Жарияланымдар

Астанада этномәдени бірлестіктердің күндері аяқталды

Астанада білім мекемелерінде өткен этномәдени бірлестіктердің күндері аяқталды. Осы уақыт аралығында көрермендер этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметі туралы біліп қоймай, Қазақстан аумағында тұратын этностардың бай мәдени мұраларымен, өнерлерімен, салт-дәстүрлерімен кеңірек танысты.

Этномәдени бірлестіктердің күндері аясында «Поляки» қоғамдық бірлестігі концерт қойып, өз бірлестіктері туралы мағлұматтар берді. Ал, «Алеф» еврей этномәдени бірлестігінің қолданбалы өнер көрмесі көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Сонымен қатар, №31 мектеп-гимназиясында «Парвиз» тәжік мәдени орталығы мен «Лад» республикалық славяндар қозғалысының филиалы жасөспірімдерге арналған концерт қойды. Шара барысында тәжік мәдени орталығының өнерпазы Мигунова Назираның флейта аспабында орындаған музыкалық шығармасы жиналғандардың көңілінен шықты.

Мұнымен қоса, өзбек, күрд, және белорусс этномәдени бірлестіктері «Лингва» Шет тілдер колледжінде өз ұлттарының әндері мен билерін көпшілікке ұсынды.

Этномәдени бірлестіктердің күндерін Қазақ гуманитарлық заң университетінің көрермендер залында өткен үлкен концертпен аяқталды. Онда болашақ заңгерлерге «Вайнах» шешен-ингуш, «Ван» армян және кәрістердің этномәдени бірлестіктері өз өнерлерін тарту етті.

Еске салайық, этномәдени бірлестіктер күндерінің салтанатты ашылуы 17 қазанда елордалық көлік және коммуникациялар колледжінде өтті. Онда өз өнерлерін алғашқы болып «Возрождение» немістер қоғамы, «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы көрсеткен болатын.
Әрі қарай

«Аққу көлі» балеті III Халықаралық «Жібек жолы» фестивалін аяқтайды

15 қарашада ұсынылатын П.И. Чайковскийдің «Аққу көлі» балеті III Халықаралық «Жібек жолы» фестивалін аяқтайды. Ханзада Зигфридтің партиясын «Астана Опера» солисті, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Тарланов алғаш рет орындайды. Қоюшы балетмейстерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев, Ғалия Бөрібаева. Қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаһанов.

«Аққу көлінің» негізінде, зұлым күштердің ықпалымен құсқа айналған қыз туралы ертегі фольклорында кеңінен кездесетін сюжет жатыр.

Әлемдік хореография жауһары — «Аққу көлі» балеті — III Халықаралық «Жібек жолы» фестивалін жабады.

— Ол қызықты әрі мазмұнды болды, өмірді гүлдендірді. Біздің фестивальге аты әлемге әйгілі әртістер шақырылды, қонақтар ол туралы жылы лебіздерін білдіріп, шараның халықаралық жоғары деңгейін растады. Австрия, Италия, Жапония, Корея, Ресей, Беларусь, Украина және басқа елдердің әнші, биші, аспапшылары қазақстандық әріптестермен тәжірибе алмасты. Бұл кездесулер тек солисттерге ғана емес, олардың шеберлігін салыстырып, бағалап, сонымен қатар өз талғамын дамыта білген біздің көрерменге де пайдасын тигізді. Шақырылған әртістермен қатар, III Халықаралық «Жібек жолы» фестиваліне алғаш рет әйгілі Борис Эйфман театрының труппасы «Евгений Онегин» спектаклімен келді. Қазақстандық балет қоғамы шақырылған қонақтарға үлкен қызығушылық танытты, олардың спектакль туралы пікірі журнал мен газет беттерінде жарық көрді. Фестивальді 19 142 адам тамашалады. Енді тура бір жылдан соң, V мерейтойлық театр маусымында қайтып оралатын шара, шын мәнінде асқақ өнердің мерекесі болды. Алдымызда бізді жарқын тұсаукесерлердің бірі – Л. Минкустың «Дон Кихот» балеті күтіп тұр, — деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедияров.
Әрі қарай

Елордада шығармашыл жастардың «Шабыт» фестивалі ашылады

Бүгін Астанада XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің ашылуы өтеді. Биыл байқауға қатысуға 644 үміткер өтінім берген, өткен жылға қарағанда бұл көрсеткіш екі есеге артып отыр. Бұл туралы бүгін журналистермен кездесуде шығармашылық байқаудың ұйымдастырушылары хабарлады.

Үміткерлердің көбі «Бейнелеу өнерінде» бағын сынамақ — бұл номинацияда 192 өтінім, «Хореография» — 154 және «Халық музыкасы» номинациясы бойынша 134 өтінім қабылданды. Соңғы номинацияға қатысатын жастар домбыра, прима-қобыз, қылқобыз, шертер-бас шертер және прима-домбыра аспаптарында шығармалар орындауға тиіс. Қазылар алқасының құрамына америкалық кларнетші Юлиан Миликс және армениялық кескіндемеші Вардгес Хахамян сияқты әлем елдерінің өнер қайраткерлері енді.

«Фестивальдің танымалдылығы жылдан-жылға артып келеді. Шекарасы жоқ бұл шара түрлі мәдениеттер мен елдер адамдарының басын қосады. Бұл жолғы фестиваль ел тәуелсіздігінің мерейтойына орайластырылып отыр. Биыл конкурсанттардың жасы 33 жасқа дейін. Қатысушыларға қойылатын талап жоғары, бір орынға 4-5 үміткерден. Бірінші кезекте, шығармашылық жұмыстарды бағалауда Тәуелсіздіктің 25 жылдығы идеологиясына баса назар аударылады», — дейді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы.

Биылғы жылы елордалықтар белсенділік танытып отыр, Астанадан 175 адам «Шабыт» фестиваліне қатысуға ниет білдірген, қалған өтінімдер Қазақстанның басқа қалаларынан, сондай-ақ, Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Украина елдерінен түскен.

Конкурсанттарды іріктеу үш турмен өтеді. Қатысушылардың репертуары мен әрбір музыкалық аспапқа арналған шығарма алдын ала бекітілген. Әрбір номинация бойынша байқаудың бағдарламасы мен өтетін орны туралы толық ақпарат www.shabyt.astana.kz сайтында жарияланған.

Фестивальдің салтанатты жабылуы қарашаның 8-інде Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді, шара аясында гала-концерт пен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.

«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі осымен 19-шы рет өткізіліп отыр және бұл — шығармашыл жастарға үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Негізі қаланған уақыттан бері фестивальге өнердің түрлі жанрларында 10 мыңнан аса өнер иесі қатысты.
Әрі қарай

Астанада ісін жаңа бастаған жеке кәсіпкерлерден конкурсқа өтінімдер қабылдау басталды

Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарамасы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін ашық конкурс өткізіледі. Конкурстың мақсатты — ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша экономиканың басым секторлары шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін нысаналы гранттар беру. Конкурс «Бизнес-кеңесші»/«Бизнес-кеңесші-1» және «Жас кәсіпкер мектебі» жобалары бойынша өтеді.

Конкурсқа өз ісін ашуға ниетті жеке кәсіпкерлік субъектілері, жас кәсіпкерлер, әйелдер, мүгедектер және 50 жастан асқан адамдар қатыса алады.

Бизнес-жобаның міндетті шарты: кәсіпкердің ұсынылып отырған гранттың көлемінен кемінде 10 пайыз мөлшерінде оны іске асыру шығындарын бірге қаржыландыруы болып табылады.

Конкурсқа қатысу үшiн өтiнiмдерді Астана қаласы Бейбітшілік көшесі, 11, 522 б, «Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарамасы» ММ тапсыру керек.

Конкурстық құжаттамамен www.upp.astana.kz сайтында танысуға болады.

Конкурстық құжаттаманы ұсыну мерзiмдерi: 2016 ж. 1 қарашадан бастап жұмыс күндерi сағат 10.00-нан бастап сағат 17.00-ге дейiн.

Өтінімдер 2016ж. 15 қараша сағат 17.00 дейін қабылданады. Көрсетiлген мерзiм аяқталғаннан кейiн келiп түскен өтiнiмдер қабылдауға жатпайды.
Әрі қарай

Астанада даниялық компаниялар электр қуатын үнемдеу және қала нысандарын жылумен жабдықтау бойынша жобаларын таныстырды

Астана энергетика, жылу және сумен жабдықтау саласында Данияның озық компанияларымен ынтымақтастық орнатпақ. Бұл туралы бүгін елорданың тіршілігін қамтамасыз етуші мемлекеттік органдары басшыларының Дания Корольдігі делегациясымен кездесуінде белгілі болды.

Бизнес-миссияны Дания Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Томас Винклер бастап келді. «Меніңше, өзара байланыстарды дамыту, келісімшарттарға қол қою – Қазақстан мен Дания арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың маңызды бөлігі. Менің елім, менің үкіметім, біз осы секторда екі ел арасында байланыстарды дамытудың әлеуеті зор деп есептейміз», – деді өз сөзінде Томас Винклер мырза.

Қазақстан тарабымен кездесуге басқа мемлекеттерде жұмыс істеу тәжірибесі бай жеті ірі шетелдік компанияның өкілдері келді.

«Энергия үнемдеу және қала нысандарын, соның ішінде өнеркәсіп және тұрғын үй секторының нысандарын жылумен жабдықтау бойынша заманауи инновациялық технологиялар таныстырылды. Бұл- біздің қаламыз үшін өте маңызды мәселе, өйткені қазір қала басшылығы әзірлеп жатқан бағдарлама тұрғындар үшін өмір сапасын лайықты деңгейде қамтамасыз ету үшін жақын уақытта, ЭКСПО өтетін кезеңде және одан кейінгі жылдары қаланы жылумен, сумен және электр қуатымен жабдықтау жүйесін жаңғыртуды қарастырады», – деп атап көрсетті елорданың Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Закарьянов.
Әрі қарай

Астанада Алматы қаласының Мәдениет күндері өтеді

Астанада қарашаның 4-6 аралығында оңтүстік астананың Мәдениет күндері өтеді. 5 қарашада «Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі» мультимедиялық көрмесі және қала тарихы мұражайының қорынан экспонаттар ұсынылатын фотокөрме ашылады.

Көрме экспозициясы Жетісу мен Алматының сол уақыттан бүгінгі күнге дейінгі кезеңі бейнеленген бірегей тарихи фотосуреттерден құралған. Сондай-ақ, келушілерге қала ішімен 3D-тур ұсынылады, онда мегаполистің ең танымал мәдени нысандары енгізілген. Көрме 2016 жылдың 5 желтоқсанына дейін жалғасады.

5 және 6 қарашада Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында «Алтын Адам» эпикалық спектаклі және мерекелік «Куклы шоу» спектаклі қойылады. Шараны ұйымдастырушы — Алматы қ. Мәдениет және мұрағаттар басқармасының Мемлекеттік қуыршақ театры. Сондай-ақ, театр фойесінде екі күн бойы қуыршақтар көрмесі өтетін болады.

5 қарашада сағат 15.00-де Ұлттық кітапханада жас ақындар Ғалым Жайлыбай, Маралтай Ыбыраев, Қасымхан Бегманов, Жанарбек Әшімжанов елорда жастарымен кездеседі.

Шаралар бағдарламасы 5 қарашада 18:00-де Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты гала-концертпен аяқталады. Концерттік бағдарламада Алматы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі және Қазақстан эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетеді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11561
Әрі қарай

Астанадан еліміздің өңірлеріне «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы жолға шығады

2016 жылғы 1 қарашада Астана қаласының теміржол вокзалында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы» республикалық акциясы бастау алады.

Акция аясында түрлі мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылып, медициналық, әлеуметтік, құқықтық көмектер көрсету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім және тағы басқа салалар бойынша консультациялық кеңестер беріледі.

Акция 14 желтоқсанда аяқталады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, пойыз 35 елді мекенге тоқтайды.
astana.gov.kz/kk/modules/material/11567
Әрі қарай

Елназ Нұрсейітова Астананың ең сұлу аруы атанды

Астана жаңалықтары: Елназ Нұрсейітова Астананың ең сұлу аруы атанды

18 жасар Елназ Нұрсейітова 1 000 000 теңге жүлдеге және «Қазақстан аруы-2016» Ұлттық байқауына қатысу құқығына ие болды.

«Астана аруы — 2016» атану үшін финалған шыққан 17-23 жас аралығындағы 20 бойжеткен сайысқа түсті.

Нұрлы көзқарас, маржан күлкі, жарқын келбет — финалға шыққан әрбір арудың сұлулығы ерекше. Олардың табиғи сұлулығына харизмалық қасиет, кербездік, ақыл және дарынды қосыңыз. Бойжеткендер сахнаға сақ патшайымы, қазіргі заман бикеші және кербез ару бейнесінде шығып, осы қасиеттердің барлығын көрсете білді.

«Сұлу бойжеткендер көбейіп келеді. Олар сыртқы сұлулық туралы ғана емес, рухани даму туралы да ойлайды, музыкамен, хореографиямен айналысып, тіл меңгереді, сол себепті жыл сайын ең сұлу аруды таңдау қиындап барады» — дейді сұлулық байқауының директоры, қазылар алқасының мүшесі Ольга Радеш. Осыған байланысты құрамында эстрада жұлдызы Әли Оқапов, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев болған қазылар алқасы бірден шешім шығара алмады.

Төрешілер ұзақ уақыт кеңескен соң, байқаудың Үшінші вице-ару атағына Есімова Бибінұрды лайық деп тапты. Екінші Вице-ару — Екатерина Подгородецкая, бірінші вице-ару Жорабекова Бегайым атанды, ал байқаудың Гран-при жүлдесін Елназ Нұрсейітова иеленді, енді ол «Қазақстан аруы — 2016» Ұлттық байқауында елорда намысын қорғайды.
astana.gov.kz/kk/modules/material/11540
Әрі қарай

Астана қаласы әлемдегі топ-21 ақылды қалалар тізіміне енді


Интеллектуалдық қауымдастық форумының (АҚШ) рейтингі бойынша Астана 2016 жылы топ-21 ақылды қалалар тізіміне енді.
Осы күндері Астананың он жылдан астам уақыттан бері әлемдегі қалалардың дамуын бағалауды талдаумен айналысатын «Топ-21» ақылды қалалардың ICF рейтингіне енгені мәлім болды.

ICF мәліметтеріне сәйкес, биыл «әлемнің ақылды қалаларының тізімі» желілік технологиялар саласындағы ірі компания Сisco-ның бұрынғы басшысы Норман Джэникс бастаған талдаушылар тобымен жасалған.

ICF тең құрылтайшысы Джон Юнгтің атап өтуінше, тізімге сандық теңсіздік ғасырында жергілікті экономика мен қоғамды құруда сандық құралдарды пайдаланатын қалалар, өңірлер мен қауымдастықтар тобы енген.

Рейтингке Канада, Тайвань, Австралия, Жаңа Зеландия, Ресей, Ұлыбритания және АҚШ елдерінен бірқатар қалалар еніп отыр. Енді олар «ТОП-7» ақылды қалалардың қатарына енуге ұмтылады, оның нәтижелерін 2017 жылы ақпан айында Тайпей қаласында жариялау жоспарланған.

Еске салайық, екі жыл бұрын Астана Огайо штатында өткен үшінші Ақылды қауымдастықтар симпозиумында (АҚШ) «The Intelligent Community Forum» беделді рейтингі бойынша «ТОП – 21» ақылды қалалар тізіміне енген болатын.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11543
Әрі қарай