Жарияланымдар

Дәрігер үзбеген үміт

Он бес жыл болды қала тұрғынымын. Әкем, шешем қалаға келгеніне үш-төрт жылға толды. Қала тұрғыны атандық. Осыдан екі жыл бұрын өзімді осылайша таныстырар едім.
Қазір бәрі басқаша. Соңғы кездері науқастанып қалатын күндерім көбейіп жүр. Жас десек, бар жоғы отыздың үшеуіндемін. Бүгін науқастанып қалдым, күн суық. Ертең барша күш-қайратымды жинап, учаскелік дәрігер алдынан барып өтпекшімін. Үш күн болды науқастанғаныма, қолымнан жасаған ем болмады.
Учаскелік дәрігер кабинетінің есік сыртында «Казаченко Н.В.» жазуы бар. Фамилиясы белгілі болған соң, толық аты-жөніне көңіл аудармайсың.
— Казаченкоға кім соңы, — деп кезектен кезек алып қабылдауына отыра бересің. Кабинетте бет жүзі қатал орыстың сары әйелі қабылдау жүргізеді. Дәрігерлік жеңіл емес кәсіпте көп жыл қызметте. Ұстанымы әскери дәрігерге бергісіз.
Былтырғы жыл біздің отбасымызға жеңіл тимеді. Қырсықтың басы күзде жеке өз отбасымның шайқалуынан бастады, себебі ажырасу. Сот, ұрыс-керіс, төленбеген қарыздар. Қатты қыстан жылқы, ірі — қара арасынан шығын болды. Жазды күні ата-бабаларымызға ас беріп, тілеу жасадық. Өткен жылғы күзде, ұрыс – керіспен ажырасып жүргенде әкемнің басына қан құйылып ауруханаға түседі. Шешем маған көп нәрсені айтпай жасыратын. Ауруханаға қалай түскені туралы хабарсыз болдым. Бір жыл өткен соң қайтадан ауруханаға жатқызды. Бұл жолы ауруханаға өзім барып жүрдім. Бұрынғы жылдардан қарағанда соңғы бір жыл ішінде әкем нашарлап кетті. Таяқпен тіреніп жүреді.
Әкемді ауруханадан екі жұмадан кейін шығарып тастады. Ем қонбады. Соңғы күндерін туған-туысқандар арасында өткізсін дегендей. Мазасыз түндер мен күндер кештік. Күндіз сыртты (пәтердің кіре беріс алды, үйдің ауласын) аңдитынмын. Жетім адамша қараусыз, отырған жерінде құлап қалмасын (көз жұмбасын) дегендей қарайлап жүретінмін.
Сырқаттанбаған кезінде кәрілігін мойындап «адам кішкене кезінде бір бала, кәрітейгенде бір бала», — дейтұғын. Келіннің қолында кеткен екі жастағы немересін сағынып, «немере ыстық, туған балаларымнан да» — деп жиі айтып қоятын. Өзінің кәрілігі, сырқаты қосылып бізге түсірген ауыртпалықты ойлап уайымдайтын. Өзіне де жеңіл тимеді. Күтімі ауыр болған жоқ. Өзі аяғымен жүрді. Қол икемі кетсе де, өз қолымен тамақтанды. Қозғалғанда тез шаршап қалатын. Сонда көмекке келетінбіз. Ауруханадан шыққанына бір ай толғанда хәлі күрт нашарлады. Ас ішкенге тәбеті төмендеді. Аяқ бастарынан жылу кетті. Қолымызды тигізіп көреміз, сұп-суық. Жылынбайды.
Пәтерімізге учаскелік дәрігерді шақырттық. Сәрсенбі күні сағат он мөлшерінде пәтердің кіре берісіндегі есіктің қоңырауы соғылды. Шақыртқан учаскелік дәрігер келіпті. Әкем екеуі бөлмеде қалды. Бір қарағанда әкем жаман тілімен (ойын жеткізе алмайтын бірден, әсіресе орысша) дәрігерге бір нәрсесін айтып жатыр, дәрігер басын шұлғып, қағазға жазуларын түсірді. Дәрігер қарауын аяқтап, менің қолыма «рецепт» жазылған екі жарты бетті ұстатты. Қағаздардағы жазуларды оқымақшы болып едім, түк түсінбедім, латынша жазылыпты. Осы кезде дәрігер жуынатын бөлмеге барып қолын шайып шықты да (диалог орыс тілінде):
— Міндетті түрде жұма күні мені шақыртыңыз, — деп барынша сыпайы күймен айтты. Әкемнің соңғы күндері тым мазасыз болып кеткендігін жеткізбекші болып:
— Атамыз соңғы күндері тым мазасыз болып барады — деп айта бергенімде дәрігер сөзімді үзіп:
— Олардың барлықтары сондай, — деді де пәтерден шығып кетті.
Бейсенбі күні. Шешем сәрсенбі күні берілген рецепт бойынша жазылған дәрілерді ала алмады. Жақын жердегі дәріханада жоқ. Сондықтан бүгін таңертеңнен дәріханалар ашылды – ау деген уақытта дәрілерді іздеп кетті. Пәтерде әкем екеуіміз қалдық. Сағат он мөлшерінде әкем қасына шақырып алды. Қолынан жетектеп дәретханаға апаруын сұрады. Дәретханадан шығып төсек орнына жетектеп келе жатқанымда, әкем:
— Кетіп барамын, — деп екі рет қайталады. Мен болсам әкемнің екі аяғымен жүріп келе жатқанын көзіммен көре тұра:
— Әке, қайдағыны айтпашы, — дедім. Түрі бұзыла бастады. Төсек орынға отырғызып, аяғын көтеріп, төсекке салып, бас жағына жастығын қойып, оң жаққа жантайта бердім. Нашарлап бара жатқанын байқап, дәрісін бермекші болдым. Қолымды шайып келмекші болып әкемнен бір минут қол үздім. Қасына келсем, алдында әкемді төсекке жатқызбақшы болып жантайтқан бойда басы жастыққа жетпей денесі құрысып қалыпты. Ауа жетпей тұншығып, дем ала алмаған күйде. Жанын тапсырып жатыр. Қолымды жүрегіне тостым, соқпайды. Беті қып-қызыл болып қызарған, барлық жиырылған бұлшық еттерден сығылған қан тамырларды толтырып ісіртті. Тұншығып жатқанда кең ашылған ауызы тарс жабылып, қатты тістенді. Қолымнан келері жоқ. Әкемнің мына жарық дүниедегі соңғы сәттері. Көзді ашып жұмғанша ақырғы демі шықты. Денесі тез босап сылқ ете түсті. Жедел жәрдемге телефон соқтым. Жедел жәрдем дәрігерлерін күтіп отырмын. Осы кезде шешемнің өз енесін қалай күтіп, өз қолынан аттандырғаны туралы айтқанын есіме түсірдім. Сонда енесі жас келініне көзін жұмып жанын тапсырған соң, денесі жансызданған сәтте басын байлауды сұрапты. Өйткені, дене босағанда ауыз қуысы ашылып қалуы мүмкін екен. Ондай болмау үшін басты байлау қажеттігін түсіндіріпті. Осы жайт есіме түсті.
Көп ұзамай жедел жәрдемнің екі дәрігері пәтерге енді. Олардың «ешқандай көмек көрсете алмаймыз» дегендеріне ешқандай мән бермедім. Дәрігердің біреуі қазақтың ер адамы екен, содан көмек сұрадым.
— Басын байлауға көмектесіп жіберіңізші, — дедім.
Дәрігер бинттен үзінді үзіп алды. Сосын әлгі үзіндімен иектің астынан төбесіне асыра түйіп байлағанға көмектесті. Ұзыннан жатқызып екі қолын кеудесіне салып қойдым. Бөлмені жинастырып жібердім. Қазір шешем келуі керек. Естірту үшін көрші апаны шақырдым. Үлкен адамдар қорқақ, бас тартты. Домофон бар. Күткенімдей үйдің кіріс — шыға берісінің есігін ашу үшін шешем домофонға соқты. Үндемей есікті аштым. Пәтер кіре берісінен қарсы алдым. Шешем бірден түсініп жоқтауын айта бергені. Шешем, әкемді жиналған бөлме ішінде ұйықтап жатқандай көрінсін деген ісім жөн болыпты.
Жұма күні. Әкемді соңғы сапарына шығарып салушылар ішінде бір туысымыздың әйелі келді. Мамандығы дәрігер болатын. Шешем әкеме соңғы рет жазылған рецептте неден емдеуге қажет дәрі жазылғанын білу үшін рецепт қағаздарын оқып көруге ұсыныпты. Оқып болған соң:
— Апай, рецептте асқа қосатын биологиялық белсенді затты жазыпты, дәрі емес, ешқандай емдік қасиеті жоқ — деді.
Әкем жан азабын жеңілдеткенге дәрі жазып бергенін сұраған көрінеді. Дәрі көмектеспейді дегенге дәрігер тілі бармаған. Үмітін үзбеу үшін рецепттерді жазып берген көрінеді. Бір жағынан әкемнің үмітін үзбеді, екінші жағынан шешеме әкемнің жан тапсырғандағы қиналғанын көрсеткен жоқ. Егер де шешем, таңертең дәріханаға кетпесе ше, не болар еді?! Шешем дәріні іздеп бірсыпыра уақыт жүрді. Тапқанға оңай болмаған. Сирек кездесетінін жазған. Осылайша үйге кешігіп келді. Шешем жас адам емес, мүмкін әкемнің көз жұмғандағы қиналғанын көріп дертке душар болар ма еді немесе жүрегі шыдамай жарылып кетсе, ойлау да қиын.
Дәрігердің өз ісіне жауапкершілігін де айта кетейін. Біздің арнайы шақыруымызды күтпей, өзі, әкемнің халін білуге келіп қалыпты. Қасыма келіп:
— Ата ғой, бәрін түсіндім, қайырын берсін — деді. Үнсіз кетпей, көңіл айта кетті.

2012 жылы, 11 мамаырда түзету енгізілді
Әрі қарай

Балалық шақ және балалық қылықтарым

Қазір көгілдір экраннан «Бәйтерек» киносы көріп мектепте балалықпен жасаған қылықтарым есіме түсіп балаларыма айтып күліп отырмын.
Сіздерде бөлісе жатарсыздар мектепте жасаған балалық қылықтарыңызбен. Есте қалғанын баян ете берейін.
Әрі қарай

Тьфәй-тьфәй "компьютерлік түс". Әзіл

Төбе шашы жоқ, алпыстан асқан, шөгіп қалған психотерапевт, ақ халатты үстіне жуып қабылдау бөлмесіне кірді. Әр саусағында еркектерге арналған үлкен көзді жүзіктер тағылған.
Ноутбук алдына отырып видеоконференцияны қосты. Виртуальді бөлмедегі бірінші науқас барын көріп «сұхбат» режиміне көшті.

Әрі қарай

Мың жылдық адам

Халық арасында: Адамды сынауға періште жіберіледі деседі..

Пролог

Қаланың көп қабатты үйлерінің оң жақтағы ақырғы подъезінің алдында 5-6 машинаға арналған кішігірім парковка, подъезден шыға берсең үнемі бір жеңіл көкшіл түсті автокөлік тұрады. Алпысыншы жылдағылар моделі. Қаншама уақыт болды? Бір жыл, жоқ екі жыл… Ешкім елемепті. Қанша уақыт болғанына ешкім жауап бере алмапты.

***

Ирелеңдеген жол, көк дала. Дәу сұр тастар төбеден құлап жерге қадалып, әр жерден тау болып шығады. Жеңіл машина зуылдап келеді. Аяқ астынан сұр тау бастары тұман болып, аспанды аппақ бұлт бірден қаптап, айнала бейуақыттай болып күңгірт тартып, бір мезетте қоюланған бұлттан нөсер жауын гүр етіп жерді сілкіндірген найзағай дауысымен жауа жөнелді.
Әрі қарай

258. Мойылды бет

www.kerekinfo.kz/blog/8918.html жалғасы

Түс ауа күн ыси түсті, күн көзінен қорғанып үйдің көлеңкесінде отырған бетім. Бір уақытта зырылдап келіп ш…ш…ш… шұғыл тоқтаған велосипед дауысынан кейін зың-зың еткен қоңырау шылдыры естілді.
Орынымнан тұрып қарасам Арман велосипед қоңырауын зың-зың етіп шылдыратқан. Қаша түбінде өсіп тұрған талдан мені бірден байқаған жоқ. Екі көзі терезеде, үйдің ішінде деп ойлап, қайта-қайта велосипед қоңырауын шылдыртады. Қашаға жақындай түскенде мені байқап қалды.
-Мойыл теруге барасың ба?
-Барамын…
Арманға ауылдан төрт-бес шақырым жерде мойыл өсетін жерді атасы көрсетіпті. Мойыл ағаштары сайдың оң жақ бетінде ғана өскен соң «мойылды бет» атаныпты.
Велосипедтерден түсе сала алда өсіп тұрған мойыл ағаштарына беттедік.

Бірден екеуіміздің көзіміз мойылдың бір ағашына түскені, піскен жемістері қаракөк түсті самсып тұрғаны, ағаш бұталарына аяқ салып жіберіп жуандау біздің салмағымызды көтереді ау деген бұта үстіне жайғастық. Жан-жағымызға қолымызды жүгіртіп уысымызға жиналған жемістерді ауызға толтыра шайнап, мойылдың жеміс сүйектерін жаңа жеміс порциясына босату үшін түкіріп үлгермей отырмыз. Қол созым жерде мойыл таусылып барады… Қолымыз бір жерде өскен жеміске созыла бастады. Арман қулығын асырып жібергені.
Әрі қарай

258. Қалайша жаңа жолдас таптым

Ауыл баласы қызықтайтын жаздың қызықтары көп қой. Әркімнің балалық шағынан есте қалған ерекше жаздың айлары бар шығар. Баланың түйсігімен ашылған жаңалыққа мол жаз айларының өткеніне жиырма бес жылдың әрі-берісі болыпты. Мүмкін бұл оқиғалар бір жаздың маусымында емес бірнеше маусымның жаз айларында болған шығар.
Бесінші класс бітірген жыл. Әкем қаладан «Уралец» деген велосипед сатып әперді. Сол күн әлі көз алдымда. Қаладан келген беті, үстінде қара костюм шалбар, ақ көйлек, гүлді галстүгі бар. Жолдың бойынан есік алдына бет алып келеді, иығына велосипед асып алыпты. Тура қақпа аузында тұрған баласы, яғни, маған беттеп келе жатқаны. Қуанғанымда шек жоқ, не айтарымды білмеймін. Тек қарап тұрмын.
Әрі қарай

258

Біраздан соң қол босап көптен ойда жүрген әңгіме нобайын жазып көрмекшімін. Балалық шақтан естелік. Әзірше атауы «258» не себепті осындай атау бермекші болғанымды тауып көріңіздер. Әңгіме оқиғасы ауылда жаздың соңғы айларында жас шамалары бірдей екі баланың қатысуымен өрбиді. Екі бала ренжіседі соңынан тез татуласып кетуіне 258 саны себепші болады.
Әрі қарай

Кірпіш

Құрылыс соңында қабырға үстінде қалған кірпішке жан бітіпті. Күн көзіне көп жатқан соң, іші пысып, кітап оқымақшы болыпты. Сол кезде қайдан пайда болғаны белгісіз бір кітапқа көзі түсіп, қолына алып оқи бастайды. Біраз уақыт өткен соң кірпіш қайта-қайта бір сөздерді ішінен айтып қабырға бойымен әрі-бері жүгіре береді, жүгіре береді. Өзінің кірпіш екені енді ғана есіне түсті.
Сонда оқығаны «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар, қалан!» деген өлең жолдары. Жүгіріп жүргенінің себебі- құрылысшылар қабырғада кетік қалдырмай қалап кетенінде екен.
Әрі қарай

Сағыныш

Сағыныш -адамның сыртқа шығара алмайтын көңілі. Сағынам туған жерімді, «кетіп барам» деп қоштасқан әкемді, "қайда әкем" деп сұраған баламды, немересіне үміт артқан нағашы апамды.
Әрі қарай

Орақ жүзі. Адам мінезі қалай қалыптасады. Әке тәрбиесі

Шілде айының, ысыған күні. Он беске толған кезім. Үйдің көлеңкесінде отырмын, ойымда суға барып түсіп келу. Жаяу емес, қара биені жайдақ мініп алып, ауыл шетіндегі су бөгеуіне бару. Ол үшін биені жайылып жүрген жерінен ұстап, жүгендеу керек. Әкем қалаға, нағашы апам көрші үйге алаша құрып беруге кеткен, анам жұмысында. Үйде өзім қожамын. Сондықтан қорықпастан өз ойымды іске асыра бастадым.
Әрі қарай