Жарияланымдар

Елордада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концерт өтеді

11 қарашада сағат 19.00-де «Астана» концерт залында (Конгресс-холл) ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әнім сенсің, Туған Ел!» концерті өтеді.

Мерекелік концерттік бағдарламаны Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі орындайды. Көркемдік жетекші және бас дирижеры – ҚР еңбек сіңірегн қайраткері, профессор Айтқали Жайымов. Дирижер – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов.

Бұл кеште қалалық филармонияның ең үздік дауыстары Сіздерді ләззатқа бөлейді. Аңызға айналған қазақстандық композиторлар Түркештің, Ғ.Құрманалиевтің, М.Қанапияновтың, Т.Базарбаевтың, Б. Тілеухановтың, Т. Ізтайдың, Н. Тілендиевтің, К.Күмісбековтың, А. Жайымовтың және жас композиторлар Арман Жайым мен Нұрлан Бекеновтың әндерін классикалық, эстрадалық және халықтық вокал бөлімінің орындаушылары шырқайды.

Қалалық филармония әртістері концерттік бағдарламада тыңдармандарға «Салем саған, Туған Ел», «Дархан Дала», «Туған жер», «Атамекен», «Ұлы дала» және т.б. көптеген осы сынды шығармаларын ұсынады.
Әрі қарай

Қалалық мәслихат депутаттары Астана көшелерінің жаңа атауларын мақұлдады

Елордада Орынбор көшесінің атауын Мәңгілік ел деп өзгерту және атаулары қайталанатын көшелерді жаңаша атау мәселесі көтерілді. Кезектен тыс 11-ші сессия барысында қалалық мәслихат депутаттары ономастикалық комиссия ұсынған жаңа көше атауларын мақұлдап, бұл мәселеге нүкте қойды.

«Алматы» ауданында Хусейн бен Талал көшесі пайда болады, оның жобалық атауы 23-17 болған, Кенен Әзірбаев (бұрынғы 23-31 көше), және А19 деп аталған көшеге Темірбек Жүргеновтың есімі берілді. Ал бұрынғы Хусейн бен Талал көшесі енді Ұлы Дала даңғылы деп аталады. Иван Панфилов атындағы көше Сәкен Жүнісов көшесі деп өзгертілді, ал Бейімбет Майлин және жобалық атауы А193 көшесі біріктірілетін болды. Еңбекшілер көшесі №36 көшемен біріктіріліп, Әлихан Бөкейханов даңғылы деп аталады. Ал «Сарыарқа» ауданындағы осы аттас көшеге Әзербайжан Мәмбетовтың есімі берілді. «Есіл» ауданында жобалық атаулары ғана болған 10 көшеге жаңа атаулар берілді. Солардың бірі Е10 көшесі Орынбор көшесі деп аталады. Одан басқа, сол жағалауда Нияз би, Нұрпейіс Байғанин, Сұлтанбек Қожанов, Қайым Мұхамедханов, Никола Тесла, Рабиға Есімжанова, Саттар Ерубаев, Ханшайым Сүйінбике және Бұқар жырау есімдерімен аталатын көшелер пайда болды. Әділет органдарында тіркелген соң он күн өткен соң бұл шешім күшіне енеді. Демек, елорда тұрғындары мен қонақтары қалада адаспас үшін көшелердің жаңа атауларын біліп алу қажет.
Әрі қарай

Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

«Жастар» сарайының ғимаратында биылғы жылдың ең соңғы бос орындар жәрмеңкесі өтті. Жұмыссыз азаматтарға 60-тан аса жұмыс беруші бос орындар ұсынды. Жұмыс іздеушілер түрлі салаларда мыңға жуық қызмет түрін таңдауға мүмкіндік алды.

Астана тұрғыны Сайрангүл Рахметова бос орындар жәрмеңкесіне алғаш рет келіп отыр.

«Жәрмеңке жақсы ұйымдастырылған, ұйымдастырушылар бұл іске жауапты қарағаны көрініп тұр, жұмыс берушілер де, жастар да көп. Жәрмеңке барлық санаттағы азаматтарға есептелген, жас бойынша шектеу жоқ. Менің мамандығым — экономист, мемлекеттік мекемелерде, акционерлік қоғамдарда, денсаулық сақтау, білім министрліктерінің жанында еңбек еттім. Адамдар осы жерде жұмыс таба алады, өйткені бос орындар көп, таңдауға мүмкіндік бар», — дейді Сайрангүл Рахметова.

Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы жыл бойы жүйелі негізде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп келді.

«Біз биыл 11 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткіздік, бұл соңғы, 12-ші жәрмеңке. 11 жәрмеңкенің қорытындысы бойынша 400-ден аса адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, тағы ондаған адам әңгімелесуден өтуде. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі — өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жұмыс берушілер де, жұмыс іздеушілер үшін де ыңғайлы алаң», — деп атап көрсетті Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар.

Жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталығына 12 мыңнан аса адам жүгінген. Биыл Астанада 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
Әрі қарай

Астанада ASTRA Plat электронды төлем жүйесі экспресс маршруттарда қолданыла бастады

ASTRA Plat электронды жүйесінің II кезеңі іске қосылды. Көліктік карталар арқылы қаланың экспресс маршруттарында жолақысын төлеу ыңғайлы бола түсті.

Қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған және ішкі бизнес дамудың алғы шарты болып табылатын ASTRA Plat жүйесі Астананың зияткерлік көлік жүйесінің жаңа бөлімі. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, 2-3 жыл көлемінде аталмыш жоба толықтай іске асады.
Астана жаңалықтары: Астанада ASTRA Plat электронды төлем жүйесі экспресс маршруттарда қолданыла бастады
Бүгінгі таңда Астанада 35 автобус тәжірибелі түрде заманауи технологиямен жабдықталып, қазан айының ортасынан бастап, 4 экспресс маршрутқа енгізілді. Атап айтқанда: № 101, 102, 103 және 105. Әр автобуста электронды төлемдер қабылдайтын валидаторлар орнатылған.

ASTRA Plat электронды жүйесінің жұмысын бақылап көру үшін жолаушылар, ASTRA Plat карталарын сатып алулары қажет.

Астана жаңалықтары: Астанада ASTRA Plat электронды төлем жүйесі экспресс маршруттарда қолданыла бастады

Анықтама: Аталмыш картаның 3 түрі бар. Олар: қаражат толтырылатын, мектеп оқушарына арналған және жеңідіктері бар карталар. Байланыс мөлшері жол жүру санымен тең келеді. Қаражат толтырылатын карта құны – 400 теңге. Мектеп оқушылары мен жеңілдіктері бар карталар тиесілі қала тұрғындарына тегін таратылады. Ал үйреншікті қолма-қол төлем мен қағаз билеттер әзірге әлі де айналымда.

ASTRA Plat жүйесінің ІІ кезеңі енгізілгеннен кейін де, экспресс маршруттарда жолақы өзгермейді. Ересектерге 150 тг, балаларға 70 тг. Тарифтік жоспар бойынша, 10 рет жол жүруге арналған төлем құйылғаннан кейін, 11-ші мәрте тегін қатынау мүмкіндігі ұсынылады. Ал 60 минут ішінде Express маршруттан Express маршрутқа отырсаңыз, сапарыңызды тегін жалғастыра аласыз. Жеңілдіктерге ие болған, Астанада тіркелген жолаушылар тегін жол жүру құқығына ие болды.

Астана жаңалықтары: Астанада ASTRA Plat электронды төлем жүйесі экспресс маршруттарда қолданыла бастады

Көліктік карталарды арнайы кассаларда және сауда үйлері мен аялдамалар жанында орналасқан RTVM автоматтарынан сатып алуға болады. Өзге де сатылым нүктелерін alrt.kz сайтынан және ASTRA Bus қосымшасынан қарап білуге болады.

Электронды төлем жасау үшін автобусқа мінгеннен кейін көліктік картаны жүргізуші жанындағы валидаторға тигізу керек. Төлем 0,1 секундта қабылданады.

Анықтама: ASTRA Plat ұсынатын ең негізгі мүмкіндік маршруттардың қозғалыс кезіндегі уақыт аралығын бақылау және қоғамдық көліктердің жылдамдықты арттырмауын қадағалау, одан бөлек аялдамаларда тоқтау ұзақтығы да есепке алынады. Сондай-ақ, жаңа жүйенің іске асуы кезінде тәртіп және жол сақшылары жиі арнайы тексеріс-бақылау жұмыстарын жүргізіп отырады. Аталмыш жүйе толығымен жүзеге асып болғаннан кейін, 4-кезеңі де қолданысқа енгеннен кейін әдеттегі қалыптасқан қолма-қол төлем жасаудан және зейнеткерлер мен жеңілдіктері бар тұлғалар қағаз құжаттарын көрсетуден, QR коды бар бір рет пайдалануға арналған қағаз билеттерден құтылуға болады.

Сонымен қатар, Астанада ASTRA Plat көліктік картасын қала ішіндегі қоғамдық көліктерде қолдануға енгізу қарастырылған жобаның ІІІ кезеңі қолға алынды. Қазірдің өзінде №№10, 20, 29, 32, 61, 40, 6 маршрутта бұл жүйе іске қосылған.

Астана жаңалықтары: Астанада ASTRA Plat электронды төлем жүйесі экспресс маршруттарда қолданыла бастады

Естеріңізге сала кетейік, ASTRA Plat жол ақысын электрондық төлеу жүйесінің І кезеңі 2016 жылдың 30-шілдесінде енгізілген болатын. Астана маңындағы елді-мекендерді 4 аймаққа бөлудің арқасында көліктердің жол жүру бағаларына өзгерістер енгізілді. Жүйелерді бір-бірімен сәйкестендіргендіктен жол ақысының құны орташа есеппен 50 теңгеден, кейбір аймақтарға 100 теңгеге (Аршалыға) және (Бабатайға) 120 теңгеге дейін төмендетілген. Ал жеңілдік картасы бар жүргіншілер қоғамдық көліктерде тегін жол жүру құқығына ие болды.
Әрі қарай

Астанада Тәуелсіздік күніне орайластырылған «Сиқырлы әуен» І Республикалық инструменталды байқауы өтті

Астанада «Сиқырлы әуен» I Республикалық инструменталды байқауы өтті, шара Астана, Алматы, Көкшетау және Қостанай қалаларынан дарынды балалардың басын қосты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шығармашылық байқау жас орындаушыларды музыка мәдениеті мен өнеріне баулуға, орындаушылық шеберліктерін шыңдауға, және шығармашылық қарым-қатынас ортасын құруға және рухани мұраны насихаттауға бағытталған.

Байқау екі номинация бойынша өтті: ұжымдар (оркестрлер, ансамбльдер), оған жеке орындаушылар да қатысты (домбыра, қобыз, фортепиано, скрипка, флейта, жетіген, прима-шертер және т.б.).

Байқау қатысушыларын бағалауға Қазақстан Республикасының белгілі өнер қайраткерлері шақырылды.

Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Әрі қарай

Астанада «жасыл» технологиялар оқыту орталығы ашылды

Елордада «Астана Эко Стандарт» жылыжай кешенінің базасында «жасыл» технологиялар оқыту орталығы ашылды, онда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттерімен бірге фермерлер мен кәсіпкерлер де көкөніс өсіру бойынша озық білім алатын болады. Ал келесі жылдың қыркүйегінде бұл жерге ең озық еуропалық жабдықтармен жабдықталған жылыжай кешені орнатылады.

«Астана әкімдігі оның құрылысына арнап жер телімін бөлді. Оның жалпы ауданы 8 200 ш.м. Біз салат пен қиярдың ең жақсы және сұранысқа ие сұрыптарын өсіруді жоспарлап отырмыз»,- деп мәлім етті «Астана Эко Стандарт» ЖШС директоры Жеңіс Досмағанбетов таныстырылым барысында.

Құны 7,1 млн евроны құрайтын жобаға оқыту орталығы мен жаңа жылыжай кіреді, ол Еуропа Одағының қаржылық қолдауымен іске асырылуда және азық-түлік қауіпсіздігін, соның ішінде су қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Жобаның атқарушы әріптестері БҰҰДБ және БҰҰ ЕЭК.

БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел ханым бұл жоба бизнес секторда «жасыл» экономиканың қағидаттарын енгізудің көрнекі мысалы болатынына үміт білдірді. С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ проректорының м.а. Нұрлан Серікпаев еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша бірлескен оқу орталығын құру алдағы уақытта жылыжай шаруашылығының дамуына ықпал етіп, республиканың азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ететін болады.

«Бүгінгі күні біз жан басына шаққандағы ұн өндірісі бойынша әлемде бірінші орын аламыз. Егер көкөніс өнімдері туралы айтатын болсақ, өкінішке орай, солтүстік және орталық облыстар және жалпы Қазақстан көкөністің 80 % сырттан әкеледі, сол себепті қорғалған топырақтағы көкөніс шаруашылығын дамытудың маңызы зор, — деп атап көрсетті ол.
Әрі қарай

Астанада тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері талқыланды

1. «Асар» РҚБ Көктал т.а. көп пәтерлі тұрғын үй кешені нысаны бойынша ТҚК төрағасы К. Бодауханның инженерлік желілер бойынша жобалық құжаттар «Мемсараптама» РМК-нің қарауында жатқаны туралы; коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының 2017 жылдың бюджетінде магистральдік инженерлік желілердің құрылысына қаржының бар екендігі туралы мәлімдемелері назарға алынды.

ВАК ТҚК мүшелеріне төрағамен бірге әрбір пайшы және шығындар бойынша салынған қаржыға ревизия жүргізуге кеңес берді.

2. Интернациональный кентіндегі «Есіл» тұрғын үй кешеніне су құбырларын және кәріз жүйесін тарту мәселесін қараған комиссия мүшелері «Астана Су арнасы» МКК-сіне елорданың экологиялық департаментімен және табиғат пайдалану басқармасымен бірлесіп тұрғын үй кешенін сумен жабдықтау үшін ұңғыманы бұрғылау үшін белгіленген тәртіп бойынша рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуді ұсынды.

3. «Айсанам» ТК құрылыс жүргізушілеріне нысанды мерзімінде пайдалануға тапсыру бойынша процедураларды жеделдету ұсынылды.

4. «Азбука жилья Құрылыс» ЖШС өкілдерінің комиссия мүшелеріне сарапшы ұйымның қарауына тапсыру үшін «Тұмар» ТК бірінші және жоғарғы қабаты бойынша жобалық құжаттар дайын екендігі туралы өтініші назарға алынды.

5. «Жастар-4» ТК құрылысын аяқтауға қатысты «Бақыт-11» ЖШС директоры Д.Т. Кәрімбекованың нысанда 48 адам жұмыс істеп жатқаны туралы; ү.ж. 8 қарашасында екінші транш түсетіні туралы; ү.ж. қараша айының соңына дейін мұрагер жылжымайтын мүлікке меншік құқығын рәсімдеген соң 7 кіреберістің астындағы жер мәселесі шешілетіні туралы мәлімдемесі назарға алынды;

ВАК Сәулет және қала құрылысы басқармасына кезең-кезеңмен пайдалануға тапсыру үшін нысанды кезектерге бөлу мүмкіндігін қарастыруды және Астана қ. ВАК-ты ақпараттандыруды ұсынды.

6. «Оберег» ЖШС директоры А.К.Мақажановтың «Оберег» ТК құрылысын аяқтауды қаржыландыру бойынша әлеуетті инвестормен келіссөз жүргізу туралы мәлімдемесі назарға алынды.

ВАК А.К. Мақажановқа ВАК-тың келесі отырысына «Оберег» ЖШС құрылтайшыларын шақыруды ұсынды.

7. Ал «Тамыз Инвест Групп» АҚ өкілдері құрылысты аяқтау және нысанды пайдалануға тапсыру үшін ТҚК құрылғаны туралы хабарлады.

8. «Номад Строй ЭК» ЖШС директоры А.С. Логвиновтың №188 көшедегі тұрғын үй кешенінің меншік иелеріне пәтерлерді рәсімдеу бойынша жұмыстың басталғаны туралы; «Есіл-1» ТК кәріз желілеріндегі апаттар жойылды, үстіміздегі жылдың 11 қарашасына дейін «Есіл-1» ТК пайдалануға тапсыру туралы; «Есіл-2» ТК құрылысынбастауға 30 адамның кіріскені туралы; «Есіл-1» ТК кәріз желілеріндегі аварияларды жою жұмыстарын аяқтау туралы; «Есіл-2» және «Фьючи Хом» тұрғын үй кешендерін техникалық тексеру бойынша «Стройпрокат» ЖШС-мен келісім жасалғаны туралы өтінішіназарға алынды. А.С. Логвинова ВАК-тың «Есіл-2» ТК жер учаскелерін ТҚК атына қайта рәсімдеу бойынша кеңестері орындалмағаны атап өтілді.

Ағымдағы мәселелерді қарау барысында комиссия Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына «Фьючи Хом» және «Есіл-2» тұрғын үй кешендерінің құрылысы үшін жобалық құжаттарды ұсыну бойынша мәселені шешу үшін жобалаушы ұйымның өкілін және А.С.Логвиновты шақыруды ұсынды.

9. «Үміт-Береке» ТҚК құрылысына қатысты ВАК Сәулет және қала құрылысы басқармасына алдағы 2 жылда инженерлік желілерді жобалау және салудың перспективалары туралы мәселені қарауды ұсынды.

10. «ҚазГазАстана» ЖШС (Ахмедияров Д.К.) нысандары бойынша « ҚазГазАстана» ЖШС-інің коммерциялық директоры Б. Исажанованың «Марсель» ТК-сінің 24 инвесторының 2 инвесторы «Зере-1» ТК-іне, 18 инвестор «Зере-2» ТК-іне ауыстырылғаны және 4 инвестор «Марсель» ТК-інде қалғаны туралы; «Зере-2» ТК-інде сатылмай қалған 102 пәтер; «Зере-1» ТҚК-мен нысанды бірлесіп күзету туралы келісімге қол қою дайындығы туралы мәлімдемесі назарға алынды.

ВАК Б. Исажановаға ВАК-тың келесі отырысына салынған қаржы және қалдық ақшаны, сондай-ақ, сатылмаған пәтерлердің ауданын көрсете отырып сатылған пәтерлер туралы ақпарат беру ұсынылды;

11. «Төленді» ТҚК нысандарының құрылысына қатысты «Столичный-2» ТК құрылысы баяу қарқынмен жүріп жатқаны айтылды; «Көктал» ТК бойынша нобай жобасы келісіліп, жобалауға қаулы берілді. ВАК құрылыс жүргізушіге рұқсат беру құжаттарының жоқтығына байланысты нысандардың құрылысын уақытша тоқтатуды және тапсырылмаған нысандарға қоныстануға жол бермеуді ұсынды.

12. Тұрғын үйді сату фактілері бойынша ВАК «Азия контракт Групп» ЖШС директоры М.М. Сәрсеноваға Е542 және Е567 көшелерінің ауданында орналасқан көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің инвесторларына қаражаттарын қайтаруды ұсынды.
Әрі қарай

Елордада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Аманат» қойылымының премьерасы өтті

Блог - astananews: Елордада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Аманат» қойылымының премьерасы өтті

М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында «Алпамыс» қазақ жауынгерлік эпосының желісі бойынша қойылған «Аманат» спектаклінің премьерасы өтті. Аталған қойылым Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.

Қоюшы режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекпулат Саттарович Парманов, Алпамыс рөлін сомдаған – астаналық орыс драма театрының актері Максим Ященко, Гүлбаршын рөлін жас актриса Наталья Маштакова орындады. Шығармашылық ұжым репертуарын толықтырған бұл спектакльге театрдың барлық дерлік әртісі жұмылдырылды. Тағы бір ерекшелік – орыс драма театрының актерлері қазақ әндерін орындады. Мысалы: «жоқтау», «Туған жер» және т.б., сондай-ақ, музыкалық әрлеуді жасау барысында қазақ этникалық аспаптар қолданылды: домбыра, қылқобыз, жетіген, шаңқобыз, сыбызғы.

«Биылғы жыл – Қазақстан үшін ерекше. Біз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өткелі жатырмыз. Осыны ескере отырып, біз үшін мазмұны мен көрінісі жағынан мерейтойлық датаға сай болатын материалды ұзақ уақыт іздедік. Кейін, қазақтың «Алпамыс» атты жауынгерлік эпосын таптық. Ол барлық түркі тілдес халықтары үшін ортақ маңызды әдеби мұра болып табылады. Спектакль атын «Аманат» деп қойдық. Себебі, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен бұл эпосты кейін жастар буынына жеткізу – біздің басты міндетіміз, Премьерадан кейін ұмытылатын спектакльдер аз емес. Өз кезегімізде, біз өз алдымызға ұмтылмас, көркемдік жағынан ерекше, сахнада ұзақ жылдар бойы көрсетілетін спектакльді жасауды мақсат етіп қойдық және де сол мақсатқа жеткен сияқтымыз», — деп атап өтті режиссер Бекпулат Парманов.
Әрі қарай

Астанада жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді

9 қараша күні сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін «Жастар» сарайында жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Оған елордалық 60 жұмыс беруші қатысып, 1000 жуық бос жұмыс орнын ұсынады деп күтілуде.

Елорданың Жұмыспен қамту орталығының хабарлауынша, осыған дейін өткізілген 11 жәрмеңкенің қорытындысы бойынша, 400-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды.

Үстіміздегі жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, орталық 11 679 адамға қызмет көрсеткен, соның ішінде 6974 тұрғын жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді, олардың қатарында тұрақты жұмысқа, жастар тәжірибесіне, қоғамдық жұмыстарға жіберілгендер және әлеуметтік жұмыспен қамтылғандар бар. Қазіргі уақытта қалалық Жұмыспен қамту орталығының базасында 3654 бос жұмыс орны және 1430 жұмыс беруші бар. Жыл басынан бері Астана аумағында 15 719 жаңа орны құрылды.
Әрі қарай

Астанада Алматы күндері өтіп жатыр

Елордада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Қуатты өңір — қуатты Қазақстан» республикалық акциясының шеңберінде Алматы қаласының күндері өтіп жатыр. Меймандар Астанадағы төрт балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 1000 кг аса нағыз алматылық апорт пен 3000 дана қазақстандық шоколад алып келді.

Астана жаңалықтары: Астанада Алматы күндері өтіп жатыр

Алматы қ. ішкі саясат басқармасының жетекшісі Нұрлан Сыдықов бастаған делегация алдымен SOS Балалар ауылына барды. Мұнда 3-тен 16 жасқа дейінгі 67 бала тұрады. Меймандардың сұрақтарына балалар зор ықыласпен жауап берді. Балғындар Алматының қайда орналасқанын және қаланың немен танымал екені туралы хабардар екен. Суретке де, бейнекамераға да қуана түсті. Нұрлан Сыдықов балаларға қаланың атауы «алма» сөзінен алынғанын еске салды — мегаполис ертеден алматылық апорттың отаны болғанымен танымал, оның бұл атағы шет елдерге де жеткен.

«Біз осында келіп, балаларға кірмей кете алмадық. Балалар — біздің болашағымыз. Олардың дені сау болып өскені біз үшін өте маңызды, сондықтан да дәрумендердің қайнар көзі — алманы көбірек алып келдік», — дейді Нұрлан Сыдықов.

Сондай-ақ, ол Астанаға мазмұнды мәдени бағдарлама ала келгендерін атап көрсетті. Бұл «Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі» мультимедиялық көрмесі және Ұлттық музейде ашылған Алматы туралы фотокөрме. Сағат 15.00-де ҚР Ұлттық кітапханасында жастар қазіргі заманның танымал ақындарымен кездесті. Сағат 18.00-де Тәуелсіздіктің мерейтойлық датасына орай Алматы қаласының эстрадалық-симфониялық оркестрінің және Қазақстан экстрадасы жұлдыздарының қатысуымен «Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі» гала-концерті өтеді.

Ертең, 6 қараша күні сағат 15.00-де Бейбітшілік пен келісім сарайында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және белгілі дәстүрлі орындаушылардың қатысуымен «Мәңгілік мұрат» дәстүрлі музыка концерті өтеді. Балалар үшін бүгін және ертең Алматы қаласының Мәдениет және мұрағаттар басқармасының Мемлекеттік қуыршақ театры Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрының сахнасында «Алтын Адам» эпикалық спектаклін және «Куклы шоу» балалар спектаклін қояды.

Алматы күндері қарсаңында орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қ. әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Қаланың жетістіктері туралы әңгімелеу барысында ол: «Оңтүстік астана өзінің ғылыми, білім және мәдени әлеуетін сақтай отырып, еліміздің қаржылық туристік орталығына айналды. Қала өз дамуында ауыз толтырып айтарлық табыстарға жетті. Егер 90-шы жылдардың басында Алматы ЖІӨ-нің оннан бір бөлігін қамтамасыз етсе, бүгінгі күні мегаполис ел экономикасының бестен бір бөлігін қалыптастырып отыр. Оңтүстік астананың басшылығы Алматыны жоғары технологиялық мегаполиске ғана емес, сонымен бірге, дәстүрлері мен тарихы сақталған айрықша қалаға айналдыруды жоспарлап отыр. Қазіргі әлемде тарихи-мәдени мұра креативтілік пен инновацияның, қалаларды жаңартудың көзіне айналып отыр. Осы ретте, үстіміздегі жылы Алматыда еліміздегі жалғыз «Алатау» дәстүрлі өнер театры, дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығы ашылды. Жыл соңына дейін Алматы қаласы тарихының жаңа мұражайы ашылады», деп атап көрсетті.
Әрі қарай