде қазір инвестиция тапшылығы орын алып отыр, дамушы нарықтардан капиталдың кетуі байқалуда. Дамушы елдердегі инвестициялар ағынының қарқыны 20 жылда алғаш рет кері сипатқа ие болуда. Егер 2008-2014 жылдары Қазақстанға келетін тікелей инвестициялар көлемі жыл сайын орта есеппен 24 миллиард долларды құраса, былтыр ол 15 миллиард доллардан аз болды. Елдер арасында сыртқы инвестиция үшін бәсеке күшейіп, мемлекеттер инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасап жатыр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елдің ауыл шаруашылығы саласында 2 миллион 300 мың адам жұмыспен қамтылғанын айтты.

– Сөйте тұра бұл салада еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалып отыр. Отандық фермерлер бір гектар жерден орта есеппен 400 доллардың өнімін алады. Дәл осы көрсеткіш АҚШ-та 1,5 мың долларды, Германияда – 2800, Францияда 3200 долларды құрайды. Ауыл шаруашылығы жаңа техникаға, жаңа технологияларға, суғару жүйелеріне инвестиция салуға мұқтаж, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы әлем елдері шетелдік инвестиция тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатқанына назар аударды.

– Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығына салынған қаражат өзін ақтау үшін 10-15 жыл керек. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 10 жылға, соның ішінде шетелдіктердің жалға алуы туралы заң ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді. Алайда бұл салаға әлі айтарлықтай инвестиция келген жоқ. Шетелдіктер 65 мың гектарда ғана жұмыс істеп жатыр, яғни жалға алынған жердің 0,06 пайызы ғана. Бірақ жоғары өнімділікті қамтамасыз етіп отыр. Жерді ұзақ мерзімге жалға беру – бүкіл дүние жүзі бойынша инвестиция тартудың амалы. Бельгия, Германия, Грекия, Нидерланд сияқты елдер шетелдік инвесторлардың жерді меншікке немесе жалға алуы мәселесіне қандай да бір шектеу қоймайды. Францияда шетелдік инвесторлар үшін жер ресурстарын жалға алудың ең ұзақ мерзімі 99 жылды құрайды. Жер кодексі нормаларын әзірлеу барысында бұл тәжірибелер ескерілді. Бірақ жерді шетел азаматтарына сату мәселесі болған емес, қазір де жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа нормалардың мәні тиісті топтарға жеткізілмегенін атап өтті.

– Қабылданған заңның тетіктері мен нормалары жұртшылықты кеңінен қатыстыру арқылы талқыланбады. Сондықтан көп жағдайда халықтың алаңдауы дұрыс. Егер қазақстандықтар қабылданған шешімге сенбейтін болса, демек бұл дұрыс емес деген сөз. Өйткені, бұл өзгерістер халық үшін жасалып жатыр. Қоғамда жерді жалға алу жөніндегі бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты күмән туғанын ескеру маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтау салды.

– Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыру керек. Егер талқылаудан кейін Парламент ортақ шешімге келетін болса, мораторий алып тасталады, ал егер олай болмаса, күшінде қалады. Біз халыққа ұнамайтын заңға зәру емеспіз. Бұл ретте мораторий сақталған жағдайда ауыл шаруашылығының жағдайы нашарлауы мүмкіндігін түсіндіру қажет. Сондай-ақ Үкімет жанынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың басшылығымен комиссия құруды тапсырамын. Комиссия барлық мүдделі органдарды және қоғамдық бірлестіктерді тартуы тиіс. Резонанс тудырған ережені кеңінен талқылап, ортақ ұстаным әзірлеп, Парламентке беру керек. «Нұр Отан» партиясына демократиялық күштер коалициясы аясында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұған барлық партиялар, қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдары қатысуы тиіс. Түсіндіру жұмыстарына Үкімет пен Парламенттің қос палатасының депутаттары белсене қатысады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 178 мыңнан астам шаруа және фермерлік қожалықтар, 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылық бар екеніне тоқталды.

— Олар күн ұзаққа алқапта, фермада, жайлауда еңбек етеді, сіздердің жаңалықтарыңызды күтіп, теледидар алдында отырмайды. Бірақ сіздер өз ұсыныстарыңызды әзірлеу барысында министрліктен шықпай отырып, бәрін өз араларыңызда шешесіздер. Кімнен жасырынасыздар? Сонда біздің заңдарымыз кім үшін жазылған? Ауыл шаруашылығы министрлігінің де, Ұлттық экономика министрлігінің де, әкімдіктердің бір де бірінің де ресми сайтында жер реформасы жөнінде қолжетімді және көрнекі ақпарат болған жоқ. Ал бұл дегенің халықтың игілігі үшін, экономиканы дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін жүргізіліп жатыр ғой, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексі жөніндегі жұмысқа жауапты екі мемлекеттік органның, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өз міндетін тиісінше атқара алмағанына назар аударды.

— Бұл министрліктердің жұмысы нашар дей алмаймын. Бірақ өздерінің ұстанымы елдің бәріне ұғынықты болып, дұрыс қабылдануы үшін түсіндіру жұмыстарымен айналысқан жоқ.

Қазақстан Президенті Ұлттық экономика министрі Е.Досаевтың қызметінде жіберілген кемшіліктерге байланысты отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады. Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің қызметіне толықтай сәйкестігі толық деңгейде емес екенін жария етті. Ұлттық экономика вице-министрі Қ.Өскенбаевты қызметінен босатуды, Ұлттық экономика министрлігінің салалық комитетінің басшы қызметкерлері мен басқа да жауапты тұлғалардың қызметіне сәйкестігі туралы мәселені қарауды тапсырды. Сондай-ақ, Үкіметке жер қатынастарын реттеу бағытындағы салалық функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру жөнінде тапсырылды.

Мемлекет басшысы ақпараттық саясат мәселесін де қозғады.

– Бүгінде бұл функциялар профильді емес министрліктің құзырында. Үкіметте бұл саланы ешкім үйлестірмейді, мемлекеттің ақпараттық саясатқа бөлетін қаражатын ешкім бақыламайды. Сондықтан қазіргі ақпараттық сын-қатерлерді еңсеру үшін, Бес институционалдық реформаның барысын тиімді қолдау үшін өкілетті орган – Ақпарат және коммуникация министрлігін құруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл ведомствоға мынадай маңызды міндеттерді жүктеуді ұсынды. Атап айтқанда, мейлінше өткір мәселелерді жедел анықтау және әрекет ету мақсатымен кез келген меншік формасының, соның ішінде интернет ресурстар мен әлеуметтік желілердің ақпараттық кеңістігін мониторингтеу; барынша өзекті тақырыптар мен мәселелер бойынша қоғамдық пікірді зерттеу, халықтың ақпараттық сауалдары мен тілек-қалауын талдау және болжау; мемлекеттік ақпарат саясатын әзірлеу; барлық мемлекеттік органның ақпараттық қызметі мен белсенділігін үйлестіру және бақылау; мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды жоспарлау және мемлекет бөлген қаражаттың тиімділігін талдау; Отандық БАҚ-ты экономиканың қазіргі заманғы сегменті ретінде дамыту үшін инвестиция және инновация тарту; Электронды және баспасөз кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық ақпараттық өнімдердің сапарын арттыру; дағдарыстық коммуникациялардың барынша пәрменді моделін құру; Халықпен, соның ішінде Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл арналарын қамтамасыз ету.

Бұл ретте жаңа органды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, қаражат бөлу және оған барлық міндетті жүзеге асыру үшін айрықша өкілеттік беру тапсырылды.

Қазақстан Президенті ел дамуының өзге де негізгі мәселелеріне тоқталды.

– Міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты жұрттың күмән-күдігі бар екенін білемін. Сондықтан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұл мәселе бойынша іс-әрекеттің жол картасын әзірлеуі тиіс. Бұл реформа барлық қазақстандықтарға қатысты, сондықтан оған ықылас жоғары болады. Білім және ғылым министрлігінің орта мектептердегі оқу жылын ұзарту, үш тілде білім беруге көшу мерзімі туралы мәлімдемелеріне қатысты да жұрттың сұрақтары бар екенін білемін. Үкімет бұл ретте дәстүрлі тамыз мәслихаттарын пайдалана отырып, қоғамдық пікірге мұқият зерттеу жүргізуі керек. Туындап отырған мәселелерді талқылау және шешу үшін осы мәселелердің барлығына жаңа диалог тетіктерін – Қоғамдық кеңестерді белсенді түрде қатыстыру керек. Олар мемлекеттік органдардың шылауында қалмауы керек, оларда өткен пікірталастар БАҚ пен жұртшылық үшін ашық болуға тиіс. Әрбір министр мен әкімге реформалардың барлық бағыты бойынша қоғамдағы көзқарасты өз құзыреті шеңберінде мұқият талдаудан өткізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бастамаларының мұқият түсіндірілуі маңызды екенін айтты.

– Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына қарай жылжып, әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына ұмтылып отырғанымызды айтып жатырмыз. Бұл елдерде тағы бір ең басты стандарт бар, ол – Үкіметтің және оның мүшелерінің қоғам үшін күнделікті ашықтығы. Онда министрлер барлық туындаған мәселелерге қатысты әрдайым шұғыл пікір білдіріп отырады. Ал бізде ше? Ақпараттық жұмыс тек журналистер алдына брифингке шығып, қағазда жазылғанды оқып беруден ғана тұрмайды. Біздің министрлер тіпті брифингтерде де журналистерден қашқақтап, қарапайым сауалдарға жауап бермейді. Қазіргі кезде біз министрліктерді қандайда бір саладағы саясатты айқындайтын органдарға айналдырдық. Саясаткер жұртпен тілдесуге, өз ұстанымын түсіндіруге, қоғамның сеніміне ие болуға тиіс. Халықпен, ең алдымен жаңа заңдарды қолданатын жұртпен кездесу керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы тек бірінші тоқсанның өзінде қазақстандықтар «Электрондық Үкімет» порталы арқылы 1 млн 200 мыңнан астам мемлекеттік қызметтерге қол жеткізгенін атап өтті.

– «Электрондық Үкімет» бірыңғай байланыс орталығына күн сайын 700 қызмет түріне қатысты 20 мыңнан астам сұрақ түседі. Бұл ресурс неге іске қосылмаған? Онлайн режімінде бірде-бір түсіндірме немесе кеңес болған жоқ. Халық сауал қоя бастаған кезде ғана «ояндыңдар». Жұртқа барлық нормаларды, оларды қалай қолдануды, кімге жүгінуді түсіндіру үшін Үкімет жанынан бірыңғай колл-орталық – «қызу желі» құруды тапсырамын. Бірде-бір сұраққа біліктілікпен жауап берілмей қалмауы үшін жауапты адамдарды да бекітіңдер. Бұл өңірлерге де қатысты, олардың әрқайсысында осындай кеңес беру орталықтары жұмыс істейтін болсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті әлемдік дағдарыс біздің елдің дамуына да әсерін тигізгеніне назар аударды.

– Одан зардап шегіп, жұмысынан немесе табысының біраз бөлігінен айрылған көптеген адамдардың бар екенін білеміз. Мұндай жандар кез келген қоғамда бар. Барлық қазақстандықтарға қырағы болу қажеттігін, тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген сый-құрметімізге сызат түсуіне жол бермеу керектігін ескерткім келеді. Өз тарапымнан айтарым, біз ешкімнің ортақ шаңырағымыздағы татулық пен тұрақтылықты бұзу үшін дағдарысты пайдалануына жол бермейміз. Құқықтық тәртіпті бұзған әрбір адам заңның қатаң талабына сай жауап береді. Қоғамдағы тыныштықты нығайту – әрбір азаматтың, барлық қоғамдық ұйымның, барша қазақстандықтардың ісі, – деді Мемлекет басшысы.

Шара барысында елдің бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары жөнінде Премьер-Министр К.Мәсімов сөз сөйледі.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астана аумағы ұлғаяды

Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің отырысында қаланың шекарасы кеңейе түсетіні мәлім болды деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің сайты astana.gov.kz. Астана халықаралық әуежайының ұшып-қону жолағын қайта жөндеу кезінде жаңа терминал салу үшін жалпы ауданы 347,60 га жер телімі бөлінетін болады. Оған қоса, ҚР Ұлттық пансионын, қалалық зират салу үшін жалпы ауданы 1419 гектар жер беріледі.

Астана жаңалықтары: Астана аумағы ұлғаяды

— 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әкімдік мүдделі мемлекеттік органмен бірлесіп, Астана халықаралық әуежайының ұшып-қону жолағын қайта жөндеу кезінде жаңа терминал салу мәселесін пысықтады. Осы мақсатта жалпы ауданы 347,60 гектар жер бөлінбек, онда тексеру, тиісті нысандар құрылысын жобалау жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте әуежай аумағын, оның қорғалатын аймақтарын кеңейту, аталған аумақтарды су басуды болдырмау бойынша кешенді шаралар жүргізу қажеттілігі туындайды. Алайда, Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Майбалық көлінің жанында қалаға іргелес жатқан жалпы ауданы 7300 гектар қосымша жерді Астананың аумағына қосып алмастан, бұл шараларды іске асыру мүмкін емес, — деді Астана қаласының жер қатынастары басқармасының басшысы Төлеуғазы Нұркенов.

Басқарма басшысы осымен қатар аумақтың бір бөлігінде елорда тұрғындары мен қонақтарының демалуына арналған аймақ құруды ұсынды.

Астананың әкімшілік шекарасын өзгерту аясында Қабанбай батыр және Талапкер ауылдық округтерінде орналасқан жалпы ауданы 1419 гектар жерді қалаға беру ұсынылды. Бұл жерлер Мемлекет басшысының ҚР ұлттық пансионын, сондай-ақ жаңа қалалық зират салу бойынша тапсырмасын орындауды қамтамасыз ету үшін қажет. Т. Нұркеновтың айтуынша, зират Көкшетау тасжолының бойында МАИ бекетінен кейін орналаспақ.

Бұл жоба Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірауыздан бекітілді. Қазіргі кезде бұл жерлер аталған нысандарды жобалау және салу үшін Астана қаласының коммуналдық шаруашылық басқармасына тұрақты жер пайдалану құқығына берілді.
Әрі қарай

Пульманологтар мен аллергологтар тегін қабылдады

Астана ең салауатты қалалардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жолы №1 қалалық ауруханада Дүниежүзілік бронхиалды астмамен күрес күніне орайластырылған ашық есік күні өтті.

Пульмонологтар мен аллергологтар пациенттер мен тәуекел топқа жататын немесе бронхиалды астмадан қауіптенетін адамдарға тегін кеңестер берді. Мұндай шаралар бірінші рет емес, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын демікпемен ауыратын қала тұрғындары дәрігерлерден ауру мен оны емдеу жолдары туралы қажетті ақпарат алады.

Астана жаңалықтары: Пульманологтар мен аллергологтар тегін қабылдады

— Бұл шара арқылы халықтың барлық топтарын қамтуға тырысамыз, біздің басты міндетіміз – аурудың алдын алу. Кейбір пациенттерде бронхиалды астма емес, аллергиялық ауру немесе демікпеге ауысатын астма кездеседі. Сондықтан профилактика жүргізу керек. Мұнымен қоса, шара барысында науқастарға аталған ауруға шалдыққанда өзін-өзі қалай ұстану керегі туралы ақпарат беріледі. Негізінен, дәрігерге уақытылы жүгініп, барлық кеңестерді сақтаған жағдайда, астманы реттеуге болады, — деді Астана қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Ақмарал Құрманбаева.

Бүгін 80 жуық адам консультациялар мен жолдамалар алды, дәрігерлер көбінің емін түзетті.

— Мұндай іс-шараларды өткізу маңызды, өйткені, пациенттердің бәрі бірдей пульмонологқа бара бермейді. Тар шеңберлі мамандар барлық емханаларда бар деп айта алмаймын, әсіресе, пульмонология – бұл тапшы мамандық, Қазақстан бойынша мұндай дәрігерлердің саны 100 аспайды, — деді «Астана» медицина университеті пульмонология кафедрасының көмекшісі Әсия Тоқсарина.

Дәрігерлер бронхиалды астманың қазіргі заманғы диагностикалау және емдеу әдістері жайлы айтып берді, адамдарды дене шынықтырумен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға және дұрыс тамақтануға шақырды.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай